Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ынтымақты жерде ырыс бар

Ынтымақты жерде ырыс бар

Айқын-ақпарат
807
Ынтымақты жерде ырыс бар Алматы облысының бүгінгі берекелі де мерекелі тұрмысын – ұлттар достығының арқасында ырысы тасып тұрған қазіргі Қазақстанның шағын көшірмесі деуге болады.

Жүзден аса ұлттың өкілі тұрғылық­ты жері ретінде таңдаған жерұйығы Же­тісуда­ғы татулық басқаларға үлгі болар­лықтай. Сондықтан болар Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қо­ғамдық келісім кеңестерінің «Тәуелсіздік тұғыры – қоғамдық келісім» атты рес­пуб­ликалық форумын өткізу үшін Талды­қорған таңдалыпты. Алматы облысы орталы­ғындағы сәулетіне сымбаты сай ғимарат­тардың бірі Достық үйінде болған дөңгелек үстел форматындағы кездесуге ҚР Парла­менті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл мен Юрий Тимощенко, сондай-ақ республикамыздың 16 өңірінен ат арылтып Талдықорғанға жеткен Қоғам­дық келісім кеңестерінің мүшелері қатысты.
Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық етті. Алқалы жиынға жиналғандар алдына бірінші болып көтерілген Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық хат­шылығының жетекшісі Ғабит Тұрсынбай: «Жеріне құт дарыған Жетісуда 2 мил­лионға жуық халық тұрады. Өркенді өлкені мекен­деген ұлттардың өзара ынты­мақ­тастығы мен бірлігін қамтамасыз ету жолында 70-тен астам этномәдени орталықтар қызмет етеді. Облыстағы қоғамдық кеңестер жұмысының да маңызы артып, беделі өсіп келеді. «Ынтымақты жерде ырыс бар» дегендей, еліміздің ертеңі береке мен бірлікке тікелей байланысты екенін әрдайым есте ұстай отырып, соны нығайту жолында еңбек етудеміз» деп толға­на келе, Алматы облысында қоғамдық келі­с­ім мен бірлікті нығайту жолында атқары­лып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқ­талды.
Шара өтіп жатқан облыстың өкілінен соң әр өңірден келген Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері өздері тұратын аймақтағы қоғамдық келісімді орнатудағы үздік тәжірибелерімен бөлісіп, жұмыс барысында көңілдеріне түйген ойларын ортаға салды. Жергілікті азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ұсыныстарын білдірді.
Форумда өз ойымен бөлісіп, тұшымды пікірін ортаға салған ҚР Парламенті Мәжі­лісінің депутаты Бақытбек Смағұл өз сөзінде: «Мемлекетіміздің 25 жылдағы өсіп-өркендеп, дамуына, халықтың сеніміне ие болып, тыныштық пен берекенің ұйытқысы бола білуіне Қазақстан халқы Ассамблея­сының сіңірген еңбегі зор. Соның ішінде қоғамдық келісім кеңестерінің қоғамның тірегі болудағы, сондай-ақ Қазақстанды әлемге бірлігі мен ынтымағы жарасқан мем­лекет ­ретінде таныту тұрғысындағы Елбасы­мыздың саясатын жүргізудегі маңызы ерекше. 
Республикалық форумның өз бастауын киелі Жетісу жерінен алғандығы және бар­лық игі істердің Қазақстан халқы Ас­самблеясынан бастамасымен жүзеге асы­рылып жатқандығы қуантады. Медиация, қоғамдық, ақсақалдар, аналар кеңестері, міне осы бастамалардың барлығының түпкі мақсаты – біздің ұлттық құндылықтары ортақ, бірлігі жарасқан біртұтас ел екенімізді таныту. Сол үшін біздер қай жерде жүрсек те, Ассамблеяның тындырымды жұ­мыстарын айтып жүруге тиіспіз» деді. 
Байыпты ойлар мен ұсынықты ұсы­ныстар айтылған басқосуды қорытын­ды­лаған Қазақстан халқы Ассамблеясы төр­ағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жиын барысында айтылған әр өңірде қолға алынып отырған игі бастамалардың өзге аймақтарға үлгі болып, әрбір елді мекенде өз жалғасын табатындығына сенім білдірді. Қоғамдық келісім кеңестері мүшелеріне ел ішінде тұрақтылық пен келісімді нығайту жолындағы жұмыстарды одан әрі жал­ғастыруды тапсырды.

 

Болат АБАҒАН