Негізгі бет  /  мақалалар  /  Сколиозды түзету отасы жасалды

Сколиозды түзету отасы жасалды

Айқын-ақпарат
860
Сколиозды түзету отасы жасалды Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында посткеңестік кеңістікте алғашқы рет эндобейнебақылау арқылы сколиозды түзету бойынша кіші инвазивтік ота жасалды.

«Universal Medical Center» корпоративтік қорының филиалы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында 2016 жылғы 28 қазан мен 3 қараша аралығында «Балалар арасында сколиздық өзгеруді операциялық емдеу кезінде вентральды бекіту жүйесін қолдану» тақырыбында шеберлік сабағы өткізілді. Оған ортопедия саласындағы әлемнің жетекші мамандарының бірі, Сингапур ұлттық университетінің ортопедия және реконструктивтік микрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Вонг Хе Кит қатысты.  Шара аясында сколиоздан омыртқасы қисайған 3 балаға түзету операциялары жасалды. Бұл оталардың бірі посткеңестік кеңістікте алғаш рет өткізілді. Кіші инвазивтік отаға жататын бұл емдеу шарасы эндобейнебақылау арқылы өткізілді. Операция «Антериор жүйесі» металл эндокорректор орнату арқылы омыртқаның кеуде бөлімінің идиопатиялық сколиозын вентральды түзету» деп аталады. Мұндай ота кезінде айналасындағы сау тіндерге зақым келмейді және ол науқасқа ауруханадан тез шығуға және оңалту шарасынан оңай өтуге мүмкіндік береді. Аталған операция үйрету режімінде өткізіліп, 13 жасар Нұрай есімді қызға жоғары деңгейге сәтті жасалды. Бүгінгі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық және жақын күндері үйіне шығарылады. Аталған озық әдісті жақын уақытта Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында клиникалық тәжірибеге енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, шеберлік сабағы барысында отандық дәрігерлер үшін бірқатар дәрістер оқылды.

inform.kz