Негізгі бет  /  мақалалар  /  Путин «Валдайда» бос әңгіме айтқан жоқ

Путин «Валдайда» бос әңгіме айтқан жоқ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1610
Путин «Валдайда» бос әңгіме айтқан жоқ Бейсенбі күні әлемнің жүздеген сарапшылары мен журналистері Сочиде өткен «Валдай» халықаралық пікірталас клубында Ресей президенті Путиннің әлемдік саясатта болып жатқан оқиғаларға қатысты пікірін естіді.

Бұл диалог алаңында сонымен қатар, Австрия мен Финляндияның бұрынғы басшылары да сұрақтарға жауап берді. Алайда негізгі әңгіме Путинмен өрбіді.

  • Біз АҚШ-тағы сайлау барысына араласып отырған жоқпыз. Араласа да алмаймыз. Ресей АҚШ-тағы өтетін президенттік сайлауға ықпал жасай алады деген пікір бұл қисынсыз. Бұл  - миф, -деді Ресей президенті. – АҚШ-тың өз проблемасы жеткілікті. Олардың сыртқы елдерге қарызынан бастап, ішкі проблемасы, тіпті еркінсіген полицейлеріне дейінгі аралықтағы мәселесі жетерлік. Америка  - «банан» елі емес. Сондықтан АҚШ-тың президенттік сайлауына Ресей ықпал ете алады деу салмақты ой емес.  АҚШ –ұлы держава. Егер дұрыс айтпасам, менің сөзімді түзеуге болады».

Америкалық журналистің бұл сауалды қоюы да бекер емес. Хиллари Клинтонмен бәсекеге түсіп жатқан Дональд Трамп «егер президенттік сайлауда жеңіске жететін  болсам, ең алдымен шиеленіскен халықаралық жағдайды реттеп, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға тырысамын» дегені белгілі. Демек, Трамптың артында Ресей тұр ма, жоқ па? Әрине, ресми Мәскеуге АҚШ-пен қатынастың жақсарғаны керек. Трамп та екі жақ арасындағы салқындықты жылытқысы келеді. Одан шошудың қажеті бар ма? Демократиялық партияның өкілдері Трампты осы сөзі үшін де жақтырып отырған жоқ. «Ресей секілді агрессормен, агрессорша сөйлесу керек» дейді олар. Ал бұл мәселеге Путиннің көзқарасы қандай?

Ресей президентінің ойынша Дональд Трамп қарапайым азаматтардың мұңын көтеріп отыр. Ал қара халық  АҚШ билігінде ондаған жылдар бойы өздерін биік санап келе жатқан жоғары эшолондағы элиталық шенеуніктердің астамшылық әңгімесінен әбден шаршаған.

  • Ал Трамп ең қарапайым жолды тапты. Ол – әр  сайлаушылардың жүрегінен шығатын көкейкесті мәслелені көтеруде. Сондықтан Ақ үйдегілерге мұндай көзқарас ұнай қоймайды. АҚШ-та өтіп жатқан президенттік сайлаудағы біз келісуге болмайтын ең үлкен мәселе, ол – Ресейді адамзаттың жауы етіп көрсету. Шын мәнінде олай емес.  Тіпті «Ресей НАТО ұйымына енетін елдерге қауіп төндіріп отыр» деген көзқарастың өзі күлкілі. Еуропада - 300 миллион, АҚШ-та - 600 миллион, ал Ресейде 146 миллион адам тұрады.  Біз ешкімге шабуыл жасайын деп отырғанымыз жоқ. Бұлай ойлаудың өзі күлкілі, - деді Путин.

Сонымен қатар, «Валдай» пікірталас клубында Ресей президенті «НАТО ұйымы қазіргі жаңа заманға бейімделіп отырған жоқ. Украинадағы жағдайға жауап ретінде олар Шығыс Еуропа елдері мен Польшаға  және Эстония, Латвия және Литваға қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында төрт батольон кіргізді. Бұл қадам не үшін жасалды, кімнен қорқады, кім қауіп төндіріп отыр? Түсініксіз. Қауіп-қатердің алдын алу деген мақсатта ойдан шығарылған бұл әрекет шын мәнінде алаңдатарлық» ,- деп атап көрсетті.

Путиннің ойынша, бәрін Ресейден көруге болмайды. Егер соңғы ондаған жылдардағы тарихқа көз жүгіртер болсақ, Белградқа бомба тастаған кім? Иракқа шабуыл жасаған, Ауғанстанды аласапыран еткен, Ливияға әділетсіз соғыс ашқан державаның  қадамын Ресей ғана  айыптап, ашық айта алады. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің келісімінсіз өз қолайына жақпаған елге соғыс аша беретін державаның әрекетін құптауға болмайды.

Ресей президентінің бұл көзқарасы әрине қуаты күшті, жоғары державалы екінші елге жақпайтыны анық. Бірақ саясатта әркім өз пікірінде қала береді ғой. «Валдайдағы» пікірталас мінберінде  жанында отырған төрт сарапшыға емес, журналистер тарапынан сауалдың 90 пайызы Владимир Путинге қойылды. Бұл түсінікті де. Қазіргі әлемдік саясатта «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» секілді «қырғи-қабақ» көрініс орын алып отыр. Сондықтан НАТО мен АҚШ-пен арадағы қатынаста жалғыз ел болып қарсы қадам жасап, арпалысып келе жатса да, кез келген мәселеге Ресейдің өз ұстанымы бар.

...Жақтау емес, мақтау емес бұл. Еліңді қорғар әскери қуатың күшті  болса, Сенің де сөзің өктем шығады.