Негізгі бет  /  мақалалар  /  Күркетауық өсіретін алғашқы жоба

Күркетауық өсіретін алғашқы жоба

Айқын-ақпарат
1345
Күркетауық өсіретін алғашқы жоба Үдемелі индустриялдық-инно­вациялық даму бағдарламасы­-ның аясында түрлі жобалар дү­ниеге келгені белгілі. Соның бірі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы.

Оңтүстікқазақ­стан­дық «Ордабасы құс» ЖШС-нің басшысы Мұрат Тағаев: «Бұл бағдарламаның алғашқы жемісін көргендердің бірі біздің компа­ния деп толық айта аламын», – дейді бізбен әңгімесінде. Себебі, ауылдан шалғай жатқан өндіріс орны үшін инфрақұрылым са­лынды. Яғни жол, газ бен су мә­селесінде проблема болған жоқ. Бүгінде үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдар­ла­масының екінші кезеңіне де қа­тысып отырған серіктестіктің жет­кен жетістіктері ұшан теңіз.
ТМД аумағындағы ең зама­науи кешендердің бірі саналатын компания өнеркәсіптік негізде асылтұқымды күркетауық өсі­ре­тін еліміздегі алғашқы және жалғыз жоба. Компания асыл тұ­қымды күркетауықты өсіріп қана қоймайды оның етін өндіріп, те­рең өңдейді және шұжық пен ыс­талған дайын өнімдер шығарады. Ресейден арнайы алдырылған құс маманы Наталья Иванова құсты өңдеуде бірде-бір қалдық қал­майтынын, тіпті еті сылынып алынған сүйекті де кәдеге жара­тынын айтады. Қазақстан мен Ресей нарығында жоғары сұра­нысқа ие ет өнімдері әлемнің әйгілі компаниялары жасаған қондырғылардан шығарылады екен. «Дәмді ет» маркасымен жыл сайын өнімдерінің түрі мен са­пасын арттырып отыратын ке­шен­де 2012 жылы 4700, 2013 жы­лы 5800 және 2014 жылы 7100 тон­на құс еті өндірілген. Өт­кен жылдың соңын 8110 тонна өнім­мен аяқтаған компания бас­шылығы биыл оның көлемін 
10 мың тоннаға жеткіземіз деп отыр. Жалпы, күркетауық етінің 85 түрін шығаратын фабрикадан күніне 35 тонна өнім өндіріледі. Ендігі мақсат өнім түрін 100-ге көбейту. Оның 40 пайызы шетел­ге экспортталады. Негізінен Ре­сей еліне жөнелтілетін құс етіне биыл Қырғызстан мемлекеті де қызығушылық танытыпты. Ал Өз­бекстан Республикасынан қа­зіргі таңда сұраныстар түсіп жа­тыр. Мекеме басшысы М.Тағаев жуырда Астана қаласы арқылы Біріккен Араб әмірлігінде өнім­дерді таныстыру жүргізілетінін айтады. Одан соң, қараша айын­-да Қытайдың Пекин қаласына жол жүрмек. Елбасының өзі Оң­түстік Қазақстан облысы кәсіп­кер­лерімен болған тікелей эфирде «Шымкенттіктер күркетауық етін өздерің жей бермей біздің Аста­наға да жіберіп тұрыңдар» деген болатын. Осы сөзді берік ұстан­-ған мекеме басшысы бүгінде жыл сайын Астанаға жіберілетін Оң­түстік өнімдерінің арасына күр­кетауық етін молынан қосуға ты­рысады. Жуырда Астанаға 30, Алматы қаласына 20 тонна құс еті жөнелтіліпті. 
Бүгінде 420 адамды жұмыспен қамтып отырған бұл мекеме жұ­мысшыларының басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Бадам, Бөр­жар елді мекенінде тұратын жұ­мысшылардың ауылдан шеткері­рек орналасқан құс фабрикасы­-на келіп-кетуі, арнайы киімі, түскі асы толық қамтылған. Құ­рама жем дайындау, инкубатор, балапан шығарып, өсіру және сойып, етті терең өңдейтін цех­тардағы жұмысшылар бір-бірі­-мен және кеңсемен онлайн жү­йесі арқылы байланысады. Бұл жұ­мысшылардың уақытын үнем­деп қана қоймай әуре-сарсаңды да азайтады. 
Жоғарыда айтып өткеніміздей үнемі ізденісте, дамуға талпы­ныста жүретін мекеме директоры М.Тағаев өнімдерінің түрі мен сапасын одан әрі арттыру үшін Ресейден нағыз маман Наталья Иванованы аттай қалап алып келді. Бүгінде осындағы маман­дардың біліктілігін арттырып, оқытып жүрген Наталья Алек­сандровна келгелі тауар қаптау жағынан, яғни тауарлық көрі­-ністе көп ілгерілеу байқалады. Мекеме басшылығы өнімнің са­пасы әу бастан-ақ жоғары болға­нымен оны тұтынушыға сапалы жеткізу жағынан кемшін түсіп жататын тұстары бар екенін жа­сырмады. Ресейден алдырған ма­ман келгелі кемшілікті жоюға жұ­мыс істеп келеді. Енді күрке­тауық еті мен жылқы майын қо­сып өндіретін қазыны туралған, яғни дастарқанға тікелей тарта­тын жолмен қаптауды тауар түріне енгізді. Мұндай тәсіл та­уарлық көріністі арттырып қана қоймайды, компания табысын едәуір көбейтетіні сөзсіз.
– Әрине, бұл жетістіктерге мем­лекетіміздің қолдауының ар­қасында қол жеткізіп отырмыз. Жалпы мемлекеттің құс шаруа­шылығына қолдауының нәтиже­сінде елімізде құс өндіру кәсібі­мен айналысатындар да көбейіп келеді. Біз де келешекте осында өсіріп отырған күркетауықтың өз аналықтарынан балапан шыға­руды қолға алсақ деп жоспар­лаудамыз. Қазір әр екі ай сайын Канададан 140 мың жұмыртқа әкелеміз. Оны арнайы көлікпен балапандарды өсіретін бөлімге жеткізіп, бабын жасап осында өсіріп, жетілдіреміз, – дейді Мұрат Құлмырзаұлы. 
Жұмыртқадан жарып шыққан балапанның аналық күрке­та­у­ы-ғы 105 күннен соң өңдеу цехына жөнелтілсе, аталық күркетауық 135 күн бағылады екен. Айыр­ма­шылығында 10 келідей салмақ бар. Жалпы, фабрикада бір күн­де 3200 күркетауық сойылады. 
«Ордабасы құс» компаниясы жыл сайын өнімдерінің сапа­лы­лығы жөнінен түрлі жүлделерді иемденіп жүр. Еуропалық бизнес ассамблеяның сократтық коми­теті фабрика өнімдерінің еуро­па­лық талаптарға сай келуіне бай­ланысты «Еуропалық сапа» ха­лықаралық жүлдесін табыстады. Бұл 2012 жылдың қазаны бола­тын. Артынша желтоқсан айын­-да аталмыш компания «Қазақ­станның үздік тауары» және «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» номинациялары бо­йынша республикалық «Алтын сапа» байқауының 1-дәре­желі дипломын иемденді. Ал Мұрат Құлмырзаұлы өнімдерінің үздік тауарлар қатарына қосы­лып, еліміздің «Салауатты Қа­зақстан» мемлекеттік бағдарла­масына үлесін қосып отырғанын айтып қуанады. Кәсіпкер мемле­кет қол­дауын тоқтатпаса, тіпті мүмкіндік болып жатса ары қарай дамытса деген ұсынысын айта­-ды. Себебі, біз елімізді құс етімен 55 пайыз ғана қамтып отырмыз. Қалған 45 пайызын шетелден келетін тауық етімен толтыруда. Ресей қазіргі таңда өзін құс етімен 100 пайыз қамтуға қол жеткізген. Он­да шетелден келетін тауық санына шектеу қойылған. Елімізде мем­ле­кет та­рапынан қара малға 40-50 пайыз субсидия берілсе, құс етіне 20 па­йыз. Ком­пания бас­шы­сы суб­сидия көлемін 30 пайызға дейін жеткізуді сұ­райды. Сонда өндіріс қуаттылығы да артып, еліміздің тұрғындарына шетелдің тауық етіне мұқтаждық азаяр еді.