Негізгі бет  /  мақалалар  /  Заң бұзушылар анықталды

Заң бұзушылар анықталды

Айқын-ақпарат
826
Заң бұзушылар анықталды «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыру аясында мүгедектердің көліктерін қоятын орындарға рейд жүргізу жалғасын табуда.

Өзекті мәселенің шешімін табу үшін бұл жолы «Нұр Отан» партиясының, әлеуметтік объектілерге бейімделу комиссиясының мүшелері және Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері облыс орталығындағы көшелерге шықты.
Бұл жолы олар облыстық қазақ драма театры, облыстық ішкі істер департаменті, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы және «Март» сауда орталығының маңындағы орындарды тексерді. 
Аталған жерлерге көліктер көп тоқтайтындығы рейд барысында анықталды. Мәселен, салық комитеті жанындағы орында кемшіліктер баршылық екен. Онда бір мемлекеттік автокөлік жүргізушісі мүгедектерге тиісті орынға машинасын қойыпты. Оны ішкі істер департаментінің қызметкерлері анықтап отыр. 
– Біз тиісті орынға келгенімізде әрдайым мүгедектерге арналған жерде бөтен көліктер жол бермейді. Сондықтан бұл мәселені тұрақты назарда ұстаймыз. «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалымен рейдтерді жиі өткіземіз. Облыстық ІІД кемшіліктерге жол бергендерге ескерту жасайды. Бір қуаныштысы, мұндай келеңсіздіктер азайып келеді, – дейді «Үміт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсенғали Оспанов.
Сонымен, бүгін жеті объект тексерілді. Рейд қорытындысы бойынша екі көлік иесіне әкімшілік тәртіпті бұзған үшін ақшалай айып салынды. Сондай-ақ мемлекеттік нөмірі алынды.
Мұндай тексерулер ешқашан да нәтижесіз болған емес. Енді ол көлік иелеріне сабақ болса игі еді.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қостанай облысы