Басты  /  мақалалар  /  Елбасы арманы– халықтың мұраты!

Елбасы арманы– халықтың мұраты!

Жомарт Молдахметұлы
2592
Елбасы арманы– халықтың мұраты!

Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдың  қаңтар айында жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деп аталатын мақаласы тұрғындардың әсіресе, зиялы қауым арасында айрықша қызығушылық тудырумен қоса, оларды еліміздің алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді жүзеге асыруға жігерлендіре түсуде. Елбасы мақаласын барлық аймақтардағы жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттері, өндіріс орындары мен жекеменшік кәсіпорын қызметкерлері де қызу талқылап, өздерінің ой-пікірлерін айтуда. Әр салада жұмыс жасап жүрген үш ғалым Елбасының осынау маңызды мақаласы туралы ой-пікірлері біздің сөзіміздің нақты дәлелі. 

 

Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, 
экономика ғылымдарының докторы: 

– Мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың респуб­ликалық баспасөзде жарияланған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласын бірнеше қайтара оқып шығып, егемен еліміздің ертеңгі бақытты болашағы, қазақстандықтардың әл-ауқатты, шаттыққа толы өмір сүруі үшін баршамыздың алдымызда қандай асқаралы міндеттер тұр­ғанына нақты көз жеткіздім. Ел­басы өзінің дәл осы мақаласында мешін жылының 1 қаңтарында 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын жұртқа жария етті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында «Біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізумізге жол ашады» – деп айрықша атап көрсетті. Елбасының мұндай биік рухты сөзі біздің барлығымызға айрықша қуат беріп, жаңа биік­терге жігерлендіре түседі. 
 Экономист-ғалым ретінде осы мақалада атап өтілген бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу жайына тоқталғанды жөн санаймын. 
Ұлт Көшбасшысы, Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, үшінші ре­фор­маторлық бағыт – индус­­трия­ландыру мен экономи­калық өсім­­­ді қамтамасыз ету, елімізде жүзеге асырылуы тиісті өндірістік жаңғыртулар кешенімен тіке­лей байланысты. Ол үшін ең ал­дымен, экономикада орын алып отырған транзакциялық шы­ғындарды ұдайы қысқарту жө­ніндегі ұзақ мерзімді ұстанымды барынша ілгерлетуіміз қажет. Бұл – сөз жоқ, мемлекеттік инс­титуттардың жұмысымен тығыз байланысты. Бұған қоса, мұнда салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жақсартуға бағытталған шараларға айрықша назар аударылып, осы бағытта атқарылуы тиісті іс-шараларға зор маңыз берілуі қажет. Ең бастысы, салықтық және кедендік жүйелерді кіріктіруіміз керек. Сөйтіп, біртіндеп тауарлы-көліктік жүк-құжат бақылауын енгізуіміз қажет. Мұның бір ерекшелігі, құжаттардың сәйкестендендірілуі пішін негізінде салықтық және кедендік тексерулер рәсімін ана­ғұрлым оңтайландыруға мүм­кіндік туады. Тағы бір маңызды мәселе, ол алдағы уақытта табыс пен мүлікті жалпыға ортақ дек­лара­циялауға кезең-кезеңімен көшу қарастырылуда. Бұл жөнінде Елбасы өзінің осы мақаласында «2017 жылы декларацияларды мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, ұлттық ком­па­­ниялардың қызметкерлері – бұл шамамен 1,7 миллион адам ұсынатын болады» деп нақты атап көрсетті. Ал 2020 жылдан бас­тап барлық жеке тұлғалар жал­пыға ортақ декларациялаумен қам­тылмақ. Егер саралай білсек, бұл – экономикамыздың дамуы мен ілгерілеуі үшін ауадай қажет ірі қадам. Сондай-ақ Елбасы өзінің «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деп ата­латын мақаласында алдағы жыл­дары қолданыстағы салықтық режимдерді оңтайландыру жос­парланып отырғанын, 2017 жыл­­­­­­дан бастап салықтық кірістер мен шығыстардың есебі міндетті түрде енгізілетінін атап өтті. Мұндай іс-шараны жүргізу көлеңкелі экономика деңгейін едәуір төмендетуге мүмкіндік беретіні даусыз. Тағы бір маңызды іс-шара, ол – монополияға қар­сы қызмет жанынан бұрын-соңды елімізде болмаған жаңа институт – монополияға қар­сы заңбұзушылықтардың қорытын­дылары бойынша қабылданған шешімдердің дұрыстығы мен ашықтығын қамтамасыз ететін келісім комиссиясы құрылды. Нарық жағдайында мұндай инс­титуттың құрылуы, бұл – өмір та­лабы. 
 Маңызды мәселенің тағы бірі, ол – қолданыстағы Жер ко­дексіне бірқатар өзгерістердің енгізілуі болып отыр. Енгізілген өзгерістер ауыл шаруашылығын, сондай-ақ, жекеменшік шаруа­шылықтарды дамытуға игі ық­пал етпек. Мысалы, осы заң өзгер­тілгелі бері елімізде бірнеше жүз мыңнан астам агроөнеркәсіп шаруашылықтарына өздері бұған дейін жалға алып, пайдаланып келген сан миллион гектар жер­ді жекеменшікке алуға мүм­кіндік берілді. Бұл – сөз жоқ, ауыл ­шару­шалығын дамыту бағы­тын­дағы ірі қадам. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасы өзінің мақаласында тәуелсіз Қазақ елінің экономикасын дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылуы тиісті іс-шараларды белгілеп беріп ғана қоймай, оларды жүзеге асырудың тиімді де шынайы жолдарын барынша пысықтап, көрсетіп берді. Мақаланың мәні мен маңызы да міне, осында.

 

Тілеген АХМЕТОВ, 
Қостанай мемлекеттік педа­го­ги­калық инс­титуының проректоры: 


– Шын мәнінде, қазақ­стандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастыру төртінші рефор­маның негізі болып отыр. Жалпы біздің елімізде болашағы біртұтас ұлт қалыптастырудың басты екі негізі бар. Сөз жоқ, біріншісі – осы­дан тура 21 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы. Бұл ұйымның алдына қойылған басты мақсат – елімізде ұлтаралық татулық пен келісімді барынша нығайтып, «тілі басқа болса да тілегі мен ар­ман-мұраты бір» барлық ұлттар мен ұлыстарды ортақ мақсат жо­лында бір атаның балаларындай біріктіру. ҚХА бүгінгі күні осындай ортақ мақсат пен ортақ мүддені толық орындап ғана қоймай, тәуелсіз Қазақ елі өркендеуінің басты тірегіне айналып отыр. Ал екінші негізі, ол – Елбасы бел­гілеп, жүзеге асырудың жолдарын батыл көрсетіп берген Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру. Осынау жалпы ұлттық идея бүгінгі күні көп ұлтты қа­зақстандықтарды біріктіруші алып күшке ие болуда. Егер са­ралай түссек, қазіргі күні туған жер, отанды қорғау, «Ел» деген қасиетті де киелі ұғым барша қазақстандықтар үшін ұлы құн­дылықтарға айналды. Ең бас­тысы, Қазақстан атты кең байтақ елімізді әлемдік өркениетке сай да­мытуға жастардың орасан зор үлес қосуы қажет екендігі ақи­қат. Педагог-ғалым ретінде ме­ні қуантатыны сол, соңғы уа­­қытта қазақстандықтардың жаңа һәм қолынан іс келетін жас ұр­пағы өсіп-жетілді. Алайда бір артықшылығы, кейінгі толқын жастардың дүниетанымы алдыңғы буын аға ұрпақ өкілдерінің дү­ниетанымынан әлдеқайда өз­геше. Олар өз пікірлерін ашық айтады және белсенділіктері өте жоғары. Сондықтанда бү­гін­гі студент-жастар – тәуелсіз еліміздің ертеңгі білікті мамандарының Елбасы белгілеген «Қазақстан – 2050» стратегиясын батыл жүзеге асырып ғана қоймай, Қазақстанның жұ­мыр жер бетіндегі өркениетті да­­мыған 30 елдің қатарынан көрі­ну­іне ықпал ететініне сенімім зор. Өйткені, Елбасы арманы – барша қазақстандықтардың, халқымыздың асыл арманы. Ал арман орындалады. 

 

Есбол ӨМІРЖАНОВ, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, заң ғылым­дарының кандидаты: 


– Ғалым-заңгер ретінде осы мақалада айтылған мемлекеттік қыз­мет туралы ой-пікірлерге тоқ­талмақпын. Мақалада ең ал­дымен, Елбасы «Мемлекеттік қыз­­мет туралы» жаңа заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мәселесіне жан-жақты тоқталған. Мемлекеттік қызмет туралы алғашқы заңнамалық акт – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығының қабыл­дануына 20 жыл толғандығын ай­та келе, Мемлекет басшысы әлі де болса мемлекеттік қызмет са­ла­­сын реформалау қажеттігінің күн тәртібінде тұрғанын айрықша атап көрсетті. Президент өз Жар­лығымен Мемлекеттік қызмет іс­­тері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро құрылғанын мәлімдеп, осы арқылы мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын яғ­ни жемқорлық көріністерінің ал­дын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылғанын жеткізді. Сондай-ақ Елбасы арнайы орган­ның құрылуы арқылы елімізде жемқорлықпен күрес барынша дә­йекті жүргізіліп, анағұрлым жүйелі сипатқа ие болатындығына сенім білдірді. Бұл өз кезегінде елімізде терең тамыр жайып, қарапайым халық санасында өмірде орын алуы тиісті жағдай ретінде қа­был­данған деңгейге жеткен сы­бай­лас жемқорлықпен күрестің жа­ңаша сипат алатындығының ай­ғағы. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы өзінің мақаласында мем­лекеттік қызметке қатысты қол­данысқа енгізілетін жаңа заң талаптарына сай еліміздегі мем­лекеттік қызметтің жаңаша ба­ғытта қалыптасып, оның ел азаматтары үшін қол жетімділігінің арттырылатынына айрықша назар аударды. Дегенмен мемлекеттік қыз­­метке байланысты саяси мем­­лекеттік қызметшілердің өз­­дері жүзеге асырып жатқан р­е­­фор­­малар мен нақты сала­ны дамытуға байланысты қа­был­­данған шешімдер бойынша же­ке жауапкершілікке тартылуы қа­жет­тігі де қаперге алынатындығы ай­қын айтылды. Қазірдің өзінде мұн­дай іс-шаралар әр аймақта нақ­ты қолға алынуда. Заң бұзған мем­лекеттік қызметкерлер заңдық тұрғыдан қатаң жауапқа тартылуда. Тіпті өткен жылы қабылданып, 2016 жылдың 1 қаңтардан күшіне енген Қазақстан Республикасының №416-V «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 1-бабында саяси мемлекеттік қызметшілердің таға­йын­далуы, сондай-ақ қандай жағ­дайда қызметі мен орнынан бо­сатылатыны және мұнда саяси мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік қызметші туралы анықтама да берілген. Бұл анықтама арқылы біз саяси қызметшінің саяси мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруға жауапты тұлға екенін аңғарамыз. Ескеретін жәйт, олардың қандай жағдайда өз қызметі үшін жауап беретіндігі, оны жауапкершілікке тарту тетіктері әлі де нақты ай­қын­далмаған. Сондықтан жаңа қа­былданған Мемлекеттік қызмет туралы заңға саяси мемлекеттік қыз­метшілердің қызмет барысында жіберген қателіктері мен бастаған істі аяғына дейін жеткізуге қау­қар­сыздығы, жауапсыздығы үшін заң алдында жауапкершілікке тар­ту негіздері мен тетіктері қам­тылған баптарды да енгізу қа­жет­тігін айтқым келеді. Өйткені, кез келген саяси мемлекеттік қыз­мет­ші өзінің мемлекеттік тұлға ғана емес, заң алдында жауапты екендігін сезінгенде  ғана өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтындығы дәлелдеуді қажет етпейтін шындық екені даусыз.
Әсілінде, тәуелсіз қазақ елі заңдылықты сақтай отырып да­му­ға мүдделі елміз. Аяқталуға та­яп қалған 2016 жылыдың жа­һан­дық деңгейде Қазақстан үш­ін тарихи әрі мағыналы жыл бол­­­ғаны даусыз. Мұның басты се­­бебі, Елбасы Нұрсұлтан На­зар­­­баев бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында жарияланған «Ұлт жос­пары – қазақстандық ар­ман­ға бастайтын жол» атты ма­қа­ласында осы кезеңге дейінгі қа­­былданған бағдарламаларды, «Қа­зақстан – 2050» стратегиялық жос­парын, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын», 2015 жылы 30­ қарашада халыққа арнаған Жол­дау­да айтылған іс-шараларды жүзеге асырудың жолдары мен ба­ғыттарын жан-жақты ашып көрсетіп берді. Қуаныштысы сол, қазіргі күні бұл бағдарламалар мен жоспарлар біртіндеп қолға алына бастады. Қол жеткен нәтиже де жаман емес. Дегенмен алда тұрған басты мақсаттың бірі, ол – бес институттық реформаны жүзеге асыру. Бүгінгі таңда кәсіби мемлекеттік аппаратты құрудың маңыздылығы орасан зор. Бұл – басқару жүйесіне де, мамандарды даярлау ісіне де қатысты. Ең бастысы, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға тың әрі өміршең толықтырулар енгізілді. Әсілінде, мемлекеттік қызметкерлер өзінің біліктілігімен, кәсіби және іскерлік шеберлігімен бағалануы тиіс. Өйткені өзіне жүктелген жұмысты уақытында әрі тиімді орындап, нәтижесін көрсете білген маман ғана жаңа заманның талаптарына жауап бере алады. Демек, жаңа заңға сәйкес бұдан былай мемлекеттік органдарда бәсекеге қабілетті мамандар ғана жұмыс істейтін болады. Қорыта айтқанда, жаңа заң кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға жарқын жол ашады.