Негізгі бет  /  мақалалар  /  Конфедерация кубогы: күрестен 25 миллионды кім алуы мүмкін?

Конфедерация кубогы: күрестен 25 миллионды кім алуы мүмкін?

Жадыра Аққайыр
2039
Конфедерация кубогы: күрестен 25 миллионды кім алуы мүмкін? Елімізде тұңғыш рет спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлерінің мықтылары 3-4 желтоқсан күні өтетін Конфедерация кубогында бас қосады.

Жарыстың жүлде қоры – 125 млн теңге. Сәйкесінше, әр спорт түрінен оқ бойы озық шыққандарға 25 млн теңгеден беріледі деген сөз. Осы күнге дейін еліміздің барлық аймағының спортшылары өзара кездескен еді. Іріктеу жарыстарының нәтижесінде жартылай финалға жолдама алғандар белгілі болды.   

18 қыркүйек күні Астанада жеребе тартылды. Соған сәйкес, еркін және грек-рим шеберлері, дзюдошылар, таеквондошылар және былғары қолғап шеберлері төрт топқа бөлініп, бақ сынасты. Қазан және қараша айларындағы кездесулердің нүктесі өткен демалыста Қызылорда қаласында қойылды. Назарларыңызға еркін және грек-рим күресінен осы күнге дейін өткізілген іріктеу жарыстарының нәтижесін ұсынамыз.  

«А» тобындағы айқас

Бұл топта Алматы және Астана қалалары, Алматы және Қызылорда облыстары кездесті. Күрестің екі түрінен де Алматы облысының балуандары басым түсті. Бір айта кетерлігі, «А» тобына еліміздің ең үздік құрамалары түсіп отыр. Былтырғы ел біріншілігінде алдыңғы орындарда болғандар да – осы командалар еді. Сол себепті іріктеу жарысы өте тартысты өтті. Облыс балуандарының сапында Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия біріншілігінде екі рет топ жарған, Азия ойындарының чемпионы, әлем чемпионатының қоласын иеленген, Лондон және Рио олимпиадасының қатысушысы Нұрмахан Тіналиев бар. Сонымен бірге, Азамат Дүмбіров, Демеу Жадыраев, Асхат Ділмұхамедов, Темірбек Санжар, Айдын Нұғманов, Бауыржан Жұматаев есімді балуандар да өткен іріктеуде дайындықтарының жоғары дәрежеде екендіктерін танытты. Еркін күрестен де бұл аймақтың балуандары – басты фавориттердің бірі. Жеңімпаз командада 65 келіде белдесетін Дәурен Жұмағазиевтің айтуынша, нақты кімдердің күресетіні әлі белгісіз. «Алдағы уақытта оқу-жаттығу жиындары болады. Сонымен бірге, 26-27 қарашада Тараз қаласында Д.Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Соның нәтижесі бойынша Конфедерация кубогында белдесетіндер іріктеледі. Команда сол уақытта бабында болған балуандардан жасақталады» дейді 2011 жылғы Азия чемпионы, Лондон олимпиадасының қатысушысы Дәурен Жұмағазиев. Алматы облысы үнемі алдыңғы үштікте жүретінін де айта кету керек. Мәселен, былтырғы жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан кубогында еркін күрестен чемпион болды. Іріктеуде Исмаилов Жандос, Ілияс Жұмай, Олжас Шыңғысбаев, Бақтияр Ізбасаров, Нұрдаулет Көктеубаев, Дулат Ақанов және Әлихан Жұмаев белдесті.    

«Б» тобындағы белдесулер

Бұл топта Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік және Батыс Қазақстанның балуандары белдесті. Нәтижесінде еркін күрестен ШҚО, грек-рим күресінен СҚО батырлары алға шықты. Жартылай финалға суырылып шыққан Шығыс Қазақстан командасы да осал емес. Күрестің екі түрінен де бұл өңірде мықты мектеп қалыптасқан. Себебі Азия чемпионатының 2014 жылғы жүлдегері, бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарып жүрген Расул Қалиев сынды мықты балуандар бар. Дайындықтары жөнінде білу үшін, бозкілем шеберлеріне арнайы хабарласқан едік. «Іріктеуден өтіп, жартылай финалға жолдама алғалы дайындықты үдеттік. Мен әдетте Алматы қаласында жаттығамын. Команданың өзге мүшелері бүгінде әр жерде жаттығу жиындарында жүр. Атап айтқанда, Данияр Қайсанов пен Асхат Слямханов Осетияда, Сатыбалдин Ілияс, Жанболат Магзумов, Алексей Червяков Өскеменде, ал Олег Болтин болса Жапонияда шеберлігін шыңдау үстінде» дейді Расул Қалиев.ШҚО үш кездесуде де қарсыластарын 6:0 есебімен сан соқтырды. «Б» тобының грек-римнен жүлдегері Солтүстік Қазақстан балуандары екенін айтқан едік. Бұл құрамада 2014 жылғы студенттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жеңіл салмақтағы Баймағамбетов Ақан бар. СҚО-да грек-рим күресінің аға жаттықтырушысы Қоныс Төкеновтың айтуынша, әр салмақтан екі балуаннан дайындап жатыр екен. Яғни нақты құрам әлі бекітілген жоқ. Сондай-ақ, жастар арасында әлем чемпионатының қоласын иеленген Бекболатов Аманғали, жастар арасындағы Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Қаленов Данияр, 2014 жылғы Қазақстан чемпионы Қабдолов Жанарбек бар.

«С» тобының сайыпқырандары

Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстары кездесіп, өзара белдесулер өткізген еді. Бұл топта ОҚО командасына теңесер ешкім болмады. Күрестің қос түрінен де жеңімпаз атанды. Осы аймақтың еркін күрестен бас бапкері Марат Ерденов балуандардың қарқыны жөнінде тілшімізбен бөлісті. «Балуандардың дайындығы қазір қызу жүріп жатыр. Бүгінде спортшыларымыз толық құраммен Хасавюртте оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Еркін күрес балуандарына дағыстандықтармен тәжірибе алмасқан жақсы. Енді командамыз туралы айтар болсақ, бекіттік деуге болады. 57 келіде Төлепбай Ғабит пен Пірімбай Бердақ, 65 келіде Сейітжан Нұржан мен Бұрхан Мадияр, 74 келіде Аббасов Саид, 86 келіде Мелдебек Данияр, 97 келіде Әлментай Бақдәулет бар. Ал ең ауыр салмақ 125 келіде Дүйсенбеков Ержан мен Нұрмаханбетов Әліби екеуінің бірі күреседі деп отырмыз» дейді бас бапкер. Бұл құрамада басым көпшілігі – ересектерге енді қосылған жастар. Десе де, Азия және Әлем чемпионаттарында жастар мен жасөспірімдер арасында өздерін көрсетіп үлгерді деп нық сеніммен айтуға болады. Классиктерінің ішінде 2016 жылғы ел чемпионы, Азия біріншілігінің қоласын иеленген, Қарулы күштер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері 130 келіде белдесетін Дамир Күзембаев, 2013 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері, Президент кубогының екі дүркін күміс жүлдегері, 2014 жылы Испанияда өткен Гран-при жеңімпазы Асхат Жаңбыров бар. Ал одан өзге Қалмұрзаев Нұрсұлтан, Әбдиев Абылайхан, Тоқбаев Жолдыбай, Сатоев Әділхан, Мустафаев Рамазан, Кочиев Рашид, Әлімхан Сыздықов сынды балуандар облыс командасының құрамында. «Нақты кімдер күресетіні алдағы уақытта белгілі болады. Бір салмақтан 2-3 баладан дайындап жатырмыз» дейді Оңтүстік Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы Абдурахман Архарбек.

«D» тобының дүлдүлдері   

«А» тобындағыдай бұл топта да кіл мықтылар жиналған. Әсіресе, еркін күрес шеберлері бірінен бірі асқан балуандар еді. Бұл топта Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары кездесті. Жеребенің түскен сәтінен бастап аталған «А» және «D» топтарының кездесер сәтін көпшілік асыға күтті. Жарысқанда жүйріктен жүйрік озды. Еркін күрестен Ақтөбе облысы, грек-римнен Жамбыл облысы жеңіске бір қадам жақындады. Бек Жақсылықов, Серік Оразғалиев, Аманесен Бақытханұлы, Абылайхан Нұрсұлтанов, Айдар Балданбаев, Думан Бөлтіріков, Юсуп Батырмырзаев, Ғани Ізбасаров сынды еркін күрес шеберлері құрама сапында күресіп, жартылай финалға шыққан еді. Десек те, нақты құрама әлі бекітілген жоқ. Рио олимпиадасының қатысушысы, жеңіл салмақтағы Нурислам Санаев денсаулық жағдайына байланысты іріктеуде бозкілемге шықпағанымен, алдағы жарыста жарқ етуі бек мүмкін. Грек-римнен Жансерік Жансейітов, Қандыбаев Жәнібек, Әбу Өмірзақ, Нұржан Надыров және т.б күресіп, жеңіске жетті. Жарысқа таяу уақытта нақты тізім шығады.

Жеңіс кімнің жағында?

 

Назерке СҰЛТАНБЕК, спорт журналисі:

– Күрес командалық спорт түрі болмағандықтан, бұл жолғы жарыстың орны бөлек. Әр балуан әдетте өзі үшін күресетін. Ал Конфедерация кубогында командалардың қаншалықты бірігіп жеңіске жете алатындығы, бір-біріне деген жанашырлығы белгілі болады. Биылдан  бастап осындай беделді әрі спорттың бес түрін біріктіретін жарыстың пайда болуы үлкен серпіліс әкелуі тиіс. Командалық жарыстың облыстар үшін қиындық туғызатын тұсы – барлық салмақтарда мықты балуандардың болмауы. Сол себепті құрама сапында Әлем және Азия жүлдегерлері бар командалардың өзі басқа салмақтардың осалдықтарынан жеңіліс тауып жатты. Енді осындай жарыстар көбейетін болса, аймақтардағы бұл мәселе де жойылады деп ойлаймын.   

 

Жеребе тартылып, қарсылас командалар белгілі болған сәттен бастап жартылай финалға кімнің шығатынын әркім өзінше шамалады. Алматы мен Астана қаласы құрамаларының жарыс жолынан шығып қалуы да – бәсекенің мықтылығын көрсетті. Сол секілді, керісінше кей командалардың жолы болып, бас бәсекеге бір табан аяңдап отыр. Жүлде қорының үлкендігі ғана емес, тек бірінші орын алғандарға ғана берілетіні де – «тек қана жеңіс» деген позиция ұстауға мотивация. Не де болса, дайындыққа барлығы білек сыбана кіріскен. Шын мықты 3-4 желтоқсанда Алматы қаласының Балуан Шолақ спорт сарайында белгілі болады.