Негізгі бет  /  мақалалар  /  Бір аптада екі сәби шетінеді

Бір аптада екі сәби шетінеді

Айқын-ақпарат
1130
Бір аптада екі сәби шетінеді Жауаптылар ақталарға сөз таппады.

Осы аптада Қарасай аудандық орталық ауруханасында төтенше жағдай тіркелді. Бір аптада екі бірдей шақалақтың шетінеуі ел арасында қоғамдық пікірдің туын­дауына, жұрттың денсаулық сақтау саласы қызметіне сенімсіздігінің пайда болуына жол ашты. Нақтырақ айтсақ, орталық аурухананың перзентхана бөлімінде 2 сәби өлімі тіркелген болатын. Туғанына бір апта болған қыз бала мен өмірге келген үшемнің бірі өмірден өткен еді. Қазір осы жағдайға байланысты арнайы тексеру шаралары жүріп жатыр. 
Ақпарат құралдары арқылы таралып кеткен күрделі жағдайдың себебін анық­тап, күрмеуін тарқатуды мақсат тұтқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыстық әкімдіктің үлкен жиын жайында шұғыл жиналыс өткізді. Облыстағы денсаулық сақтау саласына жауаптылар мен жетекшілердің басын қосқан жиында негізінен «Бір аптада бір мекемеде екі бірдей сәби өлімінің тірке­луіне не себеп болды?» деген мәселе қарал­ды. Басты сұраққа жауап та тез табылып: «Шақалақтардың дүние есігін аша салып ана дүниелік болуына жауап­тылардың немқұрайлығы себеп болған» деген тұжырым жасалды. 
Облыс басшысы жиналғандар алдына шақырып, сөз берген жауапты тұлғалар об­лыстық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Асхан Байдуалиев пен Қарасай аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сәуле Сауранбаева өздері беске білуге қатысты саладағы оқыс оқи­ға­лардың себеп-салдарын жете білмейтін­дігіне, міндеттеріне жүре қарайтын жа­уапсыздықтарына қатты ашуланды. 
– Бір мекемеде бір аптаның ішінде екі бірдей нәрестенің өліміне қалай ғана жол бердіңдер? Облыста мұндай оқиға бұрын-соңды болып көрген жоқ. Бәріміз білетін­дей, өңірде денсаулық сақтау саласына барлық қажетті жағдай жасалып отыр, бюджеттерің жыл сайын көбейтіліп келеді. Халықтың сапалы медициналық көмек алуы үшін жаңа емдеу мекемелері салынды, күрделі жөндеу жасалды, мате­риалдық-техникалық базалар нығай­тылып, кадр даярлау ісіне де барынша қолдау білдіріп отырмыз. Биыл денсаулық сақтау саласының бюджетін 75,7 млрд теңгеге жеткіздік. Талдықорғанда жап-жаңа, барлық қажетті құрал-жабдықтары бар заманауи аурухана салып бердік. Тәуелсіздік жылдарында 127 нысан тұр­ғыз­дық, 484 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Жағдай жасалып, ақша бөлініп отыр, ал жұмыстың сапасы жоқ. Неге? – деп денсаулық сақтау саласы басшыла­рына нақты сауалдар қойды Амандық Ғаббасұлы. 
Өздерін ақтайтын дәлел таппай қиналған басқарма басшысы мен бас дәрігер түрлі сылтауларды көлденең тар­тып, жоқ нәрсені айтқандай болды. Олардың ақылға сыймайтын ақталуларын тыңдауға шыдамаған әкім: 
– Сендер барлық жасалған мүмкін­діктерді тиісті деңгейде пайдалана алмай отырсыңдар. Міне, соның салдарын бүгін көрудеміз. Жаңа туған әрбір нәрестеге, оның ішінде үшем өмірге келген ерекше жағдайда олардың күтіміне айрықша назар аударылуы қажет еді. Үшем өмірге күнде келмейді. Қажет болса еліміздің педиатрия саласындағы ең үздік ға­лым­дарды, ең үздік дәрігерлерді шақы­рып, көмегіне жүгініп, консилум шақырып, сәбилердің өліміне жол бермеулерің керек болатын. 
Дәрігер, тіпті басшылық қызметте жүрсе де, әрқашан адам жанының араша­шысы болып қалуы керек. Өзінің кәсіби қабілетін жоғалтпай, қайта оны жетілдіріп отыруы тиіс. Адамның өмірін құтқарып, денсаулығын жақсарту үшін үнемі тәжі­рибе жинап, өзін-өзі шыңдап отырғанда ғана ол нағыз маман болады. Ең бастысы – жұмысына, адамның өміріне нем­құ­рай­лы қарамауы керек. Бұл жағдай денсаулық саласына жетекшілік ететін әкім орын­басарының тарапынан, облыстық ден­саулық сақтау басқармасы тарапынан тиісті деңгейде бақылаудың жоқтығын, жұмысты үйлестірудің нашарлығын көрсетіп отыр. Алдағы кезде сіздердің осы лауазымдарда қалу-қалмауларыңды шешетін боламыз, – деді. 
Жиын барысында әрбір медицина маманы өзінің жұмысын ой елегінен өткізіп, кәсібіне жіті көзбен қарауы да сөз болды. Қажет болса келесі жылдың бюд­жетінен шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалатын қосымша құрал-жабдық­тар алуға қаржы қарастыру айтылды. 
Облыс басшысы өзінің бірінші орын­басары Л.Тұрлашовқа жоғарыдағы жағ­дайларға қатысты жүргізілетін тексе­рулерді айрықша бақылауына алып, анық­­талған жағдайлар мен алдағы уа­қытта мұндай оқиғаларға жол бермеу ба­ғы­тында қатаң шаралар қабылдап, олар жайлы он күн ішінде хабарлауды тап­сырды.

 

 Болат АБАҒАН, Алматы облысы