Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қазынаң қанша, қазақ жері?

Қазынаң қанша, қазақ жері?

Айхан ШӘРІП
1350
Қазынаң қанша, қазақ жері? Арқа мен Алатаудың, Алтай мен Атыраудың арасын ен жайлап, еркін көсілген қазақ елінің Мәңгілік елге айналуына барлық алғышарттар бар.

Соның бірі – қойнауы қазынаға толы жері болса керек. Осы орайда «Қазақстан – 2050» стратегиясында және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жер қойнауын ел игілігі үшін ұтымды пайдалану және осы саланың мөлдірлігі мен болжамдылығын арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Бұл бағытта Елбасы тапсырмаларын орындау аясында көптеген жаңалықтар өмірге жолдама алуда. 

Инвестициялар және даму министрлігінің ресми мәлі­ме­тінше, жер қойнауының ми­не­ралды ресурстарға байлығы және олардың әралуандылығы бойынша Қазақстан «әлемдік лидерлер тобына» кіреді. Атап айтқанда, қазақ жері вольфрам қоры бойынша планетамызда 1-орын, хром кені бойынша 2-орын алады. Сондай-ақ Ұлы дала елі әлемде марганец кенінің қоры бойынша төрттікке, қор­ға­сын мен мырыш қорлары бо­йынша алғашқы бестікке, титан бойынша – ондыққа, алтын бойынша онбестікке кіреді. Мыс және мұнай қорлары жөнінен дүниежүзінде 12-орындамыз.
Осынша  байлықтан ел қандай пайда көріп отыр? Жақында ел Үкіметі «Қазақстандағы өн­­­діруші салалар қызметінің ашық­­тығы бастамасын 2015 жы­­­лы жүзеге асыру туралы» ұлттық есепті жария етті. Құ­жат­қа жүгінсек, өткен жылы же­ріміздің қойнауындағы сан алуан қазынаны игеріп жатқан компаниялар 2 триллион 670,3 мил­лиард теңге салықтар мен өз­ге міндетті төлемдерді тө­ле­ген. Бұл ретте мұнай-газ сек­­торындағы кәсіпорындар 2 т­риллион 430,9 миллиард тең­ге, ал тау-кен секторындағы ком­паниялар 239,3 миллиард теңге аударыпты. 
Соңғы он жылда елімізге 230­ миллиард доллардан астам ин­вестиция тартылды. Оның 60 ­пайыздан астамы, яғни 132,6 мил­лиард доллары осы мұнай-газ және тау-кен секторларына кел­ген екен.
Жалпы алғанда, елімізде жер қойнауын пайдалану бойынша 866 контракт бекітілген. Соның ішінде қатты пайдалы қазбалар бойынша – 484, көмірсутекті шикізат – 214, жерасты сулары бойынша – 168.
– Осы кен орындарының бар­лығы мемлекетке кіріс әке­­ліп, халықты жұмыспен қам­ту­ға мүмкіндік беруде, – дейді Инвестициялар және даму ми­­нистрі Жеңіс Қасымбек. – Ке­ле­шектегі мақсатымыз – жаңа, пе­р­спективті кен орындарын ашу. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылында біраз кен орындарына барлау жүргізіліп, алғаш рет мемлекеттік балансқа қойылды: бұлар – 119 көмірсутекті шикізат, 94 алтын, 14 мыс, 19 марганец, 16 темір кені және 4 полиметалл кен орны. Сондай-ақ бұрын зерттелген кен орындарының шикізат қоры көбейді. Мысалы, Ақмола облысындағы Васильков және тағы бірқатар кен орын­да­рының қорлары, тіпті еселеп артты. 
Әйтсе де, бұл бағытта Қазақ­стан­ды біраз реформа күтіп тұр. 
Біріншіден, жеке инвес­тор­лар үшін тартымды жағдайлар жасалады, осы мақсатта қолда­ныстағы заңнама өзгертіледі. Атап айтқанда, Президенттің тапсырмасы бойынша «Жер қойнауы мен жер қойнауын пай­далану туралы» жеке Ко­де­кс қабылданады да, осы са­ладағы қарым-қатынастарды рет­тейтін барлық нормалар бір заңнамалық актіге шоғыр­лан­­дырылады. Бүгінде бұл құ­жатты Инвестициялар және да­му министрлігі, Энергетика министрлігімен, ҰКП-пен, са­ла­лық қауымдастықтармен бірге әзірлеуде. 
«Біздің ойымызша, бұл Кодексті қабылдау Қазақстан­ның инвестициялық тартым­ды­­­лық рейтингін 2-2,5 пайызға кө­тереді. Үкіметтің заң жобалау жоспарына сәйкес, біз Кодекс жобасын келер жылдың маусым айында Парламентке енгізуге тиіспіз» деді Жеңіс Махмұдұлы.
Инвестициялық тартым­ды­лықты жақсарту бағытында Елбасы Ұлт жоспарында қойған міндеттерді, соның ішінде 74, 75-ші қадамдарды іске асыруға баса мән беріледі. Яғни пайдалы қазбалар қоры жөнінде есеп берудің CRIRSCO халықаралық стандарттар жүйесі енгізіледі. Пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тә­жірибені пайдалана отырып, контракт  бекітудің  жеңілдетілген әдісі ендірілуде. 
Екіншіден, Қазақстан гео­ло­гиялық барлауға ден қояды.
Кейбір жорамалшылдар (олар­­дың арасында сарапшылар мен ғалымдар ғана емес, тіпті шенеуніктер де бар) «Қазақ­стан­ның шикізаттық қазынасы бә­ленбай жылдан кейін тау­сылады» де­ген болжамдарын жария етіп, елдің көңіліне қаяу салып жа­тады. Бірақ  бір  ғажабы  сол, қазақ жерінің астында шынында, қан­ша көлемде қазына, байлық жат­қанын ешкім білмейді. Мұны министр растады.
– Ендігі мақсат – ең озық, за­ма­науи технологиялар қолданыла отырып, барлау жұмыстарын өткізу сапасы жақсартылуы қажет. Әйтпесе, қазіргі кезде біз қолданатын технологиялар 200-300 метрден аспайтын тереңдікте ғана зерттеулер жүргізуге мүм­кіндік береді. Нәтижесінде, Қа­зақстан жерінің асты 200-300 метр тереңдікте ғана зерттелген. Көптеген өңірлерімізде «терең көкжиектерді» зерттеу мүлдем жүргізілмеген. Яғни, елімізде 500-800 метр тереңдікте жаңа ашылымдар жасау үшін әлеует пен алғышарттар мол. Жалпы, қазіргі заман трендтеріне зер салсақ, қатты пайдалы қазбалар бойынша әлемдік жаңа, ірі кен орындарының барлығы 500 метрден тереңде табылып жа­тыр. Сондықтан біз енді қа­зір­гіден «терең көкжиектерге» құ­лаш ұруды ұсынамыз, – деді Ин­вестициялар және даму ми­нистрі. 
Сол себепті, ол Білім және ғы­лым министрлігіне ұсы­ныс­пен шығып, олардан гео­ло­­гия бойынша Ұлттық ғы­лыми кеңес құруды сұрапты. Ж.­Қасымбектің пайымдауынша, геология бойынша ғылыми та­қы­рыптарды қарау үшін осы ұлт­тық кеңеске геологиялық ба­­ғыттағы сарапшыларды қосу ке­рек. «Өкінішке қарай, отандық базалық сала болып табылатын геологияда әлі күнге ғылыми кеңесі болмай тұр» дейді ол. 
Министрлік Үкіметке тағы да басқа ұсыныстар енгізді. Мы­­салға, «Ұлттық геологиялық ор­талық» құру қажеттігін дә­лел­­дейді. 
Инвестициялар және даму министрлігінің түсіндіруінше, гео­­логиялық зерттеулер ор­та­­­­лығы «халықаралық сер­ти­фи­катқа ие ғылыми-зерттеу зертханалары бар әлемдік деңгейдегі ин­­фрақұрылым болуға тиіс». Онда гео­ло­гия, гидрогеология, гео­фи­­зика, геохимия мен зерт­­ха­налық зерттеулер, тә­жі­ри­белік-өнеркәсіптік және эк­с­перименталды тес­ті­леулер, кен қорларын ин­тер­преттациялау, модельдеу және ес­еп­теулер жү­зеге асырылады деп көзделуде.
Отандық «геологиялық клас­тер» аясында Қазақстанның ми­нералды ресурстарының Ұлт­тық деректер банкін құрып, жүргізіп отыру ұсынылады.
Анықталғанындай, Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Гео­логиялық орталық құру бойынша ұсынысты қарауды бірінші ви­це-премьер Асқар Маминге жүк­теген екен. 
Негізі, геология саласын дамытпай, елдің минералдық-шикізат қорын толықтыру ісі жүзеге аспайды. Олай болса, Қазақстан кеңес кезіндегі атақты ғалымдарымыз ашып кеткен кен орындарындағы қазынаны түгесумен шектелмек. 
Инвестициялар және даму министрлігінің ақпарынша, мем­лекеттік бюджеттің және жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлауға қаражат құюы арқасында 2011-2016 жыл­дар аралығында «болжамды ресурстар» мен «запастар» алтын бойынша тиісінше тағы 2,7 мың тоннаға және 475 тоннаға, мыс – 69 миллион тоннаға және 8 миллион тоннаға, қорғасын – 37 миллион тоннаға және 415 мың тоннаға, мырыш – 38 миллион және 988 мың тоннаға өскен.
– Қазақстан жеріндегі қат­ты пайдалы қазбаларды гео­­логиялық зерттеуге біз мем­ле­кет­тік бюджеттен 40 миллиард тең­ге жұмсадық. Бұл жұмыс өз жемісін беріп отыр. Бес жыл ішінде қорлар өсті. Соған қара­мастан, біз бәрібір дамыған елдерден қалып қойдық. Қазіргі кезде Қазақстан өз аумағының 1 шаршы шақырымын зерттеуге жұмсайтын қаржы көлемі бо­йынша өзі сияқты жері кең-бай­тақ, бірақ дамыған елдерден 20 еседен артыққа кейін қалды. Мәселен, бұл көрсеткіш біздің елімізде 1 шаршы шақырымға 7 доллардан, Австралияда 167, ал Канадада 203 доллардан келеді, – деді министр.
Осыған орай Инвестициялар және даму министрлігі жыл са­йын бастапқы сатыларында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 30 миллиард теңге бюджет қаржысын бөліп отыруды ұсынады. Бұл Ж.Қасымбектің сендіруінше, біріншіден, жері­міздің геологиялық зерт­телуін арттырады, зерттеулердің терең­деуіне жол ашады, сондай-ақ жыл сайын алтынның ресурстық базасын – 300 тоннаға, мыс­тың – 3 миллион тоннаға, по­ли­­ме­талдарды – 10 миллион тон­наға ұлғайтып отыруға мүмкіндік бе­реді. Екіншіден, кен өндіру келешегі зор алаңдарды әзірлеп, оларды ары қарай барлау үшін инвесторларды тарту қамтамасыз етілмек. 
Әрине, барлық барлауды мемлекеттің мойнына асып қою­­ға болмайды. Ел осы шы­ғынды өзі көтеріп, ал инвестор «дайын асқа тік қасық» болмауға тиіс. Ендеше, мемлекет геобарлауда қандай жұмыстарға бюджеттен қаржы жұмсауы қажет? Бұл іс­ті шартты түрде 4 бөлікке бөл­ген жөн, бұлар – «өңірдегі жұ­мыстар», «іздеу жұмыстары», «іздеу-бағалау» және «барлау» жұмыстары. 
– Біздің байламымызша, мемлекет тек алғашқы екі бө­лік­ке қаржысын салғаны дұ­рыс. Барлау шығыстарының жалпы көлеміндегі бұлардың үлесі небары 10 пайыз ғана. Ал басқаларына жеке инвес­тор­ларды, ұлттық және трансұлттық ком­панияларды тартқанымыз абзал, – дейді министр Жеңіс Қасымбек. 
Ол соңғы 3 жылда Қазақ­стан­ның австралиялық Rio Tin­­to және IIuka Resources, оң­түстіккореялық Korea Resour­­ces Corporation», гер­ма­ния­лық Ulmus Fund, жапондық JOGMEC, ирандық Ghadir мен Sadr Tamin секілді трансұлттық алпауыттарды геологиялық бар­лау­ға тарта алғанын хабарлады.

 Айхан ШӘРІП