Негізгі бет  /  мақалалар  /  Атырауда тұмау өршіп тұр

Атырауда тұмау өршіп тұр

Айқын-ақпарат
912
Атырауда тұмау өршіп тұр Мұнайлы өңірде тұмау дерті өршіп тұр. Атырау облысында эпидемиологиялық кезең басталған қазан айының өзінде 200-дей адам дәрігер көмегіне жүгінген.

Әсіресе жүкті әйелдер мен 1 жасқа толмаған сәбилерге қауіп көп. Қазір қазынадан 26 млн теңге қаражат бөлініп, мұнайлы өңірде жіті респираторлы вирус пен тұмауға қарсы жаппай егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге 13 жүкті әйел жансақтау бөлімінде жатса, тағы 2 әйел қайтыс болды.

Жұқпалы дерт әсіресе жүкті әйелдер арасында өршіп тұр. Қазан айынан бері қарай облыста 136 ана ауырып, 13 әйел жан сақтау бөлімінде жатыр. Өкінішке қарай, 2 жүкті ананы құтқару мүмкін болмаған. Бірақ мамандар ол науқастар тұмаудан емес, өкпесіне салқын тигендіктен қаза тапты дейді. Қалған науқастар еліміздегі республикалық ауруханаларда ем қабылдап жатыр.

«Астана қаласына 3 әйелді санавиациямен жібердік. Олар жаман емес, 1 әйел баласымен ауруханадан шығып келді. Алматыда 2 әйелдің бірінің жағдайы жақсы. Ал облыс бойынша 3 әйел жансақтау бөлімінде жатыр», - деп атап өтті Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Кәмелова.

Қазір облыс аумағында тұмауға қарсы жаппай егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 30 мыңнан астам адамға тегін вакцина егілген. Ал ірі мекемелер жұмысшылары кәсіпорын есебінен вакцина жасатуы тиіс. Өйткені аурудың асқынар шағы алда.

«Қазан айының соңғы аптасында науқастардың саны артқаны байқалып отыр. Ол алдағы уақытта да өседі. Өйткені тұмау қаңтар-ақпан айларында өршиді», - дейді Атырау облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уәйісов.

Жұқпалы дерттің таралмауы үшін барлық медициналық мекемелерде ақылы түрде екпе жүргізу қолға алынуда. Ірі компаниялар мен жоғары оқу орындарында тұмауға қарсы күрес күшейтілді. Сонымен қатар жүкті әйелдердің ағзасында қандай да бір өзгеріс байқалса, дереу ауруханаға жеткізу міндеттеліп отыр.

Айдос ШӘРІПХАНҰЛЫ,

БАҚ.кз