Негізгі бет  /  мақалалар  /  Достастық кубогы келмеске кетті

Достастық кубогы келмеске кетті

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
829
Достастық кубогы келмеске кетті Кезінде КСРО-ның құрамында болып, кейіннен тәуелсіздікке қол жеткізген бірқатар елдердің аяқдоп шеберлері әр жыл сайын Ресейдің ең ірі қос қаласы – Мәскеу немесе Санкт-Петерборда бас қосып, Достастық кубогы үшін таласатын.

Әсіресе, әр мемлекеттің чемпиондары қатысатын алғашқы жылдардағы жарыстар өте тартысты өтетін. Жанкүйерлердің де оған деген қызығушылығы ерекше еді. 1993 және 2011 жылдар аралығында аталмыш турнирдің жалауы 19 мәрте желбіреді. Сол кезеңдерге көз жүгіртсек, алғашқы 10 жылда бас жүлде үшін талас Мәскеудің «Спартак» және Киевтің «Динамосы» секілді даңқты қос командасы арасында ғана өрбігенін аңғару қиын емес. Бас жүлденің барлығын да солар олжалаған екен. Атап айтсақ, Ресейдің чемпионы 6 рет (1993-1995, 1999-2001 жылдары) жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, Украинаның мықтысы 4 мәрте (1996-1998, 2002) дәл сондай құрметке бөленді. Одан кейінгі жылдары «Шериф» (Тирасполь, Молдова) екі рет топ жарса, «Динамо» (Тбилиси, Грузия), «Локомотив» (Мәскеу, Ресей), «Нефтчи» (Баку, Әзірбайжан), «Пахтакор» (Ташкент, Өзбекстан), «Хазар-Ленкорань» (Ленкорань, Әзірбайжан) және «Интер» (Баку, Әзірбайжан) қарсылас шыдатқан жоқ.

Айтулы доп додасының тұсауы кесілген кезден бастап Қазақстанның да командалары осы бәсекеде бақ сынауда. Алайда көбіне-көп бұл турнирден жерлестеріміздің елге еңсесі түсіп оралатын. Тек 2009 және 2010 жылдары жалауы желбіреген жарыста ғана жеңіс тұғырына көтерілуге шама-шарқымыз жетті. Екі ретінде де «Ақтөбе» қуантты. 2009 жылы ақтық сында Тираспольдің «Шериф» клубынан пенальти соғу барысында 4:5 есебімен ұтылдық. Келесі жылғы финалдық сайыста Қазанның «Рубин» командасына есе жібердік – 2:5. Осылайша, екі рет күміс медальді иеленген ақтөбелік футболшылар барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантқан еді.

2012 жылдан бері бұл турнир әр елдің жастар құрама командалары арасында ұйымдастырыла бастады. 2012, 2013 және 2016 жылдары жарыстың бас жүлдесі Ресейге бұйырды. 2014 жылы Украинаның жас өрендерінің бағы жанды. 2015 жылғы жарыстың ақтық сынында Оңтүстік Африка Республикасы мен Финляндия құрамалары айқасып, жеңіске қара құрлық өкілдері қол жеткізді. Өкінішке қарай, жастар буыны арасындағы жарыста біздің жігіттердің жолы болмады.

Міне, енді бұл жарыс өткізілмейтін болды. Бұл жайында Ресей футбол одағының баспасөз қызметі баяндады. Оның себеп салдарын сол ұйымның бірінші вице-президенті Никита Симонян «Достастық кубогы өз мәні мен маңызын жоғалтты. Осы жарысқа қызығушылар саны да жылдан-жылға кеміп келеді. Олай болса, ондай бәсекені ұйымдастырудың қажеті жоқ. Достастық кубогының орнына біз жыл сайын Санкт-Петерборда дәстүрлі түрде жасөспірімдер арасында өтіп тұратын Валентин Гранаткин мемориалының деңгейін көтеруге барынша атсалысуды құп көріп отырмыз», – деп көпшілікпен ой бөлісті.