Негізгі бет  /  мақалалар  /  Аймақаралық ынтымақтастық

Аймақаралық ынтымақтастық

Айқын-ақпарат
825
Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб төрағасы Әлихан Байменов БҰҰ Бас хатшысының «Оңтүстік-Оңтүстік» ынтымақтастығы бойынша өкілі Хорхе Чедиекпен кездесіп, мемлекеттік қызмет саласындағы әрі қарайғы ынтымақтастық жайын талқылады.

Кездесу барысында Хаб комитетінің жетекшісі мемлекеттік қызмет саласы бойынша «Оңтүстік-Оңтүстік» форматындағы аймақтық үшжақты ынтымақтастықтың рөлі мен маңызына тоқталды. Сонымен бірге, ол ұйым ауқымы ЭЫДҰ, ТМД, ASEAN елдері кіретін 36 мемлекетке кеңейгенін айтып, хабтың жаңа зерттеулері мен бастамаларынан хабардар етті.
– Мемлекеттік қызмет мәселелерінде барлық елдерге ортақ қағида жоқ. Бірақ жетістіктер мен мәселелерді зерттеп, хаб тұ­ғырнамасында тәжірибе алмасып, мемлекеттер өздерінің контексіне сай келетін сәтті шешімдер табады. Хабтың зерт­теулері мен семинарлары да осыған бағытталған, – деді Әлихан Байменов.
Хорхе Чедиек мырза «Хабтың аймақтық және аймақаралық ынтымақтастықты дамытудағы айрықша жұмысын» атап өтті. Ол Бірыңғай ұлттар ұйымы хабтың қызметін Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына жету жолында халықаралық әріп­тестікті дамытуға қосқан үлесі ретінде қабылдайтынын жет­-кізді. Кездесу барысында тараптар жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
Бұған дейін БҰҰ Астанада хаб құру және оның табысқа жетуі Қазақстанның реформалар жасауда, оның ішінде, мемлекеттік қызметте меритократияны нығайтуда өз тәжірибесімен бөлісуге даярлығының нәтижесінде, жүзеге асқанын жеткізген. 2014 жылы хаб «Оңтүстік-Оңтүстік» форматы бойынша әлемдегі ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін БҰҰ-ның арнайы сыйлығымен марапатталған.  
Нұрай РАХЫМ