Негізгі бет  /  мақалалар  /  АСУДАН АСТЫҚ, АРНАҒА ТҮСТІК

АСУДАН АСТЫҚ, АРНАҒА ТҮСТІК

Айқын-ақпарат
1028
АСУДАН АСТЫҚ, АРНАҒА ТҮСТІК Егемен ел болып, тәуелсіздік туын көтергенімізге 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде өмірге жаңа келген жас бала өсіп, ержетіп, жалпы азаматтық тұлғасын сомдап үлгереді.

 Ал қандай болса да қоғамның дамуы мұндай тез, екпінді емес. Тұтас бір ел, жеке қоғам үшін 25 жыл дегеніміз оның даму тарихында аққан жұлдыздай қас-қағым сәт. Қоғамдағы елеулі өзгерістер үшін оған ондаған, тіпті жүздеген жылдар өтетіні тарихтан белгілі. Дегенмен қоғам дамуының, ондағы күрделі өзгерістердің бір жылы он жылға, одан да ұзақ мерзімге тұратын тарихи кезеңдер болады. Сондай кезеңдердің бірі – біз, қазақтар, қазақстандықтар, атап өткелі отырған егемендігіміздің алғашқы ширек ғасыры. 

Осы тарихи кезең ешкімге жалтақ­та­май тәуелсіз мемлекет құрудың қамына кірі­суге жол ашты. Біз, қазақтар, ешқашан да жүрмеген жаңа жол – өркениетті ел­дердің жолымен жүруімізге мүмкіндік әкел­ді. Осы уақыт ішінде қазақ қоғамында та­лай күрделі реформалар жүргізіп, оның бұрынғы бетпердесін түбегейлі өзгертіп, қазіргі заман талабына сай қайта жасауға кірістік.
Осындай ұлан-ғайыр істердің алғашқы жылдарында әртүрлі себептерден туған батпандай қиындықтарды да басымыздан өткізуге тура келді. Ең алдымен эко­но­ми­ка­да қатты күйзеліске тірелдік. Өйткені Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 70 жыл­дан аса барлық республикалар шаруа­шы­лығын бір-бірімен тығыз байланыстырған бі­ры­ңғай, ортақ экономикалық кеңістік жұ­мысын тоқтатты. Кәсіпорындардың бір-бірімен байланысы күрт азайды. Осы­дан кейін тауар шығарушылар бұрынғы бас­қа республикалардағы әріптестерінен не өздеріне керек шикізат ала алмай, не шы­ғарған өнімдерін басқаларға өткізе ал­май, жұмысын бәсеңдетуге мәжбүр бол­ды­. Осының салдарынан 1992-1993 жыл­дары Қазақстан халық шаруа­шы­лы­ғы­ның көптеген салаларында кәсіпорын­дар­дың жартысына жуығы, ал жеңіл өнеркәсіп пен кейбір өңдеуші салаларда олардың 60-тан 80 пайызға дейіні жар­тылай жұмыс істеп немесе толық тоқтап тұр­ды. Бұл – үлкен қиыншылықтың бір кө­рінісі. 

 

Екінші қиыншылық бұрынғы жос­пар­лы экономиканы артқа тастап, нарық эко­номика жүйесін жасауға кірісуімізден бас­талды. Кеңес Одағының егемендік ал­ған басқа республикаларымен бірге біз де демократия, нарық жолымен жүруді таңдадық. Оған бізді шақырған осы нарық экономика жүйесін ғасырлар бойы қол­данып, жан-жақты дамыған әлем ел­дерінің озық үлгісі болды. Осы жүйеге кө­ше бастау үшін үш күрделі шараны орын­дауға міндетті болдық. Біріншісі – тауардың бағасын бұрынғыдай бір ор­талықтан бекітпей, нарық әлеміне еркін шығарып реттеу. Бұл нарық эконо­ми­ка­сында оның ең маңызды тетігі – бәсеке­лес­тік ортаны қалыптастыру үшін керек. Екін­шісі – біздегі мемлекеттік, қоғамды мүлікті ыдыратып, оны жекешелендіру. Бұл қоғамдағы әрбір адамның өзінің дайын­дығына, білімі мен біліктілігіне байланысты өз ісін өзі таңдап өмір сүруі­нің кепілі. Үшіншісі – ел экономикасы ашық, басқа елдермен осы салада бай­ла­ныс орнатуға қолайлы болуы керек. Инвес­тициялар келуі, жаңа техника, тех­нология, озық үлгілерімен әлем елдерінің бір-бірімен алмасуы осымен байланысты. 
Қазақстан осындай шараларды еге­мендіктің алғашқы кезеңінен-ақ орын­дау­ға кірісті. Басқа елдердегідей ойланып, дайын­далуға керек уақыт та болмады. Ал­дымызда Кеңес Одағын таратуға қар­сылардың, «ГКЧП» сияқты артқа тарт­қан­дардың қайта күш алып кету қаупі, осы­дан туған бұрынғы одақтас респуб­ли­калармен тезірек ажырасып, егемен елдің ір­гесін бекітетін іс-шараларға белсене кі­рісу талабы тұрды. 

 

Сонымен қатар Кеңес Одағын тара­туғ­а, тіпті болмаса әлсіретуге ежелден мүд­делі Батыс елдері де біз кеңестік жүйе­ден тез айырылып, өздерінде қолданыста бол­ған демократия, нарық жүйесіне тезі­рек көшуімізге айтарлықтай ықпалын жа­сай білді. Олардың «Вашингтонский кон­сенсус» атты АҚШ-тың өз әріп­тес­тері­мен нарық экономикасы жолына түсу үшін бізге, бұрынғы одақ республи­ка­ла­ры­на ұсынған жобасы осы мақсатты көз­деді. Олардың ықпалында болып, айт­қа­нын істеген Халықаралық валюта қоры, Дү­ниежүзілік банк, басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанға еге­мен­дік алған алғашқы күндерден бастап жиі келіп, жаңа жолмен жүрудің, аталмыш жо­баның әртүрлі тәсілдерін ұсынып қана қой­ған жоқ, жаңа жүйеге тезірек көшу ке­рек деген талабын біз осы ұжымдардан сұрап алатын қарыз мөлшерімен және оны беретін мерзіммен тікелей бай­ла­ныстырып қойып жүрді. Осылардың сал­дарынан бұрын бір орталық қана бе­кітетін тауарлар бағасын шектеуді тоқ­татып, ноқтасын сыпырып, нарық әле­міне шығарып жібердік. Нәтижесінде, тез уақытта ол бағалар бұрынғысынан еселеп, он еселеп, одан да қарқынды өсіп, біздегі тауар айналымын, олардың тұтынушылар қауымын батпандай қиындыққа батырды. Тағы бір қойылған талаптардың негізінде нарық жүйесіне тезірек көшу мақсатымен бұрынғы мемлекеттік меншікті жаппай же­кешелендіру науқанын жүргіздік. Да­мыған елдерде маңызы бар бір ғана мүлік ны­санын жекешелендіру үшін ұзақ уақыт, бірнеше жылдар өтетінін еске алмай, біз бүкіл ел болып жиған-тергендеріміздің негізгі бөлігін 5-6 жыл ішінде-ақ жекешелендіріліп үлгердік. Атүсті, тиісті дайындықсыз жасалған осындай іс-шаралардың салдарынан қоғамдық мүліктің не бір бөлшегі дұрыс сатылмай, кейбір пысықтардың қолына есепсіз кеткенін де айтуымыз керек. Байлығын жасырып, оларды оффшорларға тығуға тырысқан олигархтар тобы осы кезде елімізде қалыптаса бастап еді.

 

«Демократия – ол ашық қоғам, сіздер соған бет бұрыңыздар» деген халықаралық ұйымдардың ұсыныстарына орай экономика саласын айқара ашып, әлем елдерімен сауда байланысын күннен-күнге арнасын кеңейтіп жүргізе бастадық. Бұл шараның тиімділігі туралы кейінірек сөз болар, ал алғашқы жылдары әлемдегі нарық экономикасының сырын жақсы білмейтін біздің кейбір мүлікті арзанға сатып, ұтылғанымыз да болды.
Кезекті бір қарыз сұрағанымызда Халықаралық валюта қоры өкілдері «сіздерде басқару жүйесінде мемлекеттік қызметте жүргендер саны басқа елдермен салыстырғанда өте көп, осыны ықшамдау керек» деп біз сұраған қарызды бере тұра аталмыш ұсынысын бірге қосып қойды. Осыдан кейін бірнеше облыстарды, көптеген аудандарды бір-бірімен қосып, мемлекеттік басқару жүйесін ықшамдау шаралары жүрді. Олардың қандай пайда келтіргенін есептеу қиын, бірақ жергілікті басқару жүйесінің күрделеніп кеткенін көзіміз көрді. Аудан мен ауыл арасы біраз жерлерде екі есеге ұзарды, аудан мен облыс орталығы арасы да осылай қашықтады. Нәтижесінде, күнделікті мәселелерін шешу үшін аудан немесе облыс орталығына баруы керек болған бұқара халық бастарына түскен басқа қиындықтарын айтпағанда, еселеп өскен жол ақысын да көтеруге мәжбүр болды.
Жоғарыда айтылғандарды осы мақаламның басында әдейі келтіріп отырмын. Мақсатым – егемендіктің алғашқы жылдары біз экономика саласында нарықтың даңғыл жолымен ешқандай кедергісіз бірден жүріп кетпеген елміз деп, жол ауырлығын айту. Аталмыш қиыншылықтарға кездесіп, жоғалтқанымыз өте қомақты болғанын көрсету. Небәрі алғашқы 4-5 жыл ішінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімнің 40%-ға төмендеуі осындай себептерден болды. Қазір 25 жылдың қорытындысын жасап жатырмыз. Кейбір басқа елдердей біз неге бұдан да қарқынды дамымадық деген сұрақ болуы мүмкін. Осының жауабын жасағанда біз өткізген қиыншылықтарды естен шығармауымыз керек. Жылдар өте келе оларды еңсердік дегенімізбен, кейбір тиімсіз салдарынан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Әртүрлі кезеңдерде еге­мен­дік алған Малайзия, Оңтүстік Корея, кейбір Шығыс Еуропа елдерімен біздің даму қарқынымызды салыстырғанда атал­мыш елдердің өздері егемендік алған­нан бұрын да осы нарық экономикасы жолымен жүрген елдер екенін ескеруіміз керек. Біз сияқты нарық экономикасы-ның тетігін жасау үшін оларға керек уақыт та, көтерген шығыны да аз болды. 

 

Егемен еліміздің осы 25 жылда басы­нан өткізген, өткізіп отырған тағы екі күй­зелісті атап кетуіміз керек. 1997-1998 жыл­дары Оңтүстік – Шығыс Азия елде­рі­нен басталып, көптеген басқа да елдерге те­ріс ықпалын тигізген қаржы (қаржы-эко­номикалық) дағдарыс, бізді де сырт ай­налып өтпеді. Басқа елдермен, әсіресе, Ре­сеймен, тауар айналымы төмендеп, бұл бізд­ің сыртқы да, ішкі де қарызымызды өсір­ді. 1998 жылы бюджетіміздегі осыдан ту­ған тапшылық салдарынан оның шы­ғыс көлемінің үштен бірін қысқарттық. Біз­бен экономикалық байланыстағы әріп­тестеріміз өздерінің ұлттық валюта­ларын бірінің артынан бірі девальвацияға жібергеннен кейін біздің тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі төмендеп кетті. Осы 1998 жылы біз де ұлттық валютамыз – тең­гені ешбір шектемей еркін айналымға жі­беруге мәжбүр болдық. Теңге тез арада 25-27% көлемінде арзандап кетті. Одақ республикаларымен экономикалық бай­ланысты үзгеннен туған қиындықтан 1995 жы­лы жаңа ғана арылып келе жатқан әл­сіз экономикаға 1997 жылы, яғни екі жыл­­дан кейін келген аталмыш әлемдік қаржы дағдарысы айтарлықтай соққы болды. Оны еңсеру үшін уақыт та кетті, күш-жігер де аз жұмсалған жоқ.
2008 жылы әлемде басталған эконо­ми­калық дағдарыс, содан осы күнге дейін әлем экономикасында орын алған тоқы­рау­дың біздің елімізге бүгін де залалы өте қат­ты болып отыр. Негізгі байлық көз­дері­­міз болған мұнай мен металл өнім­дері­не сұраныс күрт азайып және де олар­­дың бағасы еселеп төмендеп, рес­пуб­ликалық бюджеттің ел экономикасын да­мытуға мүмкіндігінің барынша шек­телгенін бастан кешіріп отырмыз. Біздің ұлттық валюта – теңге соң­ғы екі жылдың ішінде екі есеге жуық баға­сы түсіп, дева­львацияға ұрынды. Осы­дан халықтың тұрмыс деңгейі төмен­деді, жұмыс­сыз­дық­пен күресу мақса­ты­мен Ұлттық қордан көлемді қаржы жұм­сау­ға тура келді. Эко­номика саласында то­қырауға жол бер­мегенімізбен оның даму қарқыны күрт тө­мендеді. Дағдарыс әлі жалғасып жатыр. Со­нымен, қорыта айтсақ, егемендіктің осы 25 жылының 4 жылы Кеңес Одағында қалыптасқан бірыңғай экономикалық ай­мақтан шығып, осылардан туған қиын­дықтарды еңсеруге кетті. 1997-1998 жыл­дардағы қаржы дағдарысы, 2008 жылдан бас­талып осы күнге дейін созылған эко­номикалық дағдарыс, тоқырау біздің елі­мізге, оның экономикасына күйзеліс­сіз, бірқалыпты дамуға тек 10 жыл шама­сын­да ғана мүмкіндігін сыйлаған екен. Еге­мен ел болып дамыған ширек ғасыр­дың қорытындысы туралы сөз болғанда осындай қиындыққа тіреген жағдайларды естен шығармағанымыз жөн. 


Қиындықтарға қарамай, оларды ең­сере біліп, Тәуелсіздігіміздің алғашқы 25 жылдығында қол жеткізген жетістіктеріміз бар, оларды ауыз толтырып айтуға бола­ды, айту да керек.
Егемендіктің алғашқы жылынан бас­тап қоғамның барлық маңызды сала­ларын­да күрделі реформалар жүргізу бас­талды. Нәтижесінде, алғашқы он­жыл­дықта қазіргі заман үлгісімен мемлекеттік бас­қару жүйесі, ішкі-сыртқы саясат, әлеу­меттік қорғау, нарық экономика жүйелері жасалынып, іске қосылды. Мазмұны мен маңызы, салауаты мен сапасы жағынан олар қазақ қоғамының өткен замандарда қа­лыптасқан бетпердесін күрт өзгертті, түбегейлі жаңартты. Әлемдік қауымдас­тық­та демократия мен нарық экономика­сына көшкен ел ретінде тиісті орнымызды алдық. Осылардың барлығы – егемен ел­д­ің тұрақты дамуының негізі болған іс-шаралар. 
Қазақстан жүргізген сыртқы саясат біз­ді көптеген әлем елдерімен достастыру­ға, олармен тығыз байланыс орнатып, біз­дің жас мемлекетіміздің дамуына  керек олар­да бар мүмкіндіктерді кеңінен пай­далануға жағдай жасады. Осы ширек ға­сыр ішінде Қазақстан ешбір басқа елмен дауласпады, жаға жыртыспады. Бүгінгі алай-түлей заманда байсалды, бейбіт қал­пын сақтай білген бірден-бір ел – біздің Қа­зақстан. Мемлекеттілігін ғасырлар бұ­рын жасаған, рухани мұраға бай, елін де, байтақ жерін де қорғай білген ұрпақтар өсірген, парасаты жоғары қазақ халқы деп бізді бүкіл әлем таныды.
Біздің мемлекетіміз жүргізген ішкі сая­сат егемендік жылдарында еліміздегі эт­ностар достығын, бірлігін, барша ха­лықтың күрделі реформалар ісіне жұмыла кірі­суін қамтамасыз етті. Әрбір қоғамның са­пасы оның тұрақты дамуымен, оған ке­рек мүмкіндігімен есептеледі. Егемен­діктің тұсында қазақ қоғамы, қазақстан­дық­тар қоғамы осылай тұрақты дамудың үлгі­сін көрсете білді. Бізбен араласқан әлем елдері біздің қоғамның осы қасиетін әруақытта айтып, үлгі етіп жүреді. Еге­мен­дік туын көтергенімізге он жылға жет­пей АҚШ, Германия, Франция, Ита­лия, Австрия, басқа да дамыған елдер Қа­зақстан демократиялық үрдісті қа­былдаған, нарық экономикасы елі деп жа­риялады. Нәтижесінде, шет елдерден бізге керек миллиардтаған инвестиция кел­ді, шетел инвесторларының қатысуы­мен жүздеген кәсіпорын бой көтерді, өн­дірістің бізде бұрын болмаған машина жасау, ақпараттық технология, ядролық энергетика, химия өнеркәсібінің, құры­лыс материалдары өндірісінің заманауи са­ла­лары, өңдеу, тамақ өнеркәсібінің көп­теген нысандары салынып, іске қо­сыл­ды. 
Осылардың арқасында Қазақстан эко­номикасы Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша егемендігіміздің тұсында (1991-2015 жылдары) 7,4 есе өсті. Осы 25 жылда ең жылдам өсу қарқыны ҚХР болды (28,5 есе), Оңтүстік Кореяның ішкі жалпы өнімі – 4,1 есе, Малайзияда – 6,0 есе, Түр­кияда – 4,8 есе, яғни олардың өсу қар­қыны бізден төмен болды. Жан ба­сына шаққанда осы жылдары жалпы ішкі өнім Қытай елінде – 23,9 есе, Қазақстанда – 6,9 есе, Малайзияда – 3,7 есе, Оңтүстік Ко­реяда – 3,5 есе, Түркияда 3,3 есе өскен. Осы маңызды көрсеткіштің де өсу қар­қынымен біз Қытайдан басқа Ма­лай­зия, Түркия, Оңтүстік Корея елдерінің ал­дын­дамыз. 
Тәуелсіздік жылдарында біздің елі­міздің балабақшадан бастап, бастауыш, орта мектеп, кәсіби мектеп, университет­тер мен институттарда білім сапасын арт­тыруды көздеген күрделі реформалар жүр­гізілді, олар бүгін де жалғасын тауып жатыр. Халықаралық БҰҰДБ-ның әр жылға жасаған салауатты өмірдің индексі бойынша 2015 жылы Қазақстан білім са­пасы бойынша әлем елдерінде 55-орында. Осы жылы оқу жасындағы балалардың мектепке барғаны орта есеппен әлемде 80% болса, Қазақстанда ол – 97,7%. Жо­ғары білім алуға осы жастардың әлемде 40,3%-ы қамтылса, Қазақстанда ол 44,5%-ды құрайды. Қазақстан адами даму индексі бойынша өзімен бір заманда ре­форма жүргізген Малайзия, Түркия, Қы­тай елдерінің алдында, ал есепке ілінген 188 әлем елдерінің ішінде аталмыш көр­сеткіш бойынша 56-орында, яғни жоғары нәтижеге жеткен елдер қатарында.
Егемендік жылдары қарқынды дамы­ған салалардың бірі – денсаулық сақтау жүйесі. Еліміздің барлық өңірлерінде жаңа техника, технологиямен жабдық­тал­ған емханалар, ауруханалар салынды. Мың­даған дәрігер кәсіби мамандығын өсіруге арналған шетел орталықтарында дайындықтан өтті. Халықтың салауатты өмірін жақсартуға, басқа да көптеген іс-шаралар жасалды. Бұрын емделу үшін шетелге бару керек болған ауруларды өз елі­мізде емдеуге қолымыз жетті. Егер қазір бізде жаңа туған нәрестенің шығыны 1000 адамға шаққанда 14,6% болса, әлем­де ол орта есеппен – 24,7%. Жалпы, ден­саулық сақтау жүйесі жұмысының тиім­ділігі жағынан біз 188 әлем елдерінің ішінде 51-орындамыз.
Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қор­ғау, кәсіпкерлік, басқа да өмір сапасын дамытатын іс-шаралар адам басына шақ­қанда бұрынғыдан да ұзақ өмір сүруі­мізді қамтамасыз етті деп айта ала­мыз. Биылғы жылы қазақстандықтардың орташа жасы – 72 жас, 1991 жылы, яғни тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылымен салыстырғанда ол төрт жыл төрт айға ұзарды. Дамыған елдер азаматтарының орташа жасы – 75-78 ара­сында (Қытай азаматтары – 75,8 жаста, Оңтүстік Кореяда – 82,2, Малайзияда – 74,7, түріктер орта есеппен – 75,2 жаста). Келесі 25 жылда орташа жасымызға тағы төрт жыл төрт ай қоссақ біз өмір сапасы жоғары, өмір салты жағымды елдер қатарына қосылуға толық мүмкіндігіміз бар. Сөйтіп, «Елу жылда – ел жаңа» деген ата­лы сөз, асқақ арманның тиянақты түр­де іске асуы да алыс емес екені көрінді. 
Алғашқы жылдардан бастап-ақ егемен Қа­зақстан өзінің болашақ жолының, алға дамуы­ның күн тәртібін дөп басып, осы бағыт­та халқына ауқымды бағдарламалар ұсы­нып, оларды жүргізе бастады. Прези­денттің халыққа Жолдауларындағы әрбір ұсы­нылған жоба болашақта заман тала­бына сай қатардағы ел болудың өзекті мә­селелеріне арналып отырды. Біз солар­дың бір-екеуіне ғана тоқтайық.
Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан хал­қына «Бәсекеге сәйкес Қазақстан, бәсе­кеге сәйкес экономика, бәсекеге сәй­кес қоғам» атты кезекті бір Жолдауы дер ке­зінде қойылып, толғағы піскен біздің қоғамдағы өзекті мәселеге арналды. Біз, қазақстандықтар, ашық қоғам құра оты­рып, бүкіл әлем мемлекеттерімен, олар­дың халқының, экономикасының тиім­ді­­лігімен, еңбек өнімділігімен, ой-па­ра­сат, бі­лім-біліктілігімен, жасампаздығымен бәсекеге түстік, бұдан әрі осы дүние тұр­ғанша түсе бермекпіз. Сондықтан бұл бү­гінгі күннің ғана емес, алдымыздағы за­ман­ның өктем талабы мен ерекшелігі. Әлем елдеріндегі сенің орның, халқың­ның бақуатты өмірі осы бәсекеге қабілет­тілікке тікелей байланысты.
Аталмыш бағдарлама осындай заман сы­нағына дайын болып, бәсекелестікті арт­тыру жолдарын ұсынды. Онда көте­ріл­ген мәселелердің бәрі тиянақты ше­шіл­ді дей алмаймыз, бірақ ел өмірінің қай саласында болса дағы іс-шаралар осы мақ­сатты көздеп отыр. Біздегі еңбек өнім­­ділігі басқа елдерден көп төмен, бә­се­кеге қабілетті емес дедік. Қазір бір­тін­деп жағдай түзеліп келе жатыр. Мыс­а­лы, еліміздегі жаңа салынған кәсіпорындарда әр адамның жылдық еңбек өнімділігі Инвестиция мен индустрия министрлігі­нің мәліметі бойынша, 20 мың доллардан аса­ды. Бұл бұрынғыдан 5 есе көп. Бәсекеге қа­білетті болу үшін білім саласында, ден­сау­лық сақтау жүйесінде жоғарыда ай­тылған күрделі реформалар жүргізіліп жа­тыр. Осындай үрдіс өндірісте, транс­порт салаларында, құрылыс материалы, басқа да салаларда жасалып отыр. Осы­лардың арқасында Дүниежүзілік эко­номикалық форумның әлем елдерінің бәсе­кеге қабілеттілігі рейтингі бойынша Қа­зақстан он жылдың ішінде 78-орыннан  42-орынға дейін көтеріле алды. Бұл 2015 жылдың көрсеткіші, 2016 жылы әлі то­лас­тамаған дағдарыс салдарынан 11-орын, өкінішке қарай, кейін кеттік.
Өте ауқымды, стратегиялық маңызы зор үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны орындауды осыдан 6 жыл бұрын бастадық. Оның бірінші бес жыл­дығы бітіп, екінші кезеңі басталды. Бір сөзбен айтсақ, бұл біздегі өндіріс сала­сы­на, жалпы ел экономикасына өте күрделі өзгерістер әкелетін төңкеріске пара-пар іс-шара. Оның мақсаты – біздің өндірісті жаңа техника, технологиямен жасақтау, жалпы экономиканы жаңа заман тала­бы­на сай технологиялық сатыға көтеру, еңбек өнімділігі жағынан әлем елдерімен бә­секеге қабілеттілікті өсіру.
Осындай мақсатымызға жету жолын­да­мыз. Осы уақытта 800-ден астам жаңа кәсі­порын дүниеге келді, 500-ден астам жаңа өнімдер шығаратын өндірістің бұрын бізде болмаған жаңа салалары бой көтерді. Өңдеуші өнеркәсіптегі әрбір жұмысшының еңбек өнімділігі 60%-ға өсті. Бүгінгі заманда ғылым мен білімнің ашқан жаңалықтары, инновация негі­зінде жасалмаған өндіріс орнының келе­шегі жоқ. Сондықтан осыларға ерекше көңіл бөлінуде. Осы жылдары елімізде инновациялық белсенділік екі есе артты. Осылардың арқасында еліміздің экспорт­қа шығаратын тауарлар көлемі өсіп, был­тырғы жылы 117 мемлекетке экс­портқа шығарылды. Біз Инвестиция және ин­дустрия министрлігі мәліметі бойынша, осы жылдары қолданыстағы технология­лар деңгейімен әлем елдерінде 82-орын­нан 56-орынға, инновациялық әлеуетіміз бойынша 101-орыннан 59-орынға кө­теріліппіз. Экспорттық әлеуеті бойынша Қазақстан әлемде 43-орында. Бұл өте жақ­сы көрсеткіштер, елімізді жаңаша ин­дустрияландыру ісінде үдемелеп алға жылжығанымыздың айғағы. Ең бастысы, бұлар жалғасын тауы, біздің экономика­ның тиімділігін болашақта еселеп өсіруге әкелетін үрдістер. 
Біз әлемдегі ең дамыған, халқының тұр­мысы жақсы елдердің қатарына қо­сыламыз деп мақсат еткен елміз. Әлі оған жеткеніміз жоқ, бірақ осы мақсатымызды нысанаға алып, жолда кедергі болған дағдарыстарға қарамай алға жүріп келе жатқан елміз. Қазақстан бүгінгі таңда бар­ша маңызды көрсеткіштерімен әлем елдері ішінде 50-ден 55-орындарда. Бұл бар­лығы 217 әлем елдерінің артқы жағын тастап, бел ортасынан да шығып, олардың ал­дыңғы қатарына жақындадық деген сөз. Яғни, осы ширек ғасыр ішінде әлем­дегі бұрынғы орнымыздан көп ілгері жыл­жыдық. Ең бастысы, келешекте тұ­рақ­ты дамуға, үдемелеп дамуға баянды не­гіз жасалды.
Қытай Халық Республикасы күрделі ре­формаларды бізден 13 жыл бұрын  
(1987 ж) бастады, жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі (7924,7 доллар) бізден әлі ­төмен (10508,49) Малайзия егемендік алып, реформалары бізден 34 жыл бұрын (1957 ж) басталды, оның да жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі (9766,2) бі­з­де­гіден әлі төмен. 1923 жылдан тәуел­сіз­дік жолымен келе жатқан түрік елінің де атал­мыш көрсеткіші біздегіден төмен (9130 доллар). Бірақ осындай жағдай бізді тоқ­мейілдікке әкелмеуі керек. Алдымызда Оңтүстік Корея сияқты 70 жыл егемен­дік­тің туын көтеріп, көп уақыт шаруа­шылығы ыңғайлы болмаса да, соңғы 25-30 жылда өте қарқынды дамып, әлем ел­дерінің жетекші тобына қосылған елдер бар. Жедел дамиық десек, әлемде осындай озық тәжірибе, үлгілер баршылық.
Біздің тіршілігіміз, жалпы адамзат өмі­рі осы заманда өте тез өзгеруде. Бүгінгі біздің байлығымыздың басты көзі – мұнай мен газ болашақта өзінің маңызын жойып, баламалы энергетика көздері қол­данысқа кірері анық, кейбір әлем ел­де­рінде ол айтарлықтай етек алып та жа­тыр. Қазақ елі осыны түсініп, тиісті қа­мына осыдан бірнеше жыл бұрын кірісті. 2017 жылы біздің елімізде ашылатын, әлем­нің 100-ден аса елі өздеріндегі озық тех­нологиялық үлгілерімен қатынасатын бо­лашақ энергетиканың көрмесі – «ЭКСПО – 2017» соның айғағы. 
Биыл планетаның екі үлкен бөлігі – Еуропа мен Азияны байланыстыратын, стратегиялық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің Қазақстан же­ріндегі бөлігі толығымен іске қосылады. Екі құрлықтың бір-бірімен тауар ай­на­лы­мы­ның жолын қысқартып, уақытын ық­шамдауға әкелетін осы жобаның тек біз­ге ғана емес, бүкіл әлемде страте­гия­лық маңызы зор. Осы күре жолмен мил­лион­даған, тіпті миллиардтаған тонна жүк ер­сілі-қарсылы тасымалда болады. Осы арқылы талай мемлекет өз тауарларын үлкен нарық орталықтарына шығарып, пайда табатынында сөз жоқ. Экономика са­ласындағы интеграция, жаһандану үрдісі де күшейе түседі. 
Бізге, Қазақстанға келсек, ол Батыс пен Шығыстың бір-бірімен толастамай ара­ласатын алтын көпір болғалы отыр. Біз­дің еліміздің 2787 шақырым жолымен та­сылатын Батыс пен Шығыс елдерінің тауарлары ертедегі Жібек Жолы сияқты ел экономикасының дамуына мол әсерін тигізе алатынына күмән жоқ. Қазірдің өзінде осы жолмен жүріп өткен миллион­да­ған тонна контейнерлік жүк Қазақстан­ға жылына 4,0 миллиард доллар шамасын­да табыс әкеледі деп айтылып жүр. 
Қазақстан әлемдегі жан-жақты да­мы­ған орталықтардан алыста, Еуразия – кеңістігінің бір түкпірінде орналасқан ел. Әлемдегі мұхиттар мен теңіздерден де ал­шақ жатыр. Осындай жер қашық­ты­ғынан, басқалармен араласудың аздығы, тіпті жоқтығынан осы жердің тұрғын­да­ры­ның өркениеті төмен, шаруашылығы ға­сырлар бойы жабайы деңгейде болғаны рас. Жедел транспорт түрлері пайда бол­ған­нан бастап басқалармен араласып, өр­ке­ниеттің жоғары сатыларына қолын соза бастады. Дегенмен жер шалғайлығы қа­зақ халқына ол не істесе де теріс ық­палын тигізіп тұрды.
Міне, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дә­лізі іске қосылса, осындай жағдайдың күрт өзгеретін түрі бар. Қазақстан жерінің қолайсыздығы шектеліп, керісінше ол шаруаға, халықаралық қарым-қатынасқа қолайлы жер болуға айналуда. Екі құр­лықты бір-бірімен байланыстыратын атал­мыш дәліз Қазақстан жерін оның батысынан шығысына дейін көктеп өтеді. Осындай қатынасқа қолайлығы жағынан бұл шын мәнісінде алтын көпір. Көптеген елдердің, әсіресе, біздің шаруашылығы­мыз­­дың жақсаруына әсері мол. Осыдан біз келешегімізге үлкен сеніммен қарай­мыз. Өзінің геоэкономикалық жағдайын осылай өзгерте алған Қазақстанның бо­ла­шақта алар асулары бұдан да жоғары бо­ларына күмән жоқ.
2015 жылы маңызы зор «Нұрлы жол» бағ­дарламасын орындау басталды. Елі­міздің барлық өңірлеріне жол тартып, олар­дағы кәсіпорындарды бір-бірімен тығыз байланыстыра отырып біздегі бар мүм­кіндіктерді толығырақ пайдалану көз­деліп отыр. Нәтижесінде, Қазақстанда өн­дір­гіш күштерін кешенді түрде дамыту­ға әкелетін бірыңғай экономикалық кеңіс­тік жасалынады. 
Бүгін ел ішінде «бірталай бағдарлама орын­далмай, қаржы текке жұмсалды» деген әңгімелер бар. Сонау 2008 жылдан осы күнге дейін жалғасқан дағдарысты ба­сынан өткізіп, шаршаңқыраған халық­ты түсінуге болады. Кейбір жобаларды іске асыруға табандылық жетпей, бос­белбеулік орын алды дегенмен келісу­ге бо­лады. Бірталай жылдар мұнайдың баға­сы шарықтап өсіп, ағыл-тегіл есепсіз табыс бізді «голланд ауруына» шалық­ты­рып, басқа да салаларды тиянақты, тиімді да­мытуға дұрыс көңіл бөлінбегені де рас.
Біздің жоғарыда айтылған өзекті жо­баларды тиянақты орындау керектігі еш­қашан күн тәртібінен түскен жоқ. Оларды іске асыруды көздеген үлкенді-кішілі ша­ралар әлі жалғасын тауып жатыр. Рас, ел экономикасындағы дағдарыс салда­ры­нан олардың кейбіреулері баяу жүріп, кей­біреулерін тоқтата тұруға тура келді. Бірақ оларды орындау сөзсіз қайтадан жаңғырады, олардың еліміздің болашағы үшін маңызы зор. Біздің қолданыстағы «Қа­зақстан – 2050» стратегиялық жобасы осы­ны көздеген. Өз елдерінде индуст­рия­лық төңкеріс жасап, технологиялық дең­гейін жоғары, бұрынғыдан да тиімді тех­нологиялық сатыға көтеріле білген мем­­лекеттер баршылық. Олардың тәжі­ри­бесіне үңілсек, технологиялық төңкеріс бір жыл, тіпті он жыл да емес, ұзақ уақыт­қа созылған. Біздің бағытымыз дұрыс, көптеген ауқымды жұмыстар басталды, олар­ды табандылықпен жалғастыра беру­дің маңызы зор.
Әр халықты тұрмыс билейді. Тұрмыс­тың негізі, оның жақсылық-жамандығы – экономикада, оның тиімділігі мен тиім­сіздігінде. Міне, 25 жыл үзбей осы салада күр­делі реформалар жасап келеміз. Бағаны еркін айналымға шығарғаны­мыз­дан, мемлекеттік мүлікті жедел жеке­ше­лендіруден, әлемге ашық экономика сая­­сатын жүргізе бастаған алғашқы жыл­дарда бастан өткізген қиындықтарымызды жо­ғарыда айттық. Қазір Қазақстан елін­дегі барлық мүліктің 85-90 пайызы же­ке­ше­лендірілген нарық экономикасы елі деп әлемге танылдық. Әлемдегі барлығы 217 мемлекеттің 170-імен тұрақты эконо­ми­калық байланыста болғанымыз, Дү­ние­жүзілік сауда ұйымының мүшелігіне ен­геніміз – соның айғағы. Кәсі­по­рын­дар­да, компанияларда корпоративтік бас­қару жүйесі енгізілді. Монополистердің жұ­мысын бақылап, олардың еліміздегі бә­секелік ортаға теріс әсерін шектейтін ар­найы агенттік құрылды. Әртүрлі нарық эко­номикасына керек қаржыны кәсіп­кер­лерге ұсынатын коммерциялық банк­тер сап құрды. 
Егемен елдің өзіне тән салық, бюджет жүйелері, кеден кешені құрылды, бүгін осы салалардың барлығы да елімізде тұ­рақты түрде жұмысын жалғастыруда. Ор­та және шағын кәсіпорындар бой кө­тер­ді. Кәсіпкерлердің саны да сапасы да өсті, олар бүгінгі таңда Қазақстанда жеке бір орташа тап болып қалыптасты. Қазір бізде әлемдегі озық үлгіге сәйкес жасалған қар­жы жүйесі бар. Қазақстан эконо­ми­касын келеңсіз жағдайлардан сақтан­ды­ра­тын, тығырықтан шығуына тікелей жәр­демге келетін бүгінгі таңда өте қомақ­ты қаржы жиналған Ұлттық қор бар. Егемен елдің экономикасының айналы­мын қамтамасыз ететін ұлттық валюта – теңге бар. Бір сөзбен айтқанда, елімізде на­рық экономикасы толыққанды жұмыс жасау үшін оның барлық тетіктері жа­салған. Осының арқасында 25 жыл ішін­де бұрынғы әкімшілік эконом­­и­касынан нарық экономикасына түбегейлі көштік деп айтуымызға толық негіз бар. Осы пі­кірді әлемдегі барлық әріптестеріміз қол­дап, бізбен сауда-экономикалық бай­ла­ныс жүргізіп отыр.
Дегенмен  барлық дүние орнына кел­ді, осы саладағы барлық мәселе ойдағыдай ше­шілді деп айта алмаймыз. Бұрын тә­жірибе түгілі тарихи санамызда болмаған тың жолмен жүргендіктен, әртүрлі дең­гей­лердегі басқару органдарының бұрма­лау­шылығына дер кезінде тосқауыл қойыл­­мағандықтан, кейбір өзекті сала­лар­ды тиімді дамытуға кәсіби дайынды­ғы­мыз бен біліміміз жетіспегендіктен, осы салада жүргізілген реформалар ба­рысында жоғалтқанымыз да баршылық, орын алған кемшіліктер мен қайшы­лық­тар да бар. 
Олардың басты біреуі – елімізде сы­бай­лас жемқорлықтың толастамай, бар­ған сайын етек жаюы. Осы залалдан құ­ты­ламыз деп арнайы заңдар алдық. Ел­­басының Жарлығы да шықты, үлкенді-кі­шілі қолданылып жатқан басқа да ша­ралар аз емес. Бірақ шаруашылықтың қай саласын алсаң да, биліктің қай жілігін шақ­саң да сыбайлас жемқорлықпен кез­де­сесің. Қазіргі ат үстіндегі ұрпақ сы­байлас жемқорлықпен ауыз жаласуға үй­реніп қалды. Егер онымен келесі ұрпақ­ты ауыздандырсақ ел болашағы өте кө­мескі болуы мүмкін. Бұл – өте қауіпті жағ­дай. Сыбайлас жемқорлықпен таба­н­ды түрде экономиканың барлық дең­гей­лерін­де күресу егемендігіміздің екінші ши­рек ғасырының шешетін ең өзекті мә­селелерінің бірі болғалы отыр.
Жекешелендіру науқанында өз қалта­мыз­да көп қаржы болмай және тәжірибе мен мамандардың аздығынан мемлекеттік мен­шіктің қомақты үлесі шетелдіктер мен біздегі іс басындағы әртүрлі пысықай­лар­дың қалтасында кетті деп айтқан бола­тын­быз. Ел табысының ең басты көзі бол­ған мұнай-газ саласы қорларының 90 пайызға жуығы шетелдік компаниялардың қолында. Бұл экономикамызға қауіпсіздік туғызбай қоймайды. Осы саладан тапқан табыстың қомақты үлесі де шетелдіктердің қалтасына кетіп жатыр. Өз еліңнің жас­тары жұмыс таба алмай отырғанда, табы­сы жақсы кәсіпорындарда шеттен кел­ген­дер жұмыс істейді. Олардың ең­бе­кақысы біздің азаматтарымыздың еңбекақы­сы­нан, екі есе, одан да көп артық. Әлеуметтік көңіл­сіздік, әлеуметтік наразылық, әсіре­се, жастар арасында, осыдан туады. Осын­дай себептермен кейбір жас азамат­тардың  діни экстремизмге бой алдырғаны да байқалады.
Алғашқы жылдардағы мемлекеттік мү­лікті жекешелендіру науқанында жі­бер­ген кемшіліктер мен бұрмалау­шы­лық­тың салдарынан монополистер пайда бол­ғанын айттық. Бұлар бәсекелік орта­мызды тарылтып, бәсекелік қуатымызды да төмендетіп отыр. Өзімізде шығарылған тауарлардың бағасының шамадан тыс жоғарылауы, сапасының өспеуінің бір себебі, ел экономикасында бәсекелік ор­та­лықтың осындай дұрыс қалыспаған­ды­ғынан дер едім. Нарықтық экономикада бә­секе, бәсекелік орталық оның қозғаушы күші, бағаның есептен артық өсуін шек­тейтін де осы бәсекелік орталық. Осындай күр­делі мәселені шешу де егемендіктің екін­ші ширек ғасырының еншісіне ауы­сып отыр.
Біздегі банк жүйесінде де қордаланып қал­ған, әлі шешімін таппаған мәселелер бар. Ипотекаға, басқа да мұқтаждыққа ха­­лыққа берілген несиенің үштен бірі қай­­тарылмай, істемей тұр. Оның себебі, со­нау алғашқы жылдары біздегі ком­мерциялық банктердің есепсіз алған қа­рызынан, оны өтеуден туған қиындық­тар­дан. Осыны біз жан-жақты талдап, ше­шу жолдарын да ұсынған болатынбыз. Бірақ мәселе әлі сол қордаланған қал­пын­да. Қазақстан экономикасына көз жүгірт­сек, «сіздердің беделіңізді түсіретін бас­ты мәселе банк жүйесіндегі күрделі мә­селелердің ұзақ уақыт бойы дұрыс ше­шілмей отырғаны» дейді бізге шетел ма­мандары.
Кешегі жаппай жекешелендіру науқа­нында колхоз, совхоздарды да таратып, фермер (крестьян) шаруашылығын құр­дық. Осы 25 жыл ішінде олар біз үміт­тен­ген тиімді жұмысын көрсете алмады. Кей­бір суармалы немесе осыған сәйкес ша­ғын аймақтарда болмаса, мына кең са­харада олардың өміршеңдігі байқал­мады. Ауыл шаруашылығы даму қарқыны төмен, оны жақсарту үшін күрделі шара­ларды жүргізуді талап етеді. Оның ішінде өндірістік, басқа да кооперативтер құрып, ауылда жұмыс істейтін шаруашылық ны­сандарын, Елбасы айтқандай, ірілендіру мә­селелері де күн тәртібінде тұр. 
Алдымыздағы уақытта осы айтылған, бас­қа да айтылмаған кемшіліктерден арылу­ға толық мүмкіндік бар. Қазіргі таң­да біз осал жерлерімізді жақсы білеміз, оларды дұрыстау жолын да біле бастадық. Осы 25 жыл ішінде халқымыз нарық эко­номикасының университетінен өтті десек ар­тық болмас. Оның сырына үңілді, те­тіктерін түсініп, әртүрлі іс-шараларын олар­дың талабына сәйкес жасай бастады. Үлкенді-кішілі кәсіпті игеру басталды, иге­рілді де. Өз біліміне, өз тәжірибесіне сенген кәсіпкерлер тобы жылдан-жылға өсіп, қоғамдағы халықтың үлкен бір то­бын қалыптастыруда. Жаңа заман, жаңа экономика, жаңа жол туралы баянды пікір, сана-сезім қалыптасуда, қалыптас­ты да.
Халқымыз оянды. Әрбір қоғамдық маңызы бар мәселелерге, оларды талқы­лау­ға белсене араласатын қалпын көрсе­тіп келе жатыр. Жерді пайдалану туралы, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қор­ғау, басқа да салалардың жұмысы туралы ел тұрғындарының пікірі мен ұсыныс­та­рының өсуі соның айғағы. Әрбір маңызы бар үкімет немесе министрліктер алған ше­шім бұқара халықтың қызу талқы­лауы­на түсуде. Осыдан екі қорытынды шы­ғаруы­мыз керек. Біріншіден, бұл биліктің өзі алған шешімдеріне жауапкершілігін өсір­еді. Екіншіден, әрбір жауапты шешім би­лік пен халықтың екіжақты пікір ал­масу негізінде алынуы керек. Сонда ғана ха­лық оны қолдап, орындауға көңіл қоя­ды. 
Пайымдап қарасақ, демократиялық үрдістің жаңа, бұрынғыдан да ізгілігі мол сатысына көтерілуге ұмтылып отырға­ны­мыз көрінеді. Елбасының халқына ұсын­ған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары осы ұм­тылысымызға жақсы жол ашты. Қо­ғам­да мемлекет тарапынан істеген істердің жариялылығы көбейді, ел тұрғындарының билік басындағыларды олардың алған шешімдерінің дұрыс-бұрыстығын айтып, бақылау күшейді. Билік сатыларының ең тө­менгі деңгейінен жоғарғы деңгейіне дейін құрылған қоғамдық кеңестер бар­ша­ға ортақ мәселелерді келісе отырып ше­шуге әкеледі. Көптеген мәселелерді орта­лықта емес, жергілікті жерде, осы мә­селенің мән-жайын білетін бұқарамен ке­лісе отырып шешу – бұл біздің еліміз­дегі билікті халыққа жақындататын, оның беделін асыратын, ал қарапайым халық­тың еңсесін көтеріп, белсенділігін өсіре­тін өте маңызды іс-шаралар. 
Президент ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қоғамда орын алған әді­лет­сіздікті жойып, бюрократияны шектеп, барынша жариялық енгізе жемқорлықты ноқталап, алынған заңдарға бой ұсынып, заң жолымен жүріп, ел тұрмысын, халық­қа керекті салаларды жедел дамытуды ұсы­нып отыр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы 25 жылында жаңа мемлекет, жаңа эко­номика жасап еліміздің бетпердесін тү­бегейлі өзгерте білдік. Екінші ширек ға­сырдың қарсаңында оны тағы бір тү­бе­гейлі өзгертуге, мәні мен маңызы, сәні мен салтанаты, ойы мен арманы еш­бір әлем елдерінен кем болмайтын дә­ре­жеге көтеруге алғашқы қадам жасадық. Еге­мен елдің үстіміздегі ширек ғасыр дамуының қорытындысы, басты нәти­желері осылар болар.
Тәуелсіздік асуларын баяндай келіп, елі­міздің көшін бастаған, реформаларды табандылықпен жүргізе білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін де айтуымыз керек. Президент Н.Назарбаев тарихымыздың өте бір күрделі кезеңінде еге­мендігіміздің туын көтеріп, мемле­кеті­мізді басқару ісінде кемеңгерлігін көрсете біл­ген қайраткер.
Халқымызға ол келешегін анықтайтын күн тәртібін ұсына білді және оның жү­зеге асуын үлкен шеберлік, жасампаз­дық­пен басқара білді. Қазіргі заманның ең өзек­ті мәселелерін көтеріп, олардың ше­шу жолдарын әлем елдерінің назарына ұсын­ғаны оны халықаралық дәрежедегі қай­раткер екенін танытты.
Бізді, қазақтарды, әлем сахнасына шы­ғарып, біздің елдігімізді баршаға паш ете алған Нұрсұлтан Әбішұлындай қай­раткер біздің тарихымызда бұрын болған жоқ. Ол ұсынған, халық қолдаған саясат­тың арқасында біз, қазақстандықтар бар­ша әлемді шарладық, әлем өркениетінің озық үлгілерімен сусындадық.
Ол жаңа астанамызды тұрғызды, өзі­нің кемеңгерлігімен Астананы әлем ел­дері басшылары жиналып, заманымыздың бүгіні мен ертеңі туралы кеңес құратын бе­делі жоғары халықаралық орталық дә­режесіне көтере білді. Астаналық форум­дар шешімдері әлем елдері тарихында сақ­талатынына күмән жоқ.
Бұлар да біз өткен ширек ғасырдың маңызды болғанын көрсете алатын жағ­дайлар. Болашағымызға бұдан да зор сәт­тілік тілейік.

 

Кенжеғали САҒАДИЕВ,
академик