Басты  /  мақалалар  /  Алты алаштың әншісі

Алты алаштың әншісі

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
1455
Алты алаштың әншісі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылғаны мәлім.

Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның үлкен мәдени мұрасын, мемлекеттік тілде гуманитарлы білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді, ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлы тәжірибені біріктіруді, зерттеудегі бірыңғай жүйе қалыптастыруға бағытталған бағдарлама жасауды бұйырған болатын. 
Міне, содан бері бұл бағдарлама біздің өмірімізге етене еніп, ұлттық жобаға айналып кетті десек,асыра айтқандығымыз емес.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын­­-да осы оқу ордасының ректоры Бибігүл Нұрғалиқызының баста­ма­сымен һәм «Дәстүрлі музыка­­-лық өнер» кафедрасының ұйым­дас­тыруымен Қазақстанның ха-
­лық артисі, күміс көмей әнші, ұлағатты ұстаз Мәдениет Еше­кеевтің туғанына 80 жыл толуы­на орай «Бүлкілдер әнге салсам көмекейім» атты алқалы басқосу өтті. Бұл айтулы шараға Мәдениет Ешекеевтің үзеңгілес достары, өнер майталман­дары, шә­кірттері һәм бұқаралық ақпарат құрал­да­рының өкілдері қатысты.


Шараны Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Дәстүрлі музы­калық өнер» кафедрасының до­центі Рамазан Стамғазиев ашып, жүргізіп отырды. Кіріспе сөзден кейін осы оқу ордасының оқыту­шылары Рамазан Стамғазиев пен Мұрат Әбуғазының құрасты­руы­мен жарық көрген «Назқоңыр» ат­ты кітап пен Мәдениет Еше­кеевтің     «Сұржекей» атты үнтас­пасының тұсауы кесілді. Аталған шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Пернебек Момын, Жарқын Шә­кәрім, Еркін Шүкіман, Ардақ Иса­таева; Мәдениет қайрат­керлері: Толғанбай Сембаев, Тал­ғат Мұқышев, Берік Омаров, Жо­ламан Құжыманов; жазушы-публицистер Зәкір Асабай, Жұмабек Табын, халықаралық және республикалық байқау­лар­дың лауреаттары Тілеулес Құр­манғалиев, Шолпан Дар­жа­нова, Талғат Әбуғазы, Бағлан Бәбіжан, Амангелді Күзеубай, сондай-ақ Семей өңірінен ар­найы келген қонақ Советхан Шө­шековтер сөз алып, күміс көмей әншінің өмірі мен өнері туралы мәнді де мағы­налы әңгімелер айтты.
– 1956 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны үз­-дік бітірдім. Сол жылы Мәде­-ниет министрі консерватория рек­торына хабарласып, Өскемен және Семей қалаларында ашы­лып жатқан музыкалық учили­щеге директор бола алатын та­лантты жастарды іздестіріп жат­қанын айтады. Консерватория ректоры Ахмет Жұбанов менің кандидатурамды ұсынады. Сөйтіп оқу орнын бітіре салып, Семей музыкалық училищесінің дирек­торы боп тағайындалдым. 1957 жылдың қыркүйек айында Семей облысы көлемінде өнердің бар­лық саласы бойынша жастар арасында үлкен байқау өткізілді. Мен сол байқаудың қазылар алқасының төрағасы едім. Сол сайыста астына мақталы шалбар, үстіне күпәйке киген, бұйра шаш­ты жас жігіт Абай мен Біржанның әндерін әуелетіп, нәшіне келтіре орындады. Жұрт оны Жүсіпбек Елебековтің магнитофон арқы­-лы айтқан әні екен деп қа­был­дапты. Байқаудың қорытын­ды­сында бас жүлдеге әркім өзінің та­мыр-таныстарын ұсына бас­тады. Мен ешкімге дес бермей, бас жүлдені Мәдениет Ешекеевке алып бердім. Біздің училищеде Ленинградтан жер ауып келген жебірей ұстаз сабақ беретін. Ол әрі талантты әнші еді. Сол мені қызу құттықтап: «Сіз ғажап да­уысты әнші таптыңыз. Мұндай дауысты мен Ленинградта да, Мәс­кеуде де естіген емеспін. Мұн­дай талантты мен Семейде жолықтырып тұрмын» деп қуанды. Мен де оны енді үлкен сахнаға дайындау керектігін айттым. Содан мамыр айында облыстық театрда үлкен мере­ке­лік концерт бердік. Мәдениет Ешекеев нәшіне келтіріп екі ән салды. Көрермен қауым оның өнеріне тәнті болды. Біздің де абыройымыз артты. Бір күні Мәдениет келіп, оқудан шыға­тынын, елге қайтатынын айтты. Себебін сұрастырсам, әкесі тірі кезінде колхоздан 10 мың сом қаржы алып, үш бөлмелі үй салған екен. Колхоз директоры Мәде­ниетке егер осында жұмыс істеп, айлығынан қаржы құйып тұр­маса, үйді тартып алатынын ес­кертіпті. Мән-жайды білген соң, дереу облыс басшысына хат жа­зып, қарызды облыстық қазына­дан жабуды сұрадым. Өтінішім қанағаттандырылды. Тиісті құ­жаттар дайын болған соң, оны колхоз төрағасына тапсыру үшін Мәдениетті бір жұмаға сабақтан босатып, жол қаражатын беріп шығарып салдым. Мәдениет те, оның анасы да мәз боп, қуанысып қалды. Бірақ бұл қуанышымыз ұзақ­қа созылмады. Екі айдан кейін менің үстімнен арыз­дар домалап, Хрущевке дейін ба­рыпты. Сондағы арызда «Мә­дениет Ешекеевті бес сынып­тық біліммен оқуға қабылдады, соған қарамастан оған стипендия төлейді, сабағын қазақ тілінде жүргізеді» депті. Ол рас еді. Мен Мәдениеттің таланты үшін сон­дай қылмысқа да барған едім. «Ағай, сіздің жақсылығыңызды көп көрдім. Енді залалым тиіп кетпей тұрғанда Алматыға ке­тейін» деді. «Мен үшін қам жеме. Өзіңнің болашағыңды ойла. Мә­дениет министріне хат жазып бе­рем. Оны Қаппаровқа апарып бер. Екеуінің де қабылдауында болғаныңда екі өлең айтып бер. Олар сосын сені Жүсіпбек Еле­бековке тапсырар» деп жол пұлын беріп шығарып салдым. Ол дәл солай істепті. Мәдениет ән сал­ғанда Жүсіпбек оны жылап тұрып тың­даған екен. Міне, Мәдениет Ешекеев киелі сахнаға осылай келді, – дейді Өнер академия­сының профессоры Пернебек Момын.
Мұнан кейін сөз алған жа­зу­шы-публицист Зәкір Асабай жезтаңдай әншінің музыкалық білім алуы мен танылуына һәм қалыптасуына Пернебек Момын ақсақалдың көп еңбек сіңіргенін, сондай-ақ әнші туралы «Мәде­ниет және тұрмыс» журналы мен Қазақ радиосында көптеген ма­териалдар дайындағанын тілге тиек етті.


– Жүсіпбек Елебековтің ал­ғашқы шәкірттерінің бірі Мәде­ниет Ешекеев болатын. Ал енді ауылда туып, аймақта жүріп-ақ сол Жүсекеңдер мен Қайрекең­дердің деңгейіне жеткен екі-ақ әнші бар. Біреуі – Дәнеш, екін­ші­сі –Мәдениет, – дейді жазу­шы-публицист Жұмабек Табын. – Бұл кісілер облыс орталығында жүр­-се де халықтың қалаулы әншісі, дарынды дүлдүлі бола білді. Сон­дықтан Мәдениет Ешекеев – Семейдің ғана емес, алты Алаш­тың әншісі.Оның атын осылай ел болып асқақтата берейік.
Мұнан кейін сөз алған Әміре Қашаубаев атындағы филар­мо­нияның әншісі Берік Омаров жел­тоқсан айында Семейде Мә­дениет Ешекеевтің 80 жылдық мерейтойына арналған фести­-валь өтетінін айта келіп, соған қа­ты­суға барлық өнерпаздарды шақырды.
– Күміс көмей әнші Мәде­ниет Ешекеевті 1994 жылдан бері танимын. Ал оның әндерін сонау бала кезден бері тыңдап өстік десем, асыра айтқандығым емес. 1995 жылдан бастап жақын ара­ластық. Үйінде қона жатып та жүр­дім. Басында Бекболат Ті­­леухановқа қатты еліктейтінмін. Мәкеңнің кім екенін толық та­нығанда, ол кісіге деген пікірім толық өзгерді. Оны ұстаз тұта­-мыз, құрметтейміз. Ол кісі кезін­де ауыл-ауылды аралап табиғи дауыспен ән салды. Қазақ өнерін насихаттады. Бармаған жері, бас­паған тауы қалмады. Мен соған қайран қаламын. Оның өнерін жалғастыратын ізбасарлары бар­да, ол кісінің аты өлмейтіні хақ. Біз қазір ол кісі туралы жинақ құрастырып жатырмыз. Ол кітап жыл аяғына дейін жарық көріп қалады, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман.
Сол күні түс ауа өнер орда­сының оқу театр залында Мәде­ниет Ешекеев туралы деректі фильм көрсетіліп, соңы өнер ше­берлерінің қатысуымен үлкен концертке ұласты. Шара басында академия ректоры Бибігүл Нү­сіпжанова «Назқоңыр» жинағы мен «Сұржекей» үнтаспасы­ның тұсауын кесіп, жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.
Қазақстанның халық артисі Мәдениет Ешекеевтің мерей­тойына арналған шаралар 3 қазан күні де өз жалғасын тауып, Жүсіп­бек Елебеков атындағы Респуб­ли­калық эстрада-цирк колледжі­нің оқу театр залында күміс көмей әншінің шәкірттері – «Шабыт» өнер университетінің оқытушысы Толғанбай Сембаев, Әміре Ка­шаубаев атындағы филармо­ния­ның әншісі Берік Омаров, Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқы­тушысы Еркін Шүкіман, Мә­де­ниет қайраткері Қадырбек Қара­шолақов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иман­баевалар шеберлік дәріс­терін өткізді. Ал сол күні кешке Ықылас атындағы Халық музы­калық ас­паптар мұражайында Мәдениет Ешекеевтің ізбасар­лары мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен концерт болып өтті. Бұл кешті белгілі әнші Рамазан Стамғазиев жүргізді.