Басты  /  мақалалар  /  ҚҰЛТӨЛЕУ МҰҚАШ. БАҒДАТ ЖАНДОСАЙДЫҢ ІЗІ

ҚҰЛТӨЛЕУ МҰҚАШ. БАҒДАТ ЖАНДОСАЙДЫҢ ІЗІ

Айқын-ақпарат
1574
ҚҰЛТӨЛЕУ МҰҚАШ. БАҒДАТ ЖАНДОСАЙДЫҢ ІЗІ (эссе)

Бәкеңнің бейнесін күтпеген жерден елестеттім...

Алакөбең сәт-тін. Кенет алыстан күн күркіреді. Көк жүзін тілгілеген найзағай оты ақшам мен ымырт арасында айрықша құлпыратын Алматы кескінін айшықтай түскендей. Жарқыл қаққан самала шамдар мен қисапсыз жарнаманың қызыл-жасыл бояуы аяқ астынан селдете салған нөсер фонында мың құбылып, көз арбайды. Жол айрығында жүгіре басып, ерсілі-қарсылы жөңкілген жұрт пен қалың автомобиль нөпірі, бір-біріне жалғаса азынаған сигнал да қарбалас қала динамикасын одан сайын ширатты. Жұлқына соққан жел шылқылдаған жапырақ пен ірі жауын тамшыларын қаңғалақ ойнатып, бет осқылайтын түрі бар. Алып шаһардағы күзгі пейзаж лебін тірідей түйсіну деген, бәлкім, осы...  

Қолшатыр да жоқ еді. Бірінші кездескен троллейбусқа ырғып міндім. Нөмірін ажыратып жатуға мұрша болмайды. Жаңбырдан сағалайтын уақытша баспана ғой. Біраз жер жүрсем жауын да басылып, қажетті көлігіме ауысып отырармын деп дәмеленесің...

Орын жеткілікті екен. Салон іші кең. Жап-жарық. Мұндайда әйнек сыртынан ирелеңдеп, сорғалай ағатын су да сонша сұлу көрінеді. Онда да ию-қию өмір табы жатыр...

Қызық болғанда, радиоладан «МұзАрт» шырқап тұр:

 

                                            – Ғашықпын жауыныңа,

                                           Талпынған тау ұлына.
                                           Сағынып жетем саған
                                           Бас менi бауырыңа!..

Осы әуенді әр естіген сайын аранжировкасы сәтті-ау деп ойлап қоямын. Әсіресе бірте-бірте өршеленіп: «А-а-а... А-а-ай-й! О-о-о-о-оу-у... А-ау-у-у!..» деп ышқынатын қайырмасы буырқанған сезімді ширықтырып, көңіл толқытады.

12-ші троллейбус екен. Еске Бәкеңнің түскені, мүмкін, осыдан. Иә, бұл – Бағдат ақсақалдың бұлжымас «маршруты» еді. Алдыңғы қатарлардың біріне жайғасып алып, терезеге телміре түсіп, сырттағы тіршілікті шолып отыратын. Мұндайда бір сәт тұңғиық қиял әлеміне сүңгіп, айналадағы   тірліктен баз кешкендей күйге түседі-ау. Ауыр ой жанына бата ма, арагідік, алдына өңгерген қоңыр түсті былғары сөмкесін сығымдап қояды. Төрт бұрышты келген шағын ғана қолжәшік пішіндес бұйым. Ескі. Дегенмен, жиек-жиегі ақжемденіп, қырқылуға айналған мүлкін тастағысы келмейтіні иесінің белгілі бір ұстанымға беріктігін, ұсынықтылығын аңғартатын сияқтанады. Және сөмке ішінен суретші-ретушерге қажетті дүниенің бәрі табылатыны анық...


О кездегі тегі – Момбеков. Республикалық «Лениншіл жас» (кейінгі «Жас Алаш») газетінде табан аудармай елу бір жыл қызмет етіпті. Үй-жайы «Орбита» ықшам ауданының төменгі беткейінде. Сол маңайдан қазіргі Көк базар іргесіндегі Баспалар үйіне келгенше талай жер. Жастайынан жетім қалып, репрессия мен кәмпеске зобалаңын да, аштықтық пен соғыс сұмдығын да өткерген жан күн сайынғы жолында бастан кешкен алақұйын заманаларды саралап, тірлік мәніне бойлауды әдет қылған секілденеді. Гоголь көшесімен келіп, 28 гвардияшыл-панфиловшы атындағы саябақ аялдамасынан түседі де, сөмкесін асынып, жаралы аяғын сүйретіңкірей баса, редакцияға беттейді. (Таяқ ұстағанымен, соған көп сүйене де қоймайтын. Тек, реті келгенде айта кететін жәйт, кейінірек аңдасам, бір аяғы кем адамдар, әдетте, сау кісіге қарағанда ақырын жүріп анық басып, әрбір әрекетте тепе-теңдікті мейлінше дәл сақтауға ұмтылады екен).

 «12» орталық көшелердің бірталай аралығын қиып өтетіндіктен, оқта-текте Бәкеңмен жолымыз түйісіп қалады. Ондайда орындық арқалығына артыла түсіп, ақсақалдың желке тұсынан төніп, жұмысқа жеткенше әр  нәрсені сұрап, әңгіме айтқызып келуші ек.  

Редакция қабырғасындағы жарты ғасырлық еңбек өтілінде талай жайсаңмен әріптес болыпты. Бәкең жолдастары қатарынан қазақтың нешеме марғасқасын жолықтырасыз. Жұбан Молдағалиев, Бүр­кіт Ысқақов, Нығмет  Ғабдуллин, Саттар Бөлдекбаев, Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Әбілфайыз Ыдырысов, Мыңбай Рәш, Төлеужан Ысмайылов, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Бекежан Тiлегенов, Жұмекен Нәжiмеденов, Қалихан Ысқақов, Тельман Жанұзақов, Медеу Сәрсекеев, Абай Бейсембаев, Бек Тоғысбаев, Зәкiр Асабаев, Жүсiп Қыдыров, Әнес Сараев, Еркiнбай Әкiмқұлов, Сәкен Иманасов, Оразбек Сәрсенбаев, Бекен Әбдiразақов, Тұтқабай Иманбеков, Сиез Бәсiбеков, Қалдарбек Найманбаев, Кәрібай Ахметбеков, Кәдірбек Сегізбаев, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Серік Әбдірайымов, Мағира Қожахметова, Сағат Әшімбаев, Жұмагүл Солтиева...  

Бұған «Лениншіл жас» басылымын, қала берді бүкіл қазақ журналистикасын мазмұндық та формалық жағынан жаңаша көркемдік сапаға көтере түскен кейінгі буын өкілдерін қосса тізім тым ұзаққа созылмақшы. Осылардың еңбегі елдің тұтас дәуірінің портретін айшықтайды.

Ал газет қызметкерлерінің күнделікті өмірінің өзі ғажайып бір әлемге ұқсар еді. Мәселен, лениншілжастықтардың 1956 жылы оставкаға шыққан Бауыржан Момышұлын басылымда терімші-хатшы болып жұмыс істейтін батырдың зайыбы Бибіжамал Мұхамеджанқызымен бірге ІІ Алматы  вокзалынан күтіп алғаны немесе Кәкімжан Қазыбаевтың Бағдат Момбековтің кіші ұлы Ефраттың атын қойғаны жөніндегі әңгімелерді қызыға тыңдайтынбыз. Мұның бәрі бір қарағанда жай нәрсе көрінгенімен, керемет ізгілік, адамгершілік үлгісіндей әрбір әрекеттің үнемі үлкен елдік мұраттарға ұласып жататынын аңдап тамсанар едің. Шағында осы жастарға сонау Мұхтар Әуезов бастаған алыптар тобының өзі қарайлап, араласып отырғаны да бекер емес-ау. Және газетті үзбей оқыған халық мұндағы мамандардың бәрін дерлік танығаны байқалады. Ал елдің, қаламгер болмаса да, осы лектің арасынан Бағдат Момбековті де жақсы білуі кейіпкеріміздің ерекше даралығын аңдататындай. Сондай-ақ «Лениншіл жаста» өлеңдері жиі жарияланған Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев сынды ақиық ақындар да Бәкеңді қатты сыйлапты. Әрине, өз әріптестерінің қай-қайсы да бек құрметтеген.

Бір басылымда жарты ғасыр бірге істеген ол тілшілерді түгендеп шығу оңайға соқпас. Жүз жылға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан «ЛЖ» қызметкерлерінің арасында есімдері ел жадынан өшуге айналағандар да жоқ еместей. Мысалы, Бағдат аға кезінде әйгілі Талғат Бигелдинов  эскадирильясы құрамында шайқасқан әлдебір ұшқыштың майданнан оралған соң газетте тілші ретінде еңбек еткенін әңгімелегені бар. Бұл қазақ Бәкеңе командирінің соғыс кезіндегі көпшілікке беймәлім қырларын біршама ашқан екен. Ерлігіне бас иіп, Талғат батырды аса жоғары бағалайтын ақсақал сол қызықты жәйттерді бізге жеткізді. Сондай-ақ Бағдат аға Мәскеу – Ленинград теміржолы бойындағы Изоча стансасы түбінде қаза тапқан Мәншүктің соңғы сәттеріне куә болған адамның сөзін толғана баяндағаны да есімізде.

Бәкең де майдангер-панфиловшы ғой. Соғыста ауыр жараланып, қансырап, ес-түссіз жатқан мұны санитарлар өлдіге санап, мәйітханаға тастаған жағдай болыпты. Арада екі күн өткенде қаракөлеңке моргтен шығарып, апарып көме салғалы жатқан сәтте Құдай қағып, қимылсыз дененің кірпігі дірілін байқап қалған біреудің ойбайынан кейін тірі қалған көрінеді. Осыны айтып күліп отыратын. Госпитальда операциядан кейін өзінің талқаны шыққан жамбас сүйегі жарықшақтарының суретін салыпты. Сұрапыл соғыстан жеткен ерекше естеліктей сол сүйек сынығын кейін біз де көрдік...   

Суретші болғандықтан, әлбетте, эстет еді. Кез келген құбылысты нәзік талғаммен безбендейді. Бірақ бұл қасиетін көп байқатпауға тырысқан. Әмбе тумысынан бекзат жан елдің қаймағы бұзылмаған ежелгі дәстүрінен мол сусындағанынан да шығар, әр қимыл, әр сөзіне қыбың қанып отырасың. Ескікөз кісінің бітім-болмысынан нағыз қазақылық исі аңқитындай-тын.  Ұтқыр әзілге де бейім қарт сарбаз жағымсыз іс-әрекетіңді көрсе, қағытып, етек-жеңіңді жината қояды. Қалжыңы қашанда нысанаға дөп тиетін.    

Кез келген нәрсенің қолмен қойғандай нақтылығын қалағандықтан ба, мәселе мәнісін беттен қалқымай, терең қаузауға ұмтылды. Сана-сезімі тұнық, реалист адамның дүниеге тосын призма, оқшау ракурстан қарауы сені де бей-жай қалдырмайды. Өйткені, баяғыдан бекем сеніп жүрген шындығыңды өзге қырынан байқап ошарыларың сөзсіз. Мысалы, Москваны қорғаудағы қазақтардың ерлігі туралы небір ақиқатты алғаш осы кісіден естіппіз.

Әм әділетті адам бұра тартпай, қолайға жақпаса да, әңгіменің ашығын айтады.

Бірде жау әскерінің гуманизмі жөнінде сөз қозғады. Аңтарылмай қайтерсің – фашизм мен адамгершілік үйлесе ме! Сөйтсек, расында да, соғыстың соңына қарай неміс солдаттарына қарсыласты тек аяқтан атуға бұйрық беріліпті. Демек, жау белгілі мерзімде дұшпанын өлтіруді емес, тек қатардан шығаруды көздеген. Және осы тұста тиген жерін опырып түсетін салмақ нүктесі айрықша оқты сынақтан өткізген екен. Мыңнан бір адамға ғана тиюі мүмкін сол қорғасын Бағдаттың аяғын тауыпты.

Бәкең көңілі түскен адамына өзі бастан кешіп, ет-жүрегінен өткеріп, ой тоқытқан осындай жағдайларды сыр қылып ағытатын. Сонда мұның бәрі жас қаламгерлерді түрлі толғанысқа бастап, кәсіби жағынан шыңдай түсетінінескеретін тәрізді. Яғни, олармен жеке өмір-тәжірибесімен бөлісіп отыруды парыз санаған.

Ақсақал өзінің «Шошқаның құмы» роман-шежіресінде де мыңдаған жазықсыз адамдармен қатар бай тұқымы ретінде бүкіл Жандосай әулетін зар қақсатқан Совет өкіметі салған сойқандар сырын жан-жақты ашады. «Белгілі жәйттің белгісіз қыры» дегендей, мұнда да қаны сорғалаған талай тосаң фактілер келтіріледі. Деректі-көркем дүниеде бүгінге дейін жаңсақ түсіндіріліп жүрген кейбір зұлматтың жайы мүлде басқаша баяндалады. Әрі көптеген құбылыс мәні ұғынықты тілмен сонша дәл кестеленген. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Бұл кітапты әлі талай ұрпақ жастанып оқитын болады. Онда автор өз көзімен көрген сұмдық жетеді. Мұнда жалпылама, жалтақтап айту емес, боямасыз өмірдің өз шындығы бар» деп лайықты бағалауынан-ақ еңбек деңгейі айқындалып тұрғандай.

Соңырақ аңдасақ, бұған Бәкең тағдыр-тәлейінің кірмеген тұстары да жеткілікті секілді. Мәселен, ашаршылық жылдары қазіргі Көк базарда өзіндей сорлап жүрген төрт-бес жетімекпен бірге тұс-тұстан лап қойып, тай қазанда буы бұрқырап пісіп тұратын палаудан ауызға уыстап салып-салып жіберіп, тұра қашатынын айтатын. Сату үшін даярланатын ас болса керек қой.

– Ыстық күріш таңдайға жабысып, күйдіріп те тастайды. Жазатайым сүрініп кетіп, қолға түсе қалсаң, аспаздар қан-жоса қылып тепкілейді. Бірақ ондайды елеп жатпайсың. Аштық алды-артқа қарата ма! – деуші еді.

Сол сияқты, бұдан сәл кейініректе, есімі әлде Миша, Әлде Витя ма екен, жасы мөлшері шамалас бір еврей баламен жолдас болыпты. Ол қақ-соқпен шаруасы жоқ, үнемі аузын буған өгіздей мыңқиып жүретін үндеместің өзі дейді. Біртоға. Күндердің күнінде әлгі құр сүлдерін сүйреткен алба-жұлба бұлардың қасында қып-қызыл нарттай болып, жылтырап алыпты. Таңырқаған Бағдат орайы келгенде досынан мән-жайды сұрамай ма. Сөйтсе, анау оңашада қалбыр қаңылтырын қайшымен қиып, 16-калибрлі патрон көлеміндей кішкене керосин шам жасайды екен. Кәдімгі шырағдан. Ып-ыңғайлы. Күн сайын осының бірнешеуін он бес тиыннан сатады да, түскен ақшаға қасапшылардан сойылған сиырлардың жарты шелекке жуық шикі тұяғын алады. Соны қайнатса, майы бір елі қалқыған керемет сорпа шығатын көрінеді.

– Әне, істің амалын таба алсаң қай кезде де қарын жұбатуға болады екен, – дейтін сөз тыңдап отырған жігіттерді ойлы көзбен шола қарап...

 Әрқайсымызға ат қойып алатын әдеті бар. Мәселен, Сейітханды Сейфхан, Құлтасты – Таубұзар дейді. Мұнысы негізсіз емес. Сейітхан бөлмесінің бұрышында қағаз-қаламын сақтайтын шағын сейф ұстайды. Кейде оның ішінен бірер шөлмек арақ-шарап та шығып қалады. «Ісіміз» түссе, жағалап сол маңайға барып тұрамыз. Құлтас жұмысы мазасыз болғандықтан қабағы түйіліп, жан баласын жақтырмай, секретариат пен корректорлар бюросы арасына кезек шауып, кеуделеп, екпіндеп жүретін.  

Мені Құлқара деуші еді. Оның себебі, «Лениншіл жасқа» Қарағанды басылымдарының бірінен ауысып келгем және түрімнің қаралығына да қараған болуы керек. Осыларды үйлестіріп, «монтаждап» алған сияқты.

Әлгі әңгімесінің әсері көпке дейін тарқамайды.

Ақсақал «Шошқаның құмы» роман-шежіресін алғаш тоқсаныншы жылдар басында «Лениншіл жасқа» шағын мақалалар сериясы ретінде жазуға кірісті-ау. Редакциядағы ретушерлік жұмысын атқарып болған соң түскі сағат үш, төрт шамасынан кешкі алты-жетіге дейін тапжылмай қағазға төнуші еді.  

Жазу машығы да қызық. Биік үстел шетіндегі орындыққа сырқат аяғын бүгіп, жайғасып алып, шошайыңқырап отырады. Тіпті, сырт көрінісінен жартылай түрегеп тұрады деуге де келеді. Өйткені, сау аяғының ұшы – жерде. Жалпақ тақтайға қос шынтақтап, артылыңқырап алады. Көзілдірікке қабаттастырып, бір қолына алақандай лупа ұстайды. Ақ параққа үлкейткіш әйнек арқылы қарап, жазуға кіріскенінде тізіліп түсе бастаған әрбір әрпі торғайдай болып көрінетін.

Қолтаңбасы анық. Жазуы айқын.

Жұмысқа берілген сәтінде айнала төңіректі ұмытады. Барлық ықылас-ниеті – жазуында.  

Іс біткен шақта бірлі-жарым түзетуі болмаса, мақаласын стилистикалық та, орфографиялық та жағынан көп өңдемейтін. Соған қарап, айтылар ойды көкейінде ұзақ пісіретінін аңдайсың.

Бәкеңнің асықпай, мәнерлей түзетін ойы: «Осы кезде үйге кірген жездемнен: – Ат айдаушы сенімді адам ба? – деп сұрады Аққапаш. – Қауіптенбей-ақ қой. Жасы келіп қалған, момын адам, – деп күлімсіреді. – Иә, жігіттердің сұлтаны итжеккенде жүр ғой, – деді Аққапаш сұлу. Алдыңғы үйге шықты да, жабулы тұрған ердің жамылғысын ашып жібергенде, алтын-күміс шегелермен безендірілген құранды ер Аққапаштың өзіндей жалт-жұлт етті. Ердің үстінде жатқан жүген де солай, ауыздығы – алтын. Ерді өзі көтеріп, жүгенді маған беріп, ат қорада тұрған тұлпарға келдік. Аққапашты көріп, пысқырып жем жеп тұрған ат дорбаны сілки бастады. Мойнынан дорбаны алып, сипап, ерттеді. Ат осқырып, төрт аяғын кезек-кезек көтеріп, мойнын бұрып, Аққапашты иіскеледі. Алдыңғы екі аяғымен жер тарпып, қораның ішін тозаң қылып жіберді. Аққапаш мойнынан құшақтап тұрды. Бір жолдас балада кітабым бар еді, соны алуға жүгіріп кеттім. Баланың анасы кетерімді білген соң қоярға қоймай шай берді. Мен келгенде Аққапаш сұлу тұлпарды мойнынан құшақтаған күйі тұр екен. Қыз бен аттың жылағанын сонда көрдім» деп сабақтасар еді. (Оқырманға ескерте кетейін, бұл жолдарды әдейі таңдағам жоқ. Кітаптың көзіме түскен жерінен көшіріп ала салдым. Еңбекте бұдан да шымыр, бұдан да кестелі тұстар баршылық)...

Аяқталған дүниесін тиісті бөлімге тапсырады. Көп ұзамай үш жүз-төрт жүз жол көлеміндегі материал газет бетінде жайнап тұрады.

Сол күні автордың кең дәлізге сыймай жүргенін көресің. Әрине, сындарлы адам арқаланғанын бәлендей байқата да қоймас. Жұмыс арасында әшейін сергіп, сәл-пәл сейілдеп, желпініп алуға қақы бар ғой. Әйткенмен, іштей масаттанатынын білетін едік. Шынында, қоса қуанатынбыз. Шығармашылықтың ләззаты, еңбек рахаты деген сол. Бір уақ қанаттану сәті.

Кейде жұмысқа кешірек келесің. Бәкең осы кезде кезекті мақаласы туралы лебіз естігісі келіп тықыршып күтетін секілді.

Көрген бойда селт етіп:

– Әй, Құлқара, где ты был?! – дейді сонадайдан дауыстап.

 Көңілді кездерінде аздап орысша қосып сөйлейтін дағдысы.

Негізінде, менің қайда жүргенімді, неге бөгелгенімді білуге құмартпайды. Әлгісі, тегінде, амандасу ретінде айтылатын сөзі.

Жазбасын, көбіне кешке, беттеліп, басуға жөнелтілгелі жатқан жерден оқып алатынбыз. Газет таңертеңгісін дүңгіршектерде де толып тұрады. Жолда келе жатып та ала саласың. Сол күні Бәкең мақаласы шығатынын бәріміз білеміз.

Сәлемдескен соң енді қайтер екен дегендей, әдейілеп, ештеңеден хабарсыз кісіше бірталайға дейін тымырайып, үндей қоймайсың.  

Секретариат бөлмесіне қарай иықтасып жылжып келе жатып, қипақтаңқырап, көз қиығымен қайта-қайта алая қарап, жауабыңды күтеді. Әлден мезгілде төзімі таусылып:

– Читал?! – дейді ақырын ғана. Үнінен бір үміт, бір күдік араласа шығатындай.  

Күлмесіңе лаж жоқ:

– Ну, конечно читал, Бәке! Ондай мақаланы қалай оқымассың!

– Қандай екен? Ұнады ма?!

– Әрине! Классика! Шедевр! – дейсің.

Жүзі нұрланып сала береді.

– Әсіресе, әне бір тұстарын сәтті алдым ба деп ойлаймын.

– Иә, өте әдемі шыққан екен...

Расында да, солай. «Шошқаның құмында» дәуір тынысы, замана шындығы өзгеше баяндалуымен қатар мұнда қазақ өмірінің терең иірімдері, салт-дәстүр көріністері, этнографиялық этюдтер тұнып тұр. Разъезді «ләл» деп атағанды осы еңбектен көрдім. Итіңір, қағанақ, сағанақ, мият күші, еспе, мүнәпиық дегендей кейбір ұғымдардың мәніне де осы дүние арқылы қанықтық. Одан соң өзін жастайынан өсіріп-өндірген Алматы тарихын жақсы жазған. Дегенмен, роман әзірге ғылыми, әдеби тұрғыда талдана қоймай жүр...

Бағдат аға қаламгерлігімен қатар жас тілшілерге қатал редактор да еді. Осыдан бірдеңе шығады-ау деп үміттенген ұл-қыздардың мақалаларын оқып, кемшілігін де, жетістігін де дөп басып, талдап береді. Алған әсерін, жеке пікірін газет шетіне түсіріп те қоятын. Жазуыңның өмір шындығымен табиғи үйлесіп жатуы қажеттігіне, деректілікке, дәйектілікке бейімделіп, бос дақпыртқа, желбуаз мақтанға үйір болмауыңа кеңес қосатын. Адалдыққа баулитын.

Өзінің мақаласы күн құрғатпай шыға бастауы себепті сонау көрініс те жиі қайталанып тұрады.

Қызмет орнына жеткен бойда еститінің сол дауыс:

– Әй, Құлқара, где ты был?..  

Бірақ осы сұрақ көп қойылып, жалықтырғандай сезілсе, аздап

қитығыңқырайсың. «Сауалына қарай – жауабы» дегендей сен де уыттылау, қыршаңқылау бірдеме айтып қаласың:

– На базаре водку пил!

Негізі, бұл да өтірік емес. Со тұстарда Көк базардың «самопалы» дәмін ептеп татқанымызды жасырудың жөні жоқ.

Бәкең рахаттана бір күліп алған соң, жарық көрген өмірбаяндық хикаяттар тарауын талқылауға кірісеміз. Қазір қарасақ, бұл да өзіндік бір шеберлік сабағы немесе лездемелік дәріс сияқты тиімді нәрсе екен.

Түскі ас уақыты таянғанда:

– Әй, Құлқара, жүр, ысталабай ішіп келейік! – дейтіні бар.

–  Ай, аға, әпитет болмай тұр онша. Өзіңіз бара бересіз бе, қайтесіз...

«Столоваяға барайық» деген сөзі. Ал менің айтпағым – аппетиттің – тәбеттің жоқтығы...

Анығында, мәселе тамаққа зауқыңның соқпауында емес, кейде асханадан ауқаттанудың өзі бір машақат еді; онда аузы-мұрнынан шығып, иін тіресіп тұрған елді көресің. Кезек қалың. Содан шайлығасың.

– Өй, әпитетті неғылайын деп ең!..

Бұл «несіне тартынасың, бара көреміз, бір ретін табамыз» дегені. Сөз ығытынан ой астарын өзара ұғысып тұрамыз.

Ішке кіргеннен кейін сомадай ғып жетектеп алып, кезектің ең алдыңғы легінен бір-ақ шығаратыны да қинайды. Ондайда, әсіресе, әйелдер жағы бажылдап:

– Куда вы лезете без очереди?! Что за люди! – деп шуылдасып кетпей ме.

Сырттан қарағанда ерсілеу көрініс екені рас. Бірақ Бәкең қыңа ма:

– А у меня нет прав, чтобы, в очереди стоят! – деп бір-ақ кеседі. Бұл енді: «Менің кезексіз өтуге құқым бар. Себебі, мен Ұлы Отан соғысының ардагерімін. Оның үстіне мүгедекпін!» дегені ғой.  

Кейбіреу налып, бас шайқайды. Кейбіреу күліп жатады. Ақсақал:

– Орысша білген қандай жақсы! – деп өзі де мәз болады.

  Тамақты талғап ішетін аскеттігін де аңдаушы ек. Жұқалтаң ғана, нәзік бітімді жан еді ғой.

Шай таңдағыштығын жұрттың көбі біледі. Суретші қызы Раушанның жер жүзінде шарламаған елі аз; шайдың нешеқилысын әкелетіндей. Жұмыс арасында соны демдеп, хош иісін бұрқыратып ішіп отырады. Көңілі түссе бізді де шақырып, бір-бір шәшкесін құйып беретін. Қазір «элитный» деп жүрміз, Бәкеңнің таңдайына татыған сирек шайлар сәулетті супермаркеттерде кездесе ме, жоқ па...

 Кей жігіттер:

– Бәкеңнің «Құлқара» дегені біртүрлілеу ғой, ренжімейсің бе? – деп сұрайтын-ды.

Жоқ, ренжіген емеспін. Тіпті, Бәкең «әй, қара құл» десе де намыстанбас едім. Өйткені, ниетінде зәредей кіршік болмайды. Көкірек сәулесінің жарқындығы сонша, кейде әр құбылысқа көздерінен от төгіліп, жәудірей қарап тұратын қарттың сәбидей жан тазалығы тәнті қылатын.

Және Құлқара дегенде нендей жаман астар бар, бұдан ешбір төмендеп қалмайсың; әмбе ақ патшаның алтын сарайына айырбастамайтын айдай әлемім өзіме мәлім емес пе... 

 Баладай аңғал Бағдат аға құжаттағы атасының есімі бойынша берілген «Момбеков» деген текті арманда кеткен әкесі Имамбек атына ауыстыруға өмір бойы талаптаныпты. Ыңғайы келсе, фамилиясының алдына «И» деген әріпті тіркей қоюды талай қиялдағандай.

– Бірақ онда «Имомбеков» болып шығады ғой. Мұндай тек бола ма?! – деп таңырқаймыз. Ондайда:

– Ә, оның жарасы жеңіл ғой. «О» әрпін «а» қыла салу қиынға соқпас, – дер еді...

Шынында, сол үміттің ықпалы ма екен, кей баласының фамилиясын «Мамбеков» деп жаздырғанын байқадық. Бірақ өзі ақыры «Жандосайға» тоқтаған екен де...

Имамбек бидің түбіне жетіп, тұтас әулет шаңырағын тас-талқан қылған совет өкіметін жек көрумен өтті. Әлдебір мәслихаттан оралғаныңда:  

– Тағы да жарымаған-жалшымағандардың жиынынан келдіңдер ме? – деп тіксініңкірей қарайтын.

Көргенсіздікті, жетесіздікті ұнатпайды. Кісімсіген шенқұмарлау біреулерді анадайдан танып тұрады.

– Мына космополитің кім?! – дейді жақтырмай.    

Кілең журналистика жампоздары мен әдебиет корифейлері қатарында жүргендігінен бе, шығармашылыққа қоятын талабы қатал. Осы қастерлі дүниені қолжаулық қылғысы келетіндерді суқаны сүймейтін.

Таралымы кең республикалық басылымға бақ сынап, түрлі деңгейдегі шайырлар көбірек соғатыны аян. Солардан: «Ақынсың ба?!» – деп сұрайды. «Ақынмын» десе, «мықтысың ба» деген сауалы даяр тұрады. Әлбетте, кім осалмын десін, күштімін, мықтымын дейтіндері белгілі. Ондайда: «Олай болса әлі күнге дейін неғып тірі жүрсің?» деп қыжыртады. Сондықтан, мұны біліп қалған кейбір қуы «ақынмын» демейді, «ақынға жақынмын» деп құтылатын...  

Қазір ойласақ, межені мейлінше биік қоюы біреуге соқтығу үшін емес, не нәрсені де иін қандырып, жоғары дәрежеде орындап әдеттенген кісі өнер атаулыны қашанда шырқау биіктен көргісі келеді екен де. Көкежасық, дүбәра бірдеңелерін өткізіп жіберуге ұмтылатындарды алаяқтық деп түсінетін...

Әрбір нәрсеге сынампаздығы сонша, кейде өзінің бәйбішесін де: «Ой, осы соған бәрібір болуы керек. Мен жұмысқа абайсызда галош киіп бара жатсам да дәнеңе демей-ақ шығарып сала береді» деп келекелеп қояды.

Демек, ол үйдегі шешеміз өте биязы, ұстамды, сабырлы жан болып тұр ғой. Базарбала есімді тәтей екен. Аппақ, сүйкімді адам еді. О кісі де Балалар үйінде тәрбиеленіпті. Тыл ардагері. Соғыс уақытында Алматыдағы Кондитер фабрикасының құпия цехында танкіге қарсы қолданатын жалғыш қару даярлағанын бертінде ғана білдік. Тіпті, сондағы еңбегі үшін «Стахановшы» деген медаль алған. Оған қоса Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін иеленіпті. Мәскеуде СССР Жоғары кеңесінің Мақтау Грамотасымен марапатталған.

Бес бала тауыпты. Райханы – журналист. Кейін Алматы мақта-мата комбинаты Мәдениет сарайының директоры қызметін атқарды. Халипа – есепші. Үлкен ұлдары Басыр Шахтинск қаласындағы еліміздегі ең үлкен «Қазақстан» шахтасының бас энергетигі болғанын білеміз. Бәкең осы баласының асқан шахматшылығын мақтан тұтатын. Ефрат – мәдениеттанушы, ғалым. Санкт-Петербургте оқыған. Бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Өнер Академиясында сабақ береді.

«Ертөстігім бір төбе» демекші, бұлардың ішінде Раушан Момбекованың орны айрықша еді. Мәскеудiң Бүкiлодақтық мемлекеттiк кинематографистер институтын қызыл дипломмен бiтiріпті. Қазақ атын әлемге танытқан қылқалам ше­берi. Тіпті, кезінде атақты орыс режиссерi, суретшi, сценарист және советтік мультипликация негiзiн қалаушы Иван Иванов-Вано Бағдат Жандосайға Раушандай аса талантты суретші тәрбиелегенi үшін рақмет айтып хат та жазған.

Осындай ұл-қыз өсірген ана осал болсын ба.

Сейдахмет Бердіқұловтың: «Адамзаттың ең асыл арманы – ­жеке бастың бостандығы. Міне, сол арманға біздің арамыздан толық жеткен Бағдат қана!» деген әзілі, көбінесе, ер-азаматын ерекше қадірлеген Базарбала жеңгесінің ең әділ бағасы сияқтанады.   

Бәкеңнің «мен министр болып жүргенде» деп басталатын әңгімелерінен кейде өзгені қойып, өз-өзін әжуалайтынын көреміз. Әуелде шынымен де жоғары қызмет атқарған ба дегендей таңырқап қалушы ек. Сөйтсек, албырт жастықпен Сырдың суы сирақтан келмей, шалқып-тасыған шақтарды Бағдат ағамыз да өткерген екен ғой... 

Бәкеңнің елу жыл ішінде өзіндік бір шығармашылық ұйым, үлкен руханият ордасы іспеттес «Лениншіл жаста» небір тартысты тағдыр, қызықты оқиғаларға куә болғаны түсінікті. Солар туралы кейбір әңгімесін тиіп-қашып тыңдадық дегенімізбен, бүгіндері нақты бір мәселеге қатысты арнайы сұхбат құрып, сыр тартпағаның үшін өкінеді екенсің.   

 Мысалы, бірде шаш ал десе бас алған әлдебір ұрдажық тәртіп  сақшыларының Көк базар түбінен Мұқағали ақынды желкелеп алып кеткенін биік ғимарат терезесінен көріп қалғанын айтқаны бар. Содан арада біршама өткенде оның ауруханада көз жұмғанын естиді.   

Осындай көкірегі көмбе, шежіре қарттарды місе тұтпай, бұған керісінше, ірілі-ұсақты лауазым иелерін сөйлетуге, солардың аузы арқылы «сводка» тізуге бейім екеніміз рас.  

Қалай болғанда да, әлі күнге дейін кейде, қарапайымдықты – қарабайырлық, сыпайылықты саяздық деп қабылдап, шатасыңқырап жүретініміз де өтірік емес...

Кәсібінің құпия қалтарыстары жөнінде де сөйлеспеген екенбіз. Қазір жарты ғасыр арасында Бағдат аға қолынан өткен фотосуреттер көрмесін жасамай-ақ, соларды әшейін шолып шыққанның өзінде қаншама тарих көз алдымызға келер еді. Бәкең «тірілткен» небір тұлғалармен қауышып, көл-көсір сырға қанығар ек. Мұның бәрі, әсілі, жеке зерттеу тақырыбы шығар.  

* * *

«Орталық стадион» аялдамасынан түсіп қалдым. Бұл кезде жауын кілт тыйылған еді.

Кешкі қала бағанағы бозғылт шымылдығын серпіп үлгеріпті. Кезекті мәрте «жуынып», жайнап алған Алматының салқын ауасы тыныс кеңейтті. Шаһар шамдары да жымыңдап, жарқырап кеткендей.  

Дегенмен, қас қарайған екен. Толықсыған қоңыр күз де дер шағына енді ғой. Түн де ұзарған шақ.

  «Шоқан соқпақтары», «Абай жолы» деп жатамыз – 12-ші маршрут Бағдат ақсақалдың ізі туралы ой туғызады. Осынау жер бетінде әрбір пенде табанының өз шиыр таңбасы қалуға тиіс емес пе.

 «Менің де жастық өмірім көшеде өтіп барады» деп ақын  жырлағанындай, Бәкең ізі, Бәкең бейнесінің нұр-елесі Шошқаның құмында ғана емес, Алматы бақтарының нуында, Көктөбе асуларының белес-белес шыңында, Алатау бөктерінің ойы мен қырында, көзкөрген замандастары жүрегінің сырында... сақталды білем.  

Цирк іргесіндегі Fantasy World Almaty аттракционының прожектор жарығы қараңғы түнекті қақ тіліп, көкке шаншылады. Сол алып сәуле Бағдат Жандосай жолын бір мезет ғарышқа жалғағандай әсерге бөледі. 

Мөлдіреген таңғы шықтай тазалықпен, адалдықпен өткен ғажайып ғұмыр, шын бақыт деген осындай-ақ болар деп қиялдадым.

Қайырыла бір қарағанымда, сырты қызарған «12-ші» троллейбустың ызғыта заулап, баяғы «Бағдат бағытымен» түпкі межесіне қарай жөнеп бара жатқаны көрінді.  

Құлтөлеу МҰҚАШ

Abai.kz