Негізгі бет  /  мақалалар  /  Балуандар болгарияда белдеседі

Балуандар болгарияда белдеседі

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
879
Балуандар болгарияда белдеседі Алдағы күндері өтетін спорттық сайыстардың арасындағы ең маңыздысы самбошылардың әлем чемпионаты екені даусыз.

10-14 қараша аралығында Болгарияның астанасы – Софияда жалауы желбірейтін айтулы жарыста көптеген мемлекеттен келген белді балуандар күш сынасады. Ерлер мен әйелдер 18 салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдарды сарапқа салатын болады. Сондай-ақ осы бәсекелер барысында жауын­герлік самбодан да 9 жүлделер жиынтығы таратылады. 

 

Орыстар ойлап тапқан бұл өнер Олимпиада ойындарының бағдар­ламасына енбегеніне қарамастан, оның даму барысы көңіл көншітерлік деп айтуға толық негіз бар. Бұл күндері әр құрлықтағы 80-нен аса мемлекетте самбо күресі дамып, түрлі дүбірлі додалардың үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқаны жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Солардың қатарына Қазақстанды да қосуға болады. Спорттың бұл түрі бойынша да біздің елде жеңіспен өрілген бай дәстүр бар. КСРО дәуірінің өзінде талай қандасымыз байрақты бәсеке­лерде топ жарып, өздерінің мықты­лығын мойындатты. Өзге жарыс­тарды былай қойып, әлем чемпионаттары жайында ғана сөз қозғасақ, бұл ретте де қол жеткізген табысымыз аз еместігіне анық көз жеткізуге болады. Мәселен, 1984 жылы Испанияның астанасы – Мадридте ұйымдасты­рылған дүниежүзілік додада аса жеңіл салмақта белдескен Қанат Байшо­лақовқа тең келер ешкім табылмады. Финалда ол Болгарияның атақты балуаны Дмитро Димитровты ұтты. Диқанбай Биткөзов пен Марат Жақитов сынды білікті бапкерлерден тәлім-тәрбие алған әйгілі Жаңарқа күрес мектебінің түлегінің есімі Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. 
1989 жылы АҚШ-та өткен жарыста 48 келі салмақтағы Асқар Шайхиев шашасына шаң жұқтырмай, алтын тұғырға көтерілді. Батыр Қуанышев­тың қол астында жаттыққан Батыс Қазақстан облысының тумасы да финалда дәл сол Дмитро Димитровтан айласын асырды. Өкінішке қарай, бұл күндері абзал азаматтардың екеуі де арамызда жоқ. 2000 жылдың 3 тамы­зында түн жамылған қандықол қарақшылар дәл үйінің іргесінде Асқарды атып өлтірді. 2011 жылдың 5 ақпанында Қарағанды – Жезқазған тас жолының жиегінде тұрған Қанатты КамАЗ көлігі қағып кетті. 
КСРО келмеске кетіп, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де жеңіспен өрілген дәстүр қайта жалғасты. 1992 – 2015 жылдар аралығында әлемдiк чем­пионаттың жалауы 25 мәрте жел­біреді. Сол аралықта Ерболат Бай­батыров 4 рет төрткүл дүниенің теңдессіз самбошысы атанды. 52 және 57 келі салмақ дәрежелерінде бел­дес­кен оралдық балуан 2008 жылы Санкт-Петербургте, 2009 жылы Салоники­де, 2000 жылы Ташкентте және 2011 жылы Вильнюсте бас жүлдені қанжы­ғасына байлады. Ақтөбенің арланы Асхат Шахаров 2000 жылы Киевте, 2004 жылы Кишиневте және 2005 жылы Астанада алдына жан салмады. Ол 74 келі салмақ дәрежесінде күш сынасты. Сондай-ақ 1993 жылы Омбы­да Бауыржан Садыханов, 2001 жылы Красноярскіде Қоныс Жетпі­сов, 2009 жылы Салоникиде Дәурен Жайнақов, 2010 жылы Ташкентте Азамат Мұқанов, 2015 жылы Касаб­ланкада Бейімбет Қанжанов әлем чемпионы атанды. Яғни, тәуел­сіздік алғалы бері 12 бірдей өреніміз төрткүл дүниенің теңдессізі атанды. 
Әлем чемпионатында жүлдегерлер жайында әңгіме қозғайтын болсақ, бұл реттегі табысымыз тіптен толағай. Жоғарыда есімдері аталған жігіттердің біразы алтыннан бөлек, басқа да жүлделерді қоржынға салды. Тарқатып айтсақ, Асхат Шахаровтың қоржы­нында қосымша 1 күміс пен 2 қола бар. Ерболат Байбатыров тағы екі мәрте үшінші орынға табан тіреді. Қоныс Жетпісов екі рет финалда сүрінді. Азамат Мұқанов төрт рет қола медальді мойнына ілді. Бас жүлдеге қолдары жетпесе де Асылбек Әлкей (1 күміс+4 қола), Дінмұхамед Мүсірә­лиев (1 күміс және 3 қола), Сәлкен Жартыбаев (1 күміс+1 қола), Арсен Хатип (1 күміс+1 қола), Бірлес Есенға­лиев (1 күміс+1 қола) және Есет Қуанов (2 қола) бірнеше мәрте жүлде­герлер санатына қосылды. Сонымен қатар әр жылдары Ержан Иманжү­сіпов, Жанат Байшолақов, Ғалымжан Сапарғалиев, Ғалымжан Жылкелдиев, Зекен Шаймерденов, Руслан Сейілханов, Берік Жетпісбаев, Қорған Тұрымбетов, Мұрат Досанов, Расұл Үсенов, Марат Таханов, Қайрат Күнсафин, Мендихан Жәкенов, Дидар Молдағалиев, Тимур Оңдаға­нов, Арман Әбеуов, Ерлан Тәжіков, Айдар Қайырбаев, Арман Сәрсенбин, Саят Шәмшиев, Медет Оңдағанов, Бағдат Жарылғасов, Алмас Сүлей­менов, Еділ Үсенов және тағы бірқатар балуандар жүлделі орындарды иеленді. 
Әйелдер самбосы да елімізде жақ­сы қарқынмен дамып келеді. Тәуел­сіздік алғаннан кейінгі кезеңді есепке алсақ, 1996 жылы Сәуле Ғабдуллина қазақ қыздары арасынан алғашқы болып әлем чемпионы атанды. Бұл атаққа ол Токиода қол жеткізді. Арада 12 жыл өткеннен кейін Сәуленің же­ңісті жолын Раиса Бая­лиева қайта­лады. Ол Чехияның бас шаһары – Прагада алдына жан сал­ма­ды. 2014 жылы Жапонияның Нари­та қала­сында Гаухар Тұрмаха­новаға тең келер ешкім табылмады. Әзірге осы үш қызымызға дүниежүзілік додада ал­тыннан алқа тағыну бақыты бұйырды. 
Жүлдегерлер жайында айтар болсақ, әңгімені Айсара Керімбе­ковадан бастаған жөн. Төрткүл дүниенің ең мықты балуандары бас қосқан аса ірі халықаралық додаларда атой салған алғашқы қарлығаш­тарымыздың бірі әрі бірегейі болу бағы Алматы облысы Райымбек ауда­нында туып-өскен қазақтың қар­шадай қызының пешенесіне жазылған екен. Тоқсаныншы жылдардың ба­сында Керімбекова екі рет әлем чем­пионатында жеңіс тұғырына көтерілді. Айсара апайымыздан бөлек, Сәуле Ғабдуллина, Раиса Баялиева және Алмагүл Кашина үш реттен түрлі түсті жүлдеге иелік етті. Келбет Нұрғазина, Ленария Меңғазова, Әлия Жылқы­баева, Қалжан Тайжанова және Ділдаш Құрышбаева екі мәрте сондай құрметке бөленді. Людмила Симутина, Марфуға Әбішева, Жамал Бозова, Жанар Дүйсекенова, Татьяна Шиш­кина, Алена Середа, Жұлдыз Айтма­ғамбетова, Динара Оразбекова, Жанаргүл Ақбаланова, Динара Оразбекова, Анар Сәтімова, Елмира Есетаева, Раушан Алпысбаева, Кенже­зәру Қашқынова, Ділбар Өмірәлиева, Айгүл Байқұлова және Гаухар Тұрмаханов сынды сұлулар бір реттен елге олжалы оралды. 
Осы орайда елімізде самбоның қарыштап дамуына Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да еңбегі ерен екенін айта кетуге тиіспіз. Спорттың бұл түрі Олимпиада ойындарының бағдарла­ма­сына енбегенімен ол ешуақытта қа­ғажу көрген емес. Самбо күресі мем­лекет тарапынан әркез толық­қан­ды қаржы­ландырылып келеді. Со­ны­мен бірге, Елбасының тікелей ұйытқы болуымен республика аума­ғында әлем және Азия чемпионаты, әлем кубогы және басқа да дүбірлі додалар сан мәр­те аса жоғары деңгейде ұйымдасты­рылды. 

Міне, қысқаша баяндасақ отан­дық самбошылар әлем чемпио­наттарында осындай толағай табыстарға қол жеткізді. Бірнеше мәрте біздің жігіттер командалық есепте үздік үштіктің қатарына қосылды. Соңғы дүбірлі дода Марокконың Касабланка қаласында өткен еді. Атлантика теңізі жағалауында өткен жарыста Қазақстанның ерлер құрамасы 1 алтын және 1 қола медальді еншіледі. Ол жүлденің иегерлері – Бейімбет Қанжанов (52 келі) пен Есет Қуанов (62 келі). Әйелдер бәсекесінде 2 күміс пен 1 қоланы еншіледік. Айгүл Байқұлова (48 келі) мен Гауһар Тұрмаханова (52 келі) ақтық сында ғана сүрінсе, Ділдаш Құрышбаева (68 келі) үшінші орынға табан тіреді. Биыл Софияда өтетін жарыста самбо күресін серік еткен сайыпқырандарымыздан одан да зор табыс күтеміз.