Негізгі бет  /  мақалалар  /  Құрылыс саласының бюджеті – 55 млрд теңге

Құрылыс саласының бюджеті – 55 млрд теңге

Айқын-ақпарат
1025
Құрылыс саласының бюджеті – 55 млрд теңге Алматы облысында жыл сайын қарқынын арттырып, құлашын кеңге сермеп келе жатқан салалардың бірі әрі бірегейі – құрылыс.

Аталған саланың қаржылық қоржыны жыл өткен сайын салмақтанып келеді. Соған сай өңіріміздің елді мекенде­рінде халыққа қызмет көрсететін мекемелер мен білім және денсаулық саласының нысандары, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Басқаны айтпағанда, Талдықорғандағы құрылыстың қанат жаюы ерекше. 
Биыл облыстың құрылыс саласының бюджеті 55 млрд теңгеге жетті. Оның 2 млрд теңгеге жуығы республикалық бюджеттен бөлінсе, қалғаны жергілікті бюджет, ұлттық қор, арнаулы қор және ішкі қарыз есебінен қаржыландырылған. Осынау қомақты қаражатты игеру барысында жыл басынан бері 164 нысанның құрылысы жүргізіліп, белгіленген жоспарға сай пайдалануға беріледі делінген 79 нысанның 39-ы бүгінге күнге дейін қолданысқа өткізілді. Қалған 85 нысан келесі жылға өтетін жобалар қатарында. Бірінші қазандағы көрсеткіш бойынша бөлінген қаржының тоғыз айға қарастырылған бөлігі сапалы игерілді. 
– Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағ­дарламалар аясында республика бойынша, оның ішінде Жетісу жерінде жаңа үйлер, мектептер, аурухана, жолдар салынуда. Қатар-қатар бой түзеген көпқабатты тұрғын үйлер елдігіміздің жарқын болашағын көз алдымызға әкелсе, «Жастар» саябағы, Оқу­шылар сарайы, «Жастарға» қызмет көрсету орталығы, көпсалалы аурухана сынды облыс орталығында тұрғызылған тағы да басқа халыққа қызмет көрсететін нысандар Талдықорғанның салтанатын арттырып қана қоймай, тұрғындардың көңілінен шығып, жұрттың игілігіне қызмет етуде. Биыл 544,1 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қазанға дейін жалпы алаңы осы жоспар артығымен орындалды. Тоғыз айда 1 миллион 123 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ желісімен «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс ауданынан өткен жылы 1,3 гектар жер телімі бөлініп, 25,5 мың шаршы метрді құрайтын 290 пәтерлі 5, 60 пәтерлі 3 үйдің құрылысы қолға алынды. Білім беру саласы бойынша салынуға тиісті 20 нысанның басым бөлігі, денсаулық сақтау саласы бойынша Талдықорған қаласындағы 300 орынды көпсалалы аурухана мен Алакөл ауданындағы 25 орынды дәрігерлік амбу­латория пайдалануға берілді. Инженер­лік-коммуникациялық желілерді реттеу, ішкі істер және коммуналдық шаруашылық және мәдениет нысандарын дамыту жобалары да жоспарға сай атқарылуда. Ең бастысы, осын­дай еңбектің нәтижесінде қаншама жас­тар, үйсіз-күйсіз жүргенде отбасылар, мүм­кіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер мен қам­қоршысы жоқ адамдар баспаналы болды, – дейді Алматы облыстық құрылыс басқар­масының басшысы Темірлан Бекта­сов.

 

Болат АБАҒАН, Алматы облысы