Негізгі бет  /  мақалалар  /  АҚШ күйрей ме?

АҚШ күйрей ме?

Айнұр Қазыкенова
880
АҚШ күйрей ме? «АҚШ көп ұзамай КСРО-ның кебінін киіп, күйреп түсуі мүмкін» дейді белгілі америкалық экономист Джеффри Сакс.

«Өйткені –дейді белгілі  экономист, The Boston Globe басылымына  берген сұхбатында: - Қазір  АҚШ  ұлттық қауіпсіздікті  желеу етіп  қаржыны  оңды –солды  шашуда. Әсіресе  Таяу Шығыста  жүріп  жатқан соғыстың қызығына  түсіп кеткен  АҚШ елдегі жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын  байқаса да байқамаған кейіп танытуда. Мұның арты әлеуметтік  жарылыстарға алып  келуі ықтимал.  Сондықтан келесі  сайланатын  президент  осы  мәселеге  баса  назар аударғаны дұрыс. Әлемді  баса-көктеп  иелік жасаймын  деген амбициядан арылғаны  жөн». Сондай-ақ Джеффри Сакс  жұртқа беймәлім біраз фактілерді  жайып  салды. Мәселен, АҚШ-тың  4999 әскери  нысаны бар екен. Оның 662-і өзге елдерде. Осы нысандарға  және әскери  қақтығыстарға жылына 900 миллиард  доллар  кетіп жатқан көрінеді. Экономистің айтуынша  бұл аса үлкен  қаржының  еш қайтарымы  жоқ. Дәл  осындай жағдайды 1980 жылдары КСРО-да  бастан кешіпті. Ауғанстанға  әскер  енгізіп,  аса  үлкен қаржы  төкті. Ал  оның  арты  не болғаны белгілі. Коммунистердің мызғымас одағы  1990 жылдары  құлап  қалды.  Егерде  осы  бағыттан  танбаса АҚШ-ты да алда  сондай трагедия күтіп тұр- дейді Джеффри Сакс.