Басты  /  мақалалар  /  Киелі қобыздың шынайы жанашыры

Киелі қобыздың шынайы жанашыры

Жексен САҒЫМБЕКҰЛЫ
1704
Киелі қобыздың шынайы жанашыры

Қай замандағы болмасын күй өнеріндегі ортақсарын – азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, ел тәуелсіздігін аңсау. 
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ күйлері – халқымыздың ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ жүзеге асырған, тәуелсіздікті жақындатқан ең қастерлі құндылық.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті

 

Әбдіманап Жұмабекұлы – қазақ­тың көне музыкалық аспабы – қыл­қобызды осы заманға сай кәсіби жол­мен оқытып, дамытуға айырықша үлес қосып келе жатқан республикаға танымал, жаңашыл, ұлағатты ұстаз.
Елімізде тұңғыш рет 1977 жылы Ал­матыдағы Ахмет Жұбанов атын­дағы Республикалық арнаулы музы-ка мектеп-интернатында қылқобыз класын ашып, онда 26 жыл сабақ берген. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­то­риясында 20 жыл ұстаздық еткен. Осы жылдарда өзінің жаңашылдығымен оқушыларға қобыз өнерін терең мең­геріп шығуына үлкен ықпал жасаса, тұңғыш рет бастауыш, орта және жо­ғары сыныптарға арнап, «Оқу бағ­дарламасы», «Қылқобызға арналған хрестоматия» оқу құралдарын жаз-
ған алғашқы автор. Бұл күнде Күләш Бай­сейітова атындағы дарынды ба­лаларға арналған Республикалық ар­наулы музықалық мектепте ұстаздық етеді. Шәкірттері – республикалық және халықаралық байқаулардың лау­реаттары. Біз ұлағатты ұстазбен жолығып, әңгімеге тартқан едік.
– Сіз 40 жылдан бері қобыздан оқушыларға сабақ беріп, жаңашыл ұстаз атандыңыз, консерваторияда студенттерге де дәріс беріпсіз. Бұл ма­мандыққа қалай келдіңіз?
– Қазақтың дәстүрлі музыка мә­дениетінде қобыз өнері ерекше орын алады. Ол сонау бағзы замандардан, көне ғасырлардан бері халықпен бірге келе жатыр. Бала кезімде қобыздың атын және қобызшылар туралы ести­тін едім. Мен өскен ортада домбы­рашылар көп болғанымен, қобызшы деген болған емес. Есейе келе, ра­дио­дан қобыздың үнін естіп, қатты қы­зығатынмын. Өзім дүниеге келген Хан­тәңір өңірінде неше бір мықты күйші-домбырашылар өткен. Ата­ларымыз атақты Қожеке Назарұлымен жақын туыс болып келді. Қожекенің баласы Рақыш күйшінің де күйлерін ел арасында естіп, талай күйлерін тың­дағаным бар. Содан болар жас­-тай домбыра тартып, өнер жолын таңдадым. 
– Ал қылқобызды қалай үйреніп жүрсіз?
– Қобызға келетін болсам, өткен ғасырдың басындағы «Қазан» төң­керісінен кейін орнаған Кеңес үкі­-меті бақсы-балгерлерді қудалаумен бірге, олар ұстаған қобызды да «бақ­сылардың аспабы», «ескіліктің қал­дығы», «қарабайыр» деген нәубетке ұшыратты. Соның салдарынан Қор­қыт бабадан қалған киелі қара қобыз қазақтың рухани өмірінен шеттеті­-ліп, бірте-бірте ұмыт болуға айналып еді. Осыны көріп, біліп отырған көзі ашық, қазақтың ұлтжанды азаматтары қобыздың жоғын жоқтап, қалайда сақтап қалудың жолдарын іздеп, қай­тадан жаңғыртуды қарастырды. Cо­лардың бірі – 1968 жылы Алматы консерваториясының ректоры Ер­кеғали Рахмадиевтің бастамасымен тұңғыш рет оқу орнында қылқобыз сыныбын ашты. Ә дегенде консер­ва­торияның дайындық бөліміне сегіз студент қабылданып, оған алғашқы кезде Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген әртісі, әйгілі қобызшы Жаппас Қаламбаев ұстаздық еткен екен. Бір жыл болмай, ол кісінің қайтыс бо­луына байланысты оның ісін бас қобызшы әрі қазақ музыка аспап­тарын зерттеуші ғалым Болат Сары­баев жалғастырады. 1970 жылы то­ғызыншы болып, бұл класқа мен ке­ліп түстім. Екінші семестрден бас­тап, яғни 1971 жылы қаңтар айының соңында бізге әйгілі қобызшы Дәу-лет Мықтыбаев келді. Дәукең Болат Сарыбаевпен бірге өмірінің соңына дейін алты-жеті жыл консерватория­-да қылқобыз сыныбынан бізге сабақ берді. Дәукең өзі жақсы білетін Қор­қыт, Ықылас күйлерін, оның ғасыр­лар бойы қалыптасқан орындау­шы­лық дәстүрін, әдіс-тәсілдерін түгелдей қолма-қол үйретіп, бойындағы бар өнерін біз сияқты шәкірттеріне беріп кетті.
– Дәулет Мықтыбаевтың класы-нан қанша қылқобызшы бітіріп шықты?
– 1968-1970 жылдары дайындық курсына қабылданған тоғыз талапкер болған едік. Алайда солардың ішінде үш-төртеуміз ғана жеті жыл Дәулет пен Болат ағадан дәріс алдық. Дәу­кеңнің үйреткен барлық күйлерін мең­­геріп, оған қоса кәсіби білім алып шықтық. 1975-1977 жылдары Базар­хан Қосбасаров, Қуаныш Ажмұратов, Құдайберген Нұрмановпен бірге аталмыш оқу орын бітірдік. Бірақ бұл республика бойынша тым аз еді. Кон­серватория мұндай қарқынымен қыл­қобызшылардың қатарын кө­бей­тіп, өнерді өркендетуі мүмкін емес еді. 
– Осы кезде Ахмет Жұбанов атын­дағы Республикалық арнаулы музыка мектебінде қылқобыз класы ашылып, сіз алғаш мұғалім болыпсыз. Оған кім себепкер?
– Кеңестік жүйенің қобызға деген кедергісі көп болды. Олар қылқо­быз­ды халыққа құбыжық етіп көр­сетті. «Қобыз – бақсы, балгердің ас­пабы» деген желеумен насихатталды. Содан болар киелі қобызды бағалау мен құр­меттеу ел ішінде алыстап кетті. Бізде осындай сөзді естіп, оқыдық. Консер­ваторияға алғашқы оқуға түскендер­дің көбісі осындай сөздерге намыс­танып, қылқобыздан қашып, басқа мамандықтарға ауы­сып немесе оқуды тастап кетті. Кон­сер­ваторияның өзі бұл мамандыққа әрең оқытып жат­қанда басқа музы­калық оқу орында қылқобыз сыны­бын ашу деген оңай шаруа емес еді. Ол үшін жоғары жақ­тан рұқсат керек болатын. Соған қа­рамай қобызға шы­найы жанашыр адамдар жоғалып бара жатқан өнерді қалай да ұстап қалуға әрекет жасады. Дәл осындай қиын ке­зеңде үлкен тәуекелге бел байлап, «ертең қыз­метіме, беделіме нұқсан келіп жүрер» демей, мәрттік жасаған, басын бәйгіге тігіп, үлкен ерлік жа­саған адам қыл­қо­быздың шынайы жанашыры Пер­небек Момынұлы еді. 
– Ол кісі қандай ерлік жасады?
– Пернекең Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық арнаулы музыка мектебінде ол кезде директор болатын. 1977 жылы республика-да тұңғыш рет қылқобыз сыныбын ашып, оған ұстаздыққа Алматы кон­серваториясын жаңа ғана бітіріп жат­қан мені Оқу министрлігі арқылы жолдамамен шақырып алды. Өйткені бірден консерваторияға келген талап­керлер көп уақыт өткізіп, біршама буындары қатып кеткен кезде келіп түседі. Сол себепті олар көп нәрсеге үлгермейтінін мамандар білді. Сол үшін бұл аспапты мектеп қабырға­сынан бастап оқытуды алғаш рет жол­ға қойып, сіресіп тұрған сеңді алғаш бұзған адам. 
– Сізге мектеп директорының на­зары қалай түсті?
– Шынымды айтсам, осы іске о баста себепкер болған ұстазым Дәулет Мықтыбаев болатын. Күні бүгінгідей көз алдымда, 1976 жылы жазға салым Дәукең мені Жұбанов атындағы Республикалық арнаулы музыка мектебінің директоры Пер­небек Момынұлына ертіп апарып: «Кеш болмай тұрғанда айтып қояйын, осы бастан ойлан. Мына бала келесі жылы консерваторияны бітіреді. Сен мектебіңнен қылқобыз сыныбын ашып, жұмысқа ал, бұл аспап сонда ғана жалғасын тауып, дамиды» деп салмақ салған еді. Пернекең сол жер­де «жарайды» деп уәдесін берді. Ке­ле­сі жылы уәдесінде тұрып, мек­тептен қылқобыз класын ашып, ұстаздыққа мені шақырды. 
– Мектепке алғаш ұстаз болғанда қиындықтар көп болды ма?
– Кезінде мұның өзі тыңнан жол салғандай едәуір күрделі мәселе бол­ған. Себебі, ол кезде қобызға деген халықтың түсінігі басқаша. Оны көп ел қарабайыр, мүмкіндігі төмен, ор­кестрге жарамсыз аспап деп санай­тын. Кез келген ата-ана баласын қо­бызға бере бермейтін. Сондықтан оны мектепте мамандық ретінде оқыту деген әлі ешкімнің ойына келе қой­маған дүние.Өз басымнан да көптеген қиыншылықтар кездесті. Мектепте не аспап жоқ, не қобызға арналып жа­зылған оқулық та, әдістемелік нұсқау да, бағдарлама да болмаған. Оның үстіне сол кездегі халықтың қылқо­бызға деген ниет-түсінігінің төмен­-дігі соншалық, аспапты ойнаған баланы былайғы жұрт «бақсы» деп мазақтаса, оқушымыз одан ат-тонын ала қашатын кез. Балаларды, ата-аналарды үгіттеп қобызға тарттық. Кейбіреулер бас тартты. Ондай бала­лардың үйіне барып, үгіттеп жатып қайта алып келген кезім де болды. Қобызға қайта оралмай кеткен шә­кірттеріміз де көп болған. 
– Қазіргідей оқулық жоқ, не бір сүйенетін әдістемелік оқу құралдары болмаған кезде шәкірттерді неге сүйе­ніп оқыттыңыз? 
– Ұстаздық қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап қылқобызға қажетті репертуар, әдістемелік нұс­қаулар, бағдарлама, оқулық-хресто­матия сияқты оқу құралдарын да­йындауды қолға алдым. Ол бірден қалыптасқан жоқ. Әр сабағыма тиянақты дайындалдым. Негізінен виолончель мен скрипканың орын­даушылық әдіс-тәсілдеріне жүгіндім және көбінесе виолончельдің репер­туарынан қылқобыздың табиғатына келетіндерін аспапқа лайықтап тү­сірдім. Көп дайындық пен ізденістің арқасында қылқобызға тән орын­даушылық-шеберлікті жетілдіріп, техникалық мүмкіндіктерін жаңа са­тыға көтеру жолында біршама жаңа, заманауи әдіс-тәсілдерді қолданысқа енгіздім.
– Сонда сіз бұрынғы дәстүрлі ұстау әдісінен өзгеше әдіс-тәсілге көш­тіңіз бе?
– Солай деуге де болады. Мысалға, ертедегі қобызшылар қобызды жерде малдас құрып отырып ойнаған және қобызды ұстау әдісі де соған лайық болды. Яғни, ондай кезде қобыздың бойтұрқы жоғары шығып тұратын да, басын қазіргідей иыққа, кеудеге ті­ремей, бір жақ шекеге сүйеп немесе денеден алыс ұстап, мойнынан сол қолдың басбармағымен мықтап ұстап алып ойнайтын. Ондай кезде сол қол­ды қобыз мойнымен жоғары-тө­мен жылжытуға мүмкіндік болмайтын.
Заманға қарай қазіргідей қобызды орындыққа отырып ойнауға байла­нысты оны ұстау тәсілі де міндетті түрде өзгерді. Осы күні аспапты әркім әртүрлі етіп ұстап жүр, бірақ мен өзіме тән әдіс-үлгіні таңдадым. Мұнда қобыздың түбін екі тізенің арасына қысып, басын иектің сол жақ астына сүйеп, бос тастап қою арқылы бас­бармақты мойыннан босаттық. Сөй­тіп сол қолдың жоғары-төмен еркін жылжып тұруына толық жағдай ту­ғыздық. Бұдан орындаушының тех­никалық мүмкіндігі еселеп артатыны өзінен-өзі түсінікті.
– Сіздерге дейін қобыз күйлері нотаға түспей ойналды. Ал нотаға түскеннен кейін бұрынғыдай еркін көсіле алмай, мүмкіндігі шектеліп қал­ған жоқ па?
– Бізге жетіп, нотаға түскенге дейін ертеде қобыз күйлері еркін ойналған. Яғни, әр қобызшы өзінің естігені бойынша, қарым-қабілетіне, көңіл күйіне қарай күйді қалаға­нын­ша әрлеп, дамытып, өзінше мәнерлеп ойнаған. Біздің ұстазымыз – көнеден жеткен қобыз дәстүрінің соңғы өкілі Дәулет Мықтыбаев бір күйдің өзін әр кезде әр қалай ойнайтын (әрине, негізгі мазмұнын жоғалтпайды). Бұл жерде ол кісілердің кінәсі жоқ. Бү­гін­гідей нақты жазылған нотасы бол­маған соң өзінің түсінгені бойынша, көңіліне қалай жақса солай, ой-қия­лының жеткенінше еркін ойнады. Осы күні кейбір кәсіби қылқобыз­шыларымыз (жаңағы көне көздерді көрмегендер) сол дыбыс жазбалар­дағы жазылып қалған жалғыз түрін алады да, күндіз-түні тыңдап, әрбір нота, әрбір штрих, тіптен үтір-нүк­тесіне дейін айнытпай жаттап алып, өзі соның көшірмесіне айналады. Өзіндік бет-бейнесі, дамуы жоқ. Оның үстіне ол күйлер ертеректе әр түрлі жағдайда жазылып кеткендіктен, сарындар (темалар) әр күйде жүйесіз қайталана береді де, былайғы жұрт көп күйлерді бірін-бірінен ажырата ал­-май қалады. Бұл да қазіргі өр­ке­ниетті за­ман орындаушыларына аса жарас­пайтын жайт. 
Бүгінде күйлер түгелдей нотаға түскен. Ендігі жерде әр күйдің өз нұсқасы, болмыс-бітімі сақталуы ке­рек. Бей-берекет араластырып, (за­писте солай ғой деп) ойнай беру жақ­сылық емес. Дәукең бізге үйреткенде де жаңағы дыбыс жазбадағыдай бірі­-не бірін қосып жібермей, әр күйді өзінше жүйелеп үйретті, біз де нотаға сол бойынша түсірдік. Бұрынғы күй­шілердің және бір ерекше қасиеті олар күйдің мәтініне, әрбір нотасына аса қадалып отырмайтын. «Жобасын, негізін алсаң болды, ары қарай өзің жетілдіріп әкетесің» дейтін. 
– Жалпы әр заманның өзіне лайық талап-тілегі, өз сұранысы болады. Бұл заңдылық музыка өнеріне де қатысты. Ол уақыт көшінен қалмай, үнемі да­мып, жетіліп отыруы керек. Осыған пікіріңіз қандай?
– Бұрын қылқобызда тек жеке күй тартып, әуен, сарындар ойнап, жыр, термелерді сүйемелдеумен шектелсе, қазіргі кәсіби білім алған қобызшылар заман талабына сай күйсандықтың сүйемелдеуімен және халық аспап­тар оркестрлерінде, ұлттық ан­сам­бль­дердің құрамында дүниежүзі ха­лық­тарының алуан түрлі музыкалық шы­ғармаларын ойнауына тура келеді. Сол себепті олар скрипка, виолон­чель, контрабас сияқты дүние жүзіне кең тараған, әбден жетілген ыспалы музыкалық аспаптардың орын­дау­шылық әдіс-тәсілдерін, сан қырлы штрихтарын да міндетті түрде жақсы меңгеруі тиіс. 
– Мықты шәкірттеріңіз көп. Олар­дың арасында елге танылып жүрген­-дерін атап бере аласыз ба?
– Менің класымнан бітіріп шық­қан шәкірттерімнің бәрі дерлік рес­публикалық және халықаралық бай­қаулар мен фестивальдердің лау­реат-
тары. Нағима Тұрманова, Гүлназ Шабанбаева, Батырбек Байназаров, Әлқуат Қазақбаев, Раушан Ораз­-баева, Жанар Жетпісова, Ақнар Ома­рова-Шәріпбаева, Ардақ Итекеева, Ағайша Жұрбай, Алмат Сайжанов, Мақсат Медеубек, Айман Қарсыбаева, Дариға Қабдырова, Әділет Әзібаев, Мөлдір Ерболқызы, Олжас Құр­ман­бекұлы, тағы басқалар бүгінде елі­міздің жоғары және орта музыкалық оқу орындарында, ең маңдайалды оркестрлері мен ансамбльдері құра­мында жемісті еңбек етіп, қобыздың құдіретін әлемге танытуда. Бұл – біз­дің тәуелсіздігіміздің арқасы. Күні кешегі алғашқы қылқобыз класының саны қазір өскен. Әр облыстарда бар. 
– Сұхбатымыздың соңында от­басыңыз туралы да білсек дейміз. Бала­ларыңыздың ішінде өзіңіздің жолы­ңызды қуып, музыкант болғандары бар ма?
– Жұбайым – Ләмсия Рахметол­дақызымен бірге 44 жыл бақытты ғұмыр кешіп келе жатырмын. Ол кісі­нің мамандығы басқа. Отбасымызда Асылан, Лаура, Салтанат, Рауан есім­ді екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардың бәрі де – жоғары білімді, бі­лікті мамандық иелері. Солардың іші­нен Лаура деген қызымыз Күләш Байсейітова атындағы мектепті, содан кейін Алматы консерваториясын музыка теориясы мамандығы бойын­ша бітіріп, орыс тілінде «Казахское кобызовое искусство: генезис и эво­люция» деген тақырыпта ғылыми дис­сертация қорғады. Жұбайым екеуміз бүгінде сол 4 баладан 11 не­мере сүйіп отырған жайымыз бар. Шүкір, тағдырымызға ризамыз. 
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Жексен АЛПАРТЕГІ