Басты  /  мақалалар  /  Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ: Жекеменшік емханаларға емдеу әлі ерте

Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ: Жекеменшік емханаларға емдеу әлі ерте

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА
1304
Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ:  Жекеменшік емханаларға емдеу әлі ерте Елімізде өлім-жітім бойынша онкологиялық аурулар екінші орын алады.

Дауасыз дерттің алдын алу үшін бүгінде «Денсаулық» бағдарламасы аясында скринингтер ұйымдастырылады, ауруды алғашқы кезеңде анықтау көзделеді. Ауруды емдеу, операция жасау тек мемлекеттік мекемелердің құзырында болса, енді мұндай мүмкіндікті жекеменшік емханаға да рұқсат беру жайы қарастырылуда. Жекеменшік мекемелерге мұндай мүмкіндік берілген дұрыс па? Өзге елдердегі тәжірибе қандай? Бұл туралы Алматы қалалық онкология орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Дамир Дәулетбаевпен сөйлескен едік. 

–Елімізде күн сайын жүзге жуық адам қатерлі дертпен тір­келеді екен. Мысалы, был­ты­рғы жылдың өзінде 36438 нау­қас анықталып, есепке алы­ныпты. Онкологиялық  аурудың  дендеуіне не себеп? 
– Оны ешкім нақты айтып бере алмайды. Негізінде, он­кологиялық ауруларға бар­лық адам бейім келеді. Адам ағ­за­сын­да қартаю, жасу­ша­лардың бөлінуі сияқты про­граммалар бар. Жасушалар пісіп, көбейіп, белгілі бір мөл­­­шерге жеткенде, оны тоқ­тататын қызмет болады. Ал сол кодтау қызметі ұшып кет­­­­­­кенде, қатерлі ісік пайда болады. Бүгінгі күні обырдың пай­да болуына ғалымдар әр­түр­лі концерогендер, эко­логи­ялық факторлар мен ион­дық сәулелердің әсер ететінін анықтағанымен, не себепті код­тау қызметінің ұшып кететінін нақты айта алмай жатыр. Яғ­ни терімізде, бүйрегімізде, қан түйіршіктерінде жаңадан жасу­шалар бөлінеді. Мысалы, эритроцит 120 күн өмір сүрсе, екінші бір жасуша күн сайын жаңарып отырады. Ал қатерлі ісік пайда болғанда, жасушалар бұзылады. Сол себепті жасуша жетілмей, көбейеді де, ісік өсе береді. Телефон, теледидардың иондық сәулелері мен химиялық қоспаларға келсек, олар адамға кері әсерін тигізеді дегенімізбен, ағзада одан қорғайтын да мү­шелер бар. 
 – Солтүстік аймақтарда көбіне – өкпе, Қызылорда об­­­­лысында өңеш, ал Алматы өңірінде тері мен сүтбезі қатерлі ісігі жиі кездеседі. Бұл немен бай­ланысты?
– Ол ұлтқа да байланысты. Кейбір ұлттардың өзіне тән аурулары болады. Мысалы, ев­рей халқында көбіне тоқ ішек және тік ішек обыры (коло­ректальді рак) кездессе, қазақ халқы өңеш обырына шалдығуға бейім. Сондай-ақ антропогендік факторлардың да әсері бар. Сол­түстік, Шығыс аймақтарда өнеркәсіптер бар, одан бөлінген концерогендер өкпені құртады. Оңтүстік аймақтарда шайды қатты ысытып ішеді, соған орай өңеш обыры болуы мүмкін. Бірақ ауру туғызушы нақты осы фактор деп айта алмаймыз. 
–Онкологиялық көмекті дамытудың 2012 – 2016 жылдарға арналған бағдарламасы жүзе­ге асырылып келгенін біле­міз. Аурудың алдын алу үшін жүргізілген скринингтің нәти­жесі қандай? 
– Онкологиялық аурулар саны сол скрининг арқылы оны ерте кезеңде анықтағанына бай­ланысты көбейіп отыр. Бұрындары ауру кеш анық­талатын, қазір қатерлі дерт 70 пайызға дейін ерте кезеңде диа­гностикаланады. Бүгінде обы­р­ға шалдыққандардың элек­­­­­­трондық базасы бар. Ауру­ды алғашқы сатысында табу мүмкіндіктері ұлғайды, яғни диагностика жақсарды, жаңа заманауи аппараттар алынды. Себебі, ерте білген жағдайда ауруды жеңуге болады, дәрілерге кететін шығын да азаяды. 
– Бір науқасқа шамамен қанша ақша жұмсалады?
–Алматы қаласында қыр­күйек айына дейін бір ғана он­ко­логиялық ауруды емдеуге 17 мың теңге кететін, енді 19 мыңға көбейді. Әр науқасқа мемлекет қаражат бөледі. Былтыр Алматы қаласы бойынша 19 700 науқас болса, биыл бұл сан 20 700-ге өсіп отыр. Ал Астана қаласында бір адамның еміне 45 мың теңге бөлінеді. Оның себебі, ол жақта сәулемен емдеу тәсілі бар. Жалпы, республика бойынша емдеу құны әртүрлі. Сондықтан жаңа жылдан бастап барлығы бір тарифке келтіріледі, міндетті әлеуметтік медициналық сақ­­тандыру негізінде бір та­лап қо­­йылады. Мемлекет нау­қас­­тарды стандартқа сай әрі за­манауи технологиялар мен әдіс­­тер арқылы емдесең ғана, қара­жат бермек. Сол арқылы он­ко­логиялық ұйымдардың арасында бәсеке тудырмақ. 
– Ағзаға бір рет операция жасалғаннан кейін, ол қайта өршуі (рецидив) немесе ме­тас­тазға айналуы мүмкін, нақтырақ айтқанда, денеге бір рет пышақ тиген соң ол балалай береді де­ген түсінік бар. Сол рас па?
–Оған қатерлі дерттің тү­рі маңызды рөл ойнайды. Ай­­тып өткендей, әр жасуша әртүрлі уақытта пісіп, жетіледі. Жа­су­шаның жетілмеген түрі қауіпті боп есептеледі. Себебі, сол кезде обырдың қайталану пайызы өте жоғары. Негізі, онкологиялық аурудың түріне байланысты бол­жам жасалады.
– Қазір ем іздеп шетел асушылар көп пе? 
–Бүгінгі күні Кореяға ем­де­­луге барып, одан ауруын ас­қындырып бізге келіп жат­қан­дар көп. Соңғы бір аптаның ішінде бізге осындай екі науқас келді. Олар Кореяға барған екен, алайда дұрыс ота жасалмаған. Негізі обырдың қай түріне қандай ота жасалуы керектігі жөнінде стандарттар бар. Кейде сол дұрыс орындалмай жатады. Мұндай жағдай бізде де, басқа шет мемлекеттерде де кездеседі. Оған себеп маманның бі­лім дә­ре­­жесінің төмендігі, опе­ра­ция­ның алдында жасалатын зерт­­теулердің қателігі және басқа да жайттар. Кореяда көптеген жекеменшік, мемлекеттік меке­мелер онкологиялық ауруларды емдей береді. Олар келген нау­қасты тауар, пайда көзі ретінде қабылдайды. Бізде 2011 жылы шыққан бұйрыққа сәйкес, он­кологиялық операцияларды жасау мемлекеттік мекемелерге ғана рұқсат етілген, ал жеке­меншік мекемелерге тыйым са­лынған. Бірақ биыл сол бұйрық алынып тасталғалы жатыр, он­ың «онкологиялық ауруларға шал­­­дыққан науқастарды же­ке­­­меншік мекемелерде ем­деу­­ге рұқсат берілген» деген жо­басы да келді. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар, бірақ мен оған қарсымын. Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму министрлігі 2009 – 2011 жылдары бекіткен стандарт ескіріп қал­ды, бүгін сол толықтырып, қай­та қаралып жатыр. Егер атал­ған бұйрықты алып тастаса, ірілі-ұсақты медициналық ме­ке­мелердің барлығы, қауқар­сыздығына қарамастан, ақша үшін онкологияны емдеуге кірісіп кетеді. Бұл дұрыс емес. Дәл осындай жағдай Кореяда бар. Мәселен, отандастарымыз сол жаққа дертіне шипа із­деп барғанымен, қайтадан өзі­мізге келуде. Сондықтан он­­­кологиялық ем көрсету әлі де мемлекет құзырында бо­луы керек деп ойлаймын. Же­ке­­меншіктердің иемденуіне жол берілмеуі тиіс. Оған әлі ер­те. Олардың ішінде қа­жет­ті құрал-жабдықтармен қамтылған ірі орталықтар да, науқасты емдеуге мүмкіндігі жоқ мекемелер де бар. Тіпті болмаса, ірі ауруханаларға ғана немесе мекеменің қаншалықты медициналық ем көрсете ала­­тын мүмкіндігін анықтау мақ­сатымен жүргізілетін мем­ле­кеттік аккредитациядан өтсе ғана рұқсат берілуі тиіс. Я болмаса, Елбасы айтқан мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша жұмыс істеуге болады. Қазір біз «Сұңқар» медициналық орталығымен жұмыс істеуге ние­т­тіміз. Ол жерде бізде жоқ гам­ма-терапияға арналған сәу­лелік үдеткіш аппараты бар. Орталық жекеменшік бол­ған­­дықтан, қатерлі дертке ем көрсете алмайды. Сондықтан біз солардың құрылғыларын жалға алып, пайдалану туралы ұсыныс білдірдік. Демек, олар­ға да онкологияны емдеуге мүм­кіндіктер ашылады. Жал­­пы, шет мемлекеттерде он­ко­дис­пансерлер жоқ, науқастар жалпы ауруханаларда емделеді. Тәжірибесін ұштастырған он­­колог мамандар операция жа­сайды. ТМД елдерінде ғана онкологиялық ауруларды ем­дей­тін арнайы ауруханалар бар. Десек те, мемлекеттік жалпы ауруханаларда да хирургтер қа­терлі ісікке операция жасай алады, алайда оны бізде жасаған дұрыс, науқастар көбіне кейін бізге келіп жатады. Себебі ау­руды анықтағанда, оның қа­тер­лі ісік екеніне қалалық ау­руханалардағылардың білімі жетпейді, яғни олар жартылай операция жасайды. Әсіресе, лапароскопиялық әдіспен ги­­не­­кологиялық операция жа­сат­қандар көбіне қайта бізге келіп жатады. Шамамен осыдан 7-8 жыл бұрын отандастарымыздың Кореяда емделуіне Қазақстаннан 4 жарым миллиард доллар кет­­кен. Сол себепті елімізде за­манауи құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етілген аурухана са­лынғаны дұрыс. Тағы бір ес­керетін жайт, өзге елдің инвесторларын тартқанда олар­дың өз мамандарын әкеліп, емдеу әдістерін қолданатынын, демек, өз пайдасын күйттейтінін естен шығармау керек. Мәселен, олардың емдеу тәсілдері бізге келмеуі мүмкін, себебі біздің менталитет (діл) басқа, көбі ауру асқынғанда бір-ақ келеді. Ал мұны көрген шетелдік ма­ман, операция жасаудан, ем көрсетуден бас тартуы мүмкін. Отандық мамандар болса, дертке дауа іздеп, тәуекелге барады. 
–Соған қарағанда, өзде­рі­ңіздің құралдарыңыз жоқ па? Жылына қанша науқас ауруынан айығып шығады?
– Диспансер 70 пайыз жа­ңа құрал-жабдықтармен қам­тыл­ған. Ауруханада жылына 4400 науқас емделіп шығады. Мұнда 200 төсек орын бар. Оның 30 орны – күндізгі стационар. Он­ко­логияда «науқастың са­уы­ғуы, жағдайының жақсаруы, нашарлауы, денсаулықтың ө­з­­геріссіз болуы және өлімге ду­шар болуы» деген ұғым бар. Нау­­қас дертінен айыққан күн­де де, обырдың қайталану қау­піне байланысты біздің ба­қы­ла­уы­мызда болады.
– «Денсаулық 2016 – 2020» бағдарламасы аясында қатерлі дерттің саны қаншалықты азаймақ? 
–Алматы қаласы бойынша асқазан, өңеш ауруларының 3-4 дәрежесі азаймай тұр. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, аурудың санының көбеюі, он­ың ерте анықталуымен бай­ла­ныс­ты. Ауру саны азаяды деп ай­ту қиын, ең бастысы, оны ер­те кезеңінде анықтау қажет. Қазір ұйымдастырылып жүрген скринингтің мақсаты да –  сол.
– Әңгімеңізге рақмет.

 Сұхбаттасқан Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ