Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қандастарға қамқорлық жасай бiлейiк

Қандастарға қамқорлық жасай бiлейiк

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1069
Қандастарға қамқорлық  жасай бiлейiк Монданақтай жұмыр жердің бетінде 15 миллионнан сәл асатын қазақ бар екен. Құдайға шүкір, аз емес.

Бірақ көп те емес. Барға қанағат. Ресми деректерге сүйенсек, қарға тамырлы қазақ әлемнің 53 елінде сайдың тасындай шашылып жатыр. Бірақ солай бола тұрса да, отансыз, мемлекетсіз, қазығы жоқ кейбір ұлттардай емес, кіндік бекіткен, шаңырақ көтерген жұрты бар. Тағдырдың талайымен сыртта жүрген қазақ ораламын десе де, басына күн туып, арқа сүйеймін десе де қорған болар, қалқан болар Қазақстаны бар.

Сырттағы қандастарымыз қай елде тұрақтады, шай-пұлын әлемнің қай аймағында ажыратып отыр дегенге келетін болсақ, ресми деректер мынаны көрсетеді: Қытай 2 млн 200 мың, Өзбекстан 1 млн 500 мың, Ресей 1 млн 310 мың, Моңғолия 145 мың, Түркіменстан 120 мың, Қырғызстан 45 мың, Түркия 30 мың, Ауғанстан 30 мың, Германия 17 мың, Иран 11 мың Тәжікстан 10 мың, АҚШ 10 мың, Украина 6 мың, Пәкiстан 5 мың, Канада 5 мың, Әзірбайжан 3 мың, Грузия 3 мың, Молдова 3 мың, Ұлыбритания 2 мың, Сауд Арабиясы 2 мың, Франция 2 мың, Литва 2 мың, Беларусь Республикасы 1,5мың, Армения 1 мың, Эстония 1 мың , Египет (Мысыр) 1 мың, Аргентина 1 мың ... тізім осылай жалғаса береді. Ал қазақтың негізгі отаны, кіндік кескен атамекені Қазақстанда 11 миллионнан астам қазақ отыр. Бұл – үлкен байлық. Десек те, сыртағы қандастарымыздың әлі де елге оралып, қарамызды көбейтіп, осы жерде түтін түтеткеніне мүдделіміз. Мұның демографиялық, саяси-экономикалық мәні бар. Өйткені террито­риясына Еуропаның ең ірі мемлекеті Франциядай бес ел сиятын жер бар. Бірақ халық саны 17-ақ миллион. Бұл аздық етеді. Сондықтан сыртағы қазақ елге оралса дейміз. Рас, 1991 жылы желтоқсанда еліміз тәуелсіздік алған соң араға бірер апта салып, Елбасы сырттағы қазаққа «Дүниежүзіндегі қазақтың жалғыз отаны – Қазақстан» деп сауын айтты. Атамекенге оралғысы келетіндерге есік ашық екенін ескертті. Содан бергі кезеңде атамекенге 1 миллионға тақау қазақ бет бұрды. Туған елмен қауышты. Нақты деректерді сөйлететін болсақ, жағдай былай: 1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дерегі). Ал елімізге оралған оралмандардың көп­шілігі, яғни, 61,6% – Өзбекстаннан келген, сондай-ақ 14,2% – Қытай­дан, 9,2% – Моңғолиядан, 6,8% – Түркіменстаннан, 4,6% – Ресейден және 3,6% – өзге елдерден оралған қандастарымыз. Тіпті БАҚ өкіл­дерімен бір кездескен кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, «Тайланд жұрты алғаш егемендікке қол жеткізген кезде небәрі 16 миллион екен. Қазір 65 миллионның ар жақ, бер жағында. 40-50 жылдың ішінде керемет өсім берген. Біздің 2050 бағдарламамызда 2020 жылы 20 миллионға жетсек деген ой-арман айтылып еді. 1 миллионға тақау қандастарымыз сырттан келді. Алдағы уақытта осы қарқынынан таймаса, жағдай түзеліп қалар» деп еді. Бір қарағанда, бәрі жақсы, бәрі оңды. Бірақ әлі де сыртта 5 миллионнан астам қандастарымыз жүр. Олардың да атамекенге қаздай тізіліп келгісі бар. Алайда шешілмей жатқан тірлік көп. Ең басты кілтипан көші-қон заңында болып тұр. Әрине, алдағы уақытта ол да реттелер. «Нұрлы көш» деген атау алған көшіміз де жалғасар. Оған бек сенімдіміз. Біздің айтпағымыз, ол емес. Тілге тиек еткіміз келген бір дүние, тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз қолымыз өз аузымызға еркін жеткен кезде, сыртта сайдың тасындай ша­­шылып жатқан қандастарымыз үшін біз не істей алдық деген мәселе. 
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
– Кейбір мемлекеттер әлі күнге қандастарының ата-жұртқа оралуына иек арта алмай отыр. Біз қандастарымызға есік аштық, төр ұсындық. Бұл Елбасымыздың сыртта жүрген қандастарымызға деген айрықша қамқорлығының арқасында жүзеге асты. Десек те, қазіргі күні оралмандар мәселесін көтеріп, жалған ұпай жинап жүргендерде баршылық. Олардың ойы шекараның ар жағында өмір сүріп жатқан 5 миллион қазақты бірден көшіріп алайық дегенге саяды. Бірақ сол 5 миллион қандасымыздың бәрі атажұртқа көшуге мүдделі ме? Ше­ка­ра асуға даяр ма? Мәселе сонда емес пе? Тіпті сол отырған жерлерінде өмір сүре жүріп-ақ жаһанға қазақтың атын шығарып жатса да жаман ба? Мұны ойлап жүрген олар жоқ, бос даурығу. Шынын айту керек, соңғы жылдары атамекенге оралатындардың саны күрт азайды. Қотарыла көшу жоқ. Неге? Оның да түрлі себептері бар. Ал енді әлі де көшпей сол мекендерінде отырған қандастарымыз үшін біз не істей алдық, нендей көмек бердік дегенге келетін болсақ, азды-көпті қол ұшын бердік деуге болады. Бірінші, мәдени-рухани салада. Олар ұлттық мә­дениетін сақтаса, тілін-дінін ұмытпаса, салт-дәстүрін жалғастырса, тарихын ұмытпаса деген мақсатта жүзеге асып жатыр. Олардың білім алуына да айтарлықтай көмектер болды. Тіпті бұл жөнінде шетелдегі отандастарды қолдау жөнінде мемлекеттік бағдарлама да қабылданған. Оған Елбасы қол қойған. Көп нәрсе осы бағдарламаның аясында жүзеге асып келді. Бірақ бұл мәселе соңғы кезде мүлде тоқтады деуге болады.Тіпті өзге шетелді былай қойғанда, мына тұрған Моңғолияның Баян Өлгей аймағындағы қазақ театрының жағдайы тым қиын. Соған қол ұшын бере алмай отырмыз. Бұл – бір. Екінші мәселе, ол сырттағы қандастарымыздың ақпарат құралдарына көмек беру мәселесі. Мәселен, Ресей өзге елдердегі ақпарат құрал­дарына қандай көмек беруде. Адам қызығатындай жағдай. Ресейде шығатын барлық газет-журналдар, кітаптар бізде толып тұр. Бұл үлкен насихат. Неге солардан үлгі алмасқа?