Басты  /  мақалалар  /  Құс жолындағы жыр

Құс жолындағы жыр

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
943
Құс жолындағы жыр Қазақстан Жазушылар Одағында белгілі ақын, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлының «Құс жолындағы жыр» атты шығармашылық кеші болып өтті.

– Қазақстан Жазушылар Одағы Тәуел­сіздіктің құрметіне 25 шара белгілеп отыр. Қазір осы жоба аясында Алматыда және республикамыздың әр түкпірінде әртүрлі әдеби, мәдени шаралар өтіп жатыр. Сол шараның аясында міне бүгін Әділбек­тің кеші де ұйымдастырылуда. 1990 жыл­дары тәуелсіздік алған тұста қоғамда тұр­мыстық қиыншылықтар орын алды. Әділ­бектер әдебиетке келгенде, өліара мезгіл басталды. Олар үлкен топ болды. Атап айтар болсақ, Табылды Досымов, Аман­-тай Шәріпов, Әбубәкір Смайылов, Болат Қорғанбеков және тағы басқалар. Әділбек те осы буынмен бірге әдебиетке келді. Сол жылдары өлең өлкесіне келген жас ақын­дар кейін көз алдымызда жоғалып кетті. Негізі, маған киелі қаламды ұстап қалған ақын-азаматтардың барлығының өмірі жан­кешті болып көрінеді. 

Ал Әділбек туып өскен Ақсу – Қапал қазақтың маңдайына өлеңі біткен өлке. Ілияс Жансүгіровтен бастап, Әнуар Әлім­жанов, Сәкен Иманасов, Әділбек Абай­ділданов сынды сөз өнеріндегі тұлғалар Әділбекке ұстаз бола білді. Оның өнерінің өркендеуін шыңдады.Сол тұлғалардың ізін басып Әділбек те поэзия әлеміне еркін қадам басты. Қара сөздің қадірін түсінген Әділбек өткен жылы 50 жылдығын той­лады. Поэзия – киелі ұғым. Бүгінгі жүз­-десу Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мере­кесіне арналады. Ендеше, қазіргі сал­танатты әдебиеттің өз перзентінің кеші деп қабыл алыңыздар. Әділбек, табысты бол, шабытты бол, – деді кездесудің шымыл­дығын ашқан Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай. 
Кеште Әділбек Ыбырайымұлы кез­де­суге келген жұртшылықтың алдында өз өлеңдерін оқыды. Өнер академиясының екінші курс студенттері Әділбектің шы­ғармашылығынан арнайы композиция­лық қойылым қойды. Қоюшы режиссер – Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының профессоры, «Сахна сөзі» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан­ның Еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұрғанқұлова. 
Сондай-ақ кеште Әділбектің шығар­машылығы жайлы Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үй­лестіру-әдістемелік орталығы директоры, Ербол Тілешов баяндама жасады. 
– Меніңше, әсіресе, Әділбек проза­сындағы этнографиялық детальдар бала­лық, бозбалалық шақтан санаға сіңген, ойға жатталған тіл иірімдері, сөз қалып­тары. Айталық, «Астындағы атының қан сорпасы шыққан. Екі өкпесін соғып, сүр­гін бір сабылысты басынан кешуде. Танауы делдиіп, ащы тер көзіне құйылады. Омы­раудан мөлтектеген сор қолтығын қуалап, бір жолақпен сабындана ақ көбікке айна­лып ағады. Сосын тізесіне жеткенде қыр жіліншікті қапталдамай қырымен сорға­лай, шашасынан түйдек-түйдек боп, абай­сызда ойын баласының қалтасынан түсіп қалған сықпадай қылтиып шөптің ара­сында қалады» деп келетін «Жиреннің тезегі» атты хикаяттан келтірілген үзіндіде ауыл қазағы болмаса, қала қазағы кейбір сөзін ұғынбай қалар ұлттық танымнан өрілген қаншама ұғым бар екенін аңғару қиын емес. Дәл осындай сөз кестесі ав­тордың әңгіме, хикаят, романдарында кеңі­нен кестеленген. Осы арада Әділбек прозасындағы жылқы бейнесіне аялдай кеткеніміз абзал. Жалпы, жылқы бейнесі қазақ жазушысының қай-қайсысында да кездесетіні жаңалық емес. Мәселе, оны қай жазушының қай мөлшерде, қандай мақсатпен бейнелеуінде. Осы реттен келсек, жылқы бейнесін жасауда Әділбек Алпысбайдың авторлық құштарлығы қазақ киелі санаған осы жануардың Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов сынды клас­сик жазушылар прозасын ойға орал­тады. Жылқы қазақ тұрмысының жанды бөлігі ғана емес, жылқы қазақтың тағдыры, халықтың кешегі еркін өмірінің символы іспетті. Сондықтан да Әділбектің, әсіресе, «Ақ кекіл», «Жиен құрық», «Мизам көк» әңгімелерінде суреттелген жылқы бол­мысы авторды шендестірудің шебері екен­дігін паш етеді. Осындай этнографиялық бояу, туған халқының тұрмысы мен тағ­дырын беріле бейнелеу оның атаулары­-ның өзі айғақтап тұрған «Тазының тағ­дыры», «Қыран даусы» сияқты әңгіме­лерінен көрініс тапқан. 
Әділбек Ыбырайымұлының шығар­машылығының және бір қыры – оның ақындығы. Әділбектің «Ақ тамақ қарлы­ғаштар» жинағына енген барлық лирика­лық туындылары авторды тебіренткен, не күйзелткен, не сүйсінткен адами сезімдер мен әсерлердің поэтикалық модельдері. Сондықтан да бұл жинақта саяси, не болмаса тарихи, әлеуметтік оқиғалар мен құбылыстардың суреттелуін ұшырата ал­майсыз. Сол себепті өлеңдердегі кейіп­керлер есімі көпке белгілі танымал тұлға­лар емес, ақынның өзіне жақын адамдары. 
Ақынның қолына қалам ұстатқан, оны тебіренткен, албырт сезімді басынан ке­шірткен ұлы күш, әрине, махаббат, ға­шық­тық күйі. Әділбектің де қаламына шабыт­тың бояуын құйған, жүрегіндегі сырды ақ қағазға төгілткен сезімнің осындай албырт та, асқақ, қорғасындай салмақты, гүлдей нәзік, емендей берік алуан сазды да, назды да сырлары. Әлбетте, жинақта сезім сыр­ларынан өзге табиғат тақырыбындағы, элегиялық сипаттағы шығармалар да бар. Мұндай өлеңдерде де ақынның көңіл күйі, жан сыры, жүрек қалауы тоғысып жата­ды, – дейді филология ғылымдарының кан­дидаты Ербол Тілешов. 
Жұртшылықпен жүздесуде әншілер, сондай-ақ Әділбектің өзі шығарған ән­дерін айтып, өнерсүйер қауымды тағы бір серпілтіп тастады.