Негізгі бет  /  мақалалар  /  ҮЗДІК ТУЫНДЫНЫҢ АЙТАРЫ НЕДЕ?

ҮЗДІК ТУЫНДЫНЫҢ АЙТАРЫ НЕДЕ?

Айдана НҰРМҰХАН
921
ҮЗДІК ТУЫНДЫНЫҢ АЙТАРЫ НЕДЕ? Отандық «Өліара» фильмі Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен дәстүрлі BIFF кинофестивалін­де Sonje Award аталымы бойынша үздік картина деп танылды. Қысқаметражды туындының режиссері – Елзат Ескендір.

Жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Өліара» әңгімесінің желісі бойынша тү­сірілген фильмнің сценарийін Елзат Ес­кен­дір мен Өміржан Әбдіхалықұлы жазды. Түсіруші топ 10 мың АҚШ доллары кө­лемінде ақшалай сыйақы жеңіп алған ки­нотуындыны түсіру аса қымбатқа түспе­генін айтады. Басты рөлдерде – белгілі ак­терлер: Асылболат Смағұлов, Баян Қажынәбиева, Дулыға Ақмолда. Жас жет­кіншектің рөлін Мақсат Әбдірахман ой­нады. 
Өткен аптада аталмыш туынды «Бас­тау» кинофестивалінің аясында Алматыда көрсетілген болатын. 25 минуттық көрсе­тілімнен кейін «Өліара» фильмінің қоюшы режиссері Елзат Ескендір мен продюсері Сергей Азимов жиылған жұртшылықты ма­залаған сауалдарына жауап берді. Жал­пы, фильмнің айтар ойы мен астары ха­қында:
– «Өліара» повесі – көлемді шығарма. Бұл туындыны 25 минуттық қысқа­ме­т­ражды киноға сыйдыру оңай болған жоқ. Байқасаңыздар, кинотуындының соңы Оралхан ағаның әңгімесінің аяқталуына ұқсамайды. Шығармада оқиғаның желісі трагедиямен аяқталатыны баршаға белгілі. Мұнда Өміржан Әбдіхалықұлы екеуміз ақылдаса келе, бүгінгі заманға сай түйін­дейік деп шештік. 
Бюджеттік тұрғыдан алсақ, ауыл та­қы­рыбын түсіру өте жеңіл. Дайын жобала­рымның ішінен ең арзаны – осы «Өліара» болды. Сол себепті де, алғашқы туындым ретінде «Өліараны» түсіріп бастадым. Қан­дайда бір айтар ойы, астары, ерекшелігі жоқ, – дейді. 
Кез келген ақын-жазушының, ре­жис­сердің, жалпы қоғамға қандай да бір дүние ұсынғысы келетін қаламгер мен қайрат­кердің сол қауым алдында белгілі бір жа­уап­кершілік арқалау керектігі заңды болса, «Өліара» туындысының астары болмауы мен режиссердің айтарының жоқтығы қан­шалықты ақылға сияды?..
«Өліара» – Ираклий Квирикадзе ше­берханасынан тәлім алған жас киногердің алғашқы туындысы. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының түлегі алдағы уақытта толық ме­т­ражды фильм түсіруге төрт сценарий дайын тұрғанын айтты. 
– Әлемдік туындыларды экраниза­циялағанымыз өте дұрыс. Десек те, қазақ әдебиеті ХХ ғасырда дүниежүзілік туын­дылармен терезесі тең серпіліс жасай алды. Сол шығармалардың киноға айналуға толық негізі бар. Тек білім мен біліктілік қажет, – деп атап өтті Елзат Ескендір. 

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ,
жазушы, сценарий авторы:

«Өліара» – ішкі жалғыздықтың жанайқайы

– Фильмнің идеясы – адамның ішкі жалғыздығына құрылған. Яғни, ішкі маз­мұнға баса мән берілген. Мәселен, біз өмір сүріп жатқан қоғамда сыртқы мазмұн алға шықты да, ішкі мазмұн елеусіз қалды. Бұрын да коллективті санамен өмір сүріп келген біздің қоғам үшін жеке адамның жан күйі, ішкі проблемалары әлі де болса соңғы орында. Бұл өз кезегінде адамдардың тұйықталып, өз әлемінен шыға алмай, сырт­пен байланысқа түсе алмай қалған адами ішкі дағдарысқа алып келді. Фильм­де замандастарымыздың ең үлкен мәсе­-лесі – ішкі жалғыздық терең әрі нәзік түр­де, көпірме, пафоссыз айтылады. Мы­салы, фильмдегі қойшы, әйел, бала, элек­трик төртеуінің де өздері жасырғысы кел­генімен, ішкі жалғыздықтары бар екенін режиссер бере алған. Ол жалғыздықпен әркім өзінше күреседі. Жалғыздыққа адам­ның табиғаты, оның өсу, даму жолдары, қатынасқа түсу кезеңдері қосылады. Қарап отырсаңыз, осы ішкі жалғыздық идея­сы­нан тұтас бір адамның өмірінің карти­на­-
сы шығады. Яғни, бала, электрик, әйел, кәрі қойшы. Фильмнің жалпы атмо­сфе­расы, картинадағы ірі пландағы табиғат пен қойшы қыстағының түсі, жекелеген кадрлердегі пауза мұның бәрі адам жал­ғыздығының бояулары.
Қазіргі кезде сыртқы мазмұнға құ­рыл­ған фильмдер өте көп. Ондай фильмдер кассаны жақсы жинайды, көрерменнің көзіне жас үйіреді. Бар болғаны сол. Ал ішкі мазмұнға құрылған фильмдер көрер­меніне ой тастайды. Ең басты мақсат та – осы. Мұндай фильмдерді қысқа болса да қайталап көргіңіз келеді. Әйтеуір, айналып соғасыз.
Фильмде бір таудың қуысындағы қой­шының қыстағында өткен бір күн, бір түн­нің оқиғасы көрсетілгенмен, ондағы адам­дардың проблемалары үлкен қалалардың миллиондаған тұрғындарының да басын­дағы кеп. Асыра айтсақ, қазіргі әлемдегі басты мәселенің бірі де – осы көп ішіндегі жалғыздық. Бір сөзбен айтқанда, «Өліара» – ішкі жалғыздықтың жанайқайы.
Фильмде режиссерден бөлек, қоюшы суретшінің, жарық қоюшылардың, опе­ра­тордың жұмысын ерекше атап өткім ке­леді. Сондай-ақ басты рөлдегі әйелді ой­наған актриса Баян Қажынәбиева және Дулыға Ақмолда (электрик), Асылболат Ис­мағұлов (қойшы), Мақсат Әбдірах­ман­ның (бала) шынайы әрі өте сенімді қалыпта кейіпкердің ішкі күйін тамаша жеткізе білген шеберліктеріне тәнтімін.