Негізгі бет  /  мақалалар  /  Трамп жеңді. Сарапшылар не дейді?

Трамп жеңді. Сарапшылар не дейді?

Кәмшат ТАСБОЛАТ
1034
Трамп жеңді. Сарапшылар не дейді? АҚШ-та өткен президент сайлауы Қазақстанның әлеуметтік желілерінде қызу талқыланып жатыр.

Демократиялық партияның атынан сайлауға қатысқан президенттікке үміткер Хиллари Клинтон сайлау қорытындысын күтпей-ақ өз қарсыласы, Республикалық партия өкілі Дональд Трампты жеңісімен құттықтады. Соңғы ақпаратқа сенсек, Трамп жеңіске қажетті 270 дауыстан да асып түсіп, 288 дауысқа ие бопты. 

- Шынын айтсам, Клинтонды болмашы айырмашылықпен алға шығады деп ойладым. Бұл, тіпті, көңілдегі тілек еді, себебі әйел адамының жеңіске жетіп, дәстүрдің өзгеріске ұшырағанын қалаған едім, - дейді саясаттанушы Айдос Сарым өзінің Фейсбуктегі парақшасында: «Бірақ бар мәселе Хилларидің өзінде боп шықты. Көпшілік Трамп үшін ғана дауыс берген жоқ, сондай-ақ, оның (Хилларидің авт.) саясаткер ретіндегі бар болмысына қарсы дауыс берді» - деген ойын білдіреді. Ал танмыал журналист Ғалым Боқаш: «АҚШ-та айналып келгенде демократия жеңді. Президент қызметінен бөлек Конгрестің екі палатасы да республикашылдарға нәсіп болғанға ұқсайды. Тегеурінді азшылыққа айналған демократтарды Құдай қорысын. Болашақта тым біржақты, әсіре қызылкөз саясатты ауыздықтайды деген бар үміт – биліктің үшінші тармағы АҚШ-тың Жоғарғы сотында» - дейді, желідегі парақшасында.

Танымал саясаттанушы Ерлан Саиров: «Демократияның дәстүрі. Бірін-бірі жек көрген, дұшпан болып қалуы тиіс екі адам бірін-бірі құттықтады. Даму дегеніміз – ұрыс-керіс, шиеленіс шығар, бәлкім...» - деп, әзіларалас пікір қалдырыпты. Белгілі ақын  Ақберен Елгезек: «Қайбір жылдары Дональд Трамптың кітаптарын оқып жатқанымда, осы еңбектердің авторы күндердің күнінде АҚШ-тың президенті болады деген ой басыма кіріп-шықпаған да екен. Әрине, саясаттың ұңғыл-шұңғылы көп қой, дегенмен Америка Құрама Штаттары – мүмкіндіктер елі және адамның құқығы салтанат құрған ұлы мемлекет» - дей келе, ойын былай жалғастырады: «Бізде кітап жазып, коучинг-семинар өткізіп жүрген, я болмаса кафедрада жай мұғалім боп жүрген адамның мемлекет басшысы болуға мүмкіндігі барын елестетудің өзі қиын. Бірақ бәрі мүмкін. Сана өзгергенде ғана мүмкін. Сана өзгергенде ғана...» - дейді. 

Ал экономика тақырыбына жазатын танымал журналист Әсия Ақышева желідегі жазбасында бұл жеңістің америкалықтар үшін тосын нәрсе болмағанын жеткізеді. Бұл орайда ол: «Хиллари Клинтонды қолдауға бағытталған болжамдар мен сайлауалды зерттеулерге қарамастан, республикандықтардың жеңіске жететіні күтілген еді. Америкалықтар соңғы жылдары демократтар жүргізген түсініксіз саясатынан «шатасып бітті». Менің жақсы таныстарым демократтарды қатты қолдаушы еді, бірақ олардың өзі Трампқа дауыс бердік деп мені таңқалдырды» - дейді.

Экономист Айдан Кәрібжанов осыдан бірер күн бұрын «Фейсбуктегі» жазбасында АҚШ-тағы сайлауды сараптай келе, «егерде Клинтон жеңсе, қаржы нарығы болмашы бір-екі пайызға өседі, ал Трамп жеңсе, нарық 6 пайызға құлайды» - деп болжаған еді. Расында да, бүкіл әлемдік БАҚ-тар әлемдің қаржы нарығының құлағанын жарыса жазуда.

Сарапшылардың ойынша, Трамптың жеңісі доллардың бағамын халықаралық ірі валюталарға қарағанда арзандатады, мәселен, швейцар франкі мен йен бағамы қымбаттауы мүмкін. Бірақ дамушы елдердің ұлттық валюталары құнсызданып, доллар бағамының қымбаттауына әкеп соғу мүмкіндігін мамандар болжап отыр.