Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мәскеуде мәртебемізді өсірді

Мәскеуде мәртебемізді өсірді

Айқын-ақпарат
867
Мәскеуде мәртебемізді өсірді «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығы ком­панияда саламатты өмір салтын дамытуға барынша қолдау көрсетуде.

 Қазіргі күні мұнай құбыршылардың арасында елшілік және халықаралық жарыстарда да топ жарып, жалпы, Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшылар аз емес. Оған дәлел жа­қында Мәскеу қаласында «Табиғи ресурстар – 2016» кубогі үшін шағын футболдан өткен жарыста компанияның құрама коман­да­сының жүлделі екінші орын иеленуі. Халық­аралық деңгейдегі доп додасынан дара шық­қан мұнай құбыршы-футбол­шылардың бұл жеңісі жалпы еліміз үшін мақтан етерлік мәртебе. 
Жыл сайын Ресей Федерациясының мұ­най-газ компаниялары шағын футбол­шыла­рының басын қосатын «Табиғи ресурстар – 2016» кубогі жарысына қазтрансойлдықтар алғаш рет қатысып отыр. Жарысты ұйым­дас­тырушы PinkovSportsProjects компаниясының өкілі Руслан Катуардың айтуынша, олар ағым­дағы жылы сексеннен астам түрлі дең­гейдегі, әр сала бойынша шағын футбол турнирлерін өткізген. Мәселен, бұған дейін Ресейдің медициналық кәсіп­орындары командаларының турнирі мә­реге жеткен. Ал табиғи ресурстарды өн­діру мен өңдеу, тасы­малдау мен осы сала­­д­ағы кәсіпорындарға қызмет көрсе­тетін компаниялар арасындағы бұл жа­рыстың орны бөлек. Себебі, аталмыш турнирге Ресейдің әлемге аты кеткен «Газпром», «Транснефть», Halliburton, «ВНИПИнефть», «Роснефть», «Под­зембургаз» секілді алпауыт компания­ларының спортшылары қатысты.
 – Қазақстандық «ҚазТрансОйл» АҚ командасы біздің шақыртуымызды қабыл алып, халықаралық турнирге келгендері үл­кен қуаныш. Бұл шағын футболдың мұнай-газ қызметкерлері арасында жо­ғары деңгейде дамығандығының белгісі және көрші елдегі компания басшы­лығының спортқа деген ыстық ықыласы деп білеміз. Жалпы, қазақстандық ко­манда өте жоғары деңгейдегі ойын өр­негін көрсетті. Сөздің шынын айтқанда, біз әріптестерімізден мұндай деңгейдегі ойын күткен жоқ едік. Алайда жасыл алаңда мұнай құбыршылар өз ісінің шебері екендіктерін дәлелдеді. Чемпион болуға толықтай лайық команда, – дейді Руслан Катуар. 
Ф.Черенков атындағы «Спартак» акаде­мия­­сының алаңында өткен жарысқа қазтранс­ойлдықтар түпкілікті дайын­далғаны бірден көзге ұрып тұрды. Құрама команда құрамына Шығыс фи­лиалының тоғыз және батыс филиалының төрт қыз­меткері енген. Айта кету керек, сайдың тасындай жігіттер өздері еңбек ететін аймақтардағы шағын футбол клубтарында өнер көрсетеді, түрлі тур­нир­лердің же­ңімпаздары. Қазтрансойлдықтар бірінші өз тобында «ВНИПИнефть» ком­па­ниясының командасын 2:1 есебімен және «СвязТрансНефть» футболшыларын 6:0 есебімен ұтты. Ал ¼ ойынында «Роснефть-АЭРО» командасының аяқ­допшыларын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Жартылай финалға жолдама алған «ҚазТрансОйл» командасының жойқын шабуылдарына «Газпром Георесурс» ко­мандасының қорғанысы шыдас бермеді. Қазақстандық мұнай құбыршылар ал­ғашқы минуттардан жылдам шабуылды үдетіп, қарсыластар қақпасының алдында ойнақ салды. Нәтиже де қомақты. Есеп 5:0. Финалға жолдама алған отандық аяқ­допшыларға «Подзембургаз» компа­ниясының командасы жеңіл шағылар жаңғақ емес екенін дәлелдеп бақты. Тек Қарағанды мұнай құбыры басқар­масының жүргізушісі Андрей Мироновтың соққан жалғыз добын ғана қанағат тұтуға тура келді. Бұл жолы қазтрансойлдықтардың жолы болмады. Олар ресейлік командаға 1:2 есебімен есе жіберіп алды.
– Жалпы, ойын өте тартысты өтті. Біздің ко­манданың тактикасы да, тех­никалық мүм­кіндіктері жоғары еді. Жігіттердің бар­лығы жандарын салып, жігерлік танытты. Фи­нал­дық кездесуде бізге біраз сәттілік жолдас болмады. Әйтпесе, әріптестерім жеңіске лайық еді. Іште біраз өкініш бар, дегенмен бұл футболдың тылсым заңы. Жалпы, қазақстан­дықтардың намысын қорғай келген команда үшін екінші орын да үлкен мәртебе. Себебі, жігіттердің бар­лығы тек қана компанияның емес, жалпы Қазақстанның абыройын ас­қақ­татуға келгендерін сезінді, – дейді ко­ман­да капитаны, Шығыс филиалы басқару аппа­ра­тының келісім­шарттар бөлімінің маманы Талғат Сүлейменов. 
Жалпы, «Табиғи ресурстар – 2016» кубогі жарысы өте жоғары деңгейде өтті. 12 команда бақ сынаған доп додасында «ҚазТрансОйл» АҚ шағын футбол шеберлері мұнай-газ қызметкерлері арасында ТМД елдері ке­ңіс­тігінде мықты екендіктерін дәлелдеді. Бұл тек бес мың шақырымнан астам магис­тральды мұнай құбырларын басқаратын компания үшін емес, жалпы еліміз үшін үлкен мәртебе екені айқын. Мұны марапаттау рәсіміне қатысқан футболдан КСРО кубогінің иегері және чемпионат жеңімпазы, Пор­тугалияның екі дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1992 жылы Чемпиондар лигасының үздік шабуылшысы атанған Сергей Юран да атап өтті. 
Жарыс қорытындысы бойынша Андрей Миронов жарыстың «Үздік қор­ғау­шысы» атанды, сол секілді «ҚазТрансОйл» АҚ құрама командасы ағымдағы жылдың желтоқсан айында Мәскеу қаласында 24 команда қа­ты­сатын чемпиондар лигасына жолдама алды. 

Бейбіт БӨЖЕН,
Астана – Мәскеу – Астана