Негізгі бет  /  мақалалар  /  Бразилия бизнесінің берері мол

Бразилия бизнесінің берері мол

Жадыра Аққайыр
1147
Бразилия бизнесінің берері мол Алматыда тұңғыш рет Қазақстан мен Бразилия кәсіпкерлерінің басын қосқан бизнес-форум өтті.

Екі ел өзара тауар алмасады әрі осы жылдың 1 шілдесінен бастап визасыз режим орнағаны тағы бар. Осылай­ша, экономикалық әріптестіктің дамуына тағы бір қадам жасалды. 

2015 жылы екі жақты тауар айналымы 61,3 млн долларға жеткен. Соның ішінде экспорт көлемі – 55,7 млн доллар, импорт – 105,6 млн доллар. Бізге Бразилиядан құрғақ қант және сахароза, азаматтық ұшақтар, темекі шикізаты, сорғыштар, тоңазытылған ет, жеміс шырындары, қара металдар келеді. Ал экспорттың негізгі түрі – күкірт. Бразилиядан келген өкілдер форум барысында Қазақстанның инвес­тиция тұрғысынан мүмкіндігі жоғары ел екендігін атап өтті. Бразилияда ауыл ша­руашылығы, тау-кен және өндіріс өнер­кә­сібі, қызмет көрсету саласы жақсы дамыған. Оңтүстік Америка елдері ішінде алдыңғы қатарды алатын да, әлемдік нарықта өз орнын белгілеп үлгерген де – Бразилия эко­номикасы. «Сіздердің елдеріңіз келісімге келуге, байланыс орнатуға әрдайым ашық ел екендігін байқадық. Қазақстан мен Бра­зилия арасындағы визасыз режим эконо­микалық әріптестікті дамытары сөзсіз. Айталық, алматылық компанияның ты­ныс-тіршілігі туралы білгім келді делік. Ұшаққа отырдым – жеттім. Еш мәселе жоқ. Виза рәсімдеу, декларация сынды қиындық туындамайды. Екі ел арасы алыс, арамызда мұхит жатыр. Бірақ бүгінгі кездесуден соң, өзара тығыз қарым-қатынас орнайды деп ойлаймын. Біздің компаниялар Air Astana үшін ұшақтар тасымалдайды, ең жақсы деген етіміз де сіздерде бар. Супермар­кет­терге бас сұққанымызда өз өнімдерімізді көріп, қуанғаным рас» дейді Apex Brasil өкілі Альмир Америко Рибейро.
Ал Кәсіпкерлер палатасының ди­рек­торы Юрий Тілеумұратов болса, Алматы қаласының шетелдік инвесторлар үшін қолайлы алаң екенін атап өтті. «Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жылында Қазақстан шетел инвесторларына тамаша жағдай жасады. Кеден және салық жеңілдіктерінен бастап, арнайы инвестициялық субсидия бөлгенін мысал ретінде көрсетуге болады. Одан бө­лек, Алматыда Индустриалдық аймақ пен Алатау «ИТП» АЭА атты арнайы экономи­калық аймақ жұмыс істейді. Яғни, біз бір­лескен жобалар жасауға, шетел инвестор­ларымен әріптестікке дайынбыз» деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.