Негізгі бет  /  мақалалар  /  Арман АҚШ-та айқасады

Арман АҚШ-та айқасады

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
1011
Арман АҚШ-та айқасады Қазақтың белді жекпе-жек шебері,көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы Арман Оспанов АҚШ-тағы әйгілі WSOF ұйымымен келісімшартқа отырып, алдағы уақытта өз бәсекелерін мұхиттың арғы бетінде өткізетін болады.

1989 жылдың 7 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында туып-өскен Арман Оспанов спорттағы өзінің алғашқы қадамын самбо мен дзюдодан бастады. Кейіннен ережесіз жекпе-жекке ауысып, көптеген елеулі табыстарға қол жеткізді. «Алаш прайд» клубының сапында өнер көрсететін кездері ол бірқатар аса ірі халықаралық турнир­лерде топ жарды. Жауынгерлік самбо­дан өткен әлем чемпионатта­рында қатарынан үш жыл бойы қарсылас шақ келтірмеді. Джиу-джитсуден Азия біріншілігінде бірнеше мәрте алтын тұғырға көтерілді. «Сұңқар» деген лақап атпен танымал қандасымыз ұзақ уақыт бойы АҚШ-тағы әйгілі Грег Джексонның залында жаттықты. Міне, енді Оспановтың WSOF ұйы­мымен келісімшартқа отырғанын естіп, атақты спортшыға телефон шалған едік. 

– Көпшілік менің UFC немесе Bellator бойынша өнер көрсеткенімді қалағаны жасырын емес. Әрине, жан­күйерлердің қалауын жақсы түсі­немін. Себебі, осы екеуі бүгінгі таңда әлемдегі ең белді ұйым саналады. Осыдан біраз уақыт бұрын Bellator тұжырымының өкілдері маған жолығып, өз келісім­шарттарын ұсынды. Алайда бұл ұсы­ныстан бас тартуға тура келді. Өйткені, оларға келісім берсем, олардың басты бәсекелесі – UFC-ге шығуым қиын­дайды. Ал менің арманым – дәл сол нұсқаның алтын белбеуі үшін таласу. Сондықтан да WSOF-ты таңдадым. Бұл да өте мықты ұйым. Даңқты Рей Сефо іргетасын қалаған WSOF-тың сапында даңқы жер жарған көптеген спортшылар өнер көрсетуде. Бүгінгі таңда өзінің беделі жағынан олар Bellator нұсқасынан еш кем түспейді. Және де олардың UFC мен WSOF ара­сында іскерлік және достық қарым-қатынас орнаған. Қазіргі мақсатым – осы ұйымда өнер көрсете жүріп, өзімнің мықтылығымды мойындату. Егер жоспар жүзеге асса, онда UFC-ге жол ашылады, – деп Арман Оспанов бізге мәселенің мән-жайын тәпіштеп тұрып түсіндірді. 
Расында да бұл күндері UFC-дің даңқы дүркіреп тұр. Ығай мен сығай­лардың барлығы да сол жерде жұ­дырықтасуда. Біздің бір қынжылаты­нымыз, сол ұйымда өнер көрсетіп жүрген бірде-бір қазақстандық спортшы жоқ. Біз енді «Сұңқарға» сенім артып отырмыз. Арман бауы­рымыз UFC додасында күш сынасуға лайық. Жанкүйерлердің оған әлдеқашан көзі жеткен. 
Әлі есімізде, осыдан үш жыл бұрын Сочиде ережесіз жекпе-жектен «Платформа S-70» деп аталатын ірі халықаралық турнир өтті. Сол жарыс­ты тамашалау үшін Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Влади­мир Путин және сол елдің Премьер-министрі Дмитрий Медведев Қара теңіз жағалауына арнайы ат басын бұрған еді. Турнирдің тұсаукесер кездесуінде Арман Оспанов жергілікті спортшы Алексей Полпудниковпен күш сынасты. Бәсекенің алғашқы минуттерінде қандасымыз қарсы­ласын иектен ұрып құлатып, жерге құлаған бетте ауыр соққылардың асты­на алды. Төреші жекпе-жекті дереу тоқтатып, қандасымыздың жеңімпаз деп жариялады. Кездесу аяқталған бетте Арман бауырымыз сан мың көрерменнің көз алдында Қазақ елінің өрендері қайсар әрі өжет келетінін айта келе «Спорттық аренадағы жетістіктеріміздің барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен осы салаға деген қамқорлығының арқасы» деп ақтарыла сөйледі. Міне, сол қазақтың қайсар ұлы енді АҚШ атой салатын болады.