Негізгі бет  /  мақалалар  /  Отандық өнімді қолдаудың амалы қандай?

Отандық өнімді қолдаудың амалы қандай?

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
1213
Отандық өнімді қолдаудың амалы қандай? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Атырау қаласында еліміздің батыс өңірі болып саналатын Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің басын қосып алқалы жиын өткізген.

 Бұл жиынның есімізде ерекше қалғаны – Елбасы «Жергілікті өндірісті дамыту керек. Бүгін екі кәсіпорыннан «Қазақстанда жасалған» деген жазуды көріп қуанып қалдым. Мен - қазақстандық өнімді жарнамалаушымын. Үстімдегі костюм Қазақстанда шығарылған» деп пиджагының астарындағы этикетканы көрсетiп, «Туфлиім де қазақстандық» деді.

Елбасы сонда алдыңғы қа­­тарда отырған сол кездегі  ин­вес­тициялар және даму министрі Әсет Исекешевті көрсетіп, оның да костюмі қазақстандық екенін айт­қан. Министр Президент сө­зін құптап, басын изегені есте. Бәріміз елең ете қалыстық. Ел­басы мен министр қандай отан­дық өнімді тұтынады екен? Демек, отандық өндірісшілердің де өнімі сапалы болғаны ғой. Тіпті кейбір таныстарымыз «Сен­­дер, журналистер, ол қай фирманың костюмі мен туфлиі екенін анық­тасаңдаршы. Біз де алып көрейік» деп жатты. Бұл елімізде өндірілген өнімді алуға дайын патриоттардың баршылық екенін аңғартады. 
Өнім өндіруге талпыныс жасап жатқандар жоқ емес, бар. Бірақ оларға көбіне кездесетін әкім­­ші­лік кедергілер мен қар­жы­лық, тағы басқа да түрлі қиын­шылықтар қолбайлау болып отыр. Отандық өндірісшілердің ая­ғынан тік тұрып, кәсібін дөң­ге­ленту үшін не керек? Олар қандай қолдауды қажет етеді? Міне, біз осы мәселенің қыр-сырына үңі­ліп көруді жөн санадық. 
Бірінші, адамзат баласына ең керегі азық-түлік мәселесінен бастайық. «Ас атасы – нан» бол­­са, ол бізде молынан. Тіпті қаншама миллион тонна ас­тық пен ұнды шетел асырып, экс­порттап жатырмыз. Ендігі біздің мақсатымыз астықты тереңдетіп өңдеу мәселесіне назар аудару болуға тиіс. Нан-тоқаш өнім­дерінің түрін көбейтіп, дайын өнімді экспорт жасасақ, оны үлкен нарыққа өткізудің амалын тапсақ, бұдан шаруа да, өндірісші де пайда табар еді. Осы екі ортада қаншама адамның жұмыспен қамтылатыны да ақиқат. 
Екінші, темір тұлпар мініп, шаруасын тындырғанды арман­дайтындар көп. Мемлекет ав­то­­өндіріс саласына мықтап кө­ңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда елімізде автокөлік шығаратын бес кәсіпорын жемісті ең­бек етеді. Бұл өнеркәсіп орын­да­­рында 16 әлемдік бренд авто­көліктері шығарылып, нарық сұранысына сай тұтынушыға өнім ұсынып отыр. Сала жұ­мы­­­сының жандануы Мем­лекет басшысының тікелей ба­­қылауында деуге болады. Ел­басы Н.Назарбаев мемлекеттік органдардың басшыларына бю­д­жетті үнемдеу мақсатында, бізде көптен бері премиум сы­ныпты машиналардың шы­ға­ры­­латынын ескере отырып, шетелдік қым­бат көліктерді сатып алуға ты­­йым салуға бірнеше мәрте тап­сырма берген. Бізде ондай ком­паниялар бар. Атап айтқанда, «Аллюр авто» және «Азия авто» өнім­дері ең беделді шетелдік автомобиль жасау өнеркәсібі қауымдастықтарымен танылған. Осыдан бірнеше жыл бұрын экс-индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов «Шенеуніктер отандық көлікке мінсін!» деген бастама көтерген болатын. Түр­­лі қызмет баспалдағынан өт­кен, бүгінде инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау да бұл бастаманы қолдаған. Рау мырза «Ресейде шенеунiктерге отандық көлiктердi алу мiндеттелген. Тiптi олардың маркасы да ай­қын­далған. Бiзде Қостанай, Шы­ғыс Қазақстан облыстарында джип, сонымен қатар қатынауға жайлы жеңiл көлiктер құрас­ты­рылады. Сондықтан ұлт­тық компаниялар мен мем­ле­ке­ттiк органдар отандық өнiмдi сатып алуы керек» деп өз ойын ашық білдірген. Шенеуніктердің ішінде бұл бастаманы нақты ісі­мен қолдағандардың бірі – Алматы облысының экс-әкі­мі Серік Үмбетов. Отандық ав­­­то­­өндірушілерді сондай-ақ Парламенттің депутаттық кор­­пусы, Төтенше жағдайлар ми­ни­стрлігі, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті және өзге құқық қор­ғау құрылымдары қолдаған. Де­генмен қазір бұл бастама жай­­лап ұмытыла бастағандай. Егер ұсыныс ойдағыдай қолдау та­уып, жүзеге асқанда бұл ел эко­номикасына қомақты пайда келтірер жақсы бастама еді. Мем­­­лекеттік мекемелер мен кә­­сіп­орындар отандық көлікті са­тып алса, біріншіден бюджет қар­жысы отандық өнеркәсіпті өркендетуге қызмет етсе, екін­ші­ден, отандық автоөндіріс са­ла­сы үлкен қолдау көретін еді. Оның үстіне шетелдік автокөлік отандық көлікке қа­ра­ғанда ана­­ғұрлым қымбат және сы­на қал­ған жағдайда оның қосалқы бө­л­шектері мен қызмет көрсету ақы­сы да қалтаға салмақ түсіреді. 
Үшінші, жиһаз өндірісі. Жал­пы, бұл салада бұрыннан мол тә­жірибеміз бар. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы мәліметіне қарағанда, Қазақстан жиһаз нарығы 700 миллион дол­­­ларды құрайды. Тіпті ақша құн­сызданбаған 2013 жылға де­йін бұл көрсеткіш 1 миллиард дол­ларға жеткен. Өткен жылы отандық кеңсе жиһазы нарықтың 64,4 пайызына тең болған. Сауда кәсіпорындарына арналған жи­һаз – 8,9 пайыз, ас үй жиһазы – 63,3 пайыз. 
Отандық жиһаз өндірушілер 2012-2013 жылдарды саланың өр­леу жылдары деп бағалайды. Себебі, отандық өнім нарықтың 40 пайызына дейін қамтыған. Содан соң девальвациядан ке­йінгі 2014 жылы бұл көрсеткіш 27-30 пайызға дейін төмендеп кетті. 
Жиһаз және ағаш өңдеу өнер­кәсібі қауымдастығы «Біз ішкі нарықтың ең болмағанда жартысын ұстап тұруымыз керек, сосын келешекте 70 пайызын қамтуға тиіспіз» дейді. Бұл са­ланың да өзіндік мәселелері бар­шылық. Жергілікті жиһаз жа­саушылардың Үкіметке аздап өкпесі бар. Себебі, «жергілікті қажеттіліктер» үшін, яғни мем­лекеттік мекемелерді жиһазбен қамтамасыз етуде отандық жиһаз жасаушылардың өнімін пай­даланғанын қалайды. Не­гізі, сапа жағынан отандық өндірісшілер қазір ұятқа қалмайтындарын айтады. 
Төртінші, кілем өндірісі са­ласы. Кезінде «Алматыкілем» фабрикасының өнімін тұтыну кез келгеннің арманы еді. Қа­ра­пайым түсінік бойынша бұл кә­сіпорынның бір бұйымы бар үй әлеуметтік ахуалы тәуір дегенді білдіретін. Кез келген үкіметтік мекемелерде осы фабриканың кілемі жататын. Кеңес Одағы тараған әрі-сәрі кезеңнің сал­мағы бұл кәсіпорынға да түсті. Де­генмен көңілге жұбаныш бо­лары – Шымкентте еліміздегі ең ірі кілем фабрикасы болып са­на­латын «Бал Текстиль» кә­сіп­орны кейінгі жылдары өз жұ­мысын жолға қойып, нарықта өз еншісін алып үлгерді. 
Жалпы, жеңіл өнеркәсіп саласының серпін алып, дамуына басты алғышарттар бар. Еліміздің оңтүстігінде мақта өсіру, оны тоқып, мата жасау кластерлік жүйемен жолға қойылған. Тіпті елдің көбі біле бермейтін түрлі түсті мақта шығаруды да отандық ғалымдарымыз әлдеқашан қолға алғанын айта кеткіміз келеді. 
Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас ди­ректоры, ҚР Ұлттық ғылым ака­демиясының корреспондент-мүшесі:
– Қазіргі таңда дүниежүзінде 7 миллиард адам болса, соның 15 пайызы мақта бояуынан туындайтын аллергиядан зардап шегеді. Егер осы жағдайды есепке алсақ, дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер мақтадан бояусыз бұйым жасау үшін толыққанды жұмыстар жүргізіп жатыр. Біздің институт та осы бағытта 7-8 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір бұл істің оң нәтижесі бар. Институтта қоңыр мақта шығарылып жатыр. Қоңыр мақтаның бірнеше тү­рін шығаруға болады. Ашық қоңыр, қанық қоңыр, қоңыр. Бү­гінде жасыл мақта шығару үшін жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақталардың ерекшелігі – оны боямай, тек жуып-тазалап, бірден бұйымдар тоқуға болады. Мысалы, әскери орындарға, балабақшаларға, ауруханаларға, темір жол саласында төсек жай­малар, сүлгілер жасауға болады. Біріншіден, бұл кір көтереді, екіншіден, ақ мақтаға қарағанда боямай, тікелей тоқыған бұ­йымның бағасы 35-38 пайызға арзанға түседі. Өйткені киім тігетін, бұйым дайындайтын кезде мақтаны ақ немесе басқа түсті алу үшін де бояйды. Ол үшін, біріншіден, өте көп қаржы кетеді. Екіншіден, сол бояуды пайдаланған соң жою мәселелері көп жерде шешімін таппаған. Бұл – өте қымбат үдеріс. Боялғаннан қалған қалдықты тастау эколо­гияға қарсы жұмыс. Табиғи бояу арқылы жасалған бұйымдар ар­зан әрі ұзаққа шыдайтын болады. Біз Қытай, Түркиядан 80-100 дол­ларға халаттарды сатып ала­мыз. Олардың бәріне басқа хи­мия­лық қоспалар қосылған және денсаулыққа зиян, аллергия бе­­­реді. Отандық бұйымдарды қол­­дансақ, біріншіден, арзан, екіншіден, денсаулыққа зия­ны жоқ, экологиялық таза бұ­йым болады. Егер Қазақстан бо­йынша жоғарыда аталған бұ­й­ымдарды өзіміздің қоңыр мақтадан жасайтын болсақ, бір­неше жүздеген миллион доллар үнемдеуге болады. Бұл мәселені Астанада өткен «Қараөткел» көрмесінде бірнеше рет айттым. Бірақ түрлі қиындықтарға бай­ла­нысты әлі қолға алынбай келеді. Келешекте осы мәселені қолға алсақ, бұл біздің еліміздің бренд өнімі болар еді. Осы мәселені қолға алсақ, тоқыма саласында, жалпы жеңіл өнеркәсіп сала­сында алға жылжу байқалар еді. 
Негізі түрлі түсті мақта өндіру әлемдік тәжірибеде бар. Америка, Бразилия, Аргентина және Қытай бұл саланы біраздан бері қолға алып келеді. Мұндай өнімді біз де солармен қатар, осыдан 7-8 жыл бұрын шығардық. Бірақ арнайы тапсырыс беріп, түрлі түсті мақта өндіру әлі қолға алынып жатқан жоқ. Біз республикалық көрмелерде, басқосуларда бұл жаңалығымызды айтып, көрсетіп жүрміз. 
Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігімен бірге келер жы­лы елімізде болатын «ЭКСПО – 2017» көрмесіне де бұл жа­ңа­лы­ғымызды алып шығамыз. Оның үстіне Қазақ мақта шар­уа­шылығы ғылыми-зерт­теу инс­титуты туризмнің бір нүк­тесі ретінде «ЭКСПО – 2017» көр­ме­сіне тартылған. Сондықтан біз зертханаларымызды жөн­деп, жаңа технологияларды енгізудеміз. «ЭКСПО – 2017» көрмесіне дайындық жұ­мыс­тарын қазірден бастап кет­тік. Келген туристерге өз жаңа­лық­та­рымызды көрсетіп, на­си­хаттауға дайынбыз. 
Біз өз мақаламызда бірнеше са­ланы ғана мысалға келтірдік. Са­ланы сараптай келе отандық өн­­дірісшілерімізді қолдау үшін ауқымды бағдарламалар керек екеніне көз жетіп отыр. Өн­ді­ру­ші­нің басты мақсаты – өз та­уарын өт­кізу, тұтынушыға жеткізу. Егер олар осы жағынан қолдау көретін бол­са, істің алға жылжитыны ақиқат.