Негізгі бет  /  мақалалар  /  Еліміз арқылы 30 тонна есірткі тасымалданады

Еліміз арқылы 30 тонна есірткі тасымалданады

Айқын-ақпарат
873
Еліміз арқылы 30 тонна есірткі тасымалданады Елімізде жыл сайын құқық қорғау органдары 3 мыңға жуық есірткі қылмысын анықтайды.

Нәтижесінде 30 тонна есірткі, оның ішінде 150 келі героин тәркіленеді. Алайда Қазақстанда есірткі мәселесіне қатысты шешімін таппаған 2 үлкен мәселе бар. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан ҰҚШҚ үйлестіру кеңесінің 18-отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.
- Жыл сайын Ішкі істер органдары орта есеппен 3 мыңға жуық есірткі қылмысын анықтайды. 30 тонна есірткі, оның ішінде 150 келі героин алынады. Қазақстанда шешімін таппаған осы салаға қатысты 2 проблема бар. Біріншіден, еліміздің аумағы арқылы ауған героины тасымалданады. Бұл есірткі Ресейге, кейін Еуропа аумағына жеткізіледі. Алайда осы есірткілердің бір бөлігі елімізде қалады. Сондықтан біздің алға қойған басты міндетіміз  есірткі контрабандасымен күресу, ірі есірткі саудалаушыларды ұстау мен ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресу. Осы бағытта бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Бюджеттен бөлінген қаржыға оңтүстіктегі шекараны күшейтуге, шекара мен кеден қызметінің жұмысын тиімді етуге жұмсалды, - деді министр.
Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, екінші мәселе бойынша да құзырлы орган өкілдері тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
- Екіншіден, Жамбыл облысында 140 мың гектар алқапта жабайы қарасора өсетіні белгілі (Шу аумағы  ред.). Бұл өнім марихуана мен гашиштің шикізаты болып табылады. Сондықтан осы өңірде арнайы жасақтардың көмегімен үнемі оперативті профилактикалық шаралар ұйымдастырылады. Олар тиісі құрал-жабдықтармен жарақтандырылған», - деп түйіндеді сөзін басшы.
Айта кетейік, бүгін Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҚ) мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретті органдар басшылары үйлестіру кеңесінің (ЕҚОҮК) 18-отырысы өтіп жатыр.
Дәурен ЕРБОЛАТ,
Baq.kz