Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ер адам көршілеріне оқ атты

Ер адам көршілеріне оқ атты

Айқын-ақпарат
842
Ер адам көршілеріне оқ атты Алматы облысы Талғар ауданындағы саяжай тұрғындары күн сайын өздерінің зәресін алатын көршілерінің үстінен жаппай шағымданып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Көрінген адаммен кикілжіңге келетін ол, бірден қаруын ала жүгіретін көрінеді. Бұзақының суық қаруынан шошыған жұрт, оның заңмен жазалануын сұрап отыр. «Ардагер» саяжайының тұрғындары осындағы Алексей Николаев дейтін бұзақыдан әбден мезі болғандарын айтады. Ердің жасы 50-ге таяса да үлкенді-кіші демей балағаттап, қолынан келсе ұрып-соғып, тіпті тапаншамен атқылайтын әдеті бар екен.

Тұрғындардың айтуынша, оның ендігі мақсаты - саяжайды басқару. Сол үшін бау-бақша қоғамының қазіргі төрайымының үйіне де тыныштық бермейді екен. Ол үйдегі бала-шағаны қорқыту үшін де тапанша қолданыпты.

«Итіміз қатты үре бастады. Сыртқа шықсақ, Алексей Николаев таспен ұрып жатыр екен. Мән бермей қойған едік, тарсылдаған дауыс естідік. Қайта қарасақ, қолында тапаншасы бар, үйімізді сыртынан атқылап жатыр», - дейді саяжай тұрғыны Екатерина Башатова.

Атқан іздері қабырғада әлі тұр. Сынған терезе де сол жөнделмеген қалпында. Бірнеше жыл бұрын бұл үйдегі қарт кісіні де таяқтың астына алған. Соның кесірінен Екатеринаның әкесі ауруханада жатып шыққан. Ал күйеуін таяқпен ұрып, қолын сындырған.

Жуырда ғана тапаншамен үй сыртын атқылағанда тұрғындар тәртіп сақшыларын шақырыпты. Қашып құтылмақ болған қуды полицейлер іздеп тауып, қамауға алған.

«Ұсталған сәтте бұл азаматтан «Макаров» тапаншасына ұқсас пневматикалық тапанша табылды. Қазір оның үстінен бұзақылығы және тәртіп сақшыларына бағынбағаны үшін екі бірдей қылмыстық іс қозғалып отыр. Ұсталған азамат Талғар аудандық сотының санциясымен қамауға алынды», - деп атап өтті Алматы облысы ІІД ресми өкілі Көбей Нұрахмет.

Алексей Николаев 2000 жылдары да осындай бұзақылығы үшін жауапқа тартылған. Тәртіп сақшылары бұл жолы оның жазадан құтылмайтынын айтуда. Ал тұрғындар саяжайдан мүлде аластап жіберуді көздейді. 

 

 ҚазАқпарат