Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Арқан тартқыш» бала Айбатыр

«Арқан тартқыш» бала Айбатыр

Айқын-ақпарат
742
«Арқан тартқыш» бала Айбатыр Құрамында ойын кезінде арқан тартумен атағы шыққан Айбатыр Мырзабеков бар «Жайық» командасы бүгін Петропавлдан Оралға оралды.

Жуырда Петропавл қаласында балалар командалары арасында «Мен чемпионмын» республикалық спорттық сайысы өткен болатын. Арқан тарту кезінде ең соңында тұрған кішкентай Айбатыр жылап-құласа да, қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Оның осы ерлігі YouTubе-дегі шағын сюжет арқылы күллі әлемге тарап, Айбатыр ғаламтор жұлдызына айналды.

«Қызыл жолаққа 10 сантиметрдей қалғанда да, берілмей, арқанды кері тартуға тырысып бақтым. Жылаған себебім, біз ұтылып қалсақ, күлкі боламыз деп ойладым. Сондықтан намысымды жібермей, бар күшімді салдым. Ақыры бес минуттай уақытқа созылған тартыс тең аяқталды. Бұл менің ғана емес, командаластарымның, бапкеріміз Дакешов Нұрлан Қапсиықұлының еңбегі дер едім. Біз, әрине, келесі айналымға шыға алған жоқпыз. Дегенмен алдағы уақытта соның есесін қайырғым келеді. Мен өзім спорттың футбол, баскетбол, волейбол, еркін күрес сынды түрлерімен айналысамын. Алдағы уақытта Орал қаласында оқығым келеді. Негізі әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын Криштиану Роналдудай футболшы немесе атақты палуан болсам деймін. Сабағым да жақсы. Әсіресе, математика, биология, география сияқты пәндерді жаныма жақын тұтатын. Сынып жетекшім Бектібаева Әлия Әліпқалиқызы бізді әрдайым қолдап отырады. Біз секілді жас жеткіншектер намысын ешкімге жібермейтін, Отанын сүйетін азамат болып өссе, тәуелсіз Қазақ елінің ертеңі жарқын болатыны анық», - деді Тасқала ауданындағы Шежін орта мектебінің 7-сынып оқушысы Айбатыр Мырзабеков.

Аталмыш жарысқа Айбатыр ағасы, команда капитаны Айжарықпен бірге барған екен. Бапкерлері, Шежін орта мектебінде отыз жылдай дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып келе жатқан, талай шәкірті республикалық додаларда жүлде алып жүрген Нұрлан Дакешовтің айтуынша, команда құрамында 5 ұл, 5 қыз өнер көрсетті. 12-14 жасар балалардан құралған, барлығы 16 команда қатысқан дода олимпиадалық жүйе бойынша шоу түрінде өтті. Сондықтан сегіз команда қатарында «Жайық» та бірден шығып қалды. Негізі үш тәуліктей жол жүріп барғандықтан, бір ойынмен шектемеу керек еді. Мысалы, футболдағыдай төрт топқа бөліп, әрқайсысынан үздік екі команда келесі турға жолдама алса, мүмкіндік молырақ болар еді. «Дегенмен Айбатырымыздың арқасында танымал болдық. «Мен чемпионмын» жобасының ұйымдастырушылары оның жанкештілігін ескеріп, велосипед сыйлады. Айбатырдай намысқой, спортта да, оқуда да алда жүретін балалардан үлкен үміт күтемін», - деді Н.Дакешов.

Шежін ауылдық округінің әкімі Талғат Шәкіровтің сөзіне қарағанда, Айбатырдың әкесі мен анасы, төрт ұл тәрбиелеп отырған Бейбіт және Ұлмекен Мырзабековтер - ауылдағы өзін-өзі қамтып отырған қарапайым отбасылардың бірі. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асан Нарымбаев Айбатырдай өрендерді алдағы уақытта қолдап отыратындығын жеткізді. null «Отбасында төрт ағайындымыз. Үлкені мен, 1991 жылғымын, яғни тәуелсіздік құрдасымын. Менен кейінгі Айбар қазір Қалмақ елінде магистратурада білім алуда. Айжарық пен Айбатыр мектепте оқиды. Кенжесінің есімін атына заты сай болсын деп әкем қойып еді. Соны ақтап келе жатыр бауырым», деді Айдос Мырзабеков. «Мен чемпионмын» жобасын «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған болатын. Биыл облыстық білім басқармасының қолдауымен өңірде екінші рет өткіздік. Сонда жеңімпаз атанған аталмыш ауыл балаларының республикалық сында осылайша айрықша көзге түсуі бізді де қуантады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне «Өркен» қосымша білім беру орталығының директоры Айболат Қожанғалиев.

inform.kz