Басты  /  мақалалар  /  Ана тілің – өзіңе керек, мемлекеттік тіл – баршаға ортақ

Ана тілің – өзіңе керек, мемлекеттік тіл – баршаға ортақ

Кәмшат ТАСБОЛАТ
2229
Ана тілің – өзіңе керек, мемлекеттік тіл – баршаға ортақ Асылы ОСМАН, Қазақстан Халқы ассамблеясының өкілі:

Биыл Қазақстан жұрты Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойласа, Президент бастамасымен дүниеге келген Халық ассамблеясы 21 жылдығына аяқ басады. Бұл құрылымның қазіргі тыныс-тіршілігі, егемендік жылдары атқарған жұмысының нәтижелері, мемлекеттік тілді аз ұлыс өкілдеріне игерту де  қосқан үлесі мен Елбасының болашаққа бағыт берген «Ұлт жоспары» жайлы қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман «Айқын» газетіне берген арнайы сұхбатында баяндайды. 

– Елімізде болып жатқан жақсылықтың бәрі – Тәуелсіздіктің арқасында. 25 жыл де­ге­німіз – адам өмірімен есептесек, құ­дай­ға шү­кір, оң мен солын танитын адам боп шы­ғатын кезең ғой, – деп бастады Асы­лы Осман. – Тарихпен есептесек, бұл ке­зең теңіз­ге тамған тамшыдай. Бірақ Тәуел­с­іздік ал­ған жылдардың әр күнінің қан­шалықты қым­бат екенін жан-дүниең­мен сезіне білуің ке­рек. Еліміз егемендік алған жылдары қуа­нышқа бөленбеген адам жоқ шығар. 1991 жы­лы Қазақстанның Тәуелсіздігі жария­ланып жатқан заманда ерік­сіз көзіме жас үйірілген еді. Бұл – қуа­ныш­тың жасы еді. 
Аллаға шүкір, егемендіктің арқасында жет­­кен жетістігіміз ауыз толтырып айтар­лық­тай. Өз алдымызға жеке шаңырақ боп отыр­­ғанымыздың өзі нендей бақыт?! Қа­зақ­станның тұлпар шапса тұяғы мұқалатын, сұң­қар ұшса қанаты талатын кең байтақ жері мен даласы бар. Қазақ атам заманнан «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп тектен-текке айтпаған. Тіпті оңашаланып, тәуел­сіз, дер­бес ел болуымыздың өзі үлкен бақыт! Елі­міз­дің басқа жетістіктерін айтпағанның өзін­де Қазақстанның дербес ел ретінде әлем­ге танылғанының өзі не тұрады?! 1969 жылы Ленинградқа (қазіргі Петербор қаласы авт.) студенттерді апарған кезімде ондағы халық Алматы деген қала барын білмейтін. Ал бүгінгі таңда Қазақстан – әлем­ге әйгілі мемлекет. Құдайға шүкір, бұл Ұлт көш­бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел саясатының арқасында. Ел үшін, жер үшін аянбай еңбек еткендігінің нәтижесі. Содан кейін қазақ деген халықтың кең­ді­гінің, дархандығының, қолы қысқа болса да, қолтығына барлық ұлыстың ба­ла­сын қыс­қандығының арқасында елі­мізде бір­лік те, татулық та, тұтастық та, ынтымақ та ны­ғайып жатыр. 
– Сіз үшін Тәуелсіздік жылдары есте қал­ған ең елеулі оқиға қайсысы? 
– Менің бұрыннан бір арманым болатын. Құ­дайға шүкір, ол арманым да орындалды. 2015 жылы Елбасымыз Біріккен Ұлттар Ұйы­мының мінберінен алты Алаштың ана тілі – қазақ тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілі­міз­ді алты құрлыққа танытуының өзі мен үшін үлкен бақыт пен қуаныш болды. Қай заманда мұндай болып еді? Кеңес үкіметінің өзінде өз ана тілінде сөйлей алмаған халық әлемнің 200-ге жуық мемлекетінің басын біріктіріп отырған ұйымның төрінде қазақша баяндама жасауға мүмкіндік алды. Шындап келгенде, бұл менің сонау 1989 жылдан бері армандап, талмай айтып жүрген дүнием еді. Өз басым «Неге біз шетелге шыққанда тек қазақша сөйлемейміз, қазақ деген ел барын білсін» деп талай жерде айтып жүремін. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан басқалар да үлгі алса, игі. 
– Мемлекеттік тілді кең қолданысқа ен­гізу­де ассамблеяның орны қандай? 
– Бүгінде мемлекеттік тілдің дамуына шү­кіршілік етемін. Бір өкінішім сол – мем­лекеттік тілдің әлі де болса өз тұғырына қон­бай тұрғандығы. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне сай кең қолданысқа ие бо­лып, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде өмірдің бар­лық саласында қызмет етсе деген тілек бар. Әу бастан-ақ Елбасының Қазақстан Ха­лқы ассамблеясын құрудағы мақсаты – елі­мізде тұратын әртүрлі ұлыс өкілдерінің ба­сын біріктіріп, өздері тұрған елге, жерге де­ген сенімін арттыру мақсаты болды деп ой­лаймын. Ассамблея алғашқы уақытта кеңес ретінде құрылды, мұнда әрбір ұлт өкілі мә­дени орталықтарын ашуға мүмкіндік ал­ды. 
Бірақ Құдайдан жасырмағанды адамнан да жасырмаймын, расында да, алғашқы ке­зеңдері әркім көрпені өзіне қарай тартты. Оның мәні де, маңызы да бар. Өйткені әрбір ұлт өкілі өз мәдениеті, тілі мен діні, әдебиеті мен салтын жаңғырту арқылы тұрған мем­ле­кетінде берілген еркіндіктің негізінде бұл жерге деген сенімі артты. Әрине, алғашқы кез­де мемлекеттік тілді үйренуге онша құ­лық­ты болмағанымен, байқауымша, кейінгі кез­дері тілге деген ынта-ықылас артып ке­леді. Түптеп келгенде, адамның сана-түсінігі бол­са, саған еркіндік беріп тұрған елде сенің тарапыңнан да қайтарым болуы керек қой. Достық үйінде әркім өз ана тілдерін үйреніп, салт-дәсүрлерін жаңғыртып, әдебиеттерін оқып, тіпті сырттағы өз елдерінде тойла­на­тын мерекелеріне дейін атап өтетін. Тіпті жағ­дай әлі де солай. 
– Жалпы, ассамблеяда мемлекеттік тілді үйренуге басымдық беріле ме, әлде өз ана тіл­дерін үйренуге көбірек жағдай жасала ма? 
– Ассамблеяның негізгі мақсаты – елі­мізде кенжелеп дамып келе жатқан мем­ле­кеттік тіл – қазақтың тілін дамытуға атс­а­лы­су деп талай жерде айтып келем. Еркіндіктің ар­қасында әркім өз ана тілін сақтап келе жа­тыр. Енді біздің барлығымыз ұйытқы бо­лып мемлекеттік тілдің дамуына атсалысуы­мыз керек. Бүгінде бұған мойынсыну бар. Мемлекеттік тілдің қадір-қасиетіне көздері жет­ті. 1998 жылы радио-телевизия ар­қылы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деп ті­келей эфирлер жүргіздім. Ондағы мақса­тым – өзге ұлт өкілдерін соған қарай ұйыс­тыру еді. Бұдан тыс, өз келешегін Қа­зақ­стан­ның болашағымен байланыстырғысы келген адам­ның тілді меңгеруі үшін «Мемлекеттік тіл­ге құрмет» бірлестігін де ұйымдастырдым. Шын мәнінде, тілге көңіл бөлінсе бәрі де өз ор­нына келеді. Мұнда қаншама азаматтар ба­лаларын қазақ мектептеріне берді?! 
Ассамблеяның шарықтағаны – Елба­сының даналығы. 2015 жылды Президентіміз Ассамблея жылы деп белгіледі. Сол кезде бұл құрылымның қандай қызмет атқарып келе жат­қанын күллі Қазақстан білді. Бір қуан­тарлығы, ассамблея да өз жұмыс нәтижелерін ел­ге таныта білді. 

 


 

Алматыдағы Достық үйінде 8 этномәдени бірлестіктің жексенбілік мектептері жұмыс істейді. Атап айтсақ, шешен, грек, ұйғыр, беларусь, грузин, т.б. ұлыс өкілдерінің орталықтары. Олардың жанында мемлекеттік тілді игеретін 12 топ, өз ана тілдерін үйреніп жүрген 11 топ жасақталған. Әр топқа тіл білу деңгейіне қарай 8-ден 12 адамға дейін қатысады. Бүгінде жалпы 266 адам тіл меңгеруде. 
2016 жылдың 22 маусымынан 11 қарашасына дейін жалпы тіл үйрену курстарына 1104 сағат бөлінген, оның 576 сағаты – мемлекеттік тілді меңгеруге, 528 сағаты – өз ана тілдерін үйренуге арналыпты. 

 

 



– Мәселен, Әзірбайжан диаспорасының өкілі ретінде мемлекеттік тілді сіз жақсы біле­сіз, тағы қаншама мәдени орталықтың төра­ғасы тіл біледі? 
– Мемлекеттік тілді ұйғыр, күрд, түрік, т.б. мәдени орталықтардың басшылары мен қосшылары жақсы біледі. 
– Яғни ассамблеяда тек қана түркі тілдес ұлыс өкілдері ғана мемлекеттік тілді игерген деу­ге бола ма?
– Негізі, славян халықтары мәдени ор­та­лықтарының басшыларынан гөрі, қос­шы­ларының араларында тіл білетіндері бар. Мұ­ны жоққа шығаруға болмайды. Салыс­тыр­малы түрде айтқанда, бұрынғы күнге қа­рағанда тілді игеруде алға жылжу бар. Тіл­ге деген ынта да, сүйіспеншілік те жо­ғары. Өкінішке қарай, қазірше кейбіреулер қазақтың тілінен сусындамай тұр. Егер сусындаса бұлардың аузынан қазақтың тілі ешқашан да кетпеген болар еді. 2015 жылғы зерттеулерге сенсек, Қазақстанда 44000-дай адам мемлекеттік тілді үйреніпті. Бұл да Ассамблеяның бір көрсеткіші. Байқауымша, мемлекеттік тілді шешендер мен ингуштар балалар мен жастарға жанын салып оқытты. Мәселен, ұйғырлардың мектептері бар, олар бұл жерде қазақ тілін де жақсы игеріп ал­ғанын айтқым келеді. Тіпті әртүрлі кон­фе­ренцияларда Бунаков сияқтылар «екі тіл» де­генді көп алға тартады ғой, бұл орайда Мәс­кеуде өткен конференцияда: «Қазақ­стан­да тұратын халықтың бәрі екітілді. Қа­зақ халқы да, мұнда тұратын өзге ұлт өкілдері де бірнеше тілді игерген. Тек орыс халқы ға­на біртілді. Өз тілдерінен басқа тіл біл­мейді» деген едім, сол жиынға қатысқан мәс­кеулік академик ғалымдар жаныма келіп ма­ған алғысын айтып: «Сіз шынын айтасыз, орыс халқы өз тілінен басқа тілді игере алмай келеді» деп өкінді. Соншама жыл Қазақ­стан­да тұрып мемлекеттік тілді білмеймін деу қызық. Көбісі біледі, тек сөйлемейді. Мар­құм Сергей Дьяченко қазақ тілін жап-жақсы иге­ріп алды ғой?! Тілге ниет пен жоғары жақ­тан нақты талап болуы керек. Тілдің қа­жеттілігін арттыру керек. Тілге сұраныс болуы міндет. Сонымен қатар адамға адал ниет пен пейіл қажет. Сондықтан тілді да­мытуға ассамблеяның қосқан үлесі сүбелі. Бұл арада ассамблеяны елге танытуда Ералы Тоғжановтың еңбегі зор. 
– Есіңізде болса, Елбасы 2017 жылға дейін қазақстандықтардың 80 пайыздан ас­тамы мемлекеттік тілді меңгеруі керек деп жоспар қойған. Бұл мақсат орындалды ма? 
– Рас, оның алдында 2006 жылы Елба­сы­мыз Қазақстан халқы ассамблеясының сес­сиясында «Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ұлтты ұйыстырушы ең негіз­гі фактор» деген еді. Бұл тұста тіл білмеген адамның ұлттың жан-дүниесін, болмысын ұғып-түсінбейтінін айтқым келеді. Расында да, Елбасы стратегиялық жоспарларында 2017 жылға дейін мемлекеттік тілді халықтың 80 пайызы, 2025 жылға дейін 95 пайызы игеру қажеттігін мақсат етіп қойды. 25 жыл дегеніміз не? Баланы кішкентайынан сұра­ныс пен талаптың арқасында мемлекеттік тілге баули алғанымызда, осы күні Елбасы айт­қан межеге жеткен болар едік. Біздің бір жа­ман әдетіміз – алғашқы қарқынды кейін ке­ле суытып алатынымызда. Ал кейінгі кез­дегі тілді игерудегі қарқынымыз, Құдайға шү­кір, жақсы. Әсіресе, жастар арасында тіл­ге деген сұраныс жоғары. Бар мәселе не­де? Өкінішке қарай, жоғары жақтағылар қан­дай да бір жиын-конференция болсын, бәрін бастан-аяқ орысша өткізеді. Пар­ла­ментте отырыстарды қазақша жүргізуге бол­май ма? Неге шетелден келген делегация өкіл­дерімен жиындарды мемлекеттік тілде өт­кізбеске?! Бәрібір әркім өз тілінде сөй­лейді, олар орыс тілін білмеуі де мүмкін. Тө­ле бидің сөзі бар: «Ақты ақ деп бағалайық, қараны қара деп бағалайық. Қара болса, бәрі­міз қаралайық». Өз басым өтірік айта ал­маймын, қазіргі шынайы жағдай осы. 
– Үштұғырлы тіл бастамасын қолдайсыз ба?
– Менің ойымша, қанша тіл білсең де, оны өзің үшін білесің. Тіл білген жақсы. Тіл­дің де жөні бар. Елбасы 2006 жылы үш­тұғыр­лы тіл мәселесін айтқанда, «қазақ тілі – мемлекеттік тіл, оны игеруіміз керек, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, оны сақтауы­мыз керек, ағылшын тілі – техника тілі, оны меңгеруіміз керек» дегенде қуанған едім. 
Бұл – тұста Президент «15 жылда аюды да қа­зақша сөйлетуге болар еді» деп баса айтты ғой. Бұл ұғынған адам үшін керемет сөз. Бірақ неге ары қарай біз мұны алып кете ал­мадық? Неге мұны Ассамблея ту етіп ұстан­бады? Ал бүгінгі таңда көтеріліп жүрген үштұғырлы тіл – артық дүние. Әрине, түрлі тілді білу керек, бірақ оны балабақшадан, бастауыш сыныптан бастаған жөнсіз. Түрік­тер 6 сыныптан, жапондар 5 сыныптан бас­тап шет тілін қосады екен. Енді сондай өр­кениетті елдердің қатарына қосыламыз де­сек, неге солардың үздік жүйелерін өзі­мізге алмаймыз?! 
Құдайға шүкір, қазір Қазақстанда Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептері нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бес саусақ бірдей емес. Сол сияқты барлық баланың қабілет-қарымы да бірдей емес. Қабілетті балаларды жеке мектептер ашып, оқытуға болады. Сөзсіз тілді білген дұрыс. Бірақ бірінші сыныптан бастап, оң-солын танымаған, тіпті атын айта алмайтын балаға үш тілді оқыту қиянат. Бұл тұста Елбасымыз «Үш тілде оқытуды ұстаздармен, ата-аналармен ортаға салып, кеңесу керек» деген еді. Қазақ «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген. Неге бұл жүйені енгізуде әдіскерлермен, ұстаздармен, ғалымдар және ата-аналармен кеңеспейді? 
Елбасының игі бастамалары көп, бірақ оны жүзеге асыратын бергі жақтағы аза­маттар жөнсіз әрекеттер жасап жүр. Баланың қарым-қабілетін ойламай ма? Қазақтың бәрі Абай емес қой! Қазақтың бәрі Шәкәрім мен Әлихан Бөкейханов емес қой... Қазақтың бәрі Ахмет Байтұрсынов пен Нұрсұлтан Назарбаев емес қой! Қазақтың бәрі көп тіл меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаев емес қой. Бірақ қазақ тумасынан дарынды, дара халық. Бірақ соның ішінен ең мықтыларын іріктеп, жүйеге келтіру керек. Жалпы, мектептерде сабақтарды мемлекеттік тілде жүргізуіміз керек. Әркімнің ана тілі – өзіне керек, ал мем­лекеттік тіл – баршаға ортақ, ол қоғамға біріктіруші, ұйыстырушы фактор ретінде аса қажет. 
– Мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған бағдарламалар мен шараларға көңіліңіз тола ма?
– Мемлекеттік тілді дамытуға бөлініп жат­қан қаражат та, бағытталған бағдарла­малар да жоғары дәрежеде. Кезінде Елбасы Тіл комитетін құрды. Бұдан тыс ұлт саяса­тына қатысты комитет де жұмыс істеген еді. Бүгінде тіл комитеті министрліктің жанында жұмыс істейді, оған бөлініп жатқан қар­жы­ның қыруар екенін есітіп жатырмыз. Бізді ашындыратыны – мұның бәрінің құмға сіңген судай боп кеткені. Алғашқы кездері «Қа­зақ тілі» қоғамынан бастап, жалпы ха­лық­тың тілге деген ынта-ықыласы керемет еді. Жоғарыда айтқанымдай, біздің бір жа­ман жеріміз – бәрін қарқындап бастап кете­міз де, сәл көтерілген кезде болып-толғандай кейіп танытып, жан-жаққа жайылып кете­тінімізде. Президент бір мәселеге байланыс­ты қозғау салса, бәріміз желпінеміз де кейін басылып қаламыз. Олай болмауы керек. Тіл­ді дамыту жүйелі түрде жүруі керек. Өйт­кені тіл – ұлттың жаны, құндылығы. 
Қазақтың тілі тек Қазақстанда ғана қол­данылады, ал өзге ұлт өкілдерінің тілі өз ел­дерінде онсыз да дамып жатыр. Ал бұл жер­дегі тілді тек сақтау ғана мақсат. Түптеп кел­ген­де, өз басым солардың тілін үйренуге қаражаттың бөлініп жатқанын да онша қолдамаймын. Себебі ана тілің – сенің өзің үшін керек. Қай елде қай ұлттың өкілі өз ана тілін, салтын сақтап отыр?! Бірақ менің елімнің басшысы кеңдік жасап, тілдерінің да­муына мүмкіндік беріп отыр. Бірақ бұл жайт мемлекеттік тілді екінші қатарға ысыру деген сөз емес. Мемлекеттік тіл – баршаға ортақ ұғым. Оны білу – баршаға парыз.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Кәмшат ТАСБОЛАТ