Негізгі бет  /  мақалалар  /  Инвестиция жаңа жобаларды қаржыландыруға бағытталған

Инвестиция жаңа жобаларды қаржыландыруға бағытталған

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
930
Инвестиция жаңа жобаларды қаржыландыруға бағытталған Ел экономикасының өсу қарқыны осы жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша 0,4 пайызға өскен.

Бұл – Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишім­баев­тың мәліметі. Министр мырза, сондай-ақ инфляциялық үдерістің баяулап, қаржы нарығында бизнес пен халықаралық қорда еліміздің инвестициялық белсенділігі ар­тып келе жатқандығын алға тартады. Ел эко­номикасындағы оң өзгерістер, әрине, көңіл қуантады. Негізінен, құрылыс (6,9%), ауыл шаруашылығы (4,9%), көлік (4,0%) және өңдеу өнеркәсібі (0,6%) салаларында өсім байқалады. Әсіресе, ауыл шаруа­шы­лығы саласында өсім бар деген мәлімет біз­ге жақсы әсер қалдырды. Бұл «Эконо­миканы әртараптандыру қажет, әсіресе, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнім өндіру саласына басымдық беруге тиіспіз» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше жылдан бері айтып және осы салаларда түр­лі мемлекеттік бағдарламалар қабыл­данып, қаржылай қолдау көрсетуінің оң нәтижесі байқала бастағанын аңғартады. Ал тау-кен өнеркәсібі, атап айтқанда, мұнай, көмір, темір өндіру жағында өндіріс қар­қыны төмендеген. Бұл қазіргі әлемдік эко­номикадағы ахуалға қарағанда түсіністік­пен қарайтын жағдай. Оның үстіне бұл елі­міздегі индустриялық бағдарламалардың арқасы екендігін министр мырза да жоққа шығармайды. 
Еліміз биыл рекордтық деңгейде астық жинап, қамбаға 23,5 миллион тонна астық құйды. Өнім орта есеппен алғанда гек­та­ры­на 15,3 центнерден айналды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда гектарына 2,6 центнерге артық өнім алынды дегенді білдіреді. Пайызға шаққанда 20,5-ке тең. 
Кейінгі жылдарда елімізде құрылыс қарқыны артып, түрлі бағдарламалар ар­қылы көпшіліктің баспаналы болуына мүмкіндік жасалып келеді. Экономиканың түрлі саласын салыстырып қарағанда құрылыс қарқынының қарымды екендігін бағамдауға болады. 6,9 пайыздық өсім «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысы және ин­фрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нәтижесі. Биылғы қаңтар-қыркүйек айла­рында тұрғын үйлерді пайдалануға беру 13,6 пайызға өсіп, 7,2 миллион шаршы метр­ге дейін жетті. Көппәтерлі тұрғын үй­лерді пайдалануға беру 26,0 пайызға өскен. Бұл салыстырмалы түрде алып қарағанда 3,4 миллион шаршы метр деген сөз. Жеке тұр­ғын үй 4,4 пайызға өсіп, яғни 3,7 мил­лион шаршы метрге жеткен. Мемлекет қар­жысы есебінен 617,2 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілген. Бұл 9 айда мемлекет қаржысы есебінен бой көтеріп, елдің пайдалануына берілген пәтер 13,1 па­йызға артқандығын білдіреді. 
 «Инвестициялық белсенділіктің артуы биылғы экономикалық өсім қарқынына оң әсерін тигізетін болса, ал келешекте эконо­миканың тұрақты өрлеуіне негіз қалайды. Өткен 9 айда тартылған инвестиция көлемі 4,1 пайызға артып, 5,1 триллион теңгеге жетті. Өсім «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде индустриялық-ин­новациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нәтижесі» дейді министр Қуандық Бишімбаев. Инвестиция өсімі ауыл шаруашылығы, сауда және өнім өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ қаржылық қыз­мет саласында аңғарылады. Жалпы, дамушы елдерге инвестиция құю анағұр­лым төмендеген. Дегенмен бұл біздің елге қатысты мәлімет емес. Қазақстан эконо­микасына шетел инвестициясын тарту жыл­дың алғашқы жартыжылдығында 5,7 миллиард долларға жеткен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,4 есе жоғары көрсеткіш. Тікелей шетелдік инвестицияның басым бөлігі жаңа инвес­тициялық жобаларды қаржыландыруға ба­ғытталған. 
Қуандық Бишімбаевтың сөзіне қара­ғанда, Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес «Агробизнес – 2020» бағ­дарламасы негізінде Агроөнеркәсіптік ке­шенді дамыту мемлекеттік бағдарла­ма­сы іске асырылып келеді. Ауыл ша­руа­шылығы саласындағы оң өзгерістерге осын­дай ауқымды жобалардың пайдасы тиіп отырғаны жасырын емес. Жаңа бағ­дарламаның шеңберінде ауыл шаруашы­лығы өнімдерін экспорттау, қызмет көр­сету, дайындау кооперативтерін құру және суармалы жер айналымын қолданысқа ен­гізу жұмыстары оң шешімін тауып келеді.