Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әрбір азаматтың құқығы заңмен қорғалады

Әрбір азаматтың құқығы заңмен қорғалады

Айқын-ақпарат
897
Әрбір азаматтың құқығы  заңмен қорғалады

Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыружөніндегі 100 нақты қадамның 31-қадамында «Этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз ету» деп белгіленген. Прокуратура органдарының осы бағыттағы жұмысының маңызды басымдылығы – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау.

Құқық қорғау органдарының беделі жеке және заңды тұлғалардың қорғалған әрі қалпына келтірілген құқықтарының са­нына ғана емес, қабылданатын шара­лар­дың уақтылығы мен өтімділігіне де байла­нысты. Жалпы, адамның конституциялық құқықтары бұзылуының әрбір фактісі – Бас про­ку­ратураның қатаң бақылауында. Мін­детті тексерулерді өткізу, бұзылған құқық­тарды қалпына келтіру бойынша қабыл­данған шаралар, кінәлі адамдарды жазалау және құқықбұзушылықты болдырған себептер мен жағдайларды жою – осының куәсі. 
Бұл, ең алдымен, құқық қорғау орган­дарының лауазымды тұлғалары өтінішті тіркеуден бастап, сол бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданғанға де­йін­гі кезеңде жол берген құқықбұзу­шы­лық­­тармен байланысты. Осындай мә­селеге қатысты прокуратура мысал­дар­дың бірі ретінде «Время» газетінде биылғы жы­лы 3 қыркүйегінде жарияланған «Идите отсюда с Богом! Как депутат парламента зая­­вление в полицию подавала» мақа­ла­сымен бай­ла­ныс­ты жағдайды келтіреді. Бұл мақалада Парламент мәжілісінің депутаты И.­Смир­нованың арызын қабылдаудан бас тартуға байланысты жағдайлар баян­да­лады. 
Газетте мақала жарық көрген соң Ал­маты қалалық прокуратурасы Бостандық ауданының ІІБ-де тексеру өткізіп, қабыл­дан­баған арыз туралы жағдай шынымен болғанын анықтады. Сол күні мәселе ше­шіл­ді – азаматша Смирновадан арыз қа­был­­данды, аудандық ІІБ-нің жеті қыз­мет­кері тәртіптік жауапкершілікке тартыл­ды, ал оперативтік кезекші мүлдем лауазы­мы­нан босатылды. Полиция қызметкерлерінің қылмыстық құқықбұзу­шылықты жасыру ретіндегі заңсыз әре­кеттері Бостандық ауданы прокуратура­сының СТБТ-да ҚК 433-бабы бойынша тіркелді және оны тергеумен Алматы қа­ласы бойынша Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызметі ай­на­лысуда. Осы оқиғадан соң облыс про­ку­рорларына осындай фак­тілер анық­­талған жағдайда бірден сотқа дейінгі тергеуді өткізу және кінәлілерді заң­мен бел­гі­ленген жауапкершілікке тарту ту­ралы мә­селені көтеру тапсырылды, – деп мә­лім­деді Бас прокуратураның Қыл­мыстық процестің сотқа дейінгі саты­сының заң­ды­лығын қадағалау депар­таментінің бас­тығы Кұсайын Игембаев. 
Мұндай жағдайлар азаматтардың құ­қық қорғау органдарына деген сенім­сіздікті ту­дыратыны рас.  Сондықтан қа­зіргі уақыт­та про­курорлар барлық рес­­­­публика бойын­ша қыл­мыстық қудалау органдарының арыз­­дар­ды, қылмыстар туралы хабарла­ма­лар­ды қабылдау және тіркеу бойынша жұмыс­тар­ды ұйымдас­тыруын тексеруде. Департамент басшысы Кұсайын Игембаев­тың айтуын­ша, Бас про­­куратура­­ның құзыр­лы департа­мен­ті тұрақты негізде қылмыс­тық-процес­суал­дық заңнама саласындағы, соның ішін­­де сотқа дейінгі тергеудің басталуымен бай­­ланысты қиындықтарды зерттеп, оны же­тілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеуде. Ха­лық пен құқық қорғау органдарының өза­ра қарым-қатынасының жүйелілігі, кері бай­ланысы, айқындылығы кон­стру­к­тивтік өза­ра әрекет етуде жетістікке же­тудің ке­пі­лі.