Негізгі бет  /  мақалалар  /  Кенен атындағы байқаудан көлік мінді

Кенен атындағы байқаудан көлік мінді

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1169
Кенен атындағы байқаудан көлік мінді «Өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің қашанда мәртебесі жоғары» дейді Мемлекет басшысы.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық өнерге деген құрметі мен әнші-орындаушыларға деген ілтипаты ерекше. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, аса көрнекті халық композиторы, ақын-жырау Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» атты VІІІ республикалық әншілер байқауы өтті. 

Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» атты VIII республикалық әншілер бай­қауының мақсаты – өскелең ұрпақты Кенен Әзірбаевтың шығармашылығымен терең таныстыруға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге және дәстүрлі орын­даушылық өнерді жан-жақты насихаттауға, жас ұрпақтың ру­хани ұстанымына айналдыруға, дарынды жастардың орын­дау­шылық шеберлігінің шыңда­луына, өнер қанатын кеңге жа­йып, көпшілікке кеңінен таны­луына мүмкіндік жасау.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлі­метінше, өнер сайысына Астана, Алматы қалаларынан және Ақмола, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан 16-35 жас аралығындағы 50 үміткер өтініш жіберген. Олардың арасынан 23-і алғашқы сыннан өтіп, екінші кезеңге жолдама алған. 


Жас орындаушылар ереже бойынша жеребе алып, халық композиторы Кенен Әзірбаевтың үш шығармасы мен өз қалауы бойынша бір туынды ұсынған. 
Қазылар алқасына Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев төрағалық етсе, құрамында Кенен Әзірбаев атындағы I және II республикалық «Шырқа, даусым!» әншілер конкурстарының лауреаттары Шолпан Даржанова мен Ардақ Балажанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов пен Оңал Азаматова болды. Үміткерлер компози­тордың туындыларын арқау етіп, актерлық шеберліктерін барынша көрсетуге тырысты.
Сынға түскендердің ішінен алматылық Данияр Рахымбай бас жүлдені қанжығасына байлап, темір тұлпарға ие болды. Бірінші, екінші және үшінші орындарға Алматы, Астана және Оңтүстік Қазақстан облысының қатысушылары Қайратбек Бектұрсын, Құрбанәлі Мұхаммед және Айдос Оңғарбай иеленді.
Республикалық өнер жарысы байқауының жеңімпаздарына дипломдар, алғыс-хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды. Республикалық әншілер кон­курсы, дәстүрлі түрде екі жылда бір рет Кененнің ұрпақтарының атсалысуымен жүзеге асады. 
– Алғашқы кезеңде «Тік шырқау», «Сексенге», «Шырқа, даусым» әндерін сарапқа салдым. Екінші кезеңде атамыздың «Көкшолақ» және өз қалауым бойынша Үмбетәлі Кәрібаевтың «Арпа-бидай» әнін орындадым. Шараны ұйымдастырған Жам­был облысының әкімдігі мен өне­рімді жоғары бағалаған қазы­лар алқасына, қолдау біл­дірген көрермендерге, ұстазда­рыма, отбасыма, жора-жолдас­тарыма алғыс айтамын. Осы жеңісімді Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақ еліне арнаймын! – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының Кенен Әзірбаев атындағы Жетісу ән-жыр мек­тебінің студенті Данияр Рахымбай.