Басты  /  мақалалар  /  Мұрап

Мұрап

Айқын-ақпарат
1347
Мұрап XIX ғасырдың 60 жылдары ескі Шиелі өзегін қаздырып, сол аймақты жа­сыл желекке айналдырған, Ақарық су ар­на­сын қаздырып, Айдарлы елді мекенін құтты қоныс қылған Нұртаза Қосымбетахунұлының халыққа қылған риясыз қызметін ұрпақ ұмытпайды.

Ал ерен еңбегін елеген Ресей пат­шасы Николай ІІ оған «Мираб» медалін бе­ріп, шекпен кигізген. Міне, Сыр мұрабы Нұр­тазаның ізін лайықты жалғаған, елдің не­сібесін молайтуға бар күш-жігерін жұм­са­ған ата кәсіп иелері бұл өңірде жетерлік. 
Со­лар­дың ішінде Ысқақ Жолдыбайұлының ор­ны бөлек. Ол қазақтың ғана емес, тұтас түр­кі жұртының біртуар қайраткері Мұстафа Шо­қ­ай мен Сыр елінің сүйікті ақыны Нартай Бе­кежановпен бір жылда өмірге келген екен. 

Екі қолын ысқылап, кетпен мен күрекке қа­­раған Жолдыбайдың Ысқағы қиын-қыстау кезеңде – Кеңес дәуірінде су мұрабы бола жү­ріп, Жаңақорған жұртының қамқор­шы­сы­на айналған. Солақай саясаттың салқынынан ұжым­дастыру науқаны жүріп, мал-мүлікті кәм­пескелеп жатқанда, болашақты бағдарлай біл­ген Ысқақ Жолдыбайұлы елге енді егін шаруа­шылығымен айналысу қажеттігін баса ай­тады. Осылайша, қазақ халқының басына кел­ген зобалаң жылдарда жергілікті тұрғын­дар­ды ұйымдастырып, аштықтан ауыл-ай­мақ­ты аман алып қалудың қамын жасайды. Оның қажырлы қарекетін ерлікке балауға бо­лады. Бұлай деуге себеп жоқ емес. Мәселе бы­лай еді.
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы болған, осы өңірге белгілі тұлға Срайыл Скен­­дірұлы дүниеден озар алдында Жолды­бай­дың Ысқағы жайлы мақала жазған екен. Ма­­қалада келтірілген деректер мен дәйек­тер­ге сүйенсек, өткен ғасырдың 1927 жылдары кол­лективтендіру, халықты бір орталыққа бірік­тіру жұмыстары қатаң қолға алынғаннан кейін суармалы жерлерді игеру өмір талабына айналды. Ол кезде егіс егу, одан өнім алу, суар­малы жерді игеру сынды жердің, судың қыр-сырын білетін мамандар жоқтың қасы еді. Міне, сол кездерде алғашқылардың бірі болып Жолдыбайдың Ысқағы диқаншылық жолын ұстап, білгір мұрап ретінде танылды. Сол тұста ол жер мен судың қыр-сырын үйре­ніп, өмірлік тәжірибе жинауға кірісті. Ысқақ­ты алғашқыда ел «бала мұрап» десе, келе-келе «аға мұрап» атанды. Жаңадан ұжымдаса бас­таған колхоздар егіс егетін жер таңдаса, оны­мен танысуға алдымен Ысқақты шақыратын. Сон­да ол ауыл диқандарын ертіп, атпен да­рия­дан не көлден алатын сағаны жобалаған­нан кейін үлкен арықтың, не каналдың сі­ле­мін салып беруші еді. Сол саралауда Ысқақ бұта­л­ардың басына шүберек байлап, салынар арық­тың арнасын белгілеп кете беретін. Со­дан кейін жаяу жүріп кетпенмен ой-қырын, арықты айналып өтетін жерлерді белгілейтін. 
Ауданда Ысқақтың ынтасымен алғашқы ка­нал қазу жұмысы 1927-1928 жылдары бас­талды. Сол кезеңде бүгінгі Кеңесарық, Қара­шаарық, Жаңаарық каналдарының арналары тартылды. Кеңесарық колхозына басқарма төрағасы болып сайланған Жолдыбайдың Ыс­қағы осы каналды екі ай мерзімде бітірді. Ол кезде әр колхозда 150-200 гектар шамасы егіс болатын. Кеңесарық каналының сағасы Өзгент көлінен бастау алып, «Түйетам» учас­кесіне дейін созылды. 
Кейін Жолдыбайдың Ысқағын аудандық су шаруашылық мекемесі қызметке алды. Ау­дандағы ең үлкен суағар – Тайпақкөл ары­ғын қазуда оның еңбегі ерекше болды. Ка­нал­дың ұзындығы 10 шақырымнан асты. Бұл жер­де бас мұрап тапқырлық танытып, канал­дың бойындағы «Борықты», «Жашы», «Боз­көл», «Алакөл», «Қайқы», «Нарсоққан» және «Қан­дыарал» көлдерін толтырды. Сол сулар да­рияға қайта кері ағып кетпеуі үшін цемент­тен тоспа жасап, Төменарық аймағын сулан­дыру­дың жолын көрсетті. Қандыарал кана­лы­ның сілемін жасаған да Ысқақ еді. Канал қазу жұмысы ол кезде түгел қолмен, халықтың күшімен атқарылатын. «Қандыарал» колхозы, «Красная звезда», «Тақыркөл» колхозындағы «Горняк» подхозы мен Төменарық қонысына осы каналдан су барды. 
Сонау 1952 жылы қазыла бастаған Көктас каналына да Ысқақ араласты. Оның сағасы да­рияның «Бегімбет» мешіті тұсынан алы­нып, «Қойлақы» көліне келіп құйды да, одан әрі «Жаңа жол», «Мәдениет» колхоздары сулан­дырылды. Ол кезде егіс көлемі 200-300 гек­тар шамасы еді. Ұлы Отан соғысы кезінде қол­ға алынған Сунақата каналын қазу жұмы­сын ұйымдастыруда Жолдыбайдың Ысқағы­ның білгірлігі мен ұйымдастыру қабілеті ерек­ше көрінді. Осы үлкен каналды 3 учаскеге бө­ліп қазғанда 1-учаскені Ысқақ басқарып, абы­роймен аяқтады. Сол сияқты бүкіл халық­тық құрылыс атанған Шиелі каналына да бел­сене араласты. Оның аты ауданға ғана емес, облысқа дейін белгілі болды. 
Осы каналдардың бойында бірнеше кол­хоз қоныс тепті. 1965 жылы басталған «Мұ­са­ха­нов» каналы қазылғанша, халқымыздың егін егіп, мал өсіріп, берекесі тасып отыруын­да жер мен судың жайын жетік меңгерген аға мұрап Жолдыбайдың Ысқағының еңбегі зор. «Арық бар жерде су бар, су бар жерде ну бар» демекші, бау-бақша еге алмай, бір қасық суға зарығып отырғандар сол заманда көл-көсір су­ға қарық болды. Жеріне ағыл-тегіл су өзі­нен-өзі келмегенін білген жұрт Ысқақты аузы­нан тастамайтын болған деседі көнекөз­дер. 
«Әке көрген оқ жонар» деген, Ысқақтың ұлы Ойшы – Сыр өңірінің ауыл шаруша­лы­лы­ғы саласында аянбай қызмет еткен маман. Са­налы ғұмырын Жаңақорған, Шиелі, Қар­мақ­шы, Жалағаш аудандарының ауыл шаруа­шы­лығына еңбек етуге арнаған ол – ҚР еңбек сіңір­ген ауыл шаруашылығы қызметкері, Жа­ла­ғаш ауданының құрметті азаматы, рес­публикаға айрықша қызмет сіңген зейнеткер атан­ған. Қазақстанға еңбек сіңірген гидро­техник Мәделхан Нәлібаев өзінің естелігінде за­мандасы жайлы: «Ойшы Ысқақұлы – жылы жүз­ді, кең пейілді, жомарт жүректі, сырбаз, ең­бекқор жан. Тағдырдың салған ісіне ұн­жыр­ғасы түспейтін қайсар азамат. Маған со­нысымен ұнайтын», деп еске алады. 
Қорыта айтсақ, Жолдыбайдың Ысқағы – Жаңақорған ауданында суармалы егіншілік мәдениетін дамытқан және су шаруа­шы­лы­ғының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бі­лік­ті маман, көптеген шәкірттерді тәрбие­ле­ген ұстаз, шын мәнінде халқына қалтқысыз қыз­мет жасаған қайраткер. Сондықтан ең­бе­гімен елін асыраған адамның есімі әрдайым құр­метпен айтылуы тиіс. 

Шыңғыс Жәнібек