Негізгі бет  /  мақалалар  /  Керридің орнына кім келеді?

Керридің орнына кім келеді?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1427
Керридің орнына кім келеді? Трамп жеңді. Бірақ енді тағы бір негізгі орынтақтың орны бос тұр

Қазір бірқатар сарапшылар «дүниенің дүрдараздығын шешу үшін келіссөздерді сыртқы дипломатияда кім бастайды?» деген тақырыпты қозғауда. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің орнын басатын адам да соншалықты тұлғалы болуы керек пе? Міндетті емес, бірақ бұл орынға қазіргі таңда үміткерлердің саны бірнешеу болып отыр.

Бірінші кандидат ретінде АҚШ конгресі өкілдер палатасының бұрынғы спикері Ньют Гингричтің есімі аталуда. Сонымен қатар, қазіргі таңда сенатор Джеффе Сэшнс,   Трамптың саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып отырған, Нью-Иоктің бұрынғы мэрі Рудольф Джулиани және тағы бірнеше азаматтың аты-жөні аталуда.Сенат комитетінің халықаралық істер жөніндегі басшысы Роберт Коркер мен БҰҰ-дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Джон Болтон да АҚШ мемлекеттік хатшысы орынтағынан дәмелі. Үміткерлер өте көп. Экс-сенатор Джейми Тэлент, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Стивен Хэдли де үлкен креслодан дәмелі болып отырғанға ұқсайды.

Сонымен қатар, сарапшылар Пентагонның басшысы қызметіне отставкадағы генерал, барлау басқармасының бұрынғы директоры Майкл Флинтті негізгі кандидат ретінде атап отыр. Бірақ  бұл орынға бару үшін ол алдымен АҚШ конгресінің батасын алуы керек.

Ал Дональд Трамп өз қызметіне келер жылдың 20 қаңтарында ұлықтау рәсімінен кейін кіріспек. Қазіргі таңда Трамптың айналасындағы жақын адамдарға қатысты  қызметті таңдау үрдісі басталып кетті. Әзірге әр салада лауазымға келуі мүмкін кандидаттардың есімі аталуда. Бірақ басты мәселе мынада: АҚШ жаңа президенттің келуіне қатысты Ресейге қатысты өз көзқарасын өзгерте ме?

Бірақ Донбасс пен Қырымды өзіне қосып алған Ресейге қатысты жасалған санкцияны әзірге билікте тұрған Барак Обама бастаған Ақ үй басшылығы  еш өзгертпейтінін мәлім етті.

Мейлі Американы басқаруға басқа  президент келгенімен, АҚШ мемлекттік департаменті  Ресейге қатысты  ұстанымынан айнымайды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаменті баспасөз хатшысының орынбасары Марк Тонер брифингте мәлім етті.

  • Әрине Ақ үйге бірнеше айдан кейін Дональд Трамп келетіні белгілі. Бірақ Ресейге қатысты біздің позиция айнымай, бұрынғыдай болып қала береді. Жыл аяғына дейін біздің ұстанымымызды ешкім де өзгерте алмайды , -деді АҚШ мемлекеттік департаменті баспасөз хатшысының орынбасары Марк Тонер.

Расында да  президенттік билікке Трамп келгеннен кейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары енді АҚШ Ресеймен арадағы қарым-қатынасты жақсартады деген пікірге басымдық беруде. Бірақ Обаманың басшылығындағы әкімшілік «Минск келісімі» аяғына дейін толыққанды орындалғанша, Ақ үй санкцияны өзгертпейтінін хабардар етті.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри де «жаңа президент келгенімен, жұмысты еш тоқтатуға болмайды. Бұрынғы қарқынмен жұмыс істей береміз» деп мәлім етті. 

  • Президенттік сайлау бітті, халық пен таңдаушылар өз таңдауын жария етті. Әйтсе де біз екі бағыттағы жұмысты жалғастыра беруге тиіспіз. Бірінші халықаралық аренада жұмыс істеп бұрынғы жобалар тоқтамайды. Біз тайм-аут алуға тиіс емеспіз. Қазіргі халықаралық жағдай мұндай сылбырлықты көтермейді. Екіншіден жаңадан сайланған Трамптың командасын Ақ үйде жылы қабақпен қарсы алуға тиіспіз және мүмкіндігінше, бүкіл құжаттарды өткізіп, ақыл-кеңесімізді де беру қажетпіз ,- деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри өз қызметкерлеріне.