Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жүгері жинаудағы жоғарғы көрсеткіш

Жүгері жинаудағы жоғарғы көрсеткіш

Айқын-ақпарат
1025
Жүгері жинаудағы жоғарғы көрсеткіш Заманында дәндері баданадай ірі әрі сапалы жүгерісімен аты шыққан Панфи­лов ауданында соңғы жылдары диқан­дар­дың мазасын май ішкендей еткен, жүгері дәнін қабылдауға қатысты проблемалар бүгінде толық шешімін тапқан.

Мұнда облыс басшылығының, оның ішінде өңір жетекшісі Амандық Баталовтың ықпалы зор болғанын айта кеткен жөн.
Еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарындағы жүгерішілерді сапалы тұқыммен қамтамасыз ететін Жаркент өңірінің элиталық жүгері ша­руа­шылықтары биыл өз жұмыстарында ал­дыңғы қатарлы технологияларды кеңінен пайдаланды. Аудандағы жүгері алқап­тарының жалпы аумағы 25 мың гектардан асты. Көктемде шаруашы­лықтар «дала аруының» тауарлы сұрыптарымен бірге элиталық тұқымының оншақты түрін сепкен еді. Қазіргі кезде сол алтын шашақты алқаптардан жиналған өнімді Үшарал, Пенжім, Шолақай, Үлкеншыған, Бірлік ауылдық аумақтарындағы қыр­мандарға кептіріп, сұрыптауға жеткізуде. Дизельдік отынның дер кезінде бөлінуі мен қолда бар заманауи техниканың жиын-терім жұмысына сақадай сайлығы арқасында жүгері жинау уақытында басталды. Егіс алқаптарындағы қызу еңбекке 92 комбайн, 579 трактор және 360-тан астам адам жұмылдырылған. 
Жүгері өсіретін шаруашылықтар ғылыми-зеттеу институттарымен тығыз байланыс орнатып, өнімділігі жоғары жаңа сұрыптар шығаруға және оны сы­нақтан өткізіп, көңілден шыққандарын пайдалануға бір кісідей ат салысуда. Тасқын Жапарқұлов басқаратын «Ернар» шаруа қожалығының базасына өткізілген, Жетісу жеріндегі жүгері өсіретін шаруа­шылықтардың жетекшілері мен маман­дарының басын қосқан ғылыми-тәжіри­белік конференцияның арқасында талай мәселенің шешімі табылған болатын. Шаруа қожалығының басшысы жинал­ғандарды салмақты собықтардағы алтын дәндерді шашау шығармастан жинап, собығынан ажырататын америкалық «Джондар» және ресейлік «Вектор» ком­байндарының басқалардан артықшы­лықтарын таныстырып, жұмыс ерекше­ліктерін түсіндірді. Бұлардың басқалардан тиімділігі орылып, бастырылып, жинал­ған дәннің бірден Жаркенттегі крахмал-сірне зауытына жөнелтілетіні.
Аталған кәсіпорын туралы айтар болсақ, Жаркент крахмал-сірне зауыты өңірдегі шаруалардан жүгері дәнін сатып алатын бірден-бір кәсіпорын. Зауыт жүгеріні терең өңдеумен айналысады және одан көптеген дайын өнім түрлерін: крахмал, сірне, глютен, жүгері майы, жом және тағы да басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарады. Жаркенттіктердің аталған өнімдері құс шаруашылығы, қағаз және мұнай өнеркәсібі, кондитерлік, нан пісіру, сыра қайнату, мата, дәрі-дәрмек өндірісіндегі отандық және шетелдік ком­панияларда үлкен сұранысқа иелік етеді. 
Ауыл шаруашылығын бес саусағындай білетін мамандардың болжауынша, жаркенттіктер биыл 160 мың тонна жүгері дәнін жинай алады және бұл көрсеткіш бұған дейінгі жетістіктердің барлығын артта қалдырады. Ерте көктемнен бастап қырмандар мен қоймаларды сайлап алғандар дәнді сақтауда да қиындық көре қоймайды.

 

Болат АБАҒАН, Алматы облысы