Басты  /  мақалалар  /  Динар НӨКЕТАЕВА: Жемқорлардың аты-жөні жарияланып отырады

Динар НӨКЕТАЕВА: Жемқорлардың аты-жөні жарияланып отырады

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
793
Динар НӨКЕТАЕВА: Жемқорлардың аты-жөні жарияланып отырады

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті. Елбасымыз Н.Назарбаев өз Жолдауында «демократиялық қоғам жағ­дайында қылмыс пен сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік саясаттың басым бағытта­рының бірі» деп қадап айтқан. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Алматы қа­лалық филиалының ұйымдас­ты­руымен жуырда жемқор­лыққа қарсы іс-шараларды тал­қылаған үлкен отырыс болып өтті. Біз осы жиыннан кейін АҚФ жанындағы Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, қалалық Мәслихат депутаты Динар Нөкетаеваға жолығып, осы күрделі мәселенің түйінін тар­қатып беруді сұраған едік. 

 

 

– Динар Жүсіпәліқызы, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың көрінісі мемлекеттік органдарда, басқа да салаларда көрініс алып отырғаны қоғамдық мінберлерден айтылып қалып жүр. Осы арада елдің дамуына тежеу болатын қауіпті дерттің алдын алуға, бол­дырмауға «Нұр Отан» партиясының ықпалы қаншалықты дәрежеде?
– Жемқорлық – мемлекеттің дамуына тежеу болатын, оның болашағына кері әсерін тигізетін аса қауіпті індет. Сол себептен де, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2025 жылға дейінгі стра­тегиялық бағдарламасын бекіте отырып Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың: «Жемқорлықты жеңу – жалғыз мемлекеттің қолынан келмейді, бұл мақсатта үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ықпал­дастықта болу қажет» деп қадап айтқан тапсырмасы бар. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыға келген жұмыс сапарында «Сыбай­лас жемқорлық жоқ ел – өркен­деуші ел» партиялық жобасы аясындағы көпшілікпен өткізілетін іс-шаралардың мазмұндылығын, сапасын жаңаша сатыға көтеру талабын қойды. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, білім беру мен тәрбиелеуді ұштастыру, партия мен мемлекеттік органдар­дың осы саладаға іс-шараларын үйлестіру, халықтың жемқорлық көріністеріне «нөлдік төзбеу­шілігін» бағыттау – Қоғамдық кеңесіміздің тікелей міндеті болып саналады. Басты мақсатымыз – жемқорлықтың салдарымен күресу ғана емес, оның шығу себептерін анықтап, болдырмаудың алдын алу. Осы орайда өткен жылы қа­былданған Алматы қаласының аймақтық сыбайлас жемқорлық­пен күрес Бағдарламасына пар­тиялық ұстанымымыз бен көз­қарасымызды білдіретін бірқатар ұсыныстарымыз енгізілді.
– Атап айтқанда, ол қандай ұсы­ныстар? 
– «100 нақты қадам» Ұлт жос­парында белгіленген талаптарға сәйкес, партиялық Қоғамдық кеңес пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро­сы­ның Алматы қаласы бойынша Департаментімен бірлесе жем­қорлықпен күрес шараларын жүйелі өткізу үрдісі енгізілді. Қала әкімі, партия АҚФ төрағасы Бауыржан Байбектің бастамасы­мен қоғам алдындағы ашықтықты енгізу мақсатында әр тоқсан сайын мемлекеттік органдар мен мекеме­лердің есебін тыңдау жүктелді. Бұл бастама бойынша Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында қалалық Білім беру және Денсау­лық сақтау басқармаларына қа­расты бюджеттік мекемелердің есептері тыңдалды. Өйткені, 2015 жылы қалалық филиалға келіп түскен 2,5 мың арыз-шағымның 500-і (23%) білім мен денсаулық саласына қатысты болған. 
Сондай-ақ өткен жылдың со­ңында жүргізілген сауалнамалық зерттеулерге қатысушылардың 15%-ы медициналық мекемелерде сұғанақтық фактілері барын, 21%-ы парақорлық пен кадрлық мәселелерде жершілдік, таныстық көріністерінің кездесетінін атап өтті. Кейбір бас дәрігерлердің 2-3 лауазымдық жалақыны (қағаздағы тұлғалар) арқылы өзі алып отыр­ғандығы, қызметтік автокө­ліктерді жеке бастық мүддеге пайдала­натыны анықталды. Қала әкімінің ұсынысынан кейін емхананың бас дәрігерлері, мектептің дирек­торлары, балабақшаның меңгеру­шілері өздеріне бөлінген қара­жаттың кіріс және шығыс есебін ашық көрсете отырып, қалай, қайда жұмсалғаны туралы қоры­тынды ақпаратын жергілікті баспасөзде үзбей жариялап келеді. Нәтижесінде – әлеуметтік сала мекемелері мен ұйымдарындағы заңбұзушылық көріністері туралы шағымдар үлесі азайды. Оны партияның АҚФ Қоғамдық қабылдауына биылғы жыл басынан бері келіп түсіп жатқан өтініш хаттардың мазмұнынан байқауға болады. Яғни жергілікті жерлердегі ашықтық пен жариялылықтың нәтижесінде, адамдардың жемқор­лыққа қатысты шағымдануы тыйылғанын көріп отырмыз.
Тағы бір маңызды мәселе – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген қаржының тиімді пай­далануын депутаттық фракциямен бірлесе бақылау. Жуырда өткізген бірлескен кеңесімізде «Нұр Отан» партиясының қалалық Мәсли­хаттағы фракциясының жетекшісі Мұрат Әділханов Алматы қаласы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаржының игерілуінде заңбұзу­шылықтың жоқ екенін мәлімдеді. 
Реті келгенде айта кетейік, АҚФ төрағасының бірінші орын­басары Жұлдыз Омарбе­кованың жетекшілігімен осы салада қордаланған мәселелерді бірігіп шешу мақсатында ПИК-тердің төрағалары мен қызметкерлерін партия қатарына қабылдау жұ­мыстары қолға алынуда. Биылғы жыл басынан бері 209 төраға мен 684 қызметкер партияға қабыл­данды. Жаңадан құрылған баста­уыш партия ұйымдары арқылы ПИК қызметінің ашықтығын қам­тамасыз ету, тұрғын үй қорының сапалық жағдайы мен балалар ойнайтын алаңдарды жақсарту, аулаларды асфальттау, коопе­ративтердің жинақталған жарна­ларды тиімді пайдалану сияқты өзекті мәселелер назарда ұсталып, тұрғындар арасында заңдылық­тарды сақтауды түсіндіру шаралары жүзеге асырылуда. Бұл бағытта Қоғамдық кеңес мүшелері де түрлі әлеуметтік топтармен кездесулер өткізіп, құқықтық кеңестер беріп келеді және қызмет аясын кеңейте беретін болады.
– Ал азаматтардың құқықтық сауатын көтеру мақсатында тағы қандай партиялық іс-шаралар өткізіліп отыр?
– Азаматтардың құқықтық сауатын көтеру – қоғамдық мәні зор мәселе және партияның ұдайы назарында тұр. Қарапайым тілмен айтқанда, еліміздегі қол­даныстағы заңдылық талаптарын білмесең, кез келген жанның өз құқығын қорғауы қиынға түсетінін ұғындырамыз. Қолданыстағы заң талабына сәйкес, барлық мем­лекеттік органдар мен мекеме­лердегі лауазымды тұлғалар, партия мүшелері өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті екендігі белгілі. Оларға жаңадан қабылданған қосымша құқықтық нормативтер мен ережелерді тү­сіндіру, ашық пікір алмасу жем­қорлық көріністеріне жол бермеу­ге өзіндік ықпалын тигізетіні айқын. Осы себепті, Қоғамдық кеңестің бастамасымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы және мәдениетті қалыптастырудағы партияның рөлі», «Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалып­тастыру және нығайту» атты тақы­рыптар аясында семинар-кеңестер ұйымдастырылды. Арнайы ша­қырылған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік пен Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Алматы қа­ласы бойынша Департамент­терінің өкілдері антикоррупция­лық заңнаманың сақталуын қатаң қадағалап отыру, бұл бағыттағы мемлекеттік қызметкерлердің та­нымдық деңгейін ұдайы кеңейтіп отыру жұмыстарына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Сыбайлас жемқорлықтың салдары мен себептерін анықтау кезінде жергілікті менталитет, ұлттық және діни ерекшеліктер, құ­қықтық мәдениет деңгейі сияқ­ты әлеуметтік факторлар назарда ұсталуы тиіс екендігі түсіндірілді. Лауазым иелерінің, мекемелердегі жауапты қызметкерлердің қара­пайым адамдардың жүйкесін тоз­дырып, шаршатуы – жемқорлыққа итермелейтін тіке жол болып табы­латынын ұмытпау лазым. Бұл орайда, жауапкершілікті түсіне білетін, білікті де білгір мамандар ғана еліміздің құқықтық саясат тұрғысынан алға басуын, кемел­денуін қамтамасыз ете алады. Қоғамды шырмаған сыбайлас жемқорлықты жеңу – мемле­ке­тіміздің нығаюына, әлемдегі ең да­мыған 30 елдің қатарына қо­сылуға кепіл бола алады. Бұл ретте, Қоғамдық кеңесте Денсаулық сақтау, Сәулет және қала құры­лысы, Жер инспекциясы, Көші-қон, Жол полициясы басқарма­ларының сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстарының нәтижелері тыңдалып, тиісті қорытындылар қабылданғанын айта кеткенді жөн санаймын. Алдағы уақытта өзге де басқармалардың қызметін тыңдау жоспарда тұр. Әрине, үлкен қала­дағы 26 мемлекеттік органның бүкіл қызметін бір ғана Қоғамдық кеңес қамти алмайтыны түсінікті. Бұл арада біздің сүйенетініміз – «Нұр Отан» партиясының қалалық Мәслихаттағы фракциясы, Пар­тиялық бақылау комиссиясы және аудандық филиалдар. 
Құқыққа қайшы іс-әрекеттің салдары жеке бас үшін ғана емес, тұтас қоғамға зиянын тигізетінін түсінетін адам теріс қылықтан бо­йын аулақ ұстайтыны рас. Қазіргі таңда жемқорлықпен күрестің қажеттілігін жастар санасына да сіңірудің маңызы ерекше. Себебі, мемлекеттің болашағы – жас­тардың қолында. Соған бай­ланысты «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты тақырыппен өткен қалалық жастар форумында білім мекемелеріндегі сыбайлас жем­қорлықтың кез келген көрініс­теріне мүлдем төзбеушілік жағдай қалыптастыру мәселелерін тал­қылауға ұсындық. Иә, жемқор­лыққа апарар кез келген құқық бұзушылық пен заңсыздыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Бұл Қоғамдық кеңес мүше­лерінің ғана емес, барлық дең­гейдегі мемлекеттік қызметкер­лердің, «Нұр Отан» партиясы бел­сенділерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, көлеңкелі эконо­ми­каға тосқауыл қоя алатын бизнес қауымдастығы мен барша аза­маттардың ортақ міндеті. 
– Биылғы Мәжіліс пен мәс­лихат сайлауынан кейін өкі­летті органдар­ға да, билік буындарына да белсенді әйел саясаткерлер көптеп келе баста­ды. «Нұр Отан» партиясының құрамындағы өзге­рістерден де осы үрдістің нәтижесін көріп отырмыз. Қалалық фи­лиалдың, оған қарасты құрылым­дардың, комиссиялардың бірқатар жетекшілері әйел азамат­шалар. Қоғамдық-саяси өмірі күр­делі, әлеуметтік тұрмысы сан қырлы ірі мегаполисте саясатпен айналысу нәзік жандыларға қиын емес пе?
– Біздің еліміз – экономикасы енді өркендеп, демократиялық институттары жаңа қалыптасып, дамыған 30 елдің қатарына қо­сылуға бағыт алған жас мемлекет. Әлемдік қауымдастық толық мойындаған қуатты мемлекет. Бұл бүгінгі жағдай. Ал осыдан ширек ғасыр бұрын қандай едік? Өтпелі кезеңдегі жай-күйімізді айтам. Дүниені тығырыққа тіреген дағ­дарыс толқынында білек сыбанып, бел шешіп, ең алдымен, беймәлім нарыққа белсене кіріскен кімдер еді? Әрине, біз – әйелдер қауымы. Оны ешкім жоққа шығара алмай­ды. Басқа жұрттан қалыспай шет­ел­дерден зат та тасыдық, базарда да тұрдық, үйге де қарадық, бала­ларды да тәрбиеледік – қысқасы бәріне үлгердік. Сондай қиын ке­зеңнің өзінде ешнәрседен жүрек­сін­беген нәзік жанды замандас­тарым мынандай бақытты заманда ел басқару ісіне араласса, неден жасқануымыз керек? Меніңше, әйелдер араласқан ортаның бә­рінде береке-бірлік, мейірімділік, әдептілік, әділеттілік басым бола­ды. Ең бастысы, Елба­сы, партия­мыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен биліктегі ер-азамат­тар біздерге сенім артып, Мәжі­лісте, жергілікті мәслихат­тарда, мем­лекеттік органдарда, партия ұйым­дарында басқару тізгінін сеніп, ұсынып отыр. Ендігі мақ­сат – сол сенімді ақтау, берілген тап­сыр­маларды жүзеге асыру жолында ел-жұртты ұйымдастыру. Өзара түсіністік пен қолдау бар жерде бірігіп жұмыс істеу аса қиындық тудырмайтынын өз тәжірибемнен көріп жүрмін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ