Басты  /  мақалалар  /  Нақты мақсаты бар кәсіпкер дегеніне жетеді

Нақты мақсаты бар кәсіпкер дегеніне жетеді

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
1180
Нақты мақсаты бар кәсіпкер дегеніне жетеді Болат ПАЛЫМБЕТОВ, Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:

Кәсіпкер құқықтары жөніндегі уәкіл институты көптеген елдерде бар. 
Аталмыш институт мемлекет пен бизнестің серіктестік қарым-қатынаста болуын, жайлы бизнес-климат қалыптастыру мен кәсіпкерлікті ынталандыруға қатысты реформаларды жүзеге асыруды көздейді. 
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы кәсіпкерлер мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту қажеттігі туралы баса айтады. Бүгінгі күні бұл бағытта жасалған істер аз емес. 
Қазақстанда бизнес-омбудсмен институты пайда болған сәттен бері қандай да бір өзгерістер бар ма? Жалпы, бұл іскер адамдар өміріне қандай әсерін тигізді және болашақтан жағымды өзгерістер күтуге бола ма? Аталмыш сауалдарға еліміздегі кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы уәкіл Болат Палымбетов жауап берген еді.

 

– Болат Әбілқасымұлы, елі­­міздің бар өңірін аралап қай­т­қа­­ныңызды білеміз. Об­лыс әкім­дерімен, облыс про­ку­рорларымен, ең бастысы, кәсіпкерлермен кездестіңіз. Кездесулерге 300, 500 кәсіпкердің қатысқанын да естіп жатырмыз. Кездесулер ашық, ешбір боямасыз өтті. Яғни, кез­десуге барлық тілек білдірген кә­сіпкерлер келді. Осыдан қан­дай ой түйіп қайтқаныңызды өз аузыңыздан естігіміз келеді. Жал­пы, еліміздегі кәсіпкерлік жайлы не айтасыз?
– Иә, Қазақстанның бар­лық өңірлерін аралап қайттық. Бі­­рақ өңірлерге шығар ал­дын­­да, алдымен, келіп түскен ша­ғымдарды мұқият саралап алдық. 
Іс жүзінде, Астанаға келіп жететін жер қатынастары, құ­ры­лыс, сәулет және т.б. са­ла­лар­­­­дағы кәсіпкерлердің құ­қық­тарына қысым келтірді деген ша­­­ғымдардың 90 пайызын жер­гілікті жерлерде шешуге болады. Демек, кәсіпкерлер өз өңірлерінде жауап таба алмаған соң, Астанаға жүгінеді. Барлық кәсіпкердің шағым­дары ұқсас, бірдей десем болады. 
Мысалы, барлық өңірлерде дерлік жер телімдерін алуда түйт­кілдер туындап отыр. Себебі, бі­реу – жер телімінің нысаналық мақсатының Бас жоспарға жә­не егжей-тегжейлі жоспарлау жо­басына (ЕЖЖ) сәйкес келмеуі.
Сондықтан біз әр өңір әкім­дігінің сайтында сол өңірдің бас жо­спарын жариялауды ұсындық, кез келген әрекет ашық жүргізілуге тиіс.
Жалпы алғанда, кездесуден кейін барлық облыстарда жер телімдерін аукциондар арқылы беру жанданды, бизнес өкілдері түрлі комиссиялар құрамына кір­­­­гізілді. Бірқатар әкімдіктер сайт­­тарында елді мекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша ақпараттар орналастырылды. 
Өңірлік деңгейдегі түйткілді мәселелер, негізінде, жергілікті атқару органдарының заңсыз әре­­кеттерімен байланысты бо­лып келеді. Олар көбіне заңсыз ше­шімдер немесе қаулылар шы­ға­рады.
Кездесулер кезінде облыс­тар­дың барлық басшылары өз өңірлерінде кәсіпкерліктің да­муына мүдделілік танытты және де жергілікті бизнесмендердің түйткілдері бойынша кез келген уақытта кездесуге дайын.
Қазақстанда бизнестің да­муы­на жақсы жағдайлар жасалған. Мем­лекет басшысы бизнестің да­­муы­на үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келді және көрсетіп те жүр. Кәсіпкерлік ашып, өзіне нақ­­ты мақсат қойған адам бізде мін­детті түрде дегеніне жетеді.
– Кәсіпкерлер арасында орын алып жататын қақтығыс қо­­­ғам талқылауына жиі шығып жататынын білесіз. Мұның бәрі екі жақты наразылық, айыптау түрінде әлеуметтік желілерде, БАҚ-та айтылып жатады. Мұны ретке келтіруге бола ма, қалай ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, кәсіпкерлер арасындағы түсініспестік үлкен дауға ұласып, тіпті кәсіпкерлердің аштық жариялауына, митингке шығуына себеп болып жатады. Бұл, әрине, қоғамда әлеуметтік шиеленіс тудырады. Істі бұл дә­ре­жеге жеткізбеуге болады деп ой­лай­мын. Түсіне білгенге, Ұлттық палата – толғақты мәселелерді тал­­қылауға арналған таптырмас алаң. Кәсіпкерлер соттасуды сон­­­шалықты қалап отыр деп ой­ла­­маймын. Барлық мәселелерді сот­қа дейін шешуге болады. Оның үстіне аталмыш алаң барлық өңір­ле­рімізде ұсынылған.
Енді ол жерде де тараптар бір мәмілеге келе алмаса, онда заң­герлер оларға сотқа дұрыс жү­гі­нуге кеңес береді. Бүгінгі күні Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйым ре­тін­де қалыптасып, Қазақстан кә­­сіпкерлерінің бірлестігі ретінде өзін мойындатты. 
– Бүгінгі таңдағы өзекті мә­се­ле­лердің бірі жалған кәсіп­керлік бо­лып отыр. Атал­мыш мәселе тө­­ңірегіндегі жеке ойыңызды білдірсеңіз.
– Кәсіпкерлер мемлекеттік кіріс  органдарының  заңсыз  әрекет­т­е­ріне  өте  жиі  шағымданады. Жал­ған кәсіпкерлермен мәмі­ле­лер жасасқан өз істерін адал ат­­қаратын кәсіпкерлер салық тө­лемейтіндер тізіміне ілігіп, ірі айып­пұлдар түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылып жа­та­тын жағдайлар жиілеп кетті. Олар­дың бар жазығы – жалған кә­сіпкер деп танылғандармен мә­міле жасағандары. Алайда олар кәсіпкердің жалған кәсіпкер еке­нін қайдан біледі? 
Бұл мәселе Бас прокуратурада өткен форумда да, «Атамекен» ҰКП съезінде де көтерілді. Жалған кәсіпкерлер айыппұлдармен құ­тылады, ал өз ісіне адал кә­сіп­кер­лердің мойнына мил­лиард­­та­ған салықты үстеме төлеу, айып­пұ­л­дар мен өсімпұлдар төлеу сияқ­ты қаржылай жауапкершілік ауыртпалығы салынады.
Алаяқтардың әрекеттері үшін неліктен адал кәсіпкерлер жауап беруге тиіс? «Жалған кәсіпкерлік» бабының форматын өзгерту керек.
Адал кәсіпкерлер мен жалған кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынас төңірегіндегі заңсыз әре­­­кет­терді салық төлеуден жал­та­ру, банк кредиттері, сәйкес тек­­серулерді міндетті жүргізумен орын алатын алаяқтық деп жеке-жеке анықтау қажет. 
Осылай жасасақ, жалған тұл­ға­ға кәсіпорын ашу дерегінің өзін дәлелдесек жеткілікті, құқықбұ­зушылық құрамы анықталады.
Бөгде біреудің құжатын пай­да­лан­ған, жалған компания құрған тұл­ғалар, сонымен қатар компания құ­ру үшін төлқұжаттарын берген тұл­ғалар да жауапқа тартылатын бо­лады.
Салықтан жалтару үшін жал­­ған кәсіпорын қызметтерін пай­­даланушы ісіне адал емес кәсіп­кер­лер жазалануға тиіс. Істерін адал атқаратын кәсіпкерлер зар­дап шекпеуі керек.
– Бизнес-омбудсмен кә­сіп­керлер құқықтарын қор­­ғау жө­ніндегі өкілеттігі мен құ­зы­ры­ның арқасында мем­ле­кет­тік орган­дармен айтарлықтай ты­ғыз жұмыс жасайды. Осы жұ­мыс бары­сын­да мемлекеттік ор­ган­дар­дың ашық­тығына қандай баға бе­рер едіңіз?
– Жоғарыда айтып кеттім ғой, барлық өңірлердегі мемле­кет­­тік органдардың бірінші бас­­шы­­­ларымен кездесулер өт­кіз­­дік. Сондай-ақ Ұлттық эко­но­ми­ка министрімен, Жоғарғы сот төрағасымен және ҚР Бас прокурорымен бірқатар кез­де­су­лер өткізілді.
Аталмыш кездесулер бары­сын­да бизнестің ең өзекті түйткілдері тал­қыға салынып, мәселелерді ше­шу жөніндегі іс-шаралар ке­шені жасалды. Мысалы, мем­ле­кеттік органдармен бірлесіп, биз­неске қатысты тексерулердің қыс­қар­тылуын көздейтін бизнеске жа­салатын қысымды төмендету жө­ніндегі Жол картасы бекітілді.       
Мемлекеттік органдар осы уа­қы­тқа дейін бизнес түйткілдерін ше­шуде белсенділік көрсетіп кел­ді. Мемлекеттік органдар ел­дегі кәсіпкерліктің дамуына ба­рынша атсалысып келеді деп айта ала­мын.
– Шетелде осындай омбудсмен институттары қызмет жасай ма?
– Бүгінгі таңда омбудсмен инс­титуты 50-ден астам елде бар: пре­зиденттік республикаларда (Фин­ляндия, Франция, АҚШ), парламенттік республикаларда (Швейцария, Австрия, ГФР), ко­нс­­титуциялық монархияларда (Дания, Норвегия, Швеция, Ис­па­ния, Австралия, Нидерланды, Ұлы­­британия, Канада).  
Әу баста, 1809 жылы, омбудс­мен институтының негізін Шве­ция парламенті қалаған.
Пост­­кеңестік кеңістікте биз­­нес-омбудсмен институты Ук­­раи­на­да, Грузияда, Ресейде қыз­мет жа­сап жатыр.
Биылғы жылдың маусым айын­да РФ бизнес-омбудсмені Борис Титовтың шақыруымен Ресей бизнес-омбудсмендерінің VІІ Бүкілресейлік конфе­рен­циясына қатысып қайттым.
Бизнес-омбудсмен мақсат­та­рының бірі – шетелдік мемлекетте қиын жағдайға тап болған қазақ­стандық кәсіпкерлерге жәрдем көрсету. Бұл негізгі түйткілдер шетелдік серіктестер тарапынан тауарлар жеткізу жөніндегі мін­дет­темелерді және қаржылық мін­деттемелерді сақтамаумен байланысты. 
Бизнесмендер қажет көмек көрсете алатын институттардың бар екенін білуі қажет. Кездесудің негізгі мақсаты да дәл осында еді. Қазақстандық бизнесмендер шетелде құқықтары бұзылып жатқан жағдайда, шетелдік ор­гандар тарапынан әрекеттеріне заңсыз килігу орын алып жатса, біздің тарапымыздан тиісті қолдау алатындықтарына сенімді болуға тиіс. 
Конференцияда екі мемлекет аумағында бизнес үшін жағымды жағдайды сақтап тұруға қатысты қол жеткізілген келісімдер не­гі­з­інде кәсіпкерлер құқықтарын қор­ғау жөніндегі уәкілдердің ал­дағы ынтымақтастығын құру мақсатында меморандумға қол қойылды.
Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер ара­сын­­дағы ынтымақтастықтың мем­­­лекеттік әрі өңірлік деңгейде де жалғасын табарына сенемін. 
– Ауылдық жердегі кәсіпкер­лік­ті дамыту жөнінде не айтар едіңіз?
– Бүгінгі таңда жұмыспен қам­ту мәселесі аса өзекті болып отыр. Атал­мыш түйткілді шешу үшін, ауыл кәсіпкеріне кердит беру мә­се­лесін дұрыс жолға қою қажет. Бұл тұрғыда белсенді жұмыс істеу ке­рек. Біршама жеңілдетілген кре­­диттер, микрокредиттер беру керек. Қазақстанның бар­лық өңірлеріндегі көптеген кә­сіп­кер­лермен кездестім. Олар жеке іс­терін, мысалы, наубайхана, ара шаруашылығын ашқылары ке­летінін айтады, бірақ кредит ала алмай жүр. Оларға көп ақша да қажет емес. Оның есесіне, атал­мыш кәсіпкер 5-6 адамды жұ­мысқа ала алады.
Өңірлердегі, атап айтқанда, ау­дан­дардағы, ауылдардағы фер­мер­лермен жұмысты күшей­ту керек. Көпшілігіне газет-журналдар жет­пей қалып жатады, кейбірі ин­тернетке шыға алмайды, көбінің уа­қыты жетіспей жатады. Барлық даму институттары кәсіпкерлер үшін құрылған. Қазірде елімізде сегіз даму институты бар. Неліктен олар өңірлерге шықпайды және бизнес өкілдерімен кездеспейді, жасалып жатқан жобалар жайлы неге айтпайды? 
Қызықты да пайдалы бағдар­ла­малар бізде жетіп жатыр, бірақ олар барлық жерлерге бірдей жете бер­мейді. Барлық бағдарламалар Астана, Алматы және облыстар деңгейінде қалып қояды. Ауылды қойып, аудандарға жетпей жатады. 
Кездесуге олар қуана-қуана келеді деп ойлаймын. Сондықтан да өңірлерге жиі ат басын бұрып, олармен жергілікті жерлерде кездесу керек. Көзбе-көз жүз­де­судің әсері көбірек екеніне кү­мә­нің­із болмасын.
Шағын және орта бизнесті дамыту қағаз жүзінде қалмай, шын мәнісінде іске асуға тиіс. Ұлттық палата осы орайда көп жұмыс жасап жатыр.
– Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызме­тін­дегі басым бағыт қайсы? Бизнес­ті қолдау бағдарламалары ма, зар­дап шеккен кәсіпкерлерге кө­мек пе, әлде жаңа заңнамалық бас­тама­лар­ды енгізу ме? 
– Қазір өтініштер қабылдау, қоғамдық және заңгерлік са­рап­­­тама жүргізу, өңірлердің минис­тр­ліктермен жұмыс жасау тәртібін анықтайтын жүйені қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 
Алдағы уақытта, әрине, биз­­нес­ті қорғау жөніндегі жұм­ы­сы­мызға кәсіпкерлер ша­ғым­да­ры­на жауап қату ғана емес, жалпы орта қалыптастыру да кіретін бо­лады. 
Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы ізгілендіру бойынша ұсыныстарымызды беріп те жатырмыз. 
Әрине, азаматтық-құқықтық ке­­ңістікте де – қоғамдық ұйым­­­­дармен және басқа құры­лым­дармен жұмыс жасайтын боламыз.  
– Әңгімеңізге рақмет.