Негізгі бет  /  мақалалар  /  Созаққа серпіліс керек

Созаққа серпіліс керек

Айқын-ақпарат
848
Созаққа серпіліс керек Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аймақтарға жұмыс сапарын Созақ ауданында жалғастырды.

 Аймақ басшысы уран өндіруші өңірдің тыныс-тіршілігін көріп, «Өңірлерді дамы­-ту – 2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен та­нысты. 
Бүгінгі таңда ауданда индустриялық аймақтың инфрақұрылым жұмыстары аяқталып, ұсыныс білдірген 5 жобаның төртеуі жүзеге асырылуда. Индустриялық аймаққа аялдаған облыс әкімі ондағы екі ірі кәсіпорынның жұмысын көрді. Оның бірі – жылына 50 мың металл бөшке шыға­руға мүмкіндігі бар UKO-S Star зауыты. Мұнда жыл басынан бері уран өндіруші кәсіпорындарға арналған 18 мыңға жуық бөшке әзірленіпті. 40 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыттың болашағынан зор үміт күтуге болады. Ал йодталған ас тұзын шығаратын «Дархан-Ас» зауытында 14 адам жұмыс істейді. Кәсіпорынның ашыл­ғанына көп бола қоймады. Соған қарамастан биылдың өзінде 2500 тонна ас тұзын өндіріп, оны облыс нарығында сау­далады. Мекеме басшысы жұмыс жолға қойылса, бір жылда 9600 тоннаға дейін тұз шығара алатынын айтады. Жансейіт Қан­сейітұлы индустриялық аймақтың бола­шағына сеніммен қарап, жұмысшыларға ризашылығын білдірді. Кәсіпорындардың жұмысшыларымен әңгімелесу барысында мемлекет тарапынан шағын және орта кә­сіп­керлікті дамытуға бағытталған көмек­тердің көп екенін тілге тиек етті. Ал жергі­лікті билік өкілдеріне кәсіпкерлікті дамы­­туға кең жол ашып, оларға үнемі қолдау көр­сету керектігін ескертті. Шаруашылы­ғын дамытамын деушілерге субсидия мен жеңілдетілген несиеге оңай қол жеткізуіне көмектесуін тапсырды. 
«Кеше ғана облысымызға тұрғын үй құрылысы мен шағын және орта кәсіпті дамытуды қолдауға келген «Бәйтерек» ұлттық холдингінің еншілес компания­-лары өңіріміздегі болашағы зор жобаларға қаржы салуға ниет білдірді. Ендеше біз ерекше және табысы мол үздік жобалар­ды ойластыруымыз қажет» деді облыс әкімі. Сонымен бірге, өңірдегі жылыжай клас­терін құрып, оның қатарын көбейтудің жолын ұсынды. Яғни, бүгінгі таңда облыс­тағы 1116 гектар жылыжайдың көлемі келер жылы тағы 100 гектарға артатынын ескер­сек, жылыжай салу үшін пластмасса қал­дық­тарынан политэлин құбырын дайын­-дау қажет. Шикізатты «Қазатомөнеркә­сіпке» ғана бермей оның қуаттылығын арттырып, жылыжай салуға пайдаланған жөн. 
Аудан орталығы Шолаққорғанға ат басын бұрған Ж.Түймебаев бастаған жұ­мысшы топ ондағы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюд­жет есебінен салынып жатқан жалда­малы 50 тұрғын үйдің құрылысымен та­нысты. Былтыр басталған құрылыс жұ­мыстары Тәуелсіздік күні қарсаңында аяқ­талып, пайдалануға беріледі деп күті­луде. Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұ­мыстарын жүргізуге «Ел Құрылыс тобы» ЖШС мердігер болып танылған. Аудан әкімі осы ретте аймақтан тағы да жеке сек­торлар үшін жер телімі бөлінетінін мә­лім­деді. Ал облыс әкімі баспаналардың ортақ жоспармен бірыңғай формада салынғаны дұрыс болатынын айтты. 
Одан соң, аудандық мүгедектер қо­ғамдық бірлестігінің жанынан ашылған тігін цехына аялдады. Осында жұмыспен қамтылған 15 мүмкіндігі шектеулі жан ша­руашылық жұмыстарына қажетті қолғап, төсек жаймалары мен арнайы жұмыс киім­дерін тігумен айналысып жүр. Мүмкіндігі шектеулі жандар аудан халқына шаштараз бен аяқ киім жөндеу қызметтерін де ұсы­на­ды екен. Жоспардағы компьютер жөндей­тін, пластик терезелерін шығаратын қыз­-мет көрсету түрлері ашылғанда мұндағы жұмыс­шылардың қатары 25-30 адамға дейін көбейеді деп күтілуде. Демек, мүм­кін­дігі шектеулі жандарға арналған көпса­лалы цехта тігілген киімдерді «Қазатомөнер­кәсіп» АҚ-на қарасты уран өндіретін ком­па­ниялар мен аудан халқы және бюджеттік мекемелер тұтынатын болады. 
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Созақ ауданына сапары барысында «Қазатом­өнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалив пен кездесті. Олар Тау­кенттегі «Қанжуған» өндіріс аймағындағы «ПВ-5» кен өндіру орындарын көріп шы­ғып, жұмысшылармен тілдесті. Кездесуде облыс әкімі Қазақстан уран өндіруде дү­ниежүзі бойынша үздіктердің қатарына енетінін атап өтті.
– Кәсіпорын мен кенішті аралау ба­рысында соңғы үлгідегі жаңа техно­логия­лар­дың өндірісте пайдаланылып жатқа­-нын көрдім. «Қазатомөнеркәсіп» аудан­ның ғана емес, облыстың да экономи­ка­сының өркендеуіне үлес қосып келеді. Өн­діріске қажетті заттардың басым бөлігі өңір өнімдерінен алынып жатыр. Сонымен бір­ге, компанияның сұранысы нәтижесінде Шолаққорғанда жекелеген шағын және орта кәсіпкерліктің қатары артып келеді. Тағы бір тиімді тұсы, кәсіпорын қызмет­керлерінің 70 пайызын, яғни 7 мыңын Созақ ауданының тұрғындары құрайды. Біз ұлттық компаниямен ынтымақтастығы­мызды одан әрі арттырып, жұмысымызды дамыта береміз, – деді өңір басшысы. 
Басқарма төрағасы А.Жұмағалиев те кәсіпорынның Оңтүстік Қазақстан облы­сының әлеуметтік-экономикалық дамуы­-на тигізіп жатқан үлесін тілге тиек етіп, компания тарапынан бірнеше әлеуметтік нысанның бой көтергенін атап өтті. Соны­мен бірге, жуырда Елбасының қабыл­дауында болғанын, онда ұлттық компа­нияның экономиканы оңтайландыру мен жекешелендіруге қатысты бірқатар міндет­темелер алғанын жетізді. 
– Міндеттемелерге сай бүгінде «Қаз­атом­өнеркәсіпке» қарасты 27 компания­ны жекеменшікке өткіздік. Ал трансфор­мацияны енгізудің нәтижесінде биыл 17 млрд теңгені үнемдедік. Осылайша, 2025 жылға дейін 136 млрд теңгені үнем­деуді жоспарлап отырмыз. Соған қара­мастан Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық саласын да­мы­туға 2025 жылға дейін 79 млрд теңге бөл­мекпіз. 2014 жылы біздің өнеркәсіп пен ОҚО әкімдігі арасында түзілген меморан­дум аясында өткен жылы құны 1 млрд 663 млн теңге болатын 12 әлеуметтік нысан берілді. Одан бөлек, жаңа әлеуметтік ны­сандар салу үшін 800 млн теңге қаралды. Жыл соңына дейін тағы осындай сома бө­лінбек. Қазақстан жылына 19 мың тонна уран өндіріп, бұл салада үздіктердің қа­тарына енді. Бұл ретте Созақ ауданынан алынатын табиғи байлықтардың орны ерек­ше, – деп атап өтті «Қазатомөнеркә­-сіп» басшысы.
Екіжақты осынау уағдаластықты одан әрі жалғастырып, нығайту мақсатында Оң­түстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ арасында меморандум түзілді. Онда әлеуметтік даму саласындағы қарым-қатынастарды нығай­тып, қолдау көрсету, ондағы қызметкер­лердің жұмыс орындары мен жалақысын қысқартуға жол бермеу, еңбек заңнама­сының талаптарын сақтау, оның ішінде жалақы берешегін өтеу бойынша жұмыс­тарды жандандыру және жергілікті тұр­ғындарды жұмыспен қамтуды дамыту са­ла­сында қолдау көрсетуді көздеу мәселелері қаралған. 
Тағы айта кететін жайт, кәсіпорында пайдаланылатын ет өнімдерінің жергілікті өнім үлесі 38 пайызды ғана құрайды екен. Осыны алға тартқан облыс әкімі мұнда жұмыс істейтін 12,5 мыңнан астам жұмыс­шының азық-түлігі Созақ ауданының өнімдерінен болуы тиістігін атап өтті. Бұл тұрғыда Созақ ауданының өнімдері жет­кілікті. Оған жуырда ғана осындағы 2600 қойдың Біріккен Араб Әмірліктеріне экс­портталғаны дәлел. Демек, Араб әмірлігі дәмсіз, құнарсыз етті алмайтыны анық. 
Облыс әкімі ауданға жасаған жұмыс сапары соңында аудан активімен кездесті. Мұнда Созақ ауданының әкімі Мақсат Исаев ауданның жыл басынан бергі әлеу­меттік-экономикалық көрсеткішін баян­дады. Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде ауданда мемлекеттік бағдарламалардың орындалмай отырғандығын сынға алды. Мәселен, аудан басшылығы индустрия­ландыру картасына енуі тиіс жобаларды облысқа ұсынбаған. Сонымен бірге, ауданда 97 мың түп ағаш егу жоспарлан­ғанымен, соның небәрі 14 мыңы отырғы­зылған. Ал «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында салынуы тиіс 11 ны­­санның жетеуі ғана бой көтеріпті. Аудан ҰБТ көрсеткішінен де төмен. Денсаулық сақтау, құқыққорғау саласының жұмыстары да көңіл көншітпейді. Жансейіт Түймебаев аудан басшылығына әлеуметтік-экономи­калық көрсеткіштерді дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Индустрия­ландыру картасы аясында жобалар ұсынып, шағын және орта кәсіпті дамыту, ауыл ша­руашылығындағы өзекті мәселелерді шешу бірінші кезекке қойылды. Одан соң, Со­зақ­та туризмді дамыту барысында жол бо­йын­дағы сервистік қызметтердің халықаралық стандарттарға сай болуы да айтылды. Со­ны­мен бірге, «Қазатомөнеркәсіп» мекемесімен тығыз байланыс орнатып, онда тұтыны­ла­тын тағамдардың үлесін жергілікті өнім­дермен толтыруды үйлестіру тапсырылды.

 

 Назгүл НАЗАРБЕКОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы