Негізгі бет  /  мақалалар  /  «АҚШ-тың Жириновскийі» қалай президент болды?

«АҚШ-тың Жириновскийі» қалай президент болды?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1544
«АҚШ-тың Жириновскийі» қалай президент болды? «АҚШ-тың президенті - Трамп» деп «Айқынның» кешегі сайтында біз бекер сөз қозғаған жоқпыз.

Шын мәнінде алдын ала белгілі болған есептеуде бүгін Дональд Трамп 276 дауыс алып,  АҚШ-тың 45- президенті атанды.Ал оның қарсыласы Хиллари Клинтон 218 дауыс жинады. Республикалық партия өкілі Трампты жақтап  56,9 млн адам дауыс берсе, Клинтон 55,8 млн адамнан ғана қолдау тапты.

The Washington Post, Bloomberg басылымдарының мәліметіне қарағанда, Дональд Трамп 31 штатта жеңіске жетті. Аляска, Индиана, Кентукки, Батыс Вергиния, Тенниси, Миссисипи, Оклахома, Оңтүстік Каролина, Алабама, Солтүстік Дакота, Вайоминг, Оңтүстік Дакота, Небраска, Канзас, Арканзас, Техас, Луизиана, Монтана, Миссури, Вашингтон, Аризона, Невада, Висконсин, Мичиган, Айдахо және өте маңызды саналатын Огайо, Солтүстік Каролина және ФлоридадаРеспубликалық партияның өкілі Трамптың айқын басымдылығы байқалды. Сөйтіп демократтардың жақтастары жылап, ал республикашылдар жеңісті тойлап жатыр.

Хиллари Клинтон өзін қолдағандардың алдына шығып сөйлеуден бас тартса да, бірақ қарсыласын сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Жаңа ғана Клинтон телефон соқты.Хиллари мені жеңісімен құттықтады, өзінің жеңілісін мойындады. Ол өзінің төзімі мықты әйел екендігін көрсетті. Американың дамуы үшін көп жұмыс істеді. Сол үшін оған үлкен рахмет, -деді  Дональд Трамп жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде.

Ал алдағы уақытта АҚШ-тың жаңа президенті сыртқы саясатта қандай позиция ұстанбақ? Бүкіл әлемге билігін жүргізіп отырған америкалық империялық билік Обаманың шетелде жүргізіп жатқан әскери операциясын ары қарай жалғастыра бере ме?

Алдыма Американың мүддесін қойсам да, бүкіл әлем үшін  мен олармен қашан да біргемін. Әр халықпен, ұлтпен, мемлекетпен түсіністік табуға тырысамын. Бұл дау-шарғы емес, өзара ынтымақтастық болады.Демократтар мен республикашылдардың Американың дамуы үшін бір ұлтқа бірігетін уақыты жетті. Сондықтан да мен бір топтардың емес, бүкіл америкалықтардың президенті боламын деп уәде беремін. Мені қолдап дауыс бермеген адамдардың өзінен елдің бірлігі үшін алдағы уақытта бірігіп жұмыс істейік деп көмек сұраймын. Бірге болу арқылы  біз ұлттың ортақ құндылықтары үшін жұмыс істей аламыз. Әрбір америкалық өзінің мүмкіндігін жүзеге асыра алатындай болуы қажет. Жол, қала, көпірлер мен қалалардың бәрін жаңартамыз. Елде миллиондаған жұмыс орындары  ашылатын болады. Бұл мен үшін үлкен серт, абырой және даңқ. Сондықтан Америка тек қана адамзат үшін қажетті жақсылықтарды ғана жүзеге асыратын болады. Халқымыздың жағдайы бұдан да мықты болуы үшін біз күрт бетбұрыс жасайтын боламыз. Біз Американы жақсарту үшін билікке таластық, енді ол арманды жүзеге асырамыз. Барлық елдермен жағдайды жақсартатын боламыз, сондықтан бізге сеніңіздер, - деді Дональд Трамп. 

Енді алдағы уақытта Трамп сайлауалды берген уәделерін орындай ала ма, оны енді уақыт көрсетеді. Ал бізді қызықтырғаны, Дональд Трамп белгілі қарсыласынан артқа тастап, қалай президент болды? Оның жеңімпаз атануының сыры неде?

-Ең бірінші мәселе, әлем жұртшылығының алдында бұған дейін АҚШ-тың беделі төмендеді.

- Американың сыртқы қарызы 20 триллион долларға жетті.

- Елде ішкі қайшылықтар өршіді.

- НАТО және басқа да ұйымдарды сақтауға АҚШ-тың миллиардтаған доллары кетіп жатыр.

Осы және басқа да себептер АҚШ-тың халықаралық аренадағы абыройын әлсіретті. Сонымен қатар, сарапшылар дұрыс бағалағандай, АҚШ-тың соңғы 100 жылғы тарихында Ақ үйге ешкімге ұқсамайтын халықтың көкейіндегі пікірлерді айтатын адам келді. Сонымен қатар, Дональдтың харизмалық мінезі де оның жеңіске жетуіне үлкен себін тигізді. Көп жағдайда сөзінің тұрағы жоқ адам болып көрінетін Трамп бірақ кездесу барысында ешкімді жатсынған жоқ. Ол халықпен қысылып, қымтырылмай еркін сөйлесті. «Американы мұнан да мықты ұлы держава етеміз», «Сол үшін Сіз маған сеніңіз», «АҚШ-ты басқарып, бақытты ете алмаған бақытсыздар»,  «Демократтар басқарған әділетсіз жүйеде өмір сүріп отырмыз», «Бүгінгі Ақ үйдің әрекеті орға жығылған саясат», «Елге заңсыз келген сұмырай-мигранттар», «реформаны апатқа ұшыратқан әлсіздер» «Ел басқаруда жолы болмағандар».  АҚШ-тың бүгінгі билігін осылай суреттеген Дональд Трамп мигранттар тоқтаусыз келіп жатқан Мексикамен арада «Ұлы қабырға орнатуды» көздеп, «Ақ үйдегі билікті ауыстырып», «Ресеймен ауызбіршілікке келіп,  жағдайды жақсартқанда ғана ИГИЛ- ді жойып жібере аламыз»   деп мәселені ашық айтты. Бірақ бұл пікірлер Барак Обаманың позициясын ұстанып отырған бүгінгі шенеуніктерге жақпағанымен, «Дональд Трамптың лексиконы» қарапайым халықтың көңілінен шыққанын айта кету қажет.  Тіпті ол өзінің басты қарсыласы болған Клинтонды «Айлакер әйел!, «Ашулы жалмауыз кемпір», ал президенттік сайлаудан өз кандидатурасын алып тастап, Хиллари Клинонды қолдаған демократ Б. Сандерсті «жүрегін жалмауызға сатқан ессіз» деп атады. Тіпті теледебат барысында Хиллари ханымға«Ақ үйдің құпияларын жария еткенің үшін президент болсам, Сені түрмеге отырғызамын» деп көзіне нұқып айтты. «АҚШ-тың Жириновскийі» атанған ол жағымсыз сипатта жазылған мақаланың өзін «маған жасалған жағымды жарнама» деп атады. Алғашында оны әркім әрқалай қабылдағаны да рас. Бірақ саяси истеблишменттен ада болған тұлғаның осы уақытқа дейін АҚШ-тың ешқандай мемлекеттік билігінде қызмет істемегендігі  де оған орасан зор тарихи жеңісті алып  келді.

Оның 4 миллиард долларға жуық байлығы бар, өз еңбегі арқылы бизнесте үлкен табысқа жетті. Барак Обаманың денсаулық сақтау, білім және экономика саласындағы реформалары халыққа өте қымбатқа түсіп жатқанын ол ашық айтты. Ашына айтты.Ақиқаты, жеңіске жету жолында ештеңені жасырған жоқ. Айналасы 6-7 айдың ішінде саясатта «Трамп лексиконы» қалыптасты. Демократтардың демократияға сай емес халықаралық саясаттағы соңғы жылдардағы түсініксіз қадамдары да Дональд Трампқа жеңіс әпергенін мойындауымыз керек.

Ендігі мәселе неде? Трамп өзі уәде  еткен арманды алдағы уақытта жүзеге асыра ма?  Ол өздігінен әрекет ете ала ма?

365info.kz порталына сұхбат берген Америкада жүрген саясаттанушы Уәлихан Төлешов «АҚШ сайлауында, тіпті Трамп жеңсе де,  оның кеңесшілері, Ұлттық барлау орталығы, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі, Конгресс, Жоғары сот және басқа да мемлекеттік органдар осыған дейін Обама ұстанған саясатты оңайшылықпен өзгертугемұрша бере қоймайды.АҚШ  -та басқа да билік тағандары Президент ісін реттеп, тізгіндеп отырады.  Оларда қалтқысыз жұмыс істеп тұрған заң, ортақ тәртіп бар. Оған Президент те бағынады.  Демек, Трамптың басы екеу емес. Трамп билікке келсе, дүние бүлінеді деу жаңсақтық» дегенді айтады.

Бұл сөздің жаны бар. Мұндай сипаттағы пікірді қазіргі президент Барак Обама да айтты.

Трамп билікке келгенімен, күн бұрынғы орнынан шығады. Америка бәрібір әлмдегі ең мықты әрі күшті держава болып қала береді,  - деді  Барак Обама.

Қыруар қыржымен, қарқынды әрі белсенді әрекетімен билікке келген қырық бесінші президенттің қауқарының қандай болмағын енді  келер жылы көрерміз.