Негізгі бет  /  мақалалар  /  Тариф – айқын

Тариф – айқын

Айқын-ақпарат
865
Тариф – айқын «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалы «Айқын тариф» жобасы бойынша кездесу өткізді. Коммуналдық қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері экономиканың даму талаптарына сәйкес тарифтердің өсу заңдылығын тұрғындарға түсіндірді.

Тұрғындар тарапынан тарифтер бойынша өздерін толғандырған түрлі сұрақтарды қойды. Оның ішінде І топ мүгедегі Айтқали Текеев 7 адам­нан тұратын отбасында айлық табыс бар болғаны 90 мың теңге екен айта келе, оның жартысынан көбі коммуналдық қызметке кететінін тілге тиек етті. Сондықтан тарифтерінің қалай есептелетіндігін түсіндіруді сұрады.
Өз кезегінде монополистер қала бойынша электр энергиясының 1кВт/сағаты 14 теңге 84 тиынға, ал газдың 1 текше метрі 9 теңге 46 тиынға көтерілгенін алға тартты. 
– Қазір әкімдік бұрынғы су бағасын ұстап тұр. Бірақ қолданыстағы су тазалайтын құралдар ескі, оларды жаңғырту немесе жаңасын алу үшін үлкен қаражат қажет. 2017 жылдың бюджетінде аудандағы суға қатысты мәселелерге қаржы қарастырылды, – деді «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жолдары» кә­сіпорнының бөлім басшысы Жансейіт Қайнарбаев.
«Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалының кеңесшісі Алтынай Құлбаева аудан тұрғындары тарапынан өз қаражаттарының тиімді жұмсалуын қадағалап, тарифтердің өсу заңдылығына көңіл аударуы жиілегендігін атап өтті. 
– Партияның көздегені де осы. Егер әрбір тұрғын тарифтерді қалыптастырудың ашықтығына мән беріп, Елбасының Ұлт жоспарында айтылған есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға өз үлесін қоса­тын болады, – деді Алтынай Құлбаева.