Басты  /  мақалалар  /  Ұлт саулығы – басты байлық

Ұлт саулығы – басты байлық

Айқын-ақпарат
1518
Ұлт саулығы – басты байлық Елімізде тұрғындардың денсау­лы­ғын сақтау бағытында түрлі ауқым­ды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі.

Елбасының жыл сайынғы қа­зақстандықтарға арнаған Жол­дауында да халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылып. нақты тапсырмалар берілуде. Халқымызды салауатты өмір салтын ұстануға, «ауырып ем із­де­генше, ауырмаудың жолын іздеуге» үндейтін бұл міндеттер әрда­йым өзінің өзектілігін жоймақ емес. Оның үстіне жыл сайын халықтың денсаулығын нығайтуға қатысты бағдарламалар қабылданып жатыр.
2016 жылы Қазақстан Республи­касының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асыру бас­талды. Бағдарлама медициналық қо­ғамның алдына қазақстандықтардың денсаулығын нығайту бойынша міндеттер қойды.
Президент тапсырмасына орай Қазақстанда өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа ұзарту міндеті қойылып отыр. Ақиқатында қазір жағдай жақсы. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, республикада ана мен бала өлімі тө­мендеді. Ел тұрмысының жақса­руы­на орай демографиялық өсім қар­­қын алды. Соңғы 10 жылда сәби­дің дүниеге келуі 25 пайызға ұлғайды.
Айта кететін бір жайт, халық­ара­лық деңгейде Қазақстан толықтай тегін түрде балаларды вакцинамен қамтамасыз ететін мемлекеттік мәр­тебеге ие болып отыр. Соңғы 20 жыл­да қызылшамен ауру 291 есеге кеміді, «В» сары ауруымен ауру – 135 есеге, дифтериямен – 100 есе, көкжөтел – 20 есеге кеміді. 2012 жылдан бастап есту қабілеті нашар балаларды арнайы қызметпен қамтамасыз етуде «Жол картасы» іске асырылуда.
Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігінің дере­гінше, 2 миллионнан астам қазақ­стан­дық міндетті медициналық көмек көрсету аясында амбулато­риялық-емханалық көмекті тегін алып отыр. Мұндай көрсеткішке Қазақстан Денсаулық сақтау саласын реформалаудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Сала­матты Қазақстан» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізілді.
Расында да, тәуелсіздік жылда­рында жалпы өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Мәліметке жүгінер бол­сақ, қан айналымы жүйесінен болатын өлім 1,9 есеге, қатерлі ісік аурулары 33 пайызға, қайғылы оқиғалар салдарынан, жарақаттану мен улану 23,1 пайызға төмендеді.
– Әрине, бұл көрсеткіштер салауатты өмір сүру мен медицина саласына жасалған қамқорлықтың аясында жүзеге асып жатыр. Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да қазақстан­дықтардың өмір сүру сапасын жақ­сарта түсетін нақты істерді көрсетті. Сондықтан Елбасы тапсырмаларын орындау, жемісті жүзеге асыру біздің басты міндетіміз. Ұлт саулығы болашақтың кепілі, қоғамның басты байлығы, – дейді бізбен әңгімесінде Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық емханасының бас дәрігері Райымбек Маратұлы Жақсыбергенов. 
Денсаулық сақтау және әлеу­мет­тік даму министрлігі халықтың ден­саулығын нығайту үшін өлім-жітім­нің негізгі себебі болатын ауруларды ерте кезеңнен анықтау міндетін жолға қойып отыр. Сондықтан қазір­гі жұмыс ауруды анықтау мен емдеу, олардың алдын алуға негізделгенін айта кетуге тиіспіз. 
Осы ретте Созақ ауданының хал­қына медициналық-санитарлық көмек көрсету барысында 1 – аудан­дық, 9 ауылдық емхана 18 медици­на­лық бекеттер мен 2 жедел-жәрдем бө­лімшесі халыққа қызмет етіп келеді. Қазір аудан көлемінде орна­ласқан елді мекендерде жаңадан дәрігерлік емхана, медициналық бекеттер салынып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша облыстық Денсаулық сақтау басқармасы және аудан әкімдігі тарапынан жасалынған басшылықпен көрсетілген көмектің нәтижесінде 2-аудандық медицина ғимараты 13-ауылдық медициналық мекеме ғимараттары және 15-меди­ци­налық бекеттер жаңадан салынды. Сондай-ақ 2-жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы ашылды. 
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының көмегімен аудан емдеу мекемелеріне біршама зама­науи денгейдегі медициналық құрал-жабдықтар берілді. Атап айтқанда, маммограф, флюрография, гемато­логиялық анализатор құралдар сыртқаттың диагнозын анықтау мен аурудың алдын алуда дәрігерлерге қосалқы көмек болуда. 
Президенттің Ұлт жоспары 5 институционалдық реформа, 100 нақты қадамының 82 қадамында медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізу, емдеу хаттамалары, кадрлар әзірлеу, дәрі-дәрмекпен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, сапаны және қолжетімділікті бақылау міндет етіп қойылған. 
– «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын және «100 нақты қадам»Ұлт жоспарын жүзеге асырудағы денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басты бағыты – бастапқы және жедел медициналық көмекті дамыту, медициналық білімді модернизациялау, мемлекеттік – жекеменшік кәсіпорындар мен инфрақұрылымдарды, сонымен бірге корпоративтік басқаруды дамыту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, қоғамдық денсаулық қызметін құру болып отыр. Біз сондықтан денсаулық саласына қатысты Елбасы қойып отырған міндеттерді жергілікті жерде жемісті түрде жүзеге асыруға тырысамыз, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық емханасының бас дәрігері Райымбек Маратұлы Жақсыбергенов.

Еркін ҚАЛДАН