Басты  /  мақалалар  /  Шарынға туристер қызығады

Шарынға туристер қызығады

Қайыржан ТӨРЕЖАН
2600
Шарынға туристер қызығады Табиғатты қорғау мемлекеттік, халықаралық және қоғамдық шаралардың жоспарлық жүйесі. Олар табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қорғауға және қалпына келтіруге, қоршаған ортаны ластанудан және адам қоғамының бұзылуынан қорғауға бағытталған.

Қазақстанда табиғатты қорғау мемлекеттің саясаты бойынша өсімдіктер мен жануарлардың жойылып бара жатқан түрлері енгізілген қызыл кітап бар. Конституциямыздың 18, 64, 647 баптарында табиғатты қорғау жөнінде жазылған. Осыдан таралатын қоршаған ортаны, жануарларды, атмосфералық ауаны және суды қорғау туралы бірнеше заңдар мен қаулылар қабылданды. Қазіргі кезде елімізде экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының бiрегей табиғи кешендерi мен объектiлерiнiң биологиялық және ландшафтық саналуандығын сақтауға, оларды табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристiк және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған табиғат қорғау, ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың саны онға жетті. 
ҚР АШМ Орман шаруашылығы жануарлар дүниесі комитетіне қарасты Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі солардың біріне жатады. Осы мекеме директорының ғылым және туризм жөніндегі орынбасары Гүлмира Нысанбаевамен кездесіп, ұлттық табиғи парктің жағдайы туралы сөйлескен едік. 

 

– Гүлмира Нұрәліқызы, сізбен жалпы әңгімеміз жан-жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесін қорғау бойынша мемлекеттік ме­кемелер қандай жұмыстарды ат­қарып жатқаны жайында өрбиді. Алдымен еліміздің оңтүстігіндегі көрікті жерлердің біріне орналасқан Шарын ұлттық табиғи паркінің ерек­шеліктері туралы айтып бер­сеңіз?
– Қандайда болмасын табиғат байлықтары, өсімдік болсын, жан-жануар болсын оларды қор­ғау және қорын мейілінше мо­лайту ісі бү­гінгі күн талабынан тыс қалған емес. Мемлекет тара­пынан үлкен жобалар жасалып, түрлі бағдар­ламалар жүзеге асы­рылып жа­тыр. Шарын мемле­кет­тік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) 2004 жылы Үкіметтің 23 ақпан­дағы бұйры­ғымен, 93 150 гектар жерге Алматы облысында эко­ло­гиялық, тарихи-ғылыми, эстети­калық табиғат бай­лығын қалпына келтіру және сақтау мақсатында ұйымдас­ты­рылған. Содан кейінгі жылдарда көптеген жұмыстар ат­қарылып, Үкіметтің 2009 жыл­ғы 6 ақпан­дағы бұйрығымен парк аумағы кеңейтілді. Мемлекеттік жер қоры, қорғаныс қажеттілі­-гіне қа­расты жерден 32900 га жер қо­сылды, парктің қазіргі жалпы аумағы 127 050 гектарды құрай­-ды. Парктің әкімшілік шаруа­шылыққа қатынасты аумағы – Ал­маты облысының, Ең­бек­ші­қа­зақ, Райымбек, Ұйғыр аудан­дарында орналасқан. Парк құ­рамына Шарын шатқалының қамалдары мен аңғарлары, Бұ­ғыты тауы және Сарытоғай ерен тоғайы кіреді. 
– МҰТП-нің негізгі атқара­тын міндеттеріне не кіреді?
– Парктің міндеті – өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемін қорғау оны көркейту, табиғи та­рихи мұраларды сақтай отырып, туристерді шақыру. Парк тер­риториясы 4 ай­мақ­қа бөлінген. 
1. Қо­рықтық тәр­тіп аймағы. 
2. Экологиялық тұрақтану айма­ғы. 3. Туристік және рекреа­ция­лық қызмет ету аймағы. 4. Шек­телген шаруа­шы­лық жұмыстар аймағы. 5. Қорғау аймағы. Бар-лық жер телімдеріне мемлекеттік акт жасалып, әді­лет басқарма­сын­да тіркеуден өт­кен. Парктің ұйым­дастыру құ­рылымы: парк басшылығы және 5 бөлімнен тұ­рады. Жалпы штатта 46 адам тір­келген.
– Паркте қорғалатын қандай табиғи байлықтар бар, олар қалай қорғалған?
– Парк аумағында өсім­дік­тердің 1000-ға тарта түрі өседі, олардың 50-ден астамы сирек кез­десетін және эндемикалық түр деп есептеледі. Сүтқорек­ті­лердің 32 түрі, оның ішінде 3 түрі Қызыл кітапқа енген, құс­тардың 100-ден аса түрі, оның 22-і Қызыл кітапқа енген. Бауырымен жор­ғалаушы­лардың 18 түрі, Қы­зыл кітапқа енген – 1, қосме­кен­ді­лердің 4 түрі, оның ішінде Қызыл кітап­қа енген 2 түрі ме­кен­дейді. Ме­кеме ғимаратының ішінде ар-найы қару-жарақ сақ­тайтын бөл­ме жабдықталған. Мемлекеттік инспектор өзінің құзыреті шең­берінде, заңмен бел­гіленген тәр­тіппен, мекемеге қа­расты ерекше қорғалатын аумақта заңбұзу­шы­лықты болдырмау, табиғи ре­сурс­тарды, су, жер, ор­ман, аң-құс, қор­­шаған ортаға зиян кел­тіре­тін заңбұзушылық­тар мен әре­кет­тер­ден қорғауға міндетті.


– МҰТП аумағында брако­ньер­лікке қатысты заңбұзушы­лықтар жиі болатын шығар?
– Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың сақталу тәртібін қадағалау және браконьерлікке қарсы күресті күшейту мақ­са­тында рейдтер жиі ұйымдас­ты­рылып тұрады. Қазіргі брако­ньерлер жүрдек автокөліктерге мінген және соңғы үлгідегі қа­ру­лары бар. Осыған байланысты оларға қарсы бірлескен күзетті күшейтуіміз керек. Биылғы жылы – 261 рейд ұйымдас­ты­рылды, оның ішінде Ұйғыр аудандық ішкі істер бөлімі мен «Охотзоопром» бірлесіп 10 рет рейдке шықты. Осы кездерде анықталған 9 табиғат заңын бұзу фактілері бойынша хаттама тол­тырылды. Биылғы жылы қо­сым­­ша инспекторлық құрамды жаб­дықтау мақсатында арнайы киім-кешектер алынды, 3 авто­көлік берілді.
– Гүлмира Нұрәліқызы, Шарын бүгінде туристердің көп­-теп баратын республиканың кө­рікті жерінің біріне айналып отыр. Туризмді дамыту бағытында қан­дай жұмыстар жүргізіліп жа­тыр?
– Туристік сала бүгінде жас кадрлардың келуін қажет ететін, болашағы зор, серпінді дамып отырған нарық. Туризм жұмыс­пен қамтылмаған немесе ішінара жұмыспен қамтылған халықты тарта отырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, еңбек ре­сурстарын толық және тиімді пайдалану проблемаларын ше­шуге ықпал етеді. Туристік мау­сымның қызған шағында ауыл шаруашылығы, көлік, жергілікті сауда және қолөнер кәсіпші­лі­гінен босаған жұмыс күшін жұ­мыспен қамтамасыз етуге болады. Туристік маршруттар туристік рекреациялық қызмет аймағын­-да орналасқан. Ұлттық парк аумағында жалпы 3 туристік ба­ғыт жасалған. Бірінші туристік бағыт – Шарын ерен тоғайы. Шарын ерен саяжайы туристерді жасы 5 млн жылдан асқан соғды ерені табиғат ескерткішімен та­ныстырады. Шарын ерен тоғайы арасында 7 адамның құшағы әрең жететін алып, қарт ағаштар бар. Бұл әлемде сирек кездесетін ерен­­нің табиғи өскен ортасы. Ол тек бірінші террассада ғана табиғи өседі, ал екінші терассада соғды ерені қолдан өсіріледі, тұрақты суғарылып тұрады. Бұл маршрутта 12 орынды қонақүй, 2 коттедж жұмыс істейді. Оған қоса 2014 жылы Шарын ерен саяжайында демалушыларға арналған 100 орын­дық жазғы демалыс орны ашылып, жолдарына абаттан­ды­-ру жұмыстары жүргізілді.
Ал екінші туристік бағыт – Шарын шатқалы. Шарын шат­қалындағы «Қамалдар мекені» ландшафты-палеонтологиялық табиғат ескерткіші. Шатқалдың ішіне көлікпен түсуге тыйым са­лынған, сондықтан туристер оны жаяу аралайды. Шарын шатқалы әртүрлі формадағы жер бедерінің геоморфологиялық нысан­дары­нан тұрады. Әлем бойынша деп айтуға болады, құндылығы жағы­нан саяхатшыларды қатты қы­зық­тыратын таңғажайып жер. Мұндай қамалдар мен қорған­дар­дан тұратын каньон тек Аме­ри­каның Аризона штатында ғана бар. Шарын шатқалындағы «Қа­малдар мекені» туристер көп ке­летін демалыс орындарының бірі.
Үшінші туристік бағыт – бе­йіт­тер мен қорғандар. Бейіттер мен қорғандар жаяу және авто­мобильді жүргіншілерге арналған маршрут. Қазақстанның ортаға­сырлық тарихына, өлкенің та­рихы­на қызығатын туристерге жол ашады. 2013 жылдан бастап қысқа мерзімді жер пайдалануға Шарын шатқалынан жер учас­-кесі берілді. Шарын шатқалы туристік маршрутының мау­сым­дық инфрақұрылымын дамыту бойынша, қысқа мерзімді жер пайдаланушы ECO PARK TOUR жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі тарапынын жазғы қонуға арналған 10 қамыс үй, 5 киіз үй, 2 күрке, және 1 асхана іске қо­сылып, туристерге маусым бойы қызмет көрсетуде. 
– Шет елдерден келетін ту­ристердің саны көбейді ме, қай елдерден туристер көп келеді?
– Өткен жылдармен салыс­тырғанда демалушылардың саны биыл біршама көп. Биылғы жылы парк аумағына келушілер саны 6283 адамды құрады, оның ішінде шет мемлекеттерден келген ту­рис­тер саны – 2582 адам. Еуропа елдерінен келгені – 860, Азия елдерінен – 714, ТМД елдерінен келгендердің саны – 1008 адам. «Парктер шеруі – 2016» ха­лықаралық табиғатты қорғау ак­циясының аясында 19 іс-шара өткізу жоспарлағанбыз, барлығын орындадық. Оларға облыс, көр­шілес аудандар, 5 жоғарғы оқу орындары қатысты. Жалпы қа­тысушылар саны – 6124. Акция аясында 22 тонна қоқыс шы­ға­рылып, 1880 түп көшет отырғы­зылды. «Парктер шеруі – 2016» халықаралық табиғатты қорғау акциясының қорытынды есебі бойын­ша Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1-орынды иеленді.
— Енді пробле­маларға тоқта­лып кетсеңіз...
– Өкінішке қарай, еліміздегі туризм индустриясын дамытуда кейбір проблемалық мәселелер осы саланы өркендетуге тосқауыл болып отыр. Солардың қатарын­-да аумақтардағы туризм инфра­құрылымдарының жетіспеуі, олар­ды жарақтандырудағы қар­жылық мәселелердің шешілмеуі, дүниежүзілік стандарттарға сәй­кес, сервистік қызмет көрсетуге кедергі келтіруде. Шарын МҰТП-де де осындай проблемалар бар. Атап айтсақ, облыстық маңызды Алматы – Хоргос, Алматы – На­рынқол тас жолдарынан Шарын шатқалына апаратын 32 шақырым кірме жолды салу, өзекті мәселе болып отыр және аумақтағы ин­фрақұрылымды дамытуда мем­­лекет тарапынан қаржы қара­жатының қарастырылмауынан, бұл мәселелердің шешімін табу қиын­­­дық туғызуда. 
– Әңгімеңізге рахмет!