Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қазақтың адал азаматы

Қазақтың адал азаматы

Айқын-ақпарат
965
Қазақтың адал азаматы Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – адамдық пен адалдықты, батылдық пен парасат­тылықты ту етіп ұстаған, қазақтың адал аза­маты Балтабай Нұрмағанбетұлы Ақ­пан­бетов.

 Сұлу Сырдың Шиелі ауда­нына қарасты Сұлутөбе ауылында, сонау соғыс салған зобалаңнан ел етегін қайта жинай бастаған жылдары, яғни 1946 жылы туған. Адам табиғаттың төл перзенті де­мек­ші, Балтабай Нұрма­ғанбетұлының міне­зі де Шиелінің жазындай жайма-шуақ. Кішіге ізет, үлкенге құрмет деген ұста­нымды өзінің бағыты еткендіктен, өмірде өз ізін, өзінің дара жолын таба білді.
Әкесі Нұрмағанбет Ақпанбет­ұлының темір­дей қатты тәрбиесі өмірден өз жолын тауып, тұлға ретінде қалыптасуына көп ықпал етті. Анасы Сәтен Тұрған­байқызы бар ғұмырын жеті баланың тәрбиесіне арнаған, ерін сыйлап, отба­сының берекесін кіргізген нағыз қазақ әйелі болды. Ата-анасының тағдыры мен өмір жолда­рын баян етсе, том-том кітапқа арқау болар­лықтай...
Балтабай Нұрмағанбетұлы аудан орталығы Шиелідегі №45 қазақ орта мектебін 1964 жылы бітірген соң, арман қуып Мәскеу қаласының Электро­техни­калық байланыс институтына оқуға түсіп, оқу орнын 1969 жылы абыроймен аяқтап, радио инженері мамандығын алып шықты.
Оқуы бітісімен еңбек жолын Қы­зылорда облысы радиотелеор­талығында инженерліктен бастады. Өз ісіне ұқыпты, еңбекқор жігіттің ұжымда да беделі артып, цех бастығы қызметіне дейін көтерілді. Бұл еңбек жолының алғашқы баспалдақтары болған еді. Одан кейінгі қыз­меттерде де адалдық пен іскерлік, мұ­қияттылық пен жауапкершілікте бір сәтке де тайған жоқ. 1977 жылы Торғай об­лыстық Арқалық радио­телеор­талы­ғында басшылық қызметке ор­наласып, 1982 жылға дейін осы мекемеде қыз­мет етті. Жұмыс тізгінін өз қолына алған күннен бастап, еңбекке белсене кірісіп, орталықтан алыс орналасқан Амангелді және Жангелді аудандарында радио, те­ледидар тарату қондырғыларын орнат­тырып, жергілікті халықтың бірнеше бағдарламалы теледидарды көруіне жол ашты. Азамат бұл еңбегі үшін өзінің лайықты бағасын алып «Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңірген бай­ланыс қызмет­кері» атағына ие болады.
Халықтың берген бағасы әрі қарай еңбектенуге, халық үшін тер төгуге жете­леп, 1982-1985 жылдары Торғай облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болды. Қазақ үшін қай жерде болсын еңбек ету Балта­байдың негізгі ұстанымы болға­нымен, туған жерге деген сағыныш, перзенттік борыш оны өзінің туған өлкесіне қайта алып келді.
1985 жылы Қызылордаға келіп, 1987 жылға дейін сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің көмекшісі қызметін атқарады.
Балтабайдың іскерлігі, аса қабілетті ұйымдастырушылығы, адамның ішкі дүниесін танитындығы, сергектігі, адал­дығы, адамгер­шілігі Еркін Нұржанұлы­ның қойған талабына сай болды. Одан кейінгі жылдары бір сәтте тынбастан, бел шешпестен еңбек жолын жалғастыра береді. 1987-1992 жылдары Арал аудандық атқару комитетінің төр­ағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кеңес төрағасы қызметтерін атқарды. Ауданның бірінші басшысы ретінде халықтың мәдени-әлеуметтік жағдайын қам­тамасыз етті. Мысалға айтар болсақ, бір-біріне ұқсамайтын бассейні, ертегілер қалашығы бар орталық саябақтың құры­лысын бастау, қала орталығынан бала­ларға арналған жүзу бассейндерін салу. Қамбаш көлінің жағасынан жас жет­кін­шектердің демалысына барлық жағдай жасалған ұландар лагерін салу және бұлардың мінсіз де сапалы орындалуына баса назар аудару не деген құдіретті күш дерсің!
Кеңес Одағы ыдырап, әр ел өз алдына шаңырақ көтеріп, бостан­дықтың ақ таңы атқан жылдар ел үшін ең бір сын сағаты еді. Халықтың ертеңге деген сенімі екі­талай болды. Міне, осы жылдардың бірінде, яғни 1992 жылы Балтабай Нұр­ма­ғанбетұлы Қазақстан Республикасы Прези­дентінің аппаратында аға референт қызметіне келіп, бұл жерде 1994 жылға дейін қыз­мет етеді. Ал 1994-1997 жылдары «Қа­зақ­трейд» Қазақстан-Түркия ком­па­ния­сына бас директор­лыққа ауысады. «Алтын Тас» Қа­зақстан – Австралия бір­лес­кен кәсіпорын­­ның вице-пре­зи­денті, 1997-2000 жылдары Қоста­най қала­лық электр жүйесінің директоры, «Қоста­най РЭК» акционерлік қоғамы­ның вице-пре­зиденті, содан кейін президенті болып, бір сәт тынбастан қызмет атқа­рады.
Азамат бұл жылдарда тек еңбек етумен шектеліп қалмай, еңбекпен бірге білімін де ұштай жүріп, Қостанай бизнес басқару инсти­тутын бітіріп, экономист-менеджер маман­дығын алады. Өмір жолында еңбегі еске­рілген, сый-құрмет көрген сәттері де аз болған жоқ. Солардың бірі – «Астана» медалінің иегері болғаны.
Балтабай Нұрмағанбетұлы 2000 жыл­дан бастап «Аралтұз» акционерлік қоғамы­ның президенті қызметін атқарып келеді. Ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетін тағы бір қырынан көрсете білді. Тоқтап қалған жұмыс қалпына келтірілді. Тұз байыту фабрикасы іске қосылып, йодтал­ған тұз өнімдері республикаға, жақын шетелдерге жіберілді. 2001 жылы бұл ме­кеменің 75 жылдық мерейтойы дүр­кіреп өтті, тұзшыларға арналып «Аралдың ақ алтыны» атты кітап жарыққа шықты. Бұл еңбектері де өз бағасын алып, азамат «Астана-Холдинг» компа­ния­сының алғыс­хатымен және Қазақстан Респуб­ликасы Президен­тінің мақтау қағазымен марапатталды.
Балтабай інімізбен 1985-1994 жыл­дары Партия-Кеңес органдарында қатар қызмет атқардым. Балтабай қатарының алды болды. Оның ой өрісі біраз азамат­тардан жоғары екеніне көзім жетті. Балтабайдың білімділігіне, ұйымдастыру қабілетіне, адамдармен лезде тіл табысып кете­тіндігіне, адамгершілігіне, еңбек­қорлығына әр уақытта риза болатын­мын. Дәлел – қазіргі уақытқа дейін ініміздің жасаған жақсылықтары аралдық­тардың есінен кеткен жоқ. Оның Арал өңіріне жасаған еңбегі ұмытылмайды деп ойлаймын.
Қиын сәтте де, қуанышта да жа­нынан табылып, сүйеніш бола білген жары – Раушан Әбдіқадырқызы Дәрібекова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұстаз­дық қызметі мен бала тәрбиесін қатар алып жүрсе де қабағы шытылып, шар­шадым деген сөзді аузынан шығар­маған адал жарына азаматтың алғысы шексіз!
Ұлдары Сұлтанбек пен Әсет, қызы Лаура – бүгінде жоғары білімді қызмет­керлер. Әке атына дақ түсір­мей, өз тегін жақсы сақтай білуді әке­сінің тәрбиесін бойларына сіңірген, Балтабай мен Раушанға бірнеше немере сыйлаған.
Бар ғұмырын еліне қызмет ету мен артына жақсы ұрпақ қалдыруға арнаған Балтабай әр салада жұмыс істеп жүргенде, сол жұмыстары­ның нәтижелі болуын мақсат етсе, өзінің жеке өмір жолындағы мақсаты – отбасының бар жағдайын жасап, балаларына жақсы тәрбие беру бо­латын. Шүкір, бүгінде ол мақсаттары орындалды.
Балтабайдың зейнетке шығып, алды-артын бағамдап жасы ұлғайған сайын әйел бала-ша­ғаның, туған-туыс ағайын­дармен, дос-жа­ранда­рының ортасында балдай бақытты ғұмыр кешіп отырғаны нағыз бақыт емес пе?! Бал­табайдың көпті көрген адам ретінде барлық азаматтарға, ел-жұртына осындай бақытты тілейді.
Қазіргі кезеңде Балтабай ініміз Алматыда тұрады. Жасы 70-ке келсе де тыным таппай қоғамдық жұмыс­тарға қатысып, ақыл-ойын тәжіри­бесін жөн-жобасын жастарға айтып отырады.
Қазіргі кезде Балтабай Ақпанбетов Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһар­маны, армия генералы Сағадат Нұрмаған­бетов атындағы халық­аралық қайырым­дылық қорының басқарушы, жомарт кәсіпкер Махмуд Нәлібаев­тың орын­басары қызметін атқарып жүр. Ха­лық­аралық қордың міндеті – Қазақстаны­мыз­дың алға басуына, халқымыздың әлеуметтің, бірлі­гін нығайтуға, жастарды отан­сүйгіштікке тәр­биелеуде, тарих пен мәдениетімізді дамытуға жасап-жатқан жұмысы ұлан-ғайыр.
Балтабайдай дос-ініміз кейін­гілерге аға, адамгершіліктің, адалдық пен азаматтықтың ізін қалдырып жүре бер!
Дина АЙСИНА,
Қазақстанның құрметті зейнеткері