Негізгі бет  /  мақалалар  /  Еңбек нарығы Тәуелсіздік түлектеріне тәуелді

Еңбек нарығы Тәуелсіздік түлектеріне тәуелді

Айқын-ақпарат
928
Еңбек нарығы Тәуелсіздік түлектеріне тәуелді Тәуелсіздік таңындағы ауыр кезең қазіргі еңбек нарығына әсер етуде. Парламентте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова елді елең еткізген мәлімдеме жасады.

 Осы күні Мәжілісте «Үкімет сағаты» өтіп, онда «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасының іске асырылу барысы қаралған еді.

Жиынды ашқан Мәжіліс төраға­сы­ның орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фрак­циясының жетекшісі Гүлми­ра Исімбаева Елбасының «Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қо­ғамы ғана сыртқы сілкі­ністерге орнықты, тиімді экономика­ның нақты негізі болуға қабілетті» деген сөзін келтірді. Ол халықты жұмыспен қамту мәселесіне «Нұр Отан» пар­тия­сының сайлауалды бағдарлама­сын-да үлкен мән бергеніне назар аудартты.
Өз кезегінде Тамара Дүйсенова «2003 – 2023 жылдар аралығында ең­бек нарығына 90-жылдары дүниеге келген азаматтар шы­ға­тынын» хабар­лады: «Ол кезде демо­гра­фиялық жағдай қолайсыз болғаны мәлім. Нәти­жесінде, егер 2013 жылға дейін эконо­микалық белсенді тұрғындар санының 
жыл сайынғы таза өсімі шамамен 250 мың адамды құраса, ал 2019 жылға қарай бұл сан он еседен артыққа азая­тын болады. Бұл жағдайда қолда бар еңбек ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру басты орынға шы­ғады» деген министр биылдан бастап, Мемлекет басшысының тапсырма­сы­мен, Білім және ғылым министрлігі аза­маттарды бірінші кәсіптік-техникалық ма­мандығына тегін оқытуға кірісіп кеткенін жеткізді. 
Т.Дүйсенованың айтуынша, осы ми­нистрліктің тапсырысымен ғалымдар жүр­гізген зерттеулер көрсеткеніндей, егер қа­зіргі жағдай өзгермесе, 2050 жыл­ға қарай Қазақстан халқының басым көпшілігі – шамамен 55 па­йы­зы оңтүстік өңірлерде өмір сүретін бо­ла­ды. Бұл ретте оңтүстік об­лыстар тұр­ғындарының саны 5 мил­лион­ға артып, ал солтүстікте керісінше, миллионға қысқаруы мүмкін. 
Бұл тұтас ауыл-аудандардың қаңы­рап бос қалуына, шаруашылықтың құлды­ра­уына соқтыруы ықтимал. Со­ны­мен бірге, оңтүстік өңірлерге, ондағы әлеуметтік, денсаулық сақтау жүйе­ле­ріне түсер салмақ-жүктеме еселеп ар­туы, еңбек ресурстары­ның шектен тыс шоғырлануы, әлеуметтік шиеленістің күшеюі проблемаларын ту­ды­руы ға­жап емес.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі, де­путат Бақытбек Смағұл осы сын-қа­терді еңсеру мақсатында ел Үкіметі іске асырып жатқан «Жұмыспен қамту­дың жол кар­та­сы», еңбек мобильділігін арт­тыру жүйесі шараларын құптай келе, қалаулыларды осы бағыттағы жұмыс­тардың шабандығы және мардымсыз көрсеткіштер алаңдататынын айтты.
–Үкіметтің биыл 18 ақ­пан­да­ғы «Орал­ман­дар мен қоныс ауда­рушы­ларды қа­былдаудың 2016 жылға арналған өңірлік квотасын бекіту ту­ралы» қаулысын жүзеге асыру аясында жұмыс күшіне ба­рынша көп қажетті­лік байқалып отырған өңірлерге 
кө­шуді қалайтын қоныс аудару­шылардың 463 отбасын қабылдауға квота бөлінді. Атап айтқанда, Павлодар облысы­на – 300, Сол­түстік Қазақстан облысына – 101, Шығыс Қазақстан облысына – 40, Қостанай об­лысына небәрі 22 отбасы­н қа­былдауға рұқсат етілген. Егер қо­ныс аударатын әр от­басының орташа есеппен бес мүшесі бар десек, мұндай қар­қынмен, ең болмағанда, миллион адамды солтүстікке қоныстандыру үшін 431 жыл кетеді екен! Демек, бұл квотаның ұлғайтылғаны абзал, – дейді    Б.Смағұл.
Ол тағы бір мәселені қаперге салды: «Көш өнеркәсіптік өңірлерге бағыт­та­луда, ал заманауи өндіріс орындарына білікті жұмысшылар қажет. Қоныс ауда­рушылар болса, негізінен экономи­калық әлеуеті төмен елді мекендердің тұрғындары және жұмыссыздар. Ен­деше, оларды көшіп баратын жердегі өндіріс орындарының сұранысына ла­йықтап, нысаналы түрде оқыту және даярлау мәселесі пысықталуы қажет» деді депутат. 
«Нұр Отан» фракциясының мүше­сі Гүлнар Иксанова негізгі проблемалық мә­селе – «нарықтың кадрларға деген ағымдағы және келешектегі қажетті­лігіне мониторинг жүргізуге қатысты кешенді көзқарастың жоқ­тығы болып отырғанын» атап көрсетті. Бағдарлама аясында жұмысқа тұрғандардың кей­бірінің зейнетақы есепшотына жарна аударылмайды. «Қарағанды облысында жұмысқа орналастырылғандардың 40%-ның, Ақтөбе облысында – 36%-ның, ШҚО-да 33%-ның зейнетақы жүйесінде жинағы жоқ». 
Депутат бір оқиғаны еске салды: «Зы­рянов қаласының әкімдігі тұрғын­дарды шектен тыс белсенді түрде мем­бағдарлама аясында несие алуға тарт­қан. Кәсіпкерлерге ашықтан-ашық: «Жыл аяқталып қалды, қаражат иге­рілмей жатыр, несиеге алың­дар!» деген. Кейін сот үдерісі басталғанда, кейбір бағдарлама қатысушыларын табу қиынға айналған. Тіпті өздеріне несие рә­сімделгенін білмейтін жандар та­былған. Өйткені бір адам бөтен бес адамның жеке куәлігі бойынша несие алыпты. Бұл, әри­не, министрлік емес, жергілікті әкімдіктер жа­сап отырған проблемалар» деді Г.Икса­нова.
Министр Тамара Дүйсенова 2011 жыл­дан 2016 жылға дейін «ЖҚЖК – 2020» бағ­дарламасын іске асыру шеңберінде мемле­кеттік қолдау шаралары 744 мыңнан астам адамға көрсетілгенін айтты. «Оның ішінде 563 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Жұмыссыздар саны 9%-ға тө­мен­деді, өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дардың саны 14%-ға, ал өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар соңғы үш жылда үш есе азайды» деді ол. Осы жылдың 9 айында бағдарламаға 146 мыңнан астам адам қа­тысыпты. 
– 2016 жылы 5712 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 3607 жоба ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Үкі­меттің арнайы резервінің қаражаты есе­бі­нен көзделуде, осы жобалар негізінен, ең шалғай ауылдарда іске асырылады. Жоба­лардың негізгі бөлігі – бұл жолдар мен білім беру нысандарын жөндеу. Өңірлер бөлі­нісінде жобалардың көбісі Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске асады. Бұл жобаларда 41 мыңнан астам жұмыс орындарын құру көзделуде, – деді Тамара Қасымқызы.
Бағдарлама аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және жұмыссыздарға 2016 жылы шағын несие беруге жалпы 30,8 млрд теңге көзделген. 
– Алдыңғы жылдар тәжірибесі бағдар­ламаға қатысушылардың шағын несиені ауыл шаруашылығында (79%), оның ішінде басым бөлігін мал шаруашылығында пай­даланатынын көрсетті. Өйткені бұл – ауыл­дықтар үшін ең түсінікті және қолжетімді бизнес. Сондықтан біз биыл тәсілдерді өз­герттік. Ауыл шаруашылығы коопера­тив­теріне бірігуді және жеке қосалқы шаруа­шылық базасында ұсақ тауарлар өндірісін ашуды ынталандыру үшін несие мөлшерін 6 млн теңгеге дейін ұлғайттық. Кооперация оларға азық-жем және өнімдерді өткізу мә­се­лелерін бірлесіп шешуге және ауылдастар үшін қосымша жұмыс орындарын құруға оң әсерін тигізді, – деді министр.
– Жұмыс таба алмай жүрген адамдар осы бағдарлама құралдарын қалай пайда­лана алады? – деп сұрады депутат Қуаныш Сұлтанов. – Оларға түсіндіру, ақпарат­тан­дыру жұмыстары, әсіресе, ауылда қалай ұйымдастырылған?
Министр республика және облыстар деңгейінде ақпараттандыру жұмыстары жүріп жатқанын алға тартты: «Біз 2013 жыл­дан бастап, «Қазпоштамен» бірге, мобильді топтар түздік, олар жыл сайын әр ауылға барып, азаматтармен кездеседі. Үш мәселе – әлеуметтік қолдау, зейнетақы жүйесі және жұмыспен қамту мәселелері бойын­-ша кеңес береді» деді Т.Дүйсенова. Бұл бағытта министрлік ауыл әкімдерімен де жұмыс жасауда екен. Олар жылына екі рет оқытудан өтіп, шағын тест тапсырады.