Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мәдина Омарова: «Ахикодан» тарихты іздеудің қажеті жоқ

Мәдина Омарова: «Ахикодан» тарихты іздеудің қажеті жоқ

Гүлзина БЕКТАС
1168
Мәдина Омарова:  «Ахикодан» тарихты іздеудің қажеті жоқ Қарағанды облысы Ақтас ауылында тұратын Ахико Тецуроның өмірі көркем дүниеге арқау болды. Қазір Ахико ақсақалдың көзі тірі. Сексеннің бесеуіне келді. Ол өзінің өткен өмірі жайлы сөйлегісі келмейді.

Тыңдарман қызығып тыңдағысы келгенімен, оның өзіне ауыр. Ол тұтқынға алынғанда 18 жастағы курсант екен. Он жылға сотталып, азап лагерін бастан өткерді. Аштық пен қатыгездіктен 1954 жылы ғана құтылды. Ахиконың тозаққа бергісіз өмірі туралы естеліктері «Ақтастағы Ахико» спектакліне негіз болды. Спектакль Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында қойылды. Алайда режиссерлік шешім мен авторлық көзқарасқа қатысты көрерменді толғандырған сауал көп. Осыған орай жазушы, пьеса авторы Мәдина Омарованың ойын білгіміз келді. 

 

– Мәдина, көзі тірі адамды көркем шы­ғар­маның кейіпкеріне айналдыру қиын болған жоқ па?
– Көзі тірі адамды жазу немесе деректі шығармаға айналдыру, керісінше жеңіл болуы мүмкін. Өйткені деректі дүниені ой­дан құрастырып, қиялға көп ерік бере ал­майсың. Оның қиындығы сонда: оның шек­теулі биографиясының шекарасынан шыға алмайсыз. Рас, Ахико ақсақалды кө­зі­ммен көріп, әңгімелесіп қайттым. Үйінде бол­дым, сөйлестім. Ол кісіні көрген соң, қат­ты әсерлендім. Өте қарапайым жан екен. Мектептен білім алмаған. Он жеті жа­сында Карлаг түрмесіне түскен. Тіл біл­мейді. Он жыл түрмеде отырып шық­қан­нан кейін, еңбекке араласады. Тіршілік ет­песке тағы болмайды. Ыдыс жуған, шах­тада жұмыс істеген. Құрылысшы бо­лып та нәпақасын тапқан. Өмір бойы қара жұ­мыс атқарған еңбек адамы. Тұп-тура сах­на­да­ғы­дай толғау-толғау сөз сөйлеп, өзі­нің мұ­ңын айтып отыратындай уақыты да бол­ған жоқ. Қарапайым адамның тірлігі қан­­дай болса да, ол да сондай қоңыртөбел тір­лік кешкен адам. 


– Спектакльге дейін Ахиконың образы еш­бір көркем шығармаға арқау болмаған ба?
– Тіпті өзі туралы көркем дүние жа­зы­лады деп ойламаған адам. Үйіне барға­ным­да, қатты толқып, қалбалақтап, дегбірі шы­ғып кетті. Ол кісіні көргенімде көз ал­дыма алып бәйтерек елестеді. Бәйтерек те мыл­қау. Алып ағаш ғасырлар бойы өмір сүр­генімен, ешкімге сырын айтып, ақтара ал­майды. Бірақ оның қасында тұрғаныңда қуа­тын іштей сезінесің. Сол сияқты, Ахи­ко­ның болмысы да маған ерекше әсер етті. Жай қасында үнсіз отырғанның өзі көңілге бас­қаша сезім ұялатады. Ахико ақсақалдан Кар­лаг туралы сұрағаным да жоқ. Екеу­міз­дің әңгімеміз күнделікті тұрмыс-тір­ші­лік­тен аспады. Алматының жайын айттық. Оның азапты өмір тарихын сұрауға тілім бат­пады. Өйткені өткенін сөз етсе, көзі жас­қа толады. Оның үстіне, соңғы кездері жү­регі де сыр беріп жүр екен. Сондықтан әйе­лі де торғай сияқты шырылдап, ол та­қы­рыпт сөйлеткісі келмейді екен. Сол себепті де, кейіпкеріммен тұрмыстық мәселеден арыға бара алмадым. 
– Ақсақалдың қазақша тілі жатық па?
– Қазақша сөйлемейді. Орысшаның өзін дұрыс меңгермеген. Шала-шарпы бі­ле­ді. Ойын дұрыс жеткізе алмайды. Жа­пон­ша хат таниды екен. Аудармашы бо­­лып жүрген жапон қызы оның жапон ті­­лін аздап ұмыта бастағанын ай­та­ды. Жапонша сөйлеп отырғанда, орыс­ша­ны көбірек қосып жібереді.
– Ахиконың тағдырына неге қызық­ты­ңыз?
– Бұл тақырыпты жазамын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Әдебиеттегі бағытымның бө­лек екенін өзіңіз де білесіз. Мені мис­ти­ка, психологиялық дүниелер, адамның іш­кі әлемі көбірек қызықтырады. Маған мұн­дай нақты, тарихи дүниелердің ауылы алыс көрінетін. Қазақтың тарихынан, жал­­­пы тарихтан қарапайым оқырман ре­тін­де хабардар болғаным болмаса, түбіне үңі­ліп көрген емеспін. «Жазушы жан-жақ­ты болуы керек. Тарихты бүге-шүгесіне де­­йін білуі керек» деген сарында пікірлер ай­тылып жатады. Ол да дұрыс шығар. Бі­рақ тарих тақырыбы өзімді қызық­тыр­ма­ған­дықтан, оған көп бойлай бермейді екен­­­­мін. Тарихты мектепте оқыдық, уни­вер­­­ситетте де арнайы білім алдық. Ахмет Бай­тұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағ­жан Жұмабаев, Міржақып Дулатов және өзге де алаш арыстарының әдеби туын­ды­ларын оқып өстік. Олардың әдебиеттегі ор­нын жақсы білеміз. Бірақ олардың жеке тағ­дыры маған сағым сияқты бұлыңғыр көрінетін. Өткен жылы ғалым, депутат Нұр­лан Дулатбеков біздің театрымызға ке­ліп, жиын өткізді. Сол жиында өзінің Кар­лагты көп зерттегенін, сондағы түрлі тағ­дыр иелерінің азапты өмірінен көркем пье­са жазылса қалай болатынын айтып, мә­селе көтерген еді. Басшылық Нұрлан аға­ның пікіріне қарсы болған жоқ. Бірақ бұл тақырыпты сахнада көрсете аламыз ба? Басшылықты да толғандырған дүние осы болатын. Карлагты қалай суреттейміз? Рас, онда қаншама тағдыр азап шекті. Он­да қаншама адамның миына сыймай­тын жауыздықтар істелінді. Оны қалай сахна­лай­мыз? Құр сөзбен, құр ақпармен көрер­мен­ді алдай алмайтынымыз тағы белгілі. Жиыннан соң басшылық «Мәдина, сен осы­ны жазып көрсең қайтеді?» деп, маған тап­сырды. Театрда қызмет еткеннен кейін, қарсы бола алмайсың. «Жарайды, көре­йін» дедім. Ол кезде не жазатынымды ұқ­қан жоқпын. Қолымда дайын тақырып тұр. Ары қарай не істеуім керек? Сол күн­нен бастап, осы тақырыпты қаузап, зерт­тей бастадым. Түрме өмірін баяндайтын түр­лі деректі фильмдерді, көркем дү­ние­лер­ді шолып шықтым. Түрмедегі адамның пси­хологиясын жазған психологтардың ең­бек­терімен таныса бастадым. Көп із­ден­дім. Карлагтың музейін араладым. Ахико ақ­сақалмен тілдестім. Карлагты көрген кез­де жаным түршікті. Мұндай болуы мүм­кін емес деген ой келді. Байқасаңыз, спек­такльде Ахиконың: «Бұлай болуы мүм­кін емес қой, адамдар!» дейтін сөзі бар. Бұл – менің ішкі ойым, жан-айқайым. Спек­такль сахналанған сәттен бастап, түр­лі ой-пікірлер айтылып жатыр. Теа­тр­дың ішінде де талай пікірталастар болды. Тіпті үлкен актрисалардың бірі: «Жендет­тер­ді зұлым етіп көрсетіпсіңдер. Кеңес өмі­рін көзіміз көрді. Кеңес әскерін де көзбен көрдік. Коммунистік идеяға иман­дай сенген адамдар да болды. Бірақ олар­дың бәрі бірдей қатыгез емес еді ғой» де­ген­­дей пікір айтты. Дұрыс та шығар. Алай­­­­­да Карлагтағы адамдардың тағдырын көз­ге елестетіп көріңізші. Ондағы адам­дар­­дың өмірі туралы жазылған дүниелерді оқы­саңыз, жан түршігеді. Спектакльде оны жеңілдетіп ғана көрсетіп отырмыз. Кар­лаг музейін көрдіңіз бе? Көз алдыңызға сұм­дық суреттер елестемей ме? Азап ла­ге­ріне түскендердің көбі осал жандар болған жоқ. Небір ғаламат ғалымдар, зиялылар азап шекті. Қазақтың ғана емес, бүкіл адам­­­заттың бетке ұстар қаймақтарын түр­м­е­ге тоғытып, әбден қорлаған. Қорлықтың не­бір сұмдық түрлерін пайдаланыпты. Түр­меде босанған әйелдердің балаларын туа салысымен үлкен бөшкеге салатын бо­лып­ты. Бөшке толған кезде далаға апарып, тө­гіп тастап отырған. Мұның бәрі тарихи шын­дық. Ол шындықтан қаша алмаймыз. Мәселен, спектакльдегі Степан – жиын­тық образ. Сол арқылы айуандықты көр­сет­­­кіміз келді.
– Сонда тарихи шындықты Степанның об­ра­зында көрсеткіңіз келді ме? 
– Тарихи шындықты осылайша жиын­тық образ арқылы бергім келді. Степан ме­нің сол үмітімді ақтады деп ойлаймын. 
– Степан – жиынтық образ. Ахико – кө­зі тірі адам. Ал Сәдуақас пен Сейфолла спектакльде қайдан жүр?
– Сәдуақас пен Сейфолла ақсақал, Ақайдың Хасені – бұлардың бәрі тарихта бар адамдар. Ал ақын Ахмет – бұл да жи­на­қ­ы образ. Ол спектакльде біресе, Сұл­тан­­­махмұттың өлеңін оқиды, біресе, Ах­мет Байтұрсыновтың өлеңін оқиды. Ахмет – аты­лып кеткен, Сібірге, Магаданға ай­дал­ған, зорлық-зомбылық көрген, қуғын-сүр­гінге ұшыраған алаш ардақтыларының жинақы образы. Одан тарихи астар іздеу­дің қажеті жоқ. Ақайдың Хасені – қазақ­тың мықты тұлғаларының бірі. Бірақ ол кісі­ні де 30-жылы атып жіберген. Сейфол­ла мен Сәдуақас ақсақалдың Карлагқа түс­­кені рас. Олар Сарыарқаның маңа­йын­да тұрған. Түрмеге әкелгеннен кейін үш күн­нің ішінде атып тастаған. Спектакльден хронологиялық деректерді іздесеңіздер, оны таба алмауыңыз мүмкін. Өйткені Ахи­коның өзінің жасын он бесте деп ал­дық. Шын мәнінде, ол Карлагқа түскенде 18 жас­та болған екен. Мұның бәрін бұр­малау деп есептемеймін. Сахна, өнер – ол тарих пә­ніне қосалқы оқулық емес. Ол – көркем дү­ние. Сол заманның шындығын, сол за­ман­ның азапты өмірін сахнаға алып шығу үшін осындай қосалқы образдарды пай­да­лан­дық. Шынайы деректерді пайдаланар бол­сақ, олардың әрқайсысы бөлек-бөлек ке­йіпкер, бөлек-бөлек шығарманың ар­қа­уы болары сөзсіз. Біздің мақсатымыз – сол за­манның келбетін бүгінге алып келу еді. Жырт­қыш кейпіне түскен адамзаттың ай­уан­дығын көрсету қажет болды. Жыртқыш екеш жыртқыш та өз ұяласына қарсы шап­пайтынын айтқымыз келді. Біз осы идея­ны көрсету арқылы мұндай озбыр, қатыгез тарихты қайталамау қажеттігін көрерменге ұғындырғымыз келді. Қазір ХХІ ғасыр. Өзі­­міз де зиялы деп есептелеміз. Техно­ло­гия­мыз дамып кетті дейміз. Соның өзінде әр­бір адамның бойында елу пайыз Алла ама­натына адалдық болса, елу пайыз жырт­қыштық инстинкт бар екенін ұмы­тып кете береміз. 
– Автор өз ойын айтады. Режиссер өз ше­шімі бойынша спектакль қояды. «Ақ­тас­­тағы Ахико» спектаклінде қайсысының мүд­десі басымырақ?
– Жазушының міндеті – жазу. Одан ке­йін шикізатты режиссер өз қолына ала­ды. Содан бастап, шығарманың екінші ке­зе­ңі басталады. Режиссер пьесаның құр сө­лін алып, өз топшылауымен қойып шы­ғуы мүмкін. Менің алғашқы нұсқам мүл­дем өзгеріп кетті десек те болады. Оның өзгер­геніне ренішім де, өкінішім де болған жоқ. Өзгеріс барысына өзім де атсалыстым. Ре­­жиссер ойына да, актер шешіміне де қар­сылығым болған жоқ. Олардың ішкі ойын дұрыс қабылдадым. Себебі, ре­жис­сер автор идеясынан көп ауытқып кет­пей­ді. Тіпті о бастағы Ақтамақ спектакльде адам танымастай болып өзгерді. Себебі, ме­нің Ақтамағым мүлдем басқа адам бо­ла­тын. Менің Ақтамағымның прототипі Гүл­жамал Майлина еді. Гүлжамал апаның өмі­рі үнемі ойымнан шықпайтын. Соны пье­­сада пайдаланғаныммен, сахнаның стан­дарты басқа екен. Менің кейіпкерім сахнаға жарамай қалды. Спектакльдің режиссері Асхат Маемировпен ақылдаса отырып, жаңа Ақтамақтың образын жасап шығардық. Режиссер өзінің үнін, өзінің дү­ние­танымын қосты. 
– Спектакльге қатысты әлеуметтік же­ліде айтылып жатқан сын-пікірлерге көз­қарасыңыз қалай?
– Бұл спектакль тарихты жақсы бі­ле­тін, сауатты адамдардың түсініспеушілігін ту­дырған да шығар. Бірақ бұған ақталып жат­қым келмейді. Ахико тағдырын, Кар­лаг­тағы тұтқындардың тағдырын қалай тү­сіндім, солай бергім келді. Көркем дү­ние құр сөзбен жазыла салмайды. Онда жа­зу­­шының эмоциясы, болмысы, келбеті се­зіліп тұруы шарт. Дәуірдің шындығын қа­лай қабылдасам, солай бергім келді. Он­да­ғы кейіпкерлер де менің ішкі айға­йым­ды, жан-дүниемді көрсетеді. Ол шынайы та­рихқа жанаспай жатса, оны қателік деп есеп­темеймін. Тағы да айтамын, ол жерден та­рих іздеудің қажеті жоқ. Спектакльден рух іздеңіздер! Мораль іздеңіздер! Бұл сұм­дық ешқашан қайталанбасын деп ті­ле­ңіз­дер. Осылайша, бүгінгі көрермен өткеннен сабақ алса деймін. Тарих іздегіңіз келсе, хронология іздесеңіз, оны спектакльден көре алмайсыз. Негізі «Ақтастағы Ахи­ко­да» рух бар, ой бар. Бастысы, о бастағы айт­қымыз келген идеяны жеткізе алдық. 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС