Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қозғалыс әлем назарын қазақ еліне аударды

Қозғалыс әлем назарын қазақ еліне аударды

Айқын-ақпарат
1551
Қозғалыс әлем назарын қазақ еліне аударды «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы республика халқынан кеңінен қолдау тауып, ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті.

 Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Антиядролық қозғалыстың күш-жігері арқасында 1989 жылы жоспарланған 18 ядролық сынақ саны 7-ге дейін азайтылды. Ең соңғы ядролық сынақ 1989 жылдың 19 қазанында жасалды. Қозғалысқа кәрі-жас, үлкен-кіші демей халық бір кісідей жұмылды. Соның арқасында жарты ғасыр індет ошағы болған дертті аумақ жабылды. Антиядролық қозғалысқа қатысушы Қарағандының 130 мың шахтері егер ядролық сынақ тоқтамаған жағдайда мерзімі шектеусіз ереуілге шығатындарын мәлімдеген болатын. Оларды Семей, Павлодар, Өскемен, Жезқазған жұмысшылары және Жоғарғы кеңес қолдады. «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы Семей қаласындағы бөлімшесінің 1989-2000 жылдары алғашқы төрағасы болған Марат Оразалин қозғалыстың құрылған кездерін былай деп еске алады: – 1989 жылы ақпанның 12-сі мен 18-і күндері әскерилер ешкімге ескертпей, Семей полигонында атом бомбасының сынағын өткізді. Сынақ кезінде жердің жарығынан оқшау (инертті) газдар ауаға бөлініп шыққан екен. Улы газ алдымен Курчатов қаласының маңындағы Шаған қаласын басып, артынан жел тұрып, газды Алтай өңіріне айдап әкетеді. Бұл жайтты естіген сол кездегі Қазақ КСР Коммунистік партиясының Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев КСРО Орталық комитетіне сынақты тоқтатып, сол жердің халқына көмек көрсетуді талап еткен мазмұнда шифрограмма жібереді. Бұл атом қаруының сыналуына қарсы ашық түрде жасалған шаралардың бірі болатын. Сол кездері Семей облысының атынан КСРО депутаттарының I съезіне қатысқалы отырған О.Сүлейменов 1989 жылы 28 ақпанда ядролық сынаққа қарсы «Невада – Семей» антиядролық қозғалысын құру туралы үндеу тастады. Біз де, яғни семейліктер де қолды қусырып отыра алмадық. Дереу Семей медициналық институтының партия комитетіне жиналып, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының облыстық бөлімшесін құрдық. Мені бөлімшенің төрағасы етіп сайлады. Ол кезде мединицалық институттың партия комитеті хатшысы лауазымынан босатылған едім. Қозғалыстың құрылғандағы мақсаты біріншіден, халықты ояту, екіншіден, полигонды жабу, үшіншіден, зардап шегіп отырған халыққа көмек көрсету туралы заңның қабылдануы үшін әрекеттер жасау болатын. Әрине, бүгін қозғалыстың алға қойған мақсаттары толықтай орындалды. 1991 жылы Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен полигон толықтай жабылды. Кейіннен 29 тамыз – Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітілді. Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. 
Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстан Президенті           Н.Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы 1991 жылдың 29 тамызы күні шықты. Сөйтіп, тиянақтылық пен табандылық танытқан қазақ халқы өз мақсатына жетті. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т.б. елдерде «Невада-Семей» қозғалысының бө-лімшелері құрылған. Қозғалыстың белсенді қызметінің арқасында БҰҰ БА-ның 53-сессиясы «Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру» қарарын қабылдады. 
Бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн болып белгіленді. Еліміз бейбітшілік сүйгіш саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алған елдердің санатында танылып келеді. Сонымен қатар Елбасының бастамасымен Ядролық қарусыз әлем құруға бағытталған «АТОМ» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба әлем басшыларына Ядролық қару сынақтарын тоқтатуына ықпал ету; Ядролық қару сынақтарын әлем бойынша жоюға бағытталған келісімінің заңды құралы ретінде күшіне енуін қамтамасыз ету үшін, петицияны Ядролық қаруларды сынауға тыйым салу туралы келісімге қол қоймаған немесе келісімшартты бекітпеген ядролық ірі мемлекеттерге ұсыну бағыты бойынша сәтті жұмыс жасап келеді. 

Деректер не дейді?
Қазақстан үшін ядролық проблема 45 жылдан астам уақыт қауіп төндірді. Сөйтіп, 1953 жылы таңғы сағат 7-де еш ескертусіз Абыралы ауданының орталығында бірінші рет жер жүзі бойынша күші 500-1000 килотонна сутегі бомбасымен жерүсті жарылысы жүргізілді. Семей өңірінің тұрғындары ескертусіз жүргізілген сынақ термоядролық бомбаның күші 1000 килотонна болатын жарылысының куәсі болды. 1961-1962 жылдары жерүсті және ауада 40-50 ядролық сынақ жүргізілді. 1963-1988 жылдары жыл сайын 14-18 ядролық сынақ жүргізілді. Барлық жарылыстың 3,1 бөлігі жерүсті жарылыс болды. Есептеу бойынша жер бетінде 15 млн адам зардап кешті. Бомба жарылысы 1 мегатонна 10000 адамның өмірін жойып, 1500 баланың өмірге келуіне қауіп туғызды. Қа­зақстандағы ядролық жарылыстың күші Хиросимадағы ядролық бомбаның күшінен асып түсті. Республика территориясында ядролық молалар бар, оған Азғыр полигонындағы өндірістік алқаптар да кіреді. Жер бетінде ядролық қару-жарағы бар елдер 400 сынақ жарылысын жерде, суда, ауада жүргізді, жалпы күші 550 мегатонна тротил эквивалентімен ядролық сынақ жүргізілді. 1963 жылы Мәскеу қаласында ядролық сынақты тоқтату жөнінде халықаралық келісімге қол қойды. Бірақ Қытай Тибет, Франция Тынық мұхит аймағында Мируроада сутегі бомбасын сынауды 1996 жылға дейін жүргізді. Қытайдың Лобнордағы полигонының әсері Қазақстан шекарасына жақын орналасқан тұрғындарға Семей полигонының әсерінен де қатты әсер еткен деген дәлел бар. Қазақстанның онкология және радиология институтының зерттеуі бойынша 1970 жылдан 1989 жылға дейінгі Алматы облысы бойынша балалардың ісік ауруы 30 есеге көбейген, ал өлім 1979-1989 жылдары 3 есе артқан. Бұл – ең жоғарғы көрсеткіш. Қазақстан бойынша бірінші термоядролық жарылыс 17 маусым 1967 жылы жүргізілген. Оның күші 3 мегатонна термоядролық жарылыс 27 маусымда 1973 жылы және 1974 жылы 17 маусым күні жүргізілген. 1974 және 1975 жылы жүргізілген сынақ (термоядролық) үлкен радиациялық залал әкелді. 1976 жылы 17 қарашада жүргізілген ядролық жарылыс (ауада) ең күшті жарылыс (4 мегатонна) болды. Ауада 1980 жылы 16 қазанда соңғы рет Лобнор полигонында, ауада 16 жыл, Семей полигонында 13 жылдай жарылыс жүргізілді.

 

Замана зардабы

Салауат ТАПБЕРГЕНОВ, 
медицина ғылымдарының докторы: 

– Семей ядролық полигоны жабылғаннан бері 25 жыл өткеніне қарамастан, жарылыстардың жаңғырығындай улы радиация, жүздеген мың адамның әртүрлі сырқаттарға шалдығуының себепкері болды. Полигонда жүргізілген сынақтар өте ауыр зардабын тигізді. Жыл сайын тамыз айында полигонның келтірген зияны туралы сөз қозғалатын конференциялар өткізіліп келеді. Өңірімізге сынақтардың тигізген зардабы аса үлкен болды. Біз басқа аймақтардың тұрғындарына қарағанда 10 жылға ерте қартаямыз. Әлбетте, бұл жағдайды түзету үшін ядролық полигоннан зардап шеккен халықты оңалту шараларына көп көңіл бөлуіміз керек. Қазіргі уақытта 25 жыл өткен соң денсаулық саласында бұл бағытта қадамдар жасалып жатыр. Алайда тікелей полигонның зардабын тартқан тұрғындарды сауықтыру өте қиын: олардың көпшілігі не қартайып қалды, не қайтыс болып кетті. Сондықтан келешек ұрпағымыз жайлы, тегіміз жайлы, генетика жайлы ойлауымыз керек. Қоғам болашағын жақсарту үшін өзін-өзі сауықтыруы қажет. 


 

     «Невада – Семей» қозғалысы үлкен табыстарға қол жеткізді. Сол арқылы ел тарихында өзінің ізін қалдырды және жер бетінде ядролық қаруды сынақтан өткізу қорқынышты құбылыс екенін ұғындырған қауқарлы ұйымға айналды. Қазақ жерінде, оның ішінде ұлы Абай атамыз туған Семей өңірінде жүргізілген ядролық сынақтарды қазақ халқы үшін әдейі жасалған қастандық деп бағалауға болады. Мұндай қасіретті қазақтан басқа бірде-бір ұлт басынан өткізген жоқ! 

 

 Шыңғыс ЖӘНІБЕК