Негізгі бет  /  мақалалар  /  РЕВИЗОРЛАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙ МА?

РЕВИЗОРЛАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙ МА?

Айқын-ақпарат
814
РЕВИЗОРЛАР ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙ МА? Сенаттағы «Өңір» депутаттық тобының отырысында мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру жолдарын талқылауы барысында осындай алаңдаушылық айтылды.

Сенатта «Өңір» депутаттық тобының отырысы өтіп, онда «Ревизиялық комиссиялардың жаңа мемлекеттік аудит жүйесін­дегі қызметі» мәселесі қаралды. 
Сенат төрағасының орынба­сары Сергей Громов өзінің кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы 
Н.Назар­баевтың бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспа­рында жаңа аудит пен мемлекеттік аппарат жұмысын бағалау жүйесін енгізу көзделгенін атап өтті. 
2015 жылғы 12 қарашада Президент қол қойған «Мемле­кеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесін реттеуге, оның жүйелі­лігін, тиімділігі мен нәтижелілі­гін қамтамасыз етуге байланысты бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. 
С.Громовтың айтуынша, бақылаудың бұрынғы жүйесі мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін арттырудың талаптарына сай келмеді, мемлекеттік орган­дар қызметінің тиімділігін тәуелсіз бағалау болмады. 
Төраға орынбасары жаңа заңда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау ұғымдарын, оның қағидаттарын, міндеттері мен құралдары айқындалғанын, бұрынғы жүйедегі кедергілер жойылғанын атап өтті. 
Сенатор Ольга Перепечина өзінің баяндамасында «Мемле­кеттік аудит және қаржылық бақы­лау туралы» заңды жоғары деңгейде іске асыруға кедергі келтіріп отырған мәселелер мен осы саладағы заңнаманы келе­шекте одан әрі жетілдіруге тоқталды. 
Атап айтқанда, сенатор заңда қарастырылған мерзімге – 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін сертифи­каттаудан өте алмайтын мемле­кеттік аудиторлар тағдырына алаң­даушылық білдірді. «Серти­фикаттаудан өтпеген мемлекеттік қызметкерлер немен айналы­сады? Оларға мемлекеттік аудит органдарында мемлекеттік қызметті жалғастыруға мүмкіндік беріле ме? Онда кім болады?» – деді. 
Депутат жедел қарауды талап ететін бірқатар сауалдар қойды. Онда мемлекеттік аудит орган­дардағы мамандар құрамының сапасын жақсарту және ауди­торлардың этикалық ережелер мен кәсіптік стандарттарды сақ­тауға жауапкершілікті күшейту туралы айтылды. 
Сенатор қызмет және кәсіби этика бұзылған жағдайда, дәйек­сіз аудиторлық есеп әзірлеу немесе тәртіп бұзушылық дерек­терін жасыру, сондай-ақ мем­лекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын бірнеше мәрте бұзу орын алған болса мемлекеттік аудитордың серти­фикатын Ұлттық сертификаттау комиссиясынан алдыру рәсімін реттейтін ережені заңға енгізу қажет деп санайды. 
Аймақтардағы ревизиялық комиссиялардың қызметі туралы Республикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Александр Горяинов пен Қарағанды облы­сының ревизиялық комиссия­ның төрағасы Серік Өтешов хабардар етті. Парламент Сенатының депу­таттары Рашит Ахметов, Серік Ақылбай, Төлеубек Мұқа­шев, Асхат Күзеков, Бекмырза Ела­манов, сондай-ақ облыстық ревизия комиссияларының өкіл­дері пікірсайысқа қатысты. 
Отырысты қорытындылай келіп «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі, Сенаттың Эконо­микалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комите­тінің мүшесі Михаил Бортник отырысқа қатысушылар айтқан ұсыныстар пысықталғаннан ке­йін тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетінін жеткізді. 
– Мемлекеттік аудит және қар­жылық бақылау жүйесі бөлін­ген бюджет қаржысы мен мем­лекет активтерін заңдылық, үнемділік және тиімділік қағи­даттарына сәйкес пайдаланғаны туралы Мемлекет басшысын, Парла­ментті, Үкімет пен халықты шы­найы және нақты ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс, – деді М.Борт­ник. 

 

А.ІЗГІЛІК